• Тарих
  • 07 Қаңтар, 2011

Оба айналасындағы дода

d0bed0b1d0b0ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАДЫСЫНДА... небір жайттар жатады. Керексіз көрінетін әлдене­лер санаңда сақталып, әйтеуір бір тұста, Абайша айтқанда: «кетігін тауып қаланып кетеді». Бала кезде «Жұлдыз» журналынан орыс ақы­нының аударма өлеңін оқығанбыз. Онда орысты көп аударатын. Өлең былай басталатын: Россия тола жол, Жол бойында мола мол. Шақырым сайын сірескен, Көз тұнады кірестен.Орыстың қай ақыны жазып, біздің қай ақынымыз аударды, «Жұлдыздың» қай нөміріне жарияланды, онысы есімізде жоқ. Бірақ көз алдымызға түркінің Ібір-Сібірінен әріге, шексіз қиырға қарай шұбатылған жолды, сол жолмен арып-ашып кетіп бара жатқан мүскіндерді, олардың алдынан әр бұрылыс са­йын шығып тұратын молаларды, сол молаларға қағылған орманнан қалың кірестерді елестеткен бір шумақ санада қалыпты. Сылып тас­тар артық сөзі жоқ өте қарапайым өлеңнің, анығында, өте қарапайым аударманың жатталып қалуы – қара шекпенді мұжықтың ая­ғындағы шәркейдің жұлығы тесіліп кеткенше таусылмас жол көрінісін айна-қатесіз сипаттауынан шығар, шамасы. Біздің дала да моладан кенде емес. Сақ дәуіріндегісін археологтер әлі аршып біткен жоқ. Қалмақпен қырғын тұсындағы бір ғасырдан қалғаны – тіпті қара орманнан қалың. Хан мен батырға – асқақ мазар, басқаларға – бір көруге тұрарлық бейіт. Хош, бұл жолғы тақырыбымыз... молаға да арналмаған. Сыр-сандықты ашар кілт іздегенде манағы бір шумақ өлең қаламға іліккенін қарашы. Әйтпесе, тілге тиек етпегіміз – оба еді. «Оба» – айтылуы бірдей болғанмен, екі мағынада жолығатын сөз. Бірі – жұқпалы ауру. Қазақты ғана емес, күллі әлемді сан ғасыр сорлатқан қауіпті індет. Оба жалмаған жылдары тығыз қоныстанған Шың-Машын мен Еуропаны былай қойып, көшпелі тірлік дағдысы арқылы басқа дерттерге ұшырай қоймай­тын сайын даланың көшпелілері қынадай қырылатын. Бірақ біздің сорабымыз – «оба» сөзінің келесі мағынасы. Тау жықпылындағы жолдай жиі бұлталаңдатып кеттік, оқырмандар адасып қалып жүрмесін. Біз діттеген оба – сол тау, төбе, дөң басына үйілетін, анығында, қаланатын тас. Ежелгі ерлік заманды жас шағында өзгеден көбірек аңсаған жазушы Мұхтар Мағауиннің өзінен аумайтын кейіпкері бар «Көк мұнар» романында кетеуі кеткен Кеңес заманы мен бабаларымыздың бағы шалқып-тасқан баяғы заманы екі желі ретінде кезек-кезек алмасып келмей ме. Кейіпкер шығармасы түріндегі арғы желіде аз жыл соғыссыз өскен ұрпақтың ерлікті аңсауы «балалар оба үйіп, көрісіп ойнады» деген жолдармен сипатталған. Қазақ әдебиетінің обаға көңіл бөлгені осы ма дейміз. Бұл тұста оба үйген әрекет – жаугершілік белгісі. Демек, оба – кейінгі ұрпақ үшін көшпелі халықтың жер кеңейту немесе тура өзіндей жер кеңейткісі келетін көршісінен сақтану жорықтарының ізі. Тактикада оба тұрған төбеге ие болған жақтың жеңіске жетері хақ. Өткен ғасырдың ортасында Қытайдан Тибетке қарай ығыса көшкен бірнеше ауыл қазақтар сан рет әскермен қақтығысады. Алдымен Қытайдың, сосын Тибеттің, ақыр-аяғында Үндінің. Қатерлі, қаралы көштің бүкіл тарихы Халифа Алтай марқұмның өлеңмен жазылған «Естеліктерім» атты кітабында тұнып тұр. Оқыңыз: Көрінді тас обалар қатарланған, Еш адам жауға мылтық ата алмаған. Ілгерілеп елірген жау ұмтылғанда, Төбені бұрын алды біздің адам. Биіктегі обаға бұрын жетіп, оның тасасынан оқ ату арқылы Зәйіп, Хамза, Алпыс батырлар босқан елді бір қырғыннан шығарғаны осылай суреттелген. Бұл – обаның от қару қолға тиген замандағы бекініс ретіндегі пайдасы. Ал баяғы найза кезенген, садақ керген ғасырларда оба бекініске жарамағанмен, бас­қа тактикаға тиімді еді. Жау қарасын алыс­тан байқайтын шолғыншылар қалың обаны әскер екен деп қалуы мүмкін. Бұл дұшпан ниетіне әсер етіп, оның ниетін, құрған айласын өзгертуге себін тигізеді. Тура шапса дереу жеңіске жетер жерінде айналып өтем деп уақыт жоғалтады. Батыс Қазақстандағы Қырық оба тура сол тактика үшін тұрғызылған-ау. Обаның нақты аты сақталған және бір жер Қарағанды облысында. Кезінде шаруашылық орталығы болған Бесоба ауылы. Обаға қатысты жер атауын еліміздің сол­түстігінен де ұшыратамыз. Қостанай өңі­рінде Қараоба атты ауыл бар. Жас кезімізде ат шалдырғанбыз. «Қара» анықтауышы обаның қандай тастан қаланғанын, әлде қарауытып көрінетінін айғақтай ма, кім білсін. Қараобаға сан мәрте барып жүргенде, жергілікті жұрттан «сол обаларың қайда, өзі?» деп сұрамаппыз. Онда оба іздейтін емес, жоспардағы астықты түгендейтін коммунистік кезең. Қайран қара обаның өзі трактор соңында салпақтаған соқаның түренінде кеткен шығар. Түптеп келгенде, Қараобаның бағы бар, байырғы атауын сақтап қалыпты. Әйтпесе, тың игеру жылдары бәріне жаппай СССР қалалары мен көсемдерінің аттары жамалған. Мәселен, сол аймақта отызыншы жылдары Обаған аталған аудан болған. Қызыл заманда Орджоникидзе деген наркомның бодауында кетті. Тәуелсіздікке тап болған тұста байырғы атау ортамызға оралған сияқты еді. Бірақ қуанышымыз бірер жылдық болып шықты. Оңдырмаған оптимизация науқанында екі ауданнан бір аудан жасағыштар сол атауды екінші рет өшірген. Өкінішті. Мұндағы Обаған аты – біздіңше, «оба қалған» тіркесінен шығып, бірте-бірте тілдік қолданыстың ыңғайына орай жұмырланған. Судағы малта тас сынды. Тобыл бойынан Жайық жағасына ауыссақ, мұндағы Қособа деген жер алдымен «Қыз Жібек» жырын шығарған белгісіз жыраудың аузына іліккен. Түбінде Қособаның жатып алдым, Біреуді мергендікпен атып алдым. Болған соң өзім батыр кімді аяйын, Өлтіріп Төлегеннің атын алдым, – деп басталатын Бекежан өлеңін біз әжемізден естігенбіз. Кейін операға айналып сахнадан саңқылдады, кино болып әлемге тарады. Екі ғашық пен олардың арасына киліккен бір ожар батырдың арқасында «Қособа» жайшылықтағы жер атынан белгілі бір әрекетті сипаттайтын тұрақты ұғымға айналды. Қазір әлдекімді қарауылға алатын тұсты осылай мегзейді. Ғашықтық жыры өз алдына, «Батырлар жырына» зер салсаңыз, «отырған орны обадай» деген теңеу жиі жолығысады. Қарсылас жаудың дәу екендігін бағзының ақындары өстіп сипаттаған. Барынша мықты жауды жеңіп шыққан батырға содан соң таңданбай көр! Ежелгі жыраулар тапқан, күні бүгінге дейін ескірмеген көркемдік шешім. Жағырапияға қалай түсіп кеткенбіз, мана­ғы тактикаға қайтайық. Обаны тұрғызудың тағы бір қажеттігі – қарауыл қарау. Онда дүрбі жоқ. Бірақ шолғын бар. Егер біреу алыстағы тау басында күн ұзаққа қимылдамай отырса, оны ақыр-аяғында оба деп қабылдауға болады. Сол «тас оба» түнделетіп жау қосынында болған өзгерістерді жеткізуі мүмкін. Ғасырлар бойы көшпелі халықтардың ір­гесінде өз тіршілігін кешіп келген, тіпті Тарбағатай тауына атын берген суырлар өмірі тура осылай. Суыр арасындағы бақылаушысы інінен шыққан соң айналаны бажайлап қарайды. Қыбырламай тұратын нәрсенің бәрін байқап алады. Сол сәтте алыстағы адам қимылдамай отырса, суыр оны тасқа балап, еш қорқыныш күтпеуі мүмкін. Енді әр сәт са­йын әлгі белгілердің бәрін айналып түгендеп тұрады. Егер келесі қарағанда манағы «тас» тұрған орнында жоқ болып шықса, бақылаушы суыр жайылып жүрген туыстарына дереу дабыл қағады. Бәрі тоңқаңдап інге жүгіреді. Міне, биік басында қозғалмай қарауыл қараған жауды обаға санап, бармақ шайнаған суыр ғана емес шығар... ӨЗ ӨМІРІМІЗДЕ... спорттың шекесін шыл­қытпаппыз. Ауыл мектебінде алпысыншы жылдары спорттың бір-ақ түрі бар еді. Футбол. Ал ойын түрі көп. Көктем мен күзде – ләңгі, жазда – асық, қыста – боқақыш. Соңғысы – негізінде, хоккей ғой. Бірақ аяққа киер коньки жоқ, пиманың табанына мұз қатырамыз. Арнайы таяғы жоқ, ағаш бұтағын қайқы тұсынан кесіп аламыз. Екі беті жалпақ, ал жақтауы дөңгелек шайба қайда, оның орнына аттың қысқы аязда қатқан... тезегін қаққылаймыз. «Боқақыш» аты әу бастағы «боқ қаққыш» тіркесінен тілге лайық жұмырланған. Жаңағы Обаған сияқты. Асық пен ләңгі Совет дәуірі тұрмақ, әлі күнге спорт түрі саналмайды. Боқақыштың аты да, заты да тұрпайылау. Сонда мектептегі денешынықтыру сабағына тек футбол сәйкес келеді. Басқа спорт түріне арнайы жабдық керек. Бокс қолғабының өзі қат кезде басты ауыртпай, балаларды екіге бөліп, қырық бес минут доп қуғызғаннан жеңілі жоқ. Ал ауылда доп қуатын жер жетеді. Әлдеқа­лай фермадағы шопанның қорасына апарылма­ған төрт сырғауылдан қос қақпа тұрғызу оңай. Біз болсақ мектептегі жалғыз спорт түрі, басқа балалар жанын беретін футболдың өзін жарытып ойнамадық. Біреудің командаласына берген пасы зәуімде біздің аяққа іліккенде Бал­­таш мұғалім «қап, мына обаға тиіп кет­ке­нін қарашы» деген. Футбол қызықтырмайтын са­намызға бұл сөз мәңгілікке жатталыпты. Орнымен айтылған соң. «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды». Ұстаздікі жөн еді. Оба ешқашан қозғалмайды. Доп алаңында жүгіруінен гөрі ойға шомып тұрысы көп мына бізге одан орынды теңеу болмасы хақ. Доп қууға қызықпаған мектептегі жылдардан соң қой бақтық. Ата мақалына сенсек керек: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар». Түрлі беткейлерді жайылым еттік. Сонда қай төбеге, қай биікке шықпа, бәрінде қарауытып оба тұрады. Егер обасы жоқ төбе болса, оған өзіміз қалаймыз. Сонда байқадық: оба тұрғызу – малшының ұзақты күнді қысқартудағы ер­мегі екен. Және себі тиеді. Тау басында жел азынап тұрғанда оба қаласаң тоңазыған бойың жылынады. Оның қалқасында тұрсаң қойны-қоны­шыңды қуалаған ызғырық тоқтап, құла­ғың тыншып қалады. Қыстың аязды, бірақ ашық күндерінде обаның күншуақ жағы жылы. Бейбіт заманда тау мен төбе басына тас қалап кету – біріншіден, көш жолын белгілеу. Қыстаудан жайлауға берісі жүздеген, арысы мыңдаған шақырым жүріп барарда бағыттан адасып кетпеу керек. Ол кезде қазіргідей даланы көктеп өтетін автожолдар жоқ. Ат пен өгіз арбадан қалатын көш жолын келесі жылғы қалың шөп оп-оңай жасырып тастайды. Мұн­дайда бағдарға ұстайтын белгі – оба. Бір обадан екіншісін бағытқа алып жүре берсең барар нысанадан жаңылмайсың. Бірақ ескерер тұсы бар. Айталық, көш жолында оң бағыттан бір, сол жақтан бір оба қарауытып көрінді делік. Соның қайсысын бағытқа алу керек? Обаның бағдар ретіндегі мәні ұмытылып, дала төсі мен тау қойнауын автомашиналар шандып тастаған алпысыншы жылдардың бір әңгімесі бар. Су таситын машинаның шофері жиі жаңыла берген соң жол екі айырылатын тұстарда өзі баратын жаққа қарай қызыл кірпіш тастап отырады. Соны бағытқа алып шопан ауылын адаспай тауып жүреді. Бірде қушыкеш әріптестері қызыл кірпішті жолай­рықтың екінші жағына ауыстырып кетіпті. Қулықтан хабары шамалы шофер бөтен қой­шының қыстауына жетіп, «апыр-ай, мұнда су әкелмейтін едім ғой» деп желкесін қасып тұрыпты. Бұл мысалдың өзі дала мен таудағы жолаушыға бағдар қажеттігін байқатады. Сонымен алдыдан екі оба көрінді. Қайтпек керек? Мұндайда өзіңізге дейін осы жермен жүрген бұрынғының сөзі санаңызда қалуы керек. «Қисық обаның тұсында», «Сарыобадан асқанда», «Бесобаның берісінде» дегендей. Демек, көкіректе әр обаның сыры сайрап жатады. Біріншіден, оба бағдар болса, екіншіден, мал бағып жүргенде обаны меже ретінде есептейтінбіз. «Көкеннің жайылымы тура мына обаға дейін» деген бригадиріміз Төлеу­жан Тоймұхамедовтің ескертуі құлақта. Ықы­лым заманнан бері оба көрші малшылардан бастап тұтас рулардың, тіпті көшпелі мемлекеттердің арасындағы меже қызметін атқарған. Оған жаңа ауызға алынған Халифа Алтай марқұмның және бір өлеңі дәлел. Әлгі кітап – сол қаралы көштің көркем шежіресі. Әттең, ешбір режиссердің кино етіп шығаруға құлқы жоқ, әйтпесе осы қалпы дайын сценарий. Сонымен: Көп оба Қытай-Тибет шекарасы, Жерінің белгіленген екі арасы. Жау алды-ау еліміздің бір бөлігін, Болмады-ау құтқарудың бір шарасы. Қызыл империяның бір емес, екеуінен атпен қашып құтылған көшпелі қазақтың өкілі Халифа Алтай жалғыз жұқалтаң кітабында осылай жазса, сол қызыл заманда әрбірі қарыстай қалың кітап болып он екі томы шыққан Қазақ-совет энциклопедиясында: «Оба – жерленген адамға қойылған белгі» депті. Өзіміз талай деректеріне сусындаған үлкен еңбекті құрастырушылар осы тұста шындықтан аулақтап кеткен бе дейміз. Оған советтік коммунистік идеология себепкер шығар. Көшпелі өмірдің бір белгісін болсын бәсең етіп көрсетуге тырысқан, шамасы. Әйтпесе, өзіміз тау басына талай оба қаладық. Оның мола еместігі анық. Адам жерленген зират обадан анағұрлым ауқымды, қорым түрінде келеді. Әрі таудың ұшар басына ешкім қабір қазып, өлік жерлемейді. Беткейде, бөктерде болуы мүмкін, бірақ биіктің тура басына қойылған мүрде мүлде жоқ. Мұсылмандар адам жерленген жердің үстіне аяқ баспайды. Ал обаның түбіне жантаясың, жоғарысына шығып мал қарайсың. Ендеше, оба мен моланы шатастыру – Кеңес тұсында халық тарихына жасалған көп қиянаттың бірі. Ол заманда әр ауылда кеңестік батыр­лар­дың, әлгі ауылға еш қатысы жоқ ғарыш­керлердің құрметіне обелиск орнатылатын. Оның ақпараты газеттерге шығатын. Бірнеше хабарды Қостанай облыстық газетінің прак­тикант-тілшісі кезімізде жариялауға әзір­легенбіз. Қазір ойлап отырсақ, «обелиск» сөзі мен оны орнату дәстүрінің ар жағында түркінің обасы тұрған жоқ па! Қазақтың «өз бидайын өзіне қуырып берді» дегені дәл келіпті. Бір мырс етесің де, қоясың. Өткен өтті. Жоқ... САХАРА САНАСЫНДА... тағы бір сөз есте қалыпты. «Мықтың үйі». Әжеміз «ол жерге жоламаңдар» деп ескертетін. Айдалада жеке, жалғыз тұрған тас үйінді осылай аталатын. Биікке тұрғызылмағандықтан, бұл оба емес. Екеуінің бір-бірінен көрер көзге айырмашылығы баршылық. «Мықтың үйінің» түбіне бүккен сыры қандай? Берідегі әдебиеттерден қолға түк іліктіре алмай, өзіміз қазақ этнографиясының білгірі санайтын ақсақалға жүгінуге тура келген. Ол – Жағда Бабалықов. Көзі тірісінде сұ­рап үлгеріппіз. Кешікпей дана қария өмірден өтті. Сөйтсек, талайлардың оба мен моланы шатастыруына «Мықтың үйі» себепші сияқты. – Қазақ даласының Қытайда қалған қиы­рынан, тура Еренқабырғаның ең шетінен, Ұлы Қытай қорғанына небары 500 шақырым тұрған тұмсығындағы Аратүрік деген ауданынан Моңғолия жерін басып, Алтай асып, тура Мұғалжарға дейін шарлап шықтым. Соның бәрінде жергілікті халық «Мықтың үйі» дей­тін тас үйінділерге тап болдым, – деген жарық­тық Жағда ақсақал алыстан қозғап. Сөз арасында «Аратүрік» атауына түсі­ніктеме бере кеткен. Бұл – хансу халқы мен түркі халықтарының тарихи шекарасын белгілеген байырғы атау. Қытайдағы Еренқабырға тұмсығынан Қазақстанның Ақ­төбе облысындағы Мұғалжар тауына дейін – шамамен бес мың шақырым. Осы аралықтағы қазақ шалдары әр жерде Жағдаға «Мықтың үйін» нұсқапты. Бірақ неге олай аталғанын ешкім айта алмаған. Ел тарихы дегенде ерінбейтін Бабалықов Мәскеудегі Ленин атымен аталатын үлкен кітапханада көне қолжазбалар арасынан Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жазбасына жолығады. Оны парақ­тап отырғанда «Арқада мық деген халық болған» деген жолды оқиды. Сосын әр тұстағы үйінділер еске түсіп, «Мықтың үйінің» сырын академик Әлкей Марғұланнан сұрапты. Данасы Әлекең дәл осыған сараң жауап беріпті. Тек жағырапиясын Жағданың өлшемінен өсіріпті. «Ондай жеке үйінділер Каспий теңізі мен Енесай өзені арасына дейінгі алқапта шашылып жатыр» депті. Бірнеше рет «Мықтың үйі» аталатын үйінділерді қазғанын, оның астынан тек адам сүйектері табылғанын айтыпты. Бірақ бірге жерленген не жылқының сүйегі жоқ, не алтын-күміс әшекей заттар жоқ. Демек... Осы тұста академик Марғұлан мен ғылыми атақсыз, яғни әуесқой зерттеуші Жағданың пікірі бір байламға тоғысады. Екеуі де оқыған Мәшһүр-Жүсіп жазбасының жаны бар. Ықылым заман бұрын бұл далада мық атты халық, бәлкім, тайпа өткен. Олар қайтыс болған адамын тура сол өлген жеріне көміп, басына биік тас үйіп кеткен. Біртіндеп ондай үйінділер өз салмағымен шөге-шөге жартылай жерге көмілген. Шығып тұрған ұшы қазақтарға «Мықтың үйі» атымен жеткен. Шамасы, осылай. Бірақ бүкіл қазақ біле­тін сол атауды ескермеген кеңестік ғалымдар әлгі үйінділерді обаға балап, обаның бәрін адам көмілген жер деп жаза салған. Біз болсақ бұлай пайымдаудың ағат екеніне біртіндеп тағы бір дәлел таптық. САЯХАТШЫ САПАРЫНДА... және бір обаға жолығып қалдық. Оба талайдан айнал­дырып жүрген тақырыбымыз, одан бұрын ләңгіні айтсаңшы. Қытайдың Ляонин деген провинциясы. Орталығы – ол елдің өл­шемімен орташа қала Шэнянь. Сегіз миллион тұрғыны бар. Соның талайы кешкілік алаңқайлар мен жол шеттерінде ләңгі ойнайды. Хансуша – дзеньцзы. Ұш жағындағы тауықтың қауырсыны түбіндегі бақырдың тесігіне тығындалған кәдімгі ләңгі. Өзіміз армансыз тепкен нәрсе. Ойнау тәртібі өзгеше. Бұлар волейбол сияқты бір-біріне тебеді екен. Тіпті күйеуі, әйелі, баласы ұшбұрыш жасап тұрып, бір-біріне бағыттап ойнап жатыр. Біз бала кезімізде жеке-жеке сілтейтінбіз. «Кім көп тебеді» деп санап, жарысатынбыз. Ләңгіге қызығып, бағдардан ауысып кетпейік – оба. Обаны Шэньян қаласында қазір мұражай ретінде сақталған Император сарайынан жолықтырдық. Бейжіңдегі көп турист ағылатын Жабық қалаға қарағанда аумағы шағын. Оның есесіне бұл үш-төрт ғасырға көне. Кейбір маңдайшаларда манчьжур жазуы сақталған. Шыңғыс хан билік құрған заманның жазуы. Бір тұста екі дөңгелек тас жатыр. Жоғары жағында тұтқа тәрізді ойықтары бар. Бұл не екеніне талайлардың басы қатады. Әзілдеп құтылғандары «дәулер көтеретін кірдің тасы шығар» дей салады. Анығында, императордың аттары байланатын мама... тас. Сосын бір сырғауылды көрдік. Биік. Ұшы айыр. Сәл төмен темір тостаған кигізілген. Бұл, керісінше, ат байлайтын мама ағаш емес, құс құрбандыққа шалынатын ағаш. Айырға құстың қанаты керіледі. Қаны әлгі темір тостағанға құйылады. Сосын обаны тамашаладық. Астыңғы тасы дөңгелек табаққа ұқсайды. Оның үстінде таған тас. Сосын сопақтау келген үшінші тас. Соңғы бітіктің жоғары жағын тесіп, көлбеу ағаш істік өткізген. «Бұл не болуы мүмкін?» деген сұраққа шетелдің турисі бас қатырады екен. Біз бірден тақ еткіздік. Сағат. Ал оны «тассағат» дейсіз бе, «күнсағат» дейсіз бе: өз еркіңіз. Обаның тағы бір қызметі осы тұста алдан шықты. Оны ертеде көшпелі халықтар уақыттың қанша болғанын анықтау үшін тұрғызған. Ортада биік оба болады. Сосын оны айналдыра қадау-қадау шағын обалар қаланады. Табылып жатса, тұтас сынтастар қойылуы мүмкін. Әрқайсысының ара қашықтығы белгілі бір есеппен. Күн шыққан кезден батқанға дейін ортадағы биік обаның көлеңкесі қай тасқа түскені арқылы уақытты анықтайды. Біз сексенінші жылдары жас­тар газетінің Орталық Қазақстандағы үш облыс бойынша тілшісі қызметін атқарған едік. Сонда «Бегазының бір тасы» атты мақаламызды оқыған Жезқазған өңіріндегі жігіттер уақытты анықтауға арналған обалар тобы барын айтқан. «Келер жазда, ел аяғы кеңіп, жол табаны кепкенде көрсетейік» деген. Сосын ұмытып кетіппіз. Арнайы ат басын бұрмағанымызға енді өкініп отырмыз. Қалай десек те, сахарадағы бабалардың тас сағат тұрғызғанына, кейін ол өнердің манчьжур императоры сарайына дейін жеткеніне еш шүбәміз жоқ. Тас сағатты тұрғызудың күрделі есебі бар. Оны білетін жұлдызшылар болған. Тағы бірнеше талабы бар. Алдымен, көлеңке түспейтін тегіс алаңқай таңдалады. Сосын күннің көзін бұлт баспауы керек. Бұл орайда мұхит жағалауы емес, одан мыңдаған шақырым қашық жатқан Еуразия даласынан қолайлы жер табу қиын. Демек, тассағат біздің далада алғаш пайда болып, одан әлемге тараған. Мына Шэньян сарайының алаңқайына тұрғызылған уақыт анықтайтын обалар – көшпелі өркениеттің ықпалы тиген шекара екені талассыз. «Әлемге тараған» деуіміздің және бір себебі үндіс тайпалары да дөңгелете қойылған тастар арқылы жыл мезгілі мен күн уақытын, сосын шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті анық­тай­ды. Төрт тараптың ортасына тас қалаған, тіпті онысы кейінгі тілмен пирамида болып шыққан. Қарапайым обадан күрделі пира­мидаға дейін адамзаттың ежелгі ілім-білімі, парасат-пайымы арқылы қаланғаны хақ. Сонымен оба – ежелгі жолдың бағыты, шекараның түйіскен тұсы, биік жердің белгісі, ақыр аяғында, уақыттың өлшегіші... Түгендеп болған сияқтымыз. Сөйтсек... ӘЛЕМДЕГІ ӘРЕКЕТТЕ... обаларға жа­ңа­ша көзбен қарау басталыпты. Тіпті модаға айналыпты. Қолымызға іліккен ақпаратқа үңілсек, Канаданың Девон атты аралында, онысы Арктика суының шегінде тұр, талай жыл бұрын ғарышқа аттанып бара жатып мерт болған «Челленджер» экипажының құрметі­не оба орнатылыпты. Ол жақта обаны «инукшук» дейтін көрінеді. Үндіс тайпасының тілінен алыныпты. Ар жағынан біздегі «үйшік» сөзі елес бергендей ме. Мәліметіне қарасақ, инукшукті тастан қалайды. Суретіне үңілсек, тура Тарбағатайдағы сияқты ұзын, қырлы тас­тарды қолданыпты. Жұмыр тастар мұндайда кәдеге жарай қоймайды, өйткені ойдағыдай қаланбайды. Азынаған желде, қыс пен күздегі жаңбыр мен қарда бір-біріне тірек болуға шет-шеті қырлы тастар қажет. Біз күнделікті көріп жүргенмен еш назар аудармайтын, дала мен таудың қалыпты көрінісі іспетті ежелгі обаларды Канада бәсірелеп кеткенге ұқсайды. Бірнеше жыл бұрын орыстың Нева дариясы жағасындағы үлкен қаласы, бұрынғы астанасы Санкт-Петербург, өзінің 300 жылдығын тойлады. Сонда Канаданың осы қаладағы бас консулы Анна Биолик ханым тойға деп тура адам бойымен бірдей инукшук сыйлады. Егер біз «біреудің тойына оба сыйлайық» дейікші, дереу жындыға балар еді, болмаса «мазақтады» деп ерін бауырға алып тулар еді. Ал Солтүстік Американың елі оны ең мықты тарту деңгейіне көтерген. Осы тартуға риза болған орыстар әлгі кісі бойындай, тек қара тастардан тұратын инукшукті Герцен атындағы Солтүстік халықтары институтының ауласына әспеттеп орнатыпты. Осыдан бастап көрші елде инукшук тұрған жер құт пен береке әкеледі деген пікір пайда болып, оған табынушылар шығыпты. Бізде тау басында тұратын оба шетел қалаларының аулаларына, тіпті үйлерінің ішіне жайғасты. Кішкене тастардан желімделген немесе металдан құйылған нұсқасын үстелге қоятындар мен мойынға іліп алатындар баршылық. Оны үйге қою отағасына деген құрмет пен сол шаңырақтағы ең кішкентай адамға дейінгі ізетті білдіретін болыпты. Кеңседе тұрғаны береке-бірліктің, командалық тұтастықтың айғағына айналмақ, «ең кішісі де жұмылып жатыр» деген ұйытқыны көрсетпек. Арам пиғылды аластап шығармақ. Жолаушы үшін оны өзімен алып шығу мақсатқа айнымай жетуге жәрдемдеседі. Жолдағы пәле-жаладан арашалайды. Көрдіңіз бе, қазіргі адам нанымы тас обаға келгенде қаншалықты тереңдеп кеткен! Тіпті жер бетінің әлдебір аймақтарында «Инукшук» атты жорналдар шыға бастапты. Оның бәрі теріс емес, тіпті жақсы шығар. Бірақ обаның, осы заманғы өркениет тілінде «инукшук» аталатын өнердің, үрдістің түбі, тарихи отаны ретінде Канада танылып, Орталық Азия ұмыт қалғандай. Тас обаның тілі жоқ. Бала кезімізде әтештің түн ортасындағы бір шақыруын тарихи отаны Үндістандағы таң алдындағы шақыруы деп түсіндіретін. Жаны бар мақұлық осылай тарихи отаны қайда екенін түйсікпен сездіріп келеді. Ал жансыз тас тұлғалар өзінің түбі қайдан шыққанын қалай айтсын?! Обалы не керек, Канада үндістерінің инукшукті не үшін тұрғызғаны туралы кейбір деректер шындықпен сәйкес келеді. «Солтүстіктің ұшы-қиырсыз, көз тоқтатар бұдырсыз алқабында, бір баспанадан ке­лесісіне жолаушылар апталап емес, айлап жететін аймақтарда тас адамдар жол сілтеп тұрады» депті түсініктемелердің бірінде. Оған талас бар ма. «Бұл жерден мен өткенмін, сен де аман өтесің» деп бір жүргіншінің өзінен кейінгі бейтаныс жүргіншіге қалдыратын белгісі» дейді тағы басқа түсініктеме. Мұнысы да қисынды. Қисынсызы – Канаданың дәстүр ретінде меншіктеп алғаны. Обалардың Солтүстік Америкаға бір кезде Орталық Азиядан шыққан көне тайпалар арқылы барғанын мойындату керек. Бұл орайда белгілі ғалым Әділ Ахметовпен пікірлестік. Әдекең бірнеше жыл Америкада дәріс оқыған, ғылыми зерттеулер жүргізген. Америка мен Азияның көне тұрғындарының тіліндегі ұқсастықтарды тапты. Онымен шектеліп қалмай, археологиялық деректерді салыстырып шығыпты. «Азия-Берингия-Америка» атты еңбегінде Солтүстік Америкадағы қорған үй­ген және оба тұрғызған дәстүрлерді көне тайпалар өздерімен бірге Азиядан алып барғанын жазды. Үлкен қорғандар адам жерленген жерге тұрғызылса, кішкене қорғандармен, яғни обалармен шекараны межелеген деп тұжырды. – Оба тұрғызу әдетін Солтүстік Америка­ға Азияның халықтары өздерімен бірге апар­ғаны даусыз, – деді Әділ Құрманжанұлы бізге. – Олар жаңа аймақтарға құрқол бармаған. Үлкен мәдениет жеткізген. Соның бірі – жолды белгілеу, асулардан адам өте алатын тұстарды көрсету және түрлі тайпалардың қоныстарын ажырату үшін оба тұрғызу. Ғалымның бұл пікірі келесі зерттеушінің кітабындағы оймен үндестік табады. Белгілі қыпшақтанушы Мұрад Әджі «Европа, тюрки, Великая степь» кітабында ежелгі қыпшақтардың солтүстікте орыстармен, оң­түстікте парсылармен арадағы шекараны белгілеу үшін қорғандар (орысша «курганы» болса да, анығында, обалар деп оқылуы керек) қойып кеткенін жазды. Өкінішке қарай, Ахметов, Әджі сияқты ғалымдар саусақпен санаулы әрі олардың еңбектері Солтүстік Американың санасын қайта жаулай алар ма? Өзіміздің даладан көне халықтар Жаңа құрлыққа апарған оба тұрғызу үрдісі Канаданың атын асқақтатып, солар­дың төл таңбасы ретінде танылды. Тарихтағы кереғарлықтың бірінші көрінісі емес. Ежелгі Ұлыс астанасы Сарайшық қаласын айнала қоршаған қамал тура Мәскеудің Крем­лінен аумайтын. Анығында, қазіргі Ресей астанасындағы Кремльді Сарайшыққа қарап салған. Кейін Сарайшықты Жауыз Иванның жасауылдары тас-талқан етіп қиратып кетті. Кімнен кімнің үйренгені туралы кейінгі ұрпақ ештеңе білмеуі үшін. Ал бұл жолы Тарбағатай тауының әр жотасы мен шоқысында менмұндалап тұрған обалардың бәрін қиратып кету Канаданың қолынан келе қоймас-ау. Қазір Жауыз Иван­ның емес, өркениетті, жер тұтастығы мен шекаралардың мызғымастығын құрметтейтін ОБСЕ-нің заманы. Қайнар ОЛЖАЙ Қазақстан – Қытай – Солтүстік Америка

7318 рет

көрсетілді

122

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы