• Тұлға
  • 12 Қаңтар, 2011

Халықтың құрметіне бөлену – үлкен бақыт

d0b6d0b0d181d0b0d0bdЖасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, «Жас-Ай» шығыс-тибеттік медицина орталығының бас директоры, республикалық «Жас-Ай» медициналық ақпараттық журналдың бас редакторы Жасан Зекейұлының есімі республика жұртшылығына жақсы танымал десек, артық айтқандық болмас. Ол – дертке шипа, жанға дауа сыйлап жүрген бірегей маман. Ол – елін сүйген, елі сүйген азамат.

Жәкең алдыңғы жылы жақсы бір қуанышқа кенелген. Еуропалық Бизнес Ассамблеясы Номинациялық Ко­митетінің ұйымдастыруымен өткен «ХХІ ғасырдың көшбасшылары» атты үлкен шараға арнайы шақырылып, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» атағына ие болды.

Міне, осы қуаныш өткен жылы да жалғасын тапты. Австрияның Вена қаласынан әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін Сократ атындағы орденді тапсыру салтанатына қатысуға шақыру алды. Сөйтіп, Венаның Хофбург сарайында әлемдегі ғылым, мәдениет, бизнес және қоғамдық салалардағы таңдаулы адамдармен бірге Сократ атындағы орденді омырауына тақты. – Халыққа сіңірген азғантай еңбегіміз халықаралық деңгейде бағаланғанына қуанамын. Оның үстіне осы айтулы шараға елімнің атынан, қазақ ұлтының атынан барғанымды мақтаныш етемін. Бұл бір адамның ғана қуанышы деп айтуға болмайды. Елімізді, ғалымдарымыздың еңбегін дүниежүзі мойындады дегенді аңғартады. Олар бізбен санасып отыр. Осының өзі мерей, – дейді жүректегі шын сөзін ақтарған Жасан Зекейұлы. Жәкең әңгіме тиегін одан әрі ағытты: – Мен өз еліммен, өз ұлтыммен мақтанамын. Жалпы, өткен жыл еліміз үшін табысты жыл болды. Басқасы­на тоқталмай-ақ қояйық, ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніміздің өзі неге тұрады! Елуден астам елдің басшысын қосып Саммит өткіздік. Осының барлығы – туған Отанымыз үшін, онда да қазақ халқы үшін үлкен абырой. – Жәке, әңгімеміздің арнасын өзіңіз өткен жылы ие болған марапат жайына қарай бұрсақ. Үздік жұмыстарды, таңдаулы істерді бағалаған өте орынды. Бірақ сол бағалану қалай жүргізілу керек? – Меніңше, бізге дүниежүзіндегі адамдарды марапаттайтын, үздіктерге атақ-дәреже беретін орындардың тәжірибесінен үйрену керек сияқты. Өйт­кені олардың бағалауы басқаша. Олардың талабы бойынша сіздің ең­бегіңіз, ғылымдағы жетістігіңіз, тап­қырлығыңыз халықтың қажетіне жарау керек. Жараған ғылымды ғана олар мойындайды. Халық – ең үлкен күш. Халық деген – ұлы сөз. Халықтың қалаулысы болу – бұл даңқтың даңқы. Халықтың қалаулысы болып жүргеніміз үшін мақтанамыз. Халық бізді қажетсініп жатса, соған сай көмегімізді беріп жатсақ, онда әр азаматтың жұлдызы жанды деуге болады. Кейбіреулер болады. Атақ алуға құмар. Өзімді олардың қатарына жатқыза алмаймын. – Сіз басқаратын орталықтың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? – Кешегі дағдарыс кезінде мекемемізде адамдар қысқарған жоқ. Керісінше, жаңа емдеу жүйелерін іске қостық. Жұмыс сапасын арттыруға көңіл бөлдік. Өткен жылғы табысымыз – Алматыда шығыс-тибет медициналық орталығының ғимараты пайдалануға берілді. Осы жерде бірқатар адамдарға жұмыс орыны табылды. Осының өзі – мен үшін жетістік. Қолды қусырып, аспанға қарап, «Үкімет бізге не берер екен?» деудің өзі қате. Олай отырсақ, еліміз бүгінгідей жетістікке жетпес еді. Ел егемендігін енді ғана қолға алып жатыр. Тәуелсіздігімізге 20 жыл енді ғана толуда. Осындай кезде мемлекетке алақан жайғанымыз жараспайды. Адамдар медициналық ақпаратқа зәру. Осы бағытта көп жұмыстар атқарылды. Біз сөзімізді ғылыми кітаптармен де, танымдық дүниелермен де дәлелдеп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде үш кітап дайындадық. Бұлар­ды шығарғандағы мақсат – халықты медициналық ақпаратпен көбірек қамту. Әр адам дәрігер болмаса да алғашқы кезде кімге бару керек, кімнен қандай ақыл-кеңес сұрау керек, бара қалған жағдайда сол дәрігер дұрыс айтып отыр ма – соны білуі тиіс. Алданып қалмау үшін көбіне ақпарат керек. Бұл тек медициналық журналда ғана емес, күнделікті басылымдарда үзбей беріліп тұрса, еш артықтығы жоқ. Денсаулыққа қажет істі үгіттеу – бұл ең сауапты жұмыс. Біз шығаратын «Жас-Ай» журналына алғысын білдіріп жатқандар көп. «Осындағы кеңестерді пайдаланып, өзімізді өзіміз емдеп жатырмыз» дейді. Биылдың өзінде журналға өз еріктерімен мыңнан астам адам жазылды. Бізге көбірек келетін науқастар – инсульттен кейін жансызданып қалғандар. Солар екі-үш курстан кейін көп қабатты үйлеріне өздері көтеріліп, машиналарына өздері отырып жатады. Осы еңбегімізге өзіміз де сүйсінеміз, ләззат аламыз. Беломыртқасынан жарығы болып, одан операция жасап, сонда да жазыла алмай, төсек тартып жатып қалатын адамдар арасында біздің еміміздің арқасында сауығып кететіндер бар. Кейбір ұзақ уақыт бала көрмеген әйелдер біздегі емнің нәтижесінде бала көтеріп, сәбилі болып, шаттанып жатады. Осыған куә болып жүрміз. Олардың алғыстарын біздегі тілек жазылатын журналдан оқуға болады. Проблемалар бар. Бірақ «Көш жүре түзеледі» демей ме? Алғашқы бір бөлмеден бүгінгідей еңселі ғимаратқа ие болдық. Бұл тек бір адамның арқасында болып жатқан игілік емес. Елдің сый-құрметі. Сеніп келгені. Басқаларды ертіп келгені. Еңбегіміздің жануына қазақ басылымдары көп ықпал етуде. Жұмысымызды жұртшылыққа жария етіп, үзбей насихаттап келеді. – Көпшілік Сіз басқаратын орта­лықтың филиалдарын облыстарда неге ашпасқа деп жатады. – Менің алдыма «Орталықты үлкейтейік, облыстарда бөлімшелерін ашып берейін, құжаттарын дайындап берейін» деген талай мықтылар келді. Маған емделушілердің ішінде жағдайы жақсы, бай-қуатты, үлкен дәрежедегі адамдар көп болды. Оларда өмір сүру үшін қажеттіліктің бәрі бар. Ал тексеріп көрсек, денсаулықтары сыр береді. Денсаулықтарына мән бермеген. Осы азаматтар емделіп, денсаулығын түзегеннен кейін бізді ұмытып кетіп жатады. Солар денсаулық сақтау орындарына сәл болса да көмек көрсетсе, медицинаны көтерсе дейміз. Медицинаны көтеру дегеніміз – өзінің өмірін көтергені. Өз өмірінің болашағына іргетас қалады деген сөз. «Әр облыстан орталықтың филиалдарын ашсақ, қолдау көрсетсек, шәкірт тәрбиелейік» деген адамдар болса, олардың қолын қағып отырған жоқпыз. Өкінішке орай, мұндай ұсыныс жоқ. Барлық күш өзімізге түсіп отыр. Бұл қынжылтады, адамды жалықтырады. Қажыған адам дамымай қалады. Жалпы, тек медицинадағы ғана емес, әр саладағы ғалымдарға қамқорлық көрсетілгені жөн. Қытайды алайық. Бұл елдің дамып отыруының себебі – ғалымдардың еңбегі. Елдегі технология дүниежүзінің алдыңғы қатарында. Өндірісті, техниканы, ғылымды дамытты. Егер, мысалы, біздің орталық дамып, басқа елдегілер қаржысын осында, Қазақстанға құйып жатса, бұдан жаман боламыз ба? Демек, қолдау көрсететін уақыт келді. Бір ғана азғантай топтың мүддесін ойлайтын орталық емес, бүкіл халықтың денсаулығын көтеретіндей орталық ашылып жатса, қанеки?!. Қазақтың мақалы бар ғой: «Ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, сақалынан айырылыпты» деген. Соның кебін кимесек болды. Осының өзіне шүкіршілік етіп жатамыз. Бұл өзі елдігімізге сын. Кемшіліктерді жою үшін дүниежүзіндегі ұлы халықтар бар емес пе – солардың тәжірибесін, идеологиясын үйренуіміз керек. Бізде ортақ қазақтық идеология кемшін бе деп қаламын. Жерге, руға бөлінетін жаман қасиет бар. Бұдан ештеңе ұтпаймыз. Дегенмен де бәрі де түзелер, елдігіміз, ұлттығымыз одан әрі нығаяр, күшті бола түсер деген үміт зор. – Сіздер «Жас-Ай» атты журнал да шығарып отырсыздар. Бұл басылымның жайы қалай? – Өз қаржымызбен «Жас-Ай» деген журнал шығарып келеміз. Әзірге мемлекеттен қолдау көрген жоқпыз. Тендерге де қатысқан емеспіз. «Қатыс» деп жол көрсетіп жатқандар да жоқ. Осы басылымды – осы ақпаратты Еуропа қажетсініп отыр. Ағылшын тіліне аударуға тапсырыс беруде. Басқалар қажетсінгенде біздегілер далаға тастамас деген сенім бар. Журналда құнды материалдар бар. Қарапайым медициналық кеңестер жарияланады. Арасында елге танымал тұлғаларды да халыққа кеңінен таныстырудамыз. – Шәкірттеріңіз бар шығар... – «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді. Шәкірттерімізге ризамыз. Жұмыстың бірқатары шәкірттерім арқылы жүзеге асып жатыр. Олардың ішінде өзіміздің қаракөздеріміздің көптігіне қуанамын. Тек Қытайдан ғана емес, Қазақстанның оқу орындарын бітіргендердің өздері бізде жұмыс істейді.

Жәкеңмен әңгіме-дүкен құру бір ғанибет. Бұл кісімен кездесе қалсаңыз, ұсақ-түйек мәселе сөз етілмейді. Елдік мәселе, ұлт болашағы сөз болады. Елінің дені сау болуына мүдделі азаматтың ұлтының келешегіне алаңдауы да сүйсіндіреді. Нұрперзент Домбай

3054 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы