• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

Қорлық

Біздің қазақтардың ата-тегі – Кеңес кезінде дұрыс жазылмады Қазір де есімізді жиып, тәуелсіз ел болсақ та әлі күнге аты-жөнімізді дұрыстап жаза алмай жүрміз. Өз басым аты-жөнімді өзгерту жайында талай рет құзіретті орындарға барып, «ұлтшыл» атандым. Екі жыл жүріп «в», «ова»-ны алдыра алмадым. Қызмет істеген кезімде ата-тегімді неше түрлі қылып құбылтып жазды. Нарымбетов Оразхан деген атымды олар: Нурумбетов Ораскан, Наримбетов Орискан, Нарынбеков Аразкан, кейде Наримбекович деп жазып жіберді. Осыны түзеңдер деп барсам, олар ұрыс шығарып, қандай ұлтшылсыз деп мені масқара қылды. 1999 жылы Бостандық ауданында некеге ұлым мен келінімді тұрғыздым. Сонда олар баламның жеке куәлігінде Серік деп жазылса да, неке куәлігіне Серик деп орысша жазып, бұрмалап берді. Мен сол неке куәлігін алмадым, қайта жаздырдым. Егер сонда мен болмасам, балам сол куәлікті алып кетер еді. Ондағылар маған онда тұрған не бар деді. Сонда аты-жөніміз орысша бұрмаланып жазылса, одан тұрған ештеңе жоқ екен. Солардың жазғанымен кете берсек, Наримбекова Ораскан, Серик болып қазір үлкен дауға қалар едік. Қазақтардың өздері де аты-жөндерін орысшаға ыңғайлауға құмар. Неше түрлі ата-тектер орысшаға бұрмаланған. Мәселен: Джолдасбеков, Джумагулова, Қуатов-Куватов, Шорманов-Чорманов, Евнин, Анвар осылай кете береді. Марқұм Бикен Римованың ата тегі «Рим» емес шығар. Бұл «ы» деген әріптен қашып, қазақтың «Ырым» деген әдемі атын өзгертіп, «Рим» деп атаған. Сонда олардың ойларынша, аты-жөнімізді орысша бұрмалап жазсақ, әлдеқайда сауатты, мәдениетті көрініп, басқалардан жоғары тұратын тәріздіміз. Негізінде «ы» әрпінен қашып, аты-жөнін бұрмалап жазатындар көптеп кездеседі. Мәселен; Бахтжан, Бақтгүл, Ильяс, Илья. Сондықтан ата-тек мәселесіне өте сақтықпен қарауымыз керек. Көше бойына, мекеме маңдайшасына қосалқы орысша атауды тіркестіріп жазуды қою керек. Көше аттарын тек қана қазақ тілінде беру керек. Бұл қазақтың жері, басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді сыйлауы қажет. Ұлты қазақ азаматтарының ата тегін жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы 1996 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шыққан. Осы жарлықтан кейін де көпшілік аты-жөндерін таза қазақша жаза қойған жоқ. Мен кезінде жұмыс барысымен Т. Жароковтың, Ж. Шаяхметовтың балаларымен кездесіп, тілдестім. Сонда олардың бір ауыз қазақша білмейтінін байқадым. Орысша білім алып, орысша тәрбие алғандар ешқашан да қазақшаға бет бұрмайды, оларда ұлттық намыс кемшін. Өзіміздің кейбір ағайындарымыздың да сондай болып кеткені ешкімге де жасырын емес. «Қазақстан» телеарнасында орыс тілінде хабар жүргізетін «Лаик» деген қыз бар. Бұны сонда қалай түсінуге болады? Басқа ұлтқа тұрмысқа шыққан ба, әлде өзінің тегі ме? Қазақта «Лаик» деген ат жоқ. Бұл қыз «Ылайық» деген қазақтың әдемі атынан қашқақтап жүрген шығар деген ойда қаласың. Әйтпесе қазақта «Ылайық» деген есім жиі кездеседі. Ана тілімізде осындай бұрмаланған аттар кездескен кезде, лауазымына, дәрежесіне қарамай, оларды аямай сынап, жазу керек. Бұл дегеніміз ұлтты қорлау емес пе? Оразхан Нарымбетов Алматы

2755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы