• Тұлға
  • 29 Желтоқсан, 2010

Астана Азиаданы өткізуге дайын

d0bad183d180d0b0d0bcd0b1d0b5d0ba7-қысқы Азия ойындарының басталуына, міне, бүгін бір ай ғана уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», бүгінгі таңда Азиаданың дайындық жұмыстарына ел құлағын түріп, назарын тігіп отыр. Осыған байланысты біз 7-қысқы Азия ойындарын өткізу Астана қалалық дирекциясы директорының орынбасары Сәрсен Құранбек мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Сәрсен Абайұлы, әңгімемізді бірден Астана қаласының 7-қысқы Азия ойындарына дайындығынан бастасақ. Қала толығымен Азиадаға дайын деп айта аламыз ба? – Әрине, дайын деп айтуымызға толық негіз бар. Өткен аптаның басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласындағы 7-қысқы Азия ойындарында қызмет жасайтын барлық құрылыс нысандарын аралап, көріп шықты. Қаланың дайындығына «өте тамаша, жақсы» деген баға берді. Бүгінгі таңда барлық ойын алаңдары мен стадиондар пайдалануға берілді. Сөзіміз дәлелді болсын, 16-17 желтоқсанда жақында ғана пайдалануға берілген республикалық велотректе мәнерлеп сырғанаудан тестілік сынамалық жарыс өткізілді. Аталған жарыс «ойдағыдай өтті» деп айтуымызға болады. Жалпы алғанда, Астана қаласындағы спорт нысандары Азиада ойындарына толығымен дайын. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те ұйымдастыру комитетімен жиын өткізіп, атқарылып жатқан шараларға өзінің оң бағасын берді. Қаланың безендірілуі де бүгінгі таңда толықтай жолға қойылған. Бұл тарапта да айтарлықтай жұмыстар ат­қарылып жатыр. Негізі, безендіру саласын біз үш толқынға бөлген болатынбыз. Оның біріншісі қысқы Азия ойындары Алматы мен Астана қалаларында өтеді деп белгіленген кезде 7-қысқы Азия ойындарының символикасымен таныстыру толқыны, екіншісі – тағы да осы ақпараттық толқынды күшейту, оны ары қарай халыққа жеткізу, үшіншісі – ақтық кезеңі. Ол толықтай осы 7-қысқы Азия ойындарына арналатын болады. Ол Жаңа жылдың 3 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Қала жаппай әсем де көркем етіліп осы 7-қысқы Азия ойындарының стилистикасында безендірілетін болады. Бұдан бөлек, бізде бірнеше штаб жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде көліктік лекті ретке келтіру, келген қонақтарды қонақүй мен спорттық нысандардың арасына тасымалдау, ол кісілердің арғы-бергі жүріс-тұрыстарына қажетті маршруттарды бел­гілеу жұмыстарының жобасы жасалып, бекітіліп қойған. Медицина қызметкерлері арнайы дайындықтан өтті. Ол кісілерге қай жерде, кімнің неге жауапты екендігі тұтастай белгіленіп, арнайы реанимобилді жедел жәрдем көліктері де сақадай-сай осы Азиадаға қызмет істеуге толықтай әзір. Енді бұл Астана қаласының бірінші рет атқарып жатқан шарасы емес. Бұйыртса, бұл бағыттағы жұмысты да қала абыроймен атқарып шығады деген сеніміміз мол. – Азиада ойындарына келетін қонақтарды қарсы алу жайы қалай болмақ, қонақүйлер меймандарды күтуге толығымен дайын ба? – Астана қаласына шамамен алғанда алыс-жақын шетелдерден төрт мыңнан астам қо­нақ келеді. Өзіміздің елдің өңірлерінен келіп қызықтайтын азаматтардан да өтініштер түсіп жатыр. 7-қысқы Азия ойындарының Астанада өтуі – Қазақстанның абыройы, Қазақстанның жеткен жетістігі. Сол себепті бүгінгі таңда өңірлерден келіп түскен өті­ніштерді біз қабылдап жатырмыз. Және ол кісілердің Астана қаласында өтетін Азиаданың ашылу салтанатын, мәнерлеп сырғанаудан, коньки тебуден, шорт-тректен немесе шайбалы хоккейден өтетін жарыстарды көруіне мүмкіндік беріп отырмыз. Соған орай бүгінгі таңда отызға тарта қонақүй меймандарға қызмет көрсетуге әзір. Өздеріңізге мәлім, ол қонақүйлердің бәрі ЕҚЫҰ Саммиті кезінде алдын ала дайындықтан өткен болатын. Осындай үлкен айтулы оқиғаны атқарған мейманханаларымыз Азиаданың да қонақтарын жоғары деңгейде күтіп алып, қонақжайлылық пейілдерін танытады деп ойлаймыз. – 7-қысқы Азия ойындары аясында Азия олимпиадалық кеңесі бекіткен екі ірі жобаның бірі – мәдени Азиада жөнінде әңгіме өрбітсек?.. – Бұл мәдени Азиада – 7-қысқы Азия ойындары барысында қазақ халқының баяғыдан келе жатқан өткені мен бүгінін, бұрынғы тарихын, бай мұрасын, салт-дәстүрі мен қазаққа тән дүниелерді жаңа қырынан таныту мақсатында жасалған жоба. Қазақ халқын әлемге паш ете отырып, Азиада барысында Астана қаласын Еуразияның жүрегіндегі мәдени спорттық орталық ретінде таныту. Мәдени Азиада өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді. Оның біріншісі бейнелеу өнерінің көрмесі деп аталынады. Көрменің өзі төрт бағытта жүреді. Оның алғашқысы – қолөнері. Халқымыздың қолдан жасал­ған бұйымдардың барлығы осы қолөнер көрмесінде тұтастай қойылады. Тағы бірі – көркемсурет. Кезінде атағы шыққан суретші Ә.Қастеев ағамыз секілді ұлтымыздың тыныс-тіршілігінен, дәстүрінен хабар беретін көптеген қылқалам шеберлерінің туындылары осы көркемсурет саласында қойылатын болады. Сосын кескіндеу өнері мен мүсін­деу өнері. Елімізде мүсіндеу өнері ерекше дамығандықтан, осы өнер туындылары көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылмақ. Сондай-ақ мәдени Азиада­ның ішіндегі және бір сала – халықаралық фотокөрме. Бұл да бірнеше бағытта өрбиді. Соның бірі – қазақстандық спорт саласын суретке түсіріп, осы салада маманданып, әуестеніп жүрген фотосуретшілердің туындылары қойылған көрме. Қазақстандық фототілшілер арасында тек спорт саласына маманданған бірден-бір жалғыз кісі Дендербай Егізов деген ағамыз болды. Осы кісінің жеке көрмесін ұйымдастырмақпыз. Ол кісіге кезінде белгілі журналист Бауыржан Омаров ағамыз «Жалқы мерген» деп ат берген. Қазір Дендербай ағамыз марқұм болып кетті. Ағаның отбасымен, балаларымен келісіп, еңбектерін елдің назарына ұсынуды жөн көрдік. Халықаралық фотокөрме аясында сонымен қатар «Азия спортының өткені, бүгіні мен келешегі» деген тақырыпта көрме өтеді. Онда Азиаданың үздік фототілшілерінің туындылары елдің назарына ұсынылады. 7-қысқы Азия ойындары аясында өтетін тағы бір шара – «Астана даусы» деп аталатын фестиваль. Азия құрлығындағы классикалық музыканың, операның, қазіргі таңдағы эстраданың, би өнерінің үздік өкілдері аталған фестиваль барысында қонақтарға өз өнерлерін көрсетеді мұнда. Сонымен бірге бүгінде Астана қаласы үшін дәстүрге айналған, елорданың өзіндік бір ерекшелігі болып саналатын – мұз қалашығы, мұз кескіндерін жасау. Ол «Мұз алауы» деп аталып, бірнеше жерде орналасады. Соған орай біз осы саланы арнайы зерттедік. Нәтижесінде Қытайдың Харвин қаласындағы мамандардың әлемде үздік танылып, еңбектері жоғары бағаланып жүргенін білдік. Ол кісілер жақында Сан-Франциско қаласында өткен мұз фестивалінде жабық қалашықта мұз мүсіндерін жасап, жеңімпаз атанған-ды. Құдай қаласа, мұзды мүсіндер қалашығын сол кісілер жасайды. Өйткені 7-қысқы Азия ойындарын алдыңғы өткен қысқы Азия ойындарынан ерекше етіп жасағымыз келді. Келген қонақтардың Астанадан ерекше әсер алып кеткенін қалаймыз. Сырттан келген кісілерді біздегі қазіргі бар дүниелермен таңдандыру мүмкін емес. Оны өзіңіз білесіз. Сол себепті ең үздік деген дүниелерді есте қаларлықтай етуге талпынып жатырмыз. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың маусым айында басталған «Балалардың суреттері мен эссе» тақырыбындағы халықаралық байқау 1 желтоқсанда өз мәресіне жетті. Байқауға Азияның 45 елінен 495 үміткер баланың еңбегі қатыстырылды. Одан бөлек, «1000 күй» атты оркестрлер шеруі ұйымдастырылып, қазақтың дәулескер күйшілерінің күйлері түрлі деңгейде – ұлт аспаптық, симфония­лық оркестрлердің орындауында орындалады. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, мәдени Азиаданың аясында жасалынып жатқан өте бір ерекше жоба – «Көшпенділер әлемі» деп аталатын этно-мәдени ландшафт-шоу. Бұл үш мың жылдан бергі тарихымыздан, ұлтымыздың қалыптасу жолынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін, ат мініп, түйе артып үдере көшкен көшпенді елдің бейнесін көрсететін бірегей дүние болады. Осының барлығы «Көшпенділер әлемінде» көрсетіледі. Бұл да – біздің бір ерекшелігіміз, бұл да біздің сипатымыз. Өзіміздің кім екенімізді басқаларға танытуға бағытталған дүние бұл. Келген қонақтарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін өтетін тағы бір шара – кәдесыйлық өнімдер мен спорттық тауарлар сатылатын жәрмеңкелік-көрме. Оған арнайы бірнеше ойын-сауық орталықтары белгіленді. Соның бірі – бүгінгі таңда «Сарыарқа» ойын-сауық орталығы. Ол жер Азиаданың стилистикасында безендіріліп, талапқа сай жұмыс жасап жатыр. Әлемдік спорттық брендтер «Adidas», «Rebok» фирмаларының тауарлары осы жерде сатылып жатыр. Және мұнда келген меймандардың өз іздегенін тауып, карточкамен ақша аударымын жасау үшін банктік жүйеге қатысы бар бірнеше аппараттар жұмыс істеуде. 7-қысқы Азия ойындарының кәдесыйлық бұйымдары мен Қазақстанның символдарына қатысты кәдесыйлар сататын дүңгіршек жұмыс жүргізіп жатыр. – Бұл кәдесыйлардың бағасы қанша, келген қонақтардың сатып алуына тиімді ме? – Ол енді әрқалай. Сырттан келген құрметті қонақтар сатып ала алатындай бағада. Ол жерде қазір 500 теңге мен 50 000 теңге аралығындағы кәдесыйлар бар. Олар – Медеу мұз айдынының, «Бәйтерек», «Тәуелсіздік» монументінің кескіндері. Сонымен қатар Азиада стилистикасы бедерленген киімдер де осы дүңгіршекте сатылымға қойылмақ. – Қысқы Азиада ойындары тарихында тұңғыш рет Алау эстафетасын жағу дәстүрі біздің елімізде басталмақ. Сол себепті де еліміз үшін бұл тарихи сәт қой. Осы сәттердің ел ішінде әсерлі және есте қаларлықтай болып өтуі үшін ұйымдастыру комитеті қандай шаралар жасап жатыр екен? – Дұрыс айтасыз. Алау эстафетасы қысқы Азия ойындары тарихында тұңғыш рет біздің елімізде өткізілмек. Ол осынысымен де халықтың есінде қалайын деп тұр. Екіншіден, біз Алау эстафетасын өткізу арқылы әр өңірді, сол өңірдің орталығын бір күнге Азия ойындарының алауын қабылдап алатын қала ретінде көрсетіп отырмыз. Сол арқылы 7-қысқы Азия ойындарының идеясын Қазақстанның әрбір тұрғынына жеткізуге талпындық. Алау эстафетасының өңірлерде болуы да ел есінде ұзақ уақыт сақталады. Алауды алып шығатын алаугерлер арасында еліміздің мәдениетіне, спортына елеулі үлес қосып жүрген халқымыздың атақты ұл-қыздары Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиев, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты ағаларымыз өздерінің туған жерлерінде Алау эстафетасына қатысады. Сосын көк байрағымызды көкте желбіретіп жүрген, қазақ спортының атын әлемдік додаларда аспандатып жүрген танымал спортшыларымыз да Азиаданың алаугері болады. Бұл кісілердің Алау эстафетасының өңірлік кезеңдеріне қатысуының өзі сол өңірдің тұрғындарының есінде қаларлықтай ерекше кезең болады деп ойлаймыз. Айта кету керек, эстафета өтеді дегеннен бері өңірлік штабтар белсенді жұмыс жасады. Алаугерлерді өте бір ерекше белсенділікпен, жауапкершілікпен іріктеді. Әрине, «тойдың болғанынан боладысы қызық». Мұндай жағдайлар болу керек. Ал енді осынша дайындық жасалған Алау эстафетасында мәдени іс-шаралар міндетті түрде ұйымдастырылады. Эстрада жұлдыздарының қатыстырылуымен концерттер өтіп, тіпті кей жерлерде отшашулар ұйымдастырылғалы отыр. Ал Алау эстафетасының осы өңірлік кезеңдері жиырма күн бойы күнделікті телеарналардан көрсетіліп отырады. – Құпия болмаса, алау қазандығын жағу құрметі кімге сеніп тапсырылмақ? – Оны әзірге жария етпейміз. Құпия болып қалғаны дұрыс. – Түсінікті. Азиаданың ашылу салтанаты ресейлік танымал әнші Игорь Крутойдың жобасы бойынша, соның командасы жасайды дегенді құлағымыз шалған еді. Жалпы, ашылу салтанатына дайындық жұмыстары қалай болып жатыр? – Ашылу салтанаты 30 қаңтар күні Астана қаласының «Астана Арена» стадионында өтеді. Рас, Игорь Крутойдың жобасы да бар онда. Бірақ ашылу салтанатын еліміздің мәдениет саласына қызмет істеп жүрген азаматтар мен арғы-бергі шетелдерден шақырылған мамандардан біріккен халықаралық топ ұйымдастырып жатыр. Ол жерде тек Игорь Крутойдың командасы жұмыс істеуде деген – жаңсақ пікір. Сарапшылардың пікірінше, ашылу салтанаты Ванкуверде өткен қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан артық болмаса, кем түспейтін ерекше шоу болғалы тұр. Мұнда тұтастай халқымыздың өткені мен бүгінін жаңаша бір сипатта, жаңаша бір кескінде беретін өзгеше шараға дайын­дық қызу жүріп жатыр. Оған қатысатын өнер жұлдыздары өздеріне міндеттелген жұмыстарына тыңғылықты әзірлік үстінде. Репетицияға кірер уақытында біз тіпті олардың қалта телефонын алып қалуға мәжбүрміз. Сондықтан ашылу салтанатының негізгі процестері – алдын ала айтылмайтын құпия. Оны, бұйырса, өздеріңіз Азиаданың ашылуы кезінде көретін боласыздар. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

2213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы