• Тіл
  • 10 Қазан, 2019

ЕЛ КИЕСІ – ТІЛ

(Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі туралы)

Эльмира ОРАЗАЛИЕВА, филология ғылымының докторы, профессор

«Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деген Әлихан Бөкейханның ойлы сөздері қазақ деп жүрегі соққан әр азаматтың тамыр тынысын да, өмірлік ұстанымын да айқындары сөзсіз. Қанатын кеңге жайып келе жатқан еліміздің бүгінгі келбеті ғаламдық кеңістікке бой түзеген мемлекеттің мақсат-міндетімен, бағыт-бағдарымен сомдалатынын ескерсек, өз жауапкершілігін сезінер ұрпақтың киелі бастауы халық пен тіл ұғымдарының сабақтастығынан нәр алу керектігін де естен шығармағанымыз абзал. Баланың саналы ғұмырын рухани құндылықтардың қуатымен, ұлттық ділдің тереңдігімен өлшеуге мүмкіндік беретін бұл екі ғаламның мазмұнды кеңістігі – танымды – тағылымға, тағылымды – тарихқа, тарихты болашаққа жалғайтын құдірет. 

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп тұжырым­даған екен. Демек, жаһандық дағдарыстар мен сын-қатерлер заманында Мәңгілік елдің мәңгілік туын желбіретер ұрпақ тәрбиелеу, білімі мен мінезі тең түсетін өнегелі елдің елшісін дайындау, қасиеті мен ұлттық құндылықтары бірлікке бастайтын халықтың өкілін қалыптастыру – қазіргі қазақ елі үшін маңызы зор қадамдар. Тал бесіктен ана тілінде сөйлеп, алғашқы әліппесін бабалар тілінде тани бастаған елдің ұрпағы ғана тарихын қастерлейтін, дәстүрін сыйлайтын, салтын ардақтайтын ел болары хақ. «Ақыл – жас ұланнан, жүйрік – тай-құланнан» екенін ұмытпаған елдің алдында бүгінде санаға қанат бітіру, зейінге тұлпар мінгізу, зердеге шапан жабу қажеттіліктері күн санап қана емес, сағат санап өсуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі­нің­ 25 жылдық мерейтойына орай өткізіл­ген «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты Халықаралық симпозиум жұмысы нәтижесінде 2017 жылдың желтоқсан айын­да Назарбаев Университеті ұжымының бастауымен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі Әділет министр­лігінің ресми тіркеуінен өтіп, өз жұмысын бастады. Алға қойылған мақсат пен атқа­рылар міндеттер өрісінің кеңдігімен көзге түседі, себебі қазақ тілінің көлеңкесін саялап, мөлдір ­бастауынан нәр ала сусын­дайтын өзекті мәселелер – берекелі ел бола­шағының кепілі. Осыған орай, бүгінгі Бірлестіктің мақсаты – қазақ тілі мәселелерінің ғылыми-теориялық, педагогикалық қорын нығайту әрі ­тарату, әлемдегі тілдік білім берудің үздік тәжірибелерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселелері жүйелену үстінде. Рухани жаңғыру мен ұлттық жады тұғырнамасы ретінде қазақ тілінің оқытылу, зерттелу бағыттарын кеңейту; қазақ тілін оқыту саласы бойын­ша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарымен бірігу; Орталық Азия, Қытай, Жапония, Корея, ­Ресей, Түркия, Еуропа, Солтүстік Америка және тағы басқа әлем елдерімен өзара ынтымақтастықты ­дамыту; дүниежүзі қазақ және түркі тілдері оқытушыларының халықаралық қарым-қатынастарын нығайту мақсатында түркі тілдерін оқыту сапасын арттыруға бағытталған кәсіби ұйымдармен байланыс орнату сияқты, т.б. мәселелер өз шешімін күтуде. Қазіргі қоғамның белді мүшесі – эмоционалды және рационалды ақпаратты өз қабылдауына сүйене отырып теңестіретін, өз дүниетанымын жан-жақты­ ақпараттар кеңістігімен тығыз байланыста қалыптастыратын жеке тұлға, сондықтан ел болашағы отбасыда­ орныққан дәстүрден, балабақшаға аяқ басқан сәбидің тәрбиесінен, мектеп табалдырығын аттаған балалардың оқу бағдарламасынан, білікті маман болуға талпынған студенттің саналы жоспарлауы­нан­­ әрі қоғамдық қатынастар мектебінің берік ұстанымдарынан басталатынын ұмытпағанымыз дұрыс. Бірлестік қазақ тіл білімі, елтану, тіл оқыту мен салыстыра-салғастыра талдау бағытында ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылымаралық байланысты нығайта отырып, пікір алмасу, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, тілдік білім беру саласындағы оқыту әдістемелері мен инновациялық технологиялардың соңғы жаңалықтарын жинақтау, тарату және өзара тәжірибе алмасу бағыттарында да жоспарлы міндеттер қойып отыр. «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, қатта жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады... әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын ­танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіспіз» деп Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің өрісі оның қолданбалы сипатымен, аялық кеңістігімен, ғылыми мүмкіндігімен есепке алынады. Заман талабын айғақтаған кәсіби құзырет пен тұлғалық өсу ұстанымдары адамның қатысымдық қабілетімен, ойын еркін жеткізу, пікірін дәлелдей алу шеберлігімен болашаққа жол бастайтындықтан, тілді өз алдына оқшау тұратын құбылыс ретінде емес, қарым-қатынастың құралы, ақпараттың кілті деп тану оның «ғұмырын» ұзартуға, қоғамдық қажеттілігін арттыруға септігін тигізеді. Бірлестік 2018-2022 жылдар аралы­ғына бекітілген Стратегиялық жоспарлау негізінде 4 басты бағытты алға тартып отыр. 1-бағыттың мақсатын Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі қазақ тілін оқыту, меңгеру мәселелері нақтылауда. Бүгін қазақ тілі әрі бабалар мұрасының қоры, әрі ұрпақтың заманауи­ білімінің өзегі болған жағдайда ғана халықтық бағдар нәтижелі болмақ. ­Тарихи ілімнің бастауын, мәдени дәстүрдің құндылықтарын қамтыған тіл заманға қажет білім беру жүйесімен байланысын үзбеу керек, өйткені тілдің даму кеңістігі де, жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп ­берер қуаты да оның, ең алдымен, ғылыми әлеуетімен өлшенеді. Қазіргі тілдік білім беру үдерісі жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасқан жағдайда ғана қазақ тіл білімінің академиялық ғылыми қорын жетілдіру әрі тіл меңгертудің әдістемелік базасын жаңа технологиялармен толықтыру мүмкін­діктері пайда болады. Осы мақсатта дәстүрлі үлгілермен қатар, әлемдік тәжірибеге сүйенген модельдерді басшылыққа алу қазақ тілін оқытудың кәсіби-бағдарлық ұстанымдарын жан-жақты жүйе­леуге, сол арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге айтарлықтай үлесін қоса алады. Жылдан-жылға нығайып келе жатқан білім және ғылым, кәсіби дайындық пен тәжірибе алмасу салаларындағы қарым-қатынастар бүгін жастар мен орта буын өкілдері арасындағы тілдік дайындықтың деңгейін сапалы теңгерімде ұстауға негіз болып отыр. Бірнеше тілде еркін сөйлейтін тұлға мемлекеттік мүдде қағидаттарын жаһандық ұстанымдарға негіз етумен қатар, өркениет құндылықтарын ұлттық ойлау сүзгісінен өткізу қажеттігін де өзектей алады деп есептеледі. Нәтижесінде Бірлестік қазақ тілін оқытудың лингводидактикалық негізі мен технологиясын дамыту бағытында Қазақстандағы жаңа педагогикалық зерттеулермен танысу, деңгейлік қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша тәжірибе алмасу, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың қорын жинақтау, тілдік білім берудің халықаралық тәжірибесін жүйелеу, қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгерту әдістемесін жетілдіру, кәсіби қазақ тілін оқыту әдістемесі мен технологиясын дамыту, кәсіби мамандардың қатысуымен бірлескен семинарлар өткізу сияқты мәселелердің жүзеге асырылуына атсалысуды көздеп отыр. Бағдарлы тілдік білім беру жүйесінің ерекшеліктерін талдап көрсету, дәстүрлі тілдік білім беру үлгілерімен қатар, әлемдік тәжірибеге сүйенген модельдерді өзектеу қазақ тілін оқытудың кәсіби-бағдарлық ұстанымдарын жан-жақты жүйелеуге, сол арқылы оның ортақ модельдеу принциптерін айқындауға көмектеседі. 2018 жылдан қолға алынған ресми жұмыстар аясында Бірлестіктің ұйымдас­тыруымен 3 әдістемелік семинардың өткенін атауға болады. Қатысушылар қатарында мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушылары, тіл орталықтарының қызметкерлері қамтылды. Алғашқы ­семинарлар 2 күндік мерзімде ұйымдас­тырылса, 2019 жылдың ­мамыр айына­ жоспарланған семинар 1 апталық бағдарламаға ұласты. Қазақ тілінің ­ғы­лыма­ралық кеңістігін өзектеу мақсатында қатысушыларға «STEAM жүйесі бойынша тіл оқыту: технологиялар мен дағдылар» деген тақырып таңдалды. «STEAM» – ғылым, техника, инженерия, математика және өнер салаларын қамтуға негізделген кілт ұғымның аясында тілдік білім берудің жаңа мүмкіндіктері мен технологиялық құралдары қатысушылар тарапынан асқан қызығушылықпен қабылданды. Playposit, Socrative, Thinglink & Google Doc қосымшалары негізінде қазақ тілін оқыту жүйесі мен тапсырмаларын мультимедиялық құралдарға бейімдеу, сол арқылы тіл үйрену немесе жетілдіру сабақтарының тиімділігін арттыру семинарлар тізбегінің басты міндетін айқындады. Қазақ тілі оқытушыларының тәжірибе алмасу платформасын дамыту – білім беру жүйесінің уақыт күттірмейтін талап­та­рының бірі, сол себепті біліктілігін арттыруға келген мамандардың кәсіби-ком­муникативтік қабілеттерін жетілдіру бағытында арнайы кейс жаттығуларын, тест тапсырмалары мен ойын формаларын дамыту, соның негізінде белсенді лингвистикалық капитал мен термино­ло­гиялық базаны қалыптастыру мәселелері іріктеліп ұсынылды. Арнайы ұйымдастырылған әдісте­мелік сабақтарды, біріншіден, ­Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану департаменті оқытушыларының тәжірибе алмасу мүмкіндіктері, екіншіден, Қазақстанның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату арқылы іске асырылған білім берудің жаңа педагогикалық, психологиялық, танымдық сұраныстарын игеру жолдары деп есептеуге болады. Бұл қатарда семинарлар бір жағынан отандық әдіскерлердің тәжірибелерімен сабақтасса, екінші жағынан Маһира Якуп, Диана Коб-Зигадла, Туғба Йилдирим, Эрик ­Аасланд сияқты шетелдік мамандардың ғылыми-әдістемелік технологияларымен байланысуға мүмкіндік берді. Мамыр айында өткен семинардың өзгешелігін жоғары оқу орындары оқытушыларының өзара және мектеп мұғалімдерімен пікір ал­масу, сұхбаттасу мүмкіндіктері айғақтайды. Қазақ тілі және түркітану департаменті оқытушыларымен қоса, қазақ тілін оқыту шеберлігін КИМЭП, М.С.Нәрікбаев атындағы КазМЗУ мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің мамандары ортаға салды. Болашақта ұтымды жалғасын табатын бұл бастаманың маңыздылығы лингводидактикалық орталықтардың, әдістемелік мектептердің өзектелуімен түсіндіріледі. Бүгін Қазақстан үшін қазақ тілін ғылым нысаны ретінде зерттей отырып, оның интеграцияланған моделін басшылыққа алу, сол арқылы қазақтанудың іргелі де мазмұнды ұстанымдарын халықаралық негізде қалыптастыру аса маңызды. Ғылыми сабақтастық нәтижелері ел болашағына қызмет ету үшін кез келген тұжырым қазақстандық және шетелдік маманның бірлескен сараптамасынан өту керек. Бұл біржақты пікірлерді болдырмаумен қатар, қазақ елінің киелі құндылықтарын дұрыс таныта білуге әрі халықтық дәстүрлерге терең пәлсапалы түсініктемелер беруге көмектеседі. Елтанудың іргесі берік, ұрпақ алдындағы абыройы асқақ болу үшін ғылымға артылар жүктің салмағы зор. Осыған орай, халықаралық деңгейдегі қазақ тілінің ғылым нысаны ретінде зерттелуін жүйелеу Бірлестіктің екінші бағытын анықтап отыр. Ол үшін Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнату,­ бекітілген ғылыми зерттеулер бойынша ортақ ақпараттық қор дайындау; ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізу, академиялық ұтқырлық аясында қазақ тілінен ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген шетелдік зерттеушілердің тізімдемесін дайындау, шетелдегі қазақ тілі мәселелерін зерттеуші мамандардың, студенттердің қорын дайындап, веб-парақшаға ­орналастыру, ғылыми ынтымақтастық бағытын дамыту, бірлескен жобалар дайындау; тәжірибе алмасу бағытында конференциялар, семинарлар өткізу; шетелдік жетекшілермен дәрістер өткізу сияқты мәселелер күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл бастаманың алғашқы үлгілері қатарында ғалым З.Күзекованың Эрасмус­ бағдарламасы аясында Гумбольдт университетімен екіжақты байланыс орна­туын, Г.Омарбекованың Э.Аасландпен «Қазақ мақал-мәтелдерін зерттеудегі жаңа цифрлық мүмкіндіктер» тақырыбында ғылыми жоба дайындауын атап өтуге болады. Қазақтың тілі мен тарихы ғылым нысаны ретінде әрдайым жіті қадағалауда болуға тиіс, сол кезде ғана халықтық мұра мен қазақи канондар тиісті бағасын алып, болашаққа қызмет ете алады. «... ескісіз жаңа болмайды. Оның тәлімінсіз, ащы сабағынсыз ертеңгі күннің қасиеті танылмайды... Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды» деген екен кезінде Д.Қонаев. Демек, қазіргі жаһандық ғылымның сапалы бөлшегі болғымыз келсе, әр жазылар сөзді, әр айтылар тұжырымды ел тағдыры, бабалар аманаты тұрғысынан таразылай білуіміз керек. Тану мен таныту мақсатын көздеген бағыттардың бірі ретінде Бірлестік түбі бір түркі тілдерімен байланыс орнату, жаһандық кеңістікте ортақ құнды­лықтардың өзегін жоғалтпау мәселелерін де өзектеп отыр, сондықтан Қазақстандағы «Түркі академиясы» Халықаралық ұйы­мымен, «Түркі кітапханасы» қорымен байланыс орнату, бірлескен ғылыми жобалар дайындау, шетелдегі кәсіби ұйымдармен, американдық түркі тілдері оқытушыларының қауымдастығымен (AATT), Түркиялық Türkçe Öğretim Merkezleri (ТÖМЕR), Юнус Емре инсти­тутымен және басқа да түркі тілдерін оқыту халықаралық ұйымдармен ынтымақ­тастықты арттыру, түркі тілдерінің оқу-әдістемелік қорымен танысу, қазақ тілі мен түркі тілдерінің сабақтасқан ғылыми-әдістемелік қорын дайындау және бірлескен семинарлар мен форумдар өткізу сияқты міндеттер тізбегі де қоса дайындалды. Бүгінгі күні Бірлестік мүшелері американдық түркі тілдері оқытушылары қауымдастығының (ААТТ) дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін конференцияларына қатысып, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту тәжірибелерін ортаға салады. 2018 жылы өткен шара «Түркі тілдері мен әдебиетін оқыту жүйесіндегі оқу бағдарламалары мен материалдарын дамыту» тақырыбында ұйымдастырылса, биылғы жиын «Түркі тілдерін оқытудың педагогикалық негіздерін» талдауға бағытталады. Қазақстандық мамандардың баяндамалары аудиторияда ерекше ықыласпен қабылданады. Н.Ә.Назарбаев: «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күні мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп тұжырымдағандай, қазақ елінің болашақта табысты болуы «адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалып», «бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген... ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз» арқылы мүмкін болмақ. Олай болса, әр адамның өмірлік ұстанымы да, тіршіліктегі сенімі де осы ұғымдардың киесімен өлшеніп, құдіретімен жаңғырып отырғаны абзал. Әр игі істің бастауында «қазақтың тілі», «қазақтың жолы», «қазақтың болашағы» деген мағыналы бірліктер көрініс тауып, «ұлттық жады», «ұлттық код», «ұлттық бірегейлік» мәселелері «жаһандық бәсеке» қағидаттарымен үйлесімді сабақтастық құраса, қазақ тілінің, шын мәнінде, «ғұмыр бәйгесіндегі» орны анықталар. Бүгін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бірлестік алдында қазақ тілін әдебиетпен, тарихпен, саясаттанумен, әлеуметтанумен, философия және психологиямен, мәдениеттанумен байланыстыру, «Туған жер» бағдарламасы негізінде пәнаралық сабақтастық ұстанымдарына негізделген зерттеулер жүргізу, география, антропология, тарих, түркітану, әдебиет салаларының қазақ тіл білімімен үйлесімді сабақтастығын дамыту, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық аударма бюросымен бірлесе жұмыс істеу бағыттары өзектелуде. Адамға тән тану мен зерделеу әрекеттерін эвристикалық процесс деп тани отырып, әрқайсысын әрі шығармашылық, әрі когнитивтік, әрі психологиялық дағдылардың тоғысы деп қарастыру тіл туралы ілімді ғылымаралық жүйенің діңгегі деңгейіне көтеруге мүмкіндік берері хақ. Тіл сауаттылығын конструкциялар тиянақтылығына, ойдың жүйелі табиғатын сөздер мен ұғымдардың үйлесімді трансформациясына арқау ететін аталмыш құдіреттің Елбасы атап өткен «кеңістік пен уақыт» өлшемдерінде алар орны айрықша. «Уақыт пен кеңістік­тің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген ойды жалғастыра отырып, «ту ұстаған салт атты жауынгер бейнесінің» мәдени коды, «аң стилі феномені», «Алтын адам» келбеті «түркі әлемінің бесігін» тербете отырып, ұрпақ жадында асқан мақтанышпен жаңғырып, ғасырлар қойнауына жол тарту үшін қазақ тілінің заманауи қажеттіліктеріне зер салу керек деп тұжырымдағымыз келеді.

1371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы