• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

«Қара көз орыстар» қажытты

Таяуда «Халық банкінің» Семей қаласындағы бөлімшелерінің бірінде болдым. Мақсатым балаларыма ақша салу еді. Несін айтасыз, жақсы көңіл-күймен мекеме табалдырығын аттағанмын. Сәлден кейін көңілім су сепкендей басылды.  Алдыңнан шыға беретіні – сол баяғы тіл мәселесі ғой. Банк қызметкері куәліктері қазақша жазылған деректерді түбіртекке орысша толтыруыңды талап етеді. Бұған қалай күйінбейсің? Қарап отырсақ, қазақ тілі әлі де болса тұрмыстық деңгейден көтеріле алмай жатыр. Мемлекеттік мәртебе алғанына сенгің келмейді. Тағы бір өкініштісі, осы банк қызметкерлерінің тоқсан пайыздан астамы өзіміздің қаракөздер бола тұра қазақ тіліне, ата-бабаларының тілдеріне немқұрайлы қарайтындықтары көңіл қынжылтады. Бәрінен бұрын елім-жерім деп алыстан аңсап келіп жатқан қандастарымызға, оралман-бауырларымызға қиын болды. Олар тілге келгенде мүсәпір. Теңгелерін орысша санап әбден қара терге түседі. Осылай мәжбүр етіп отырған өзіміздің «қара көз орыстарымыз». Өзіміздің тілімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, өзге ұлт өкілдерінің басы ауыра қоя ма екен?! Осылардан келіп шығатын қорытынды – Тіл заңын кім қорғауы керек, кім орындауы керек? Қағаз жүзіндегі іске аспайтын заңның халық үшін беделі бола ма? Құны қаншалықты? Сан сапалақ сұрақ көмейге келіп кептеліп қалады. Ал құлақтың құрышын қандырар жауап жоқ... М.Есімбаева СЕМЕЙ

2909 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы