• Тұлға
  • 29 Желтоқсан, 2010

Сухан соқпағы

d0bad0b0d0bcd0b0d0bbd0bed0b21954 жылы геологтар мамандығын дайындайтын факультетке қабылданған жүзден астам студенттің жартысын қатты қазба байлықтар геологі мамандығына оқытса, жартысын мұнай геологиясы мамандығына оқытты. Сол мұнай мамандығына оқығандардың арасында Орал өңірінен келген Сухан Камалов та болды. Мұнай маманы болуды көздеген елу-алпыс студентті екі топқа бөліп, Сухан «Б» тобында, мен «А» тобында оқыдым. Бір жатақханада (бұрынғы Виноградов, қазіргі Қарасай батыр көшесі, 80-үй), бірақ әр бөлмеде жаттық.

Суханды соғыстан кейінгі тау­қыметті толығынан басынан кешкен жандардың бірі деп айтуға болушы еді. Бәріміздің де асып-төгіліп жатқан жақсы жағдайымыз бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен де, елден аздап болса да ай сайын, ең болмағанда, бір жарым-екі айда бір рет ақша алып тұрдық. Посылкалар да келіп жатушы еді. Сухандарға ақша да, азық-түлік те келсе де – өте сирек, анда-санда бір келеді деп естіп жүрдік. Материалдық қиыншылықтарға байланысты болар, бес жыл бойы дерлік Сухан сабақта да, жатақханада да бір ғана сарғыш түсті костюммен жүрді. Мүмкін осы жағдайлардың әсерінен шығар, сенбі-жексенбілерде болып тұратын биге Сухандар бармаушы еді. Жатақхана толы қыздарға да көңіл аудармастан, тек елге барғасын қазіргі зайыбы Әмина ханымға бір-ақ үйленіп тынды. Сухан жақсы оқыған студенттердің қатарында болды. Үлгерімі әр уақытта жоғары деңгейде, емтихан тапсыра алмай қалушылық оның басында болған емес. Екі топты біріктіріп өткізіп тұ­ратын семинарлық сабақтарда Сухандар белсенділік көрсететін. Спортпен де шұғылданып, штанга көтерді. Оқу орнын тәмамдағасын, мен Гурьевтегі Батыс Қазақстан геологиялық басқармасына (ЗКГУ) жолдама алып, сол басқарманың Доссор елді мекенінде орналасқан Мақат бұрғылау кеңсесінде үш жылдай еңбек еттім. Ол көршілес «Оралмұнайгазбарлау» (УНГР) тресіне жолдама алды. Сол трестің бір бұрғылау барламасында жұмыс істейді дегенді естіп жүрдім. 1962 жылдың күзінде министрлікке қызметке ауысқасын Маңғыстаудағы треске жиі барып жүрдім. Кейін Ақтөбедегі, Оралдағы трестерге де сапар шеге бастадым. Сол жылдары Суханмен Орал жерінде кездесіп жүрдік. 1966 жылы министрліктің мұнай іздеу және барлау қызметтері бөліміне жетекшілік еттім. Суханды аталған бөлімнің бас маманы қызметіне алдырттым. Сол бөлімде Суханмен алты жылдай бірге қызмет атқардық. Келіншегі Әмина босанып, бір ұлды өмірге әкелді. Нәрестенің атын Нұржан деп менің анам қойды. Сөйтіп, менің анам ол баланың кіндік әжесі, мен кіндік әкесі болдым. Сол Нұржан – қазір мұнай саласының белгілі мамандарының бірі. Әйгілі Қарашығанақ кен орнын игеруге белсене атсалысты. Мұнай мен газ саласының қарқынды дамуына үлкен үлес қосып келеді. Суханның үлкен ұлы Хаммат та – белгілі мұнай маманы. Ол «Оралмұнайгазбарлау» бірлестігінде біраз уақыт қызмет жасап, сол бірлестік басшыларының бірі дәрежесіне дейін өсті. Соңғы жылдары Америкадағы ірі халықаралық мұнай компанияларының бірінде еңбек етуде. Суханға зор шапағатын тигізіп, қай­да жүрсе де қасына еріп, қолтығы­нан демеп жүрген адам – ол күйеу баласы Еркеұлан. Сухан науқастанып, жүріп-тұруы қиындағанда Еркеұлан көп жәрдем берді. «Сухан туралы кі­тап шығарамын, естелігіңізді жазып беріңіз» деп, осы мақаланы жазуға да себепші болған – Еркеұлан. Суханға қайта оралар болсақ, ол министрлікте 1973 жылға дейін еңбек етті. 1972 жылдың аяғында мен Ақтөбеден Гурьевке көшірілген «Қазақстанмұнайгазбарлау» өндіріс­тік геологиялық басқармасының бас геологі қызметіне ауыстырылдым. Гурьевке кетерде министр Александр Тимофеевич Ситько менімен қоштасып отырып, орныңа кімді қоя­мыз деп ақылдасқанда, «Суханды қойсаңдар болады» деп айтқанмын. Ол «Мен де солай деп ойлаймын» деді. Алайда министрдің орынбасары ондай шешіммен келіспей, басқа адамды алуға ықпал етіпті. Осындай әділетсіз шешімге наразы болған Сухан: «Енді мен бұл министрлікте қалмаймын, мені Батыс Қазақстандағы кез келген бір экспедицияға бас геолог етіп ал» деп маған қайта қолқа салды. 1972 жылдың аяғында, әлде 1973 жылдың басында Ақтөбе қаласында пайда болған жаңа экспедициялардың біріне Суханды бас геолог етіп кері қайтарып алдық. Сол орында екі-үш жыл жүргесін, 1976 жылы Сухан туған жері – Орал өңіріне қайта оралды. Әуелі бір экспедицияға бас геолог болып орналасып, кейін Оралдағы трестің бас геологы қызметіне ауыстырылды. Содан соң трестің, сол трест аттас бірлестіктің басқарушысы болып ұзақ жылдар еңбек етті. Өндірісте еңбек еткен Сухан ғы­лыммен шұғылдану ісін де қатар алып жүрді. Бұл еңбегі зая кетпеді. Ғылым докторы атағын алды. Сексенінші жылдардың аяғы, тоқ­саныншы жылдардың басында Сухан екі жылдай уақыт министрдің бірінші орынбасары болды. Екі жылдан соң Оралға қайтып оралған Сухан Ғылым академиясының Батыс Қазақстан филиалын (Атырау қаласында) ашып жатқан кезеңге тап болып, сол филиалдың мүше-корреспонденттігіне сайланды. Ол филиал ұзақ өмір сүрмеді, бір-екі жылдан соң жабылды. Бірақ ол жерден сайланған мүше-корреспонденттер Республика Ғылым академиясының толыққанды мүше-корреспонденттері құқығына ие болды. 2004 жылы Ғылым академиясының басшысын сайлау кезінде барлық мүше-корреспонденттерді Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшелігіне, яғни академиктігіне өткізу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, Сухан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғы­лым академиясының толық мүшесі, академик болды. Сухан әлі күнге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Оралдағы «Газжобалау» ғылыми-зерттеу институтын бас­қарады. Бұл күнде 75 жасқа келіп отырған Суханның зайыбы Әминамен ұзақ өмір сүріп, ұрпағының қызығын көре беруіне тілектеспін. Сәдуақас Құрманов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

2587 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы