• Тарих
  • 12 Қаңтар, 2011

Жазықсыз жапа шеккен қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков туған халқының бостандығы жолында құрбан болды

d0b0d0b1d0b4d0bed0bbd0bbd0b0«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, өткен ғасырдың басында атадан балаға беріліп келе жатқан бүкіл қазақ болмысының бай рухани мұрасын бойына сіңірген, «елім деп еңірегенде етегі жасқа толған» ұлтының бірқатар ұлдары өмірге келді. Отыз жетінің ойраны қазақ халқына орны толмас апат әкелгендігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. «Халық жауы» атанып, жазықсыз жапа шеккен жүздеген, мыңдаған азаматтардың есімі жылдар өткен са­йын ұмытыла бастаған сияқты. «Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазылмайды» деген ескіден қалған сөздің мән-мағынасына үңіліп көрсек, мұндай оқиғалар ұмытылмайды. Социалистік қоғам құрылысының алғашқы нышандарына елігіп, халқын колониялық езгіден құтқаратын бірден-бір жол деп танып, коммунист партиясының соңына еріп, елімізде Кеңес өкіметін орнату мен жетілдіру жолында белсене еңбек еткен, қоғам және мемлекет қайраткерлігіне дейін көтерілген азаматтар болған. Ел үшін еткен еңбектері елеусіз қалмай, ұрпақ санасынан мәңгілік орын алуға лайық абзал, аяулы арыстарымыз еді олар. Бірақ олар қазақтың маңдайына сыймады – коммунистік содыр саясаттың құрбаны болды. Сол жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандардың бірі – қаламгер, қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков. Төмендегі мақала осы тұлға хақында сыр шертеді.

Абдолла Асылбеков 1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Абдолла Асылбеков атында­ғы кеңшардың орталығы Богучар селосы­ның маңында) дүниеге келіпті. Ауылда ашыл­ған бірінші басқыш татар медресесіне оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Содан 1914 жылы Қызылжарға келген Аб­долла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп оқиды. Жастар арасында белсенді жұмыс жүргізуге бой ұрады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне араласады. Ақпан төңкерісінен кейін Сәкен Сейфуллинмен бірге Қараөткел (қазіргі Астана – т.к.) қаласында, жергілікті жерлерде жастарды, жұмыскерлерді ұйымдастыру ісіне кіріседі. 1917 жылдың көктемі. Абдолла Асылбеков – Қызыл гвардия отрядын ұйымдастыру жөніндегі Соғыс Советінің мүшесі. Советтердің азық-түлік комиссары. С.Сейфуллин ұйымдастырған «Жас қазақ» ұйымының мүшесі. Ұйым мүшелері халық арасына еркін жетіп, онымен тілдесу, сырласу үшін «Айна» деген журнал шығарды, көп ұзамай «Тіршілік» атты газет дүниеге келді. 1917 жылдың мамыр айында жиыр­мадан енді ғана асқан Абдолла большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан былайғы тағдырын партиямен берік байланыстырады. Осы тұста Қараөткел атқару комитетінің мүшесі болды. Қазан төңкерісінен кейін Сәкен мен Абдолла әлеумет, саясат майданындағы күресті бұрынғыдан да күшейте түсті. Бірақ 1918 жылы-ақ Ақмоланы ақтар қайта басып алды. Абдолла Сәкенмен бірге тұтқынға түсті. Қабырғасы сыз, табаны тас, қоңырсық иісті, қараңғы Қараөткел түрмесінде қара су мен қара нанды қалжау ғып, совдепшілер жеті ай жатты. 1919 жылдың қаңтарында оларды 500 шақырым Қызылжарға аяқ-қолын кісендеп, жаяу айдады. Қызыл шұнақ аяз бен бет қаратпас үскірікте 18 күн жүрген тұтқындар үсікке ұрынып, 23 қаңтарда әрең жетті. Сонан соң Анненковтың «Өлім вагонына» қамап, оларды Омбыға, онан соң Семейге айдады. Онда да тұрақтатпай, қайтадан Омбыға әкелді. Суық вагонда 1,5 ай жүргенде 20 шақты азамат аштан өлді, үсіп өлді. Омбы лагерінде бұларды сүзек ауруы жайлады. Күрескерлердің көбі осында мерт болды. Абдолланың жаны осы дерттен зорға қалды. Сәкен түрмеден қашып кеткенде ол әл үстінде жатыр еді. Колчак құлардың алдында совдепшілерді Күншығысқа айдады. 1920 жылы Абдолла лагерьден қашып шығып, Қиыр Шығыстағы сарбаз әскерлерге қосылды. Сондағы азамат соғысына қатысты. Оның осы хабарын естіген С.Сейфуллин 1920 жылы «Ұшқын» газетінде: «Жауыздардан аман қалған жоқ деп жұрт күдер үзіп қойған бауырым Абдолла, тірі екенсің, құшақтап сүйдім, бауырым!» – деп қуанды. Ал «Еңбекші қазақ» газетінде: «Бауырым Абдолла келді», – деп жазып, бүкіл қазақ қауымына осы бір қуанышты сүйінші ретінде хабарлады. 1921 жылы 21 наурызда А.Асылбеков Омбыдағы Сиббюроның қарамағына кір­ді. Ол оны Қызыл Армияның Петропавл, Ақмола, Көкшетау уездеріндегі контрре­волюциялық көтерілісті басу жө­ніндегі штаб бастығының орынбасары етіп жіберді. Губком, Губревком мүшесі болып сайланды. Бұдан кейін ҚАССР Халық ағарту комиссариаты саяси ағарту бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Сол жылдың маусым айында Қазақ Республикасының сол кездегі астанасы Орынборда Қазақ облыстық (республикалық) партия ұйымының құрылтай конференциясы өткізілді. Қазақстандық коммунистердің осы тұңғыш басқосуында оған делегат ретінде қатысқан Абдолла Асылбеков облыстық комитеттің мүшесі болып сайланды. Ал келер 1922 жылдың ақпанында өткізілген облыстық екінші партия конференциясында ол облыстық комитеттің екінші хатшысы және РК(б)П ХІ съезіне делегат болып сайланады. 1922 жылдың соңына қарай Қазақ АССР-ның делегаты ретінде Советтердің Бүкілресейлік Х съезі мен КСРО Совет­терінің бірінші съезіне (1922 жылдың желтоқсаны) қатысты («Ақиқат», 1992, №3, 52-бет). Абдолла өмірінің осы тұсы туралы С.Мұқанов кейін: «Коммунистер тобының ол кезде ең үлкен, беделді көретін адамдары Меңдешев Сейітқали мен Абдолла Асылбеков екен» («Есею жылдары», 1964, 23-бет) деп жазды. Әрі қайырымды азаматтың «ашаршылықта берген талқанының дәмі аузынан кетпей» жүргенін былай деп еске алды: «Мектептегі оқушылардың көбіне туысқан-туғандарынан жәрдем келіп тұрады. Менде ондай жәрдемші жоқ. Орынбордағы маған материалдық жағынан қарасатын жалғыз адам – Абдолла Асылбеков» (сонда, 25-бет), «менің әрі досым, әрі тәрбиешім А.Асылбеков» (99-бет). Абдолла 1923-26 жылдары Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясында оқыды. 1926-28 жылдарда егінші – Халық комиссариатында басшылық қызметте жүрді, Қостанай округтік Атқару Комитетінің төрағасы болды. 1928-37 жылдарда Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің хатшысы, Қарқаралы округтік, Қарағанды облыстық Советтері атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ ССР-і жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының орынбасары, әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары болып қызмет істеді. Партияның ХІ съезіне делегат, Қазақ обкомының, Қазақстан өлкелік партия комитетінің, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды. А.Асылбеков мемлекет, қоғам қай­раткері, өз кезінің саясаткері ретінде бірнеше салада ой толғап, пікір қалдырған тамаша публицист еді. Оның артында қалған әдеби мұрасының арасында күні бүгінге дейін зерттелмеген, қа­зақстандықтар аз білетін қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік сипаттағы елуден астам еңбек бар. Ол баспасөзде ұлт саясатының партиялық, мемлекеттік ша­руашылық және мәдени құрылыс мә­селелері бойынша мақалалар жазды. Саяси-ағарту, республиканың партия ұйымдарын, совет және шаруашылық органдарын, халықтар достығын нығайту ісіне қызмет еткен оның бұл еңбектері күні бүгінге дейін тарихнамалық маңызын жойған жоқ. Қазақстанның онжылдық мерекесіне орай, 1930 жылы жазған «Ауыл­ды советтендіру үшін» («За советизацию аула») атты кітабы екі тілде басылып шықты. 1921 жылдан 1922 жылға қараған қыс­тағы қазақ даласын жайлаған аштықты да Абдолла бар шындығымен көрсетті. Оны Сәкеннің «Аш қазақ» өлеңіне ұқсас мазмұндас «Аш жетімдерге жәрдемге!» («Қызыл Қазақстан» журналы, 1922, №4) деген жырымен өрнектеді. Бұл шығармадан да тұлданып түнерген күн көрінеді, қызыл шұнақ аяз бен үскірік үшкіріп тұр. Тыныш жатқан ел шетіне тиді жау, Кім жарасыз тырнағынан қалар сау. Ұрандасып қыс пен аштық қосылды, Күндер тұрды жанға қиын айлалау, – деп аяз бен аштықтың үрейлі келісін елестетті. Көз жасы көл болып сардалада сарнап жатқандарды: Ол шулаған – саған туған бауырлас, Аштық қысып көзден аққан ыстық жас. Ол – ұлтың ыстық қанға боялған, Жеткіншегің, болашағың сенің жас, – деп оларды ажал аузынан арашалап қалуға шақырды («Ақиқат», 1996, №2, 76-бет). Орталықта басталған саяси «дауылдың екпіні Қазақстанды да шарпыды. Осы үлгімен мұнда да «халық жауларын» – «ұлтшыл-фашистерді» әшкерелейтін ашық процестер ұйымдастырылды. 1937 жылы орын алған бұл «процестер» арасында, әсіресе, Қарағандыда қараша айында болып өткен, республикаға белгілі қайраткерлер А.Асылбековті, Н.Нұрмақовты, Ұ.Құлымбетовті, С.Сей­фуллинді, Ж.Сәдуақасовты, Ж.Сұлтан­бековті, М.Гатауллинді, Н.Нұрпейісовті қаралайтын «ашық сот процесі» салдарлары ауыр болды. Елде сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің кең етек алуына тікелей негіз қалаған бұл шара Мәскеу процестері тәрізді жазықсыз қайраткерлерге жалған жала жабуға, күнделікті әлеуметтік және саяси-шаруашылық науқандарда орын алған кемшіліктерді «қаскүнемдік», «зиянкестік», «сатқындық», тіптен «шпиондық» деп сипаттауға құрылған, адамгершіліктен жұрдай арсыздыққа негізделген еді. Өздеріне жабылған осындай жалған жалаларды амалсыздан «мойындаған», әртүрлі азаптаулар мен қинаулардан сақтары сынған, жігерлері мұқалған, әділетсіздік салтанатынан мүлде түңілген және «тұйықтан» шығар жолдың жабық екенін де жақсы түсінген партия қайраткерлері тергеушілер мен айыптаушылар пікірлеріне қайшы келмейтін, оларды қанағаттандыратын мақұлдау жауап­тар беріп құтылған. Қарағандыдағы «ұлтшыл фашистерге» арналған процестің стенограммасынан үзінді 1937 жыл, 16 ноябрь. Қарағанды (Телеграф арқылы алынды) Ноябрьдің 16-сы күні кешкі мәжілісте контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист зиянкес ұйымның сотқа тартылған мү­шелерінен жауап алына бастады. Ең алдымен, айыпкер Нұрсейітовтен жа­уап алынды... Қазақ халқының бұл жауыз дұшпанының ұлтшыл-фашист контрреволюцияшыл ұйымның бастығы болуы тегін емес. 1935 жылы Қарқаралыға келген ұлтшыл-фашист Асылбеков қазақ халқына қарсы өзінің арам ойын іске асыру жөнінде адал көмекшісі Нұрсейітовтен тапты... Бұл бандиттік ұйымның мақсаттары туралы айыпкер Нұрсейітов шімірікпестен былай деді: «Біздің мақсатымыз – Қазақстанда капитализмді қайта орнату. Қазақстанды Советтер Союзынан бөліп алу, ауылда байдың езушілігін қайта орнату болды». Председатель: Контрреволюцияшыл тапсырмаларды сіз кімнен алдыңыз және оның практикалық мазмұны қандай еді? Нұрсейітов: Біздің контррево­лю­ция­лық ұйымымыз тапсырмаларды Асылбеков арқылы Мәскеуде Нұрмақовтан, Алматыда Сәдуақасовтан алып отырды. Ол тапсырмалардың мазмұны мынадай еді: контрреволюцияшыл ұйымға советке қарсы пікірлі адамдарды тарту, колхоздар мен совхоздарды бүлдіру жөнінде зиянкестік жұмыс істеу, еңбекшілердің арасында алакөздік туғызу үшін олардың мүддесіне қатты қысым көрсету, Қазақстанда капитализмді қайта орнату үшін жағдай әзірлеу... Председатель: Сіздің зиянкестік жұ­мы­сыңыз, атап айтқанда, қандай болды? Нұрсейітов: 1935 жылдың бас кезінде Қарқаралы округінің көп колхоздарында тұқым жеткіліксіз болды. Оған себеп болған нәрсе – бірсыпыра аудандарда 1934 жылдың астығы суыққа үсініп кеткен еді. Біз қарызға алатын тұқымға заяв­каны қасақана кем бердік. Осының нәтижесінде көктемгі егісте тұқым жетпей қалды. Біз егістің срогын қасақана созып жібердік. Сонымен біз егіс науқанын орындатпадық. Менің және Асылбековтің тапсыруы бойынша Шет, Жаңаарқа аудандарында контрреволюцияшыл ұйымның мүшелері Тоқтаров, Ордабаев МТС-ке қарсы үгіт жүргізді... ...Бұдан соң Нұрсейітов мал ша­руашылығы жөнінде зиянкестік іс істеу контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист зиянкес ұйымның басты міндеттерінің бірі болды деп жауап берді. Нұрпейісов пен Асылбековтің нұсқауы бойынша ұйымның басқа мүшелері колхоздарда мал шаруашылығын ортақтастыруға қарсы, советке қарсы үгіт жүргізген, мал шаруашылығын өркендету жөніндегі мемлекеттік план ешқандай міндет жүк­темейді деп колхозшыларды азғырған, малды құртуға шақырған... Мемлекеттік айыптаушы: Сіздің өз қарабасыңыз, сонымен қатар Асылбеков контрреволюцияшыл ұйымға кімдерді тартты? Нұрсейітов: Асылбеков мені, Шамсуй­диновті, Баймолдинді, Беккенинді, Базановты, Арыстанбековті, Әміринді тартты. Мен Гатауллинді, Ізбасаровты, Ордабековті, Қарпықовты үгіттедім. Асылбековтің кімдермен байланысты болғаны туралы мемлекеттік айып­таушының сұрауына Нұрсейітов жауабында былай деді: «Асылбеков Нұрмақовпен және Рысқұловпен бірнеше рет кездесті. 1935-1936 жылдары жүздесіп жүрді. Олар біздің контрреволюцияшыл зиянкестік жұмысымызды мақұлдап отырды. Асылбеков контрреволюцияшыл центрдің Қарағанды облысындағы өкілі болды». Председатель: Бюджеттің қай саласында сіздер, әсіресе, көп зиян істедіңіздер? Нұрсейітов: Бюджет жөніндегі зиян­кестікті біз әлеуметтік-мәдениеттік шара­ларға қаржы бергізбеу жолымен жүргіздік. Асылбеков ауыл шаруашылығын қар­жыландыру ісіне кедергі жасау жөнінде зиянкестікті жүзеге асырып отырды. Осымен Нұрсейітовтен жауап алынып болды. Соттың ноябрьдің 17-сі күні кешкі мәжілісінің қалған уақытында айыпкер Асылбековтен жауап алынды. Председатель: Қарағанды облысында зиянкес ұлтшыл-фашист ұйымның қашан және қалай ұйымдасқанын, ол ұйым өзінің алдына қандай міндеттер қойғанын және сіздің рөліңіз қандай болғанын айтыңыз. Асылбеков: Мен контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист ұйымға 1934 жылдың басында кірдім. Бұл ұйымға мені Нұрмақов тартты. Бұдан соң айыпкер Асылбеков сотқа өзінің Нұрмақовпен кездескенін және контрреволюцияшыл ұлтшыл-фа­шистік ұйым жаңадан Қарқаралы округі ұйым­дастырылғанда өзінің жауыздық әрекеттерін күшейтіп жібергенін айтты. Председатель: Егін шаруашылығына қандай зиян келтіргеніңізді айтыңыз. Асылбеков: Егін шаруашылығында біз механизацияға қарсы болдық, біздер үшін трактор пайдасыз, жағармай алыс­тан жеткізіледі де, қымбатқа түседі деп сипаттадық. Тракторға сауатсыз адамдарды отырғыздық. Олар көп ұзамай тракторларды бүлдірді, жұмысқа жарамсыз етіп тастады. Сонымен біз МТС-тің беделін түсірдік. Сот мүшесі Громов: 1935 және 1936 жыл­дардағы көктемгі егісін орын­датпадыңыз ба? Асылбеков: Иә, егісті қасақана ұзаққа созып, тұқыммен қамтамасыз етпей, орын­датпадық. Сот мүшесі Громов: Тракторларды қа­лай пайдаға жаратпай қалдырғаныңызды айтыңыз. Асылбеков: 40 трактор жағармай жоқ болғандықтан, қарап тұрды. Жағармайдың болмаған себебі – біз бензин құятын орынды қасақана жасатпадық. Председатель: Халықты астықпен қалай қамтамасыз еттіңіз? Асылбеков: Мүмкіндік болған жерде, мүмкін болған кезде біз астық кемтарлығын біле тұра қасақана тудырып отырдық. Біз астықтың срогынан бұрын жеткізіп алатын мөлшерлерін алдын ала кемітіп, оны да жеткіздірмедік... Біз партияның директиваларын орындағанымыз жоқ, контрреволюцияның нұсқауларын орындадық. Председатель: Сіз контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйымыңызға мүшелерді қалай тарттыңыз? Асылбеков: Мен Әміринді, Шамсуйдиновты, Омаровты, Арыстанбековті, Баймұханбетовті, тағы басқаларын тарт­тым. Нұрсейітов Қаранеевті, Қар­пықов­ты, Баймұқашевті, Телбаевты, Құр­бановты, Жапаровты, Ізбаса­ровты, т.б. бірсыпырасын тартты. Нұр­сейітовтің бес адам тарттым деп берген жауабын дұрыс емес деп санаймын, ол бұдан анағұрлым көп адам тартты. Гатауллин Жарбековті, Қалиевті, Асановты, Құлмаханбетовті, т.б. тартты. Председатель: Сіз ұлтшыл-фашистік ұйымыңызға тартылған адамдарға ол ұйымның міндеттерін түсіндірдіңіз бе? Асылбеков: Иә, маған бұл туралы Нұрмақов айт деп тапсырған дедім. Ұйымның негізгі міндеті – Қазақстанда совет өкіметін құлату, Қазақстанды бір фашистік мемлекеттің тарапынан болған интервенцияның көмегімен Советтер Одағынан бөліп алу деп айттым. Председатель: Сіздің ұлтшыл фашистік ұйымыңыздың центрінде кімдер болды? Асылбеков: Мәскеуде центрдің мүшесі Рысқұлов, Нұрмақов, Қожанов, Алматыда Құлымбетов, Сәдуақасов, Төреғожин және бірсыпыра басқа адамдар болды. Председатель: Бюджет жөнінде сіз қандай зиянкестік істедіңіз? Асылбеков: Біздің бюджетіміз дотациялы еді. Қаражатымыз болды. Біздің зиянкестікпен неше түрлі салықтар салғыштығымыз өзіміздің едәуір табысты болуымызға мүмкіндік берді, соның өзінде-ақ біз әлеуметтік-мәдени шараларға жұмсалатын қаржыны ойсырата кемітіп отырдық. Бюджеттің көбін әкімшілік-шаруашылық шығындарды құртатын, көбінесе халық ағарту жөніндегі сметалар қысқартылатын. Біз біле тұра, оқытушыларға, сауатсыздықты жоюшыларға бірнеше ай бойы жалақы бермей қойдық. Ал олар ақша төлемеген соң жақсылап оқытпайды. Таратылуы тоқталған ескі оқу кітаптары мектептерде толық қолданылды. Біз ауылдарда мектеп құрылысын орындатпадық. Председатель: Идеология майданында қандай зиянкестік істедіңіз? Асылбеков: Біз жастарды контррево­люцияшыл ұлтшыл рухта тәрбиелеуге ты­рыстық. Осы мақсатты көздеп, біз хан дәуірі, қазақтың ескі ауылының тұр­мысы дәріптелген әдебиетті мейлінше көп тараттық. Біз Сейфуллиннің, Мұ­қанов­тың, Жансүгіровтің, Әуезовтің, әсіресе, Майлиннің кітаптарын көптеп сатып алдық... Председатель: 1937 жылдың басында Мәскеуде болдыңыз ба? А.Асылбеков: «Иә, болдым, Нұрма­қовтың кабинетінде болдым. Үйіне қонақ­қа шақырды. Мен оған Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян асыра сілтеушіліктің зардаптарын жою жөнінде көп жұмыс жүргізіп жатқанын хабарладым. «Мен ол жұмыстарды білемін» деді Нұрмақов». Бұдан әрі Асылбеков адам төзбес азаптың салдарынан өзінің жан жолдасы Нығмет Нұрмақов­тың «Қылмыстарын тізіп беріпті-міс. Нұрмақовтың ойынша, совет өкіметі қазақ халқының түбіне жетеді. 1932 жылы жарты Қазақстан қырылды. Демек, қару алып қарсы күресу керек. Қазақстанды жеке бөліп алу керек». Мәскеуден қайтар жолда Алматыға соқтым. Құлымбетов мені Қарқаралы окружкомына төрағалыққа ұсынды. Сейфуллин маған «совет үкіметін құлату керек. Өзіміздің адамдардан ұйым құрыңыз. Сөйтіп, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге әрекет жасайық» деді. Сол нұсқау бойынша мен контрреволюциялық ұйымға Ордабаевты және басқаларын тарттым». Соттың ноябрьдің 23-і күнгі кешкі мәжілісінде айыпкер М.Гатауллиннен жауап алынды. Председатель: Қарағанды облысында зиянкес ұлтшыл-фашист ұйымына кіруіңізге не себеп болды? Гатауллин: (Ол сотқа тартылғандар орындығында отырған өз жолдастарын көрсетіп, былай деді). Мыналар халық жаулары емес. Жау менмін. Сондықтан да бір мені соттаңдар. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам: ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көзі ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Айғай-шуды естіп, сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеме пісіп жатыр. Қақпағын ашсам, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым. Председатель: Сіздің контрреволюцияшыл ұлттық-фашистік ұйымыңыздың мақсаты Қазақстанда совет өкіметін құлату болды деп берген жауабыңызды қуаттайсыз ба? Гатауллин: Иә, қуаттаймын. Куәлардың жауабы: Асылбеков, Нұр­сейітов, Гатауллин және басқалар бастаған контрреволюцияшыл ұлтшыл фашистерге болған процесте ноябрьдің 19-20-сы күні сот куәлардан жауап алды. Колхозшылар, дәрігерлер, оқушылар, мал өсірушілер – барлығы 18 адам ұлтшыл-фашист бан­дылардың жауыздық әрекеттері туралы айтып, сот алдынан өтіп жатты. Куә Уақбаев сотқа ұлтшыл-фашис­тер­дің денсаулық сақтау ісіндегі зиян­кестігін айтты... Эксперт Кеншняның жауабы: Қар­қаралы округі, ең алдымен, ауыл шаруашылығы округі, сондықтан халық жаулары мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына көп зиян тигізген. Толық емес мәлімет бойынша ұлтшыл-фашист бандысы 1936 жылы 32490 бас малды құртқан. Әсіресе, Қарқаралы ауданында мал шығыны орасан көп болған. Бұл ауданда екі жылдың ішінде 2045 бас мал жойылған... Шет ауданында 1935 жылдың ішінде 3360 бас, 1936 жылы 5240 бас мал жойылған... Мемлекеттік айыптаушы: – Қазақ ССР-і прокурорының аға жәрдемшісі Мусин жолдастың сөзінен: ...Қарқаралы округінде құрылған ұлтшыл-фашистік ұйым Нұрмақов, Рысқұлов, Қожанов, Құлымбетов, Сәдуақасов бастаған контр­революцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйым­ның бөлігі болғандығын айыпкерлер өз­дерінің жауабында нық айтты. Үкім Қазақ ССР Жоғарғы Сотының пред­седателі: Қоскелдиев Сот мүшелері: Громов, Ишмуратов Сот секретарлары: Федотов, Серік­баев болып, мемлекеттік айыптаушы Қазақ ССР-і прокурорының аға жәр­демшісі Мусин жолдастың және қор­ғаушылар коллегиясының мүшелері Деменов, Соловьевтің қатысуымен 1937 жылы ноябрьдің 16-сынан 22-сіне дейін Қарағанды қаласында болған ашық сот мәжілісінде: Асылбеков Абдолланың, 1896 жылы туған, қызметші; Нұрсейітов Нұрғалидың 1903 жылы туған, қызметші; Гатауллин Мансұрдың, 1903 жылы туған, қызметші; Ізбасаров Әзіз Тоғайбайұлының, 1896 жылы туған, қызметші; Ордабаев Мәжит Рақымжанұлының, 1895 жылы туған, қыз­метші: Шамсуйденов Файзрахманның, 1897 жылы туған, қызметші; Жұмабек Баймолдиннің 1901 жылы туған, қызметші – барлығының да РСФСР қылмыс заңы­ның 58-2, 58-7, 58-10 2-ші бөлімі және 58-11 статьялары бойынша айыпталған істерін қарады. Сот төрелігінде және істің материалдарымен танысқанда мынау анықталды: Қазірде әшкереленген ұлтшыл фа­шистердің – халық жаулары Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Сейфуллиннің, Құлым­бетовтің тікелей нұсқауы бойынша және солардың қолма-қол қатысуымен Қар­қаралы округінде, округ біткеннен кейін Қарағанды облысында контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист зиянкес ұйым құрылған. Мұның құрамына айыпталушы Асылбеков, Нұрсейітов, Гатауллин, Ізбасаров, Шамсуйденов, Баймолдин және басқа істер тақырыптарынан жауапқа тартылған бірсыпыра басқа адамдар кірген. Контрреволюшияшыл ұлтшыл-фа­шис­тік ұйымның бұрынғы Қарқаралы округінде құрылуы округтің жауапты қызметіне Асылбековтің, Нұрсейітовтің және Гатауллиннің келуінен, 1934 жылдан басталған. Бұл ұйым қазір әшкереленген халық жауы Сұлтанбеков арқылы троц­кийшіл-бухариншіл центрмен және фа­шистік мемлекеттердің шетел разведкаларымен байланысты болған. Бұл ұйым қарулы көтеріліс жасауды және фашистік мемлекеттердің интервенциясы арқылы совет өкіметін құлатуды, Қазақстанды СССР-ден бөліп алуды, капитализмді қайта орнатуды және фашистік мемлекеттердің интервенциясы арқылы колониясына айналдыруды өзіне міндет етіп алған. Тергеу материалдарының, жаңа куә­лардың, эксперттердің сотқа берген жауаптары мен айыпкерлердің айыбын мойындарына алуымен Жоғарғы соттың арнаулы коллегиясы мынаны анықтады: 1. Асылбеков, 2.Нұрсейітов, 3.Гатаул­лин, 4.Ізбасаров, 5.Ордабаев, 6.Шам­суйдинов, 7.Баймолдин қазір әшке­ре­ленген ұлтшыл-фашистердің, халық жау­лары Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Сейфуллиннің, Құлымбетовтің тікелей нұсқауы бойынша және солардың қолма-қол қатысуымен 1934 жылы Қарқаралы округінде, округ біткеннен кейін Қарағанды облысында контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйым құрған. Өздері сол ұйымның мүшесі болған, ол ұйым троцкийшіл-бухариншіл центрмен және фашистік мемлекеттердің шетел разведкаларымен байланыста болған. Ол қарулы көтеріліс жасауды және фашистік мемлекеттердің интервенциясы арқылы совет өкіметін құлатуды, Қазақстанды империалистік-фашистік мемлекеттердің колониясына айналдыруды міндет етіп алған. Бұл міндеттерін жүзеге асыру үшін айыпкерлер контрреволюцияшыл фашистік ұйымға мүшелер тартқан, халықты совет өкіметіне наразы етуді мақсат етіп, ауыл шаруашылығында зиянкестік істеген, колхозшылар мен колхоздарға заңсыз салық салған, олардың әлеуметтік-мәдени құрылысын бүлдірген, халықтың арасында контрреволюцияшыл ұлтшыл насихат таратқан, ұлт-ұлттың арасында алакөздік туғызуға арандату жасаған, яғни РСФСР-дың Қылмыс заңының 58-2, 58-7, 58-10 бөлімі және 58-11 статьяларында айтылған қылмыстарды істеген. Жоғарыда айтылғандарға сүйеніп және қылмысты істер жүргізу заңының 309 және 320 статьяларын қолданып, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының арнаулы коллегиясы мынадай үкім етті: Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұр­сейітов, Мансұр Татович Гатауллин, Әзіз Тоғанбайұлы Ізбасаров, Мәжит Рақымжанұлы Ордабаев, Файзрахман Мавлидович Шамсуйдинов жоғарыда айтылған қылмыстарды ұйымдастырушы және қолма-қол орындаушы болған­дықтан, қылмыс жазасының ең ауырына бұйырылып, атылсын. Жұмабек Баймолдин істеген қыл­мыстарын тергеу органына келіп, тұтқынға алынбастан бұрын өзі айтқанын еске алып, сот оған қылмыс жазасының ең ауырын қолданбауды мүмкін деп тапты. СССР ОАК 1937 жылғы 2 октябрьдегі қаулысына сәйкес Баймолдин 15 жыл абақты жазасына кесілсін, тергеу алдында биылғы 2 июльден бері тұтқында отырғаны осы мерзімнің ішіне кіргізілсін. Қылмыс Заңының 31-статьясының а, б, в пункттерінде айтылған праволары бес жылға жойылсын. Жазаға бұйырылғандардың жеке өз бастарының мал-мүліктері кәмпес­ке­ленсін. Үкім тұжырымды, шағым етуге болмайды. Сот председателі: Қоскелдиев Сот мүшелері: Громов, Ішмұратов («Социалистік Қазақстан», 1937 жыл, 20, 21, 22, 23, 24 ноябрь) НКВД бұл айыпкерлердің ішінде А.Асыл­бековке ерекше көз тікті. Себебі А.Асылбеков шын жөніндегі ұлтжанды, ерен пікірлі азамат, тума талант, қоғам, мемлекет қайраткері, ұйымдастырушы­сы болғандықтан, алдымен оны құрық­қа ілді. Екіншіден, Нұрмақовтың, Сей­фул­лин­нің, Құлымбетовтің, «Қазақстанда Кеңес үкіметін қарулы көтеріліспен құлатуға», шетел тыңшыларымен Троцкий, Бухарин топтарымен «тығыз байланысты» бол­ға­нын «зиянкестік», «сатқындық» әре­кеттерін оларға мойындату үшін алдымен А.Асылбековтің мойнын бұрап, мойындатып алып, оның көзін тез жою қажет болды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін, ең бастысы, «айыпкерлердің» «қылмысына», «Отанын сатқанына» халықтың көзін жеткізіп, миын улау үшін оларды бір-біріне айдап салды. Жала жапқызды, жалған айтқызды. Айыптарын «мойындаттырды». 19 жасынан Кеңес үкіметін құруға белсене қатысқандығы үшін 20 ай (2.VI.1918 – 27.11.1920 ж. дейін) Колчактың азапты абақтысындағы тозаққа мойымаған Абдолла НКВД-ның аз мерзімдегі азаптауына шыдамады. Асылбековті басқа азапкерлерден де бөле-жара шектен асқан айуандықпен ұрып-соқты. Басына тиген қатты соққыдан құлағының жарғағы жарылып кетті. Сондықтан құлағы да нашар еститін. Оны бірнеше күн қатарынан тікесінен тік тұрғызып қойып та тергеді. Тергеушілер ауысып жатады, ол болса сол тұрған күйінде қақшиып тұра береді. Аяқтары қабына ісіп кетеді. Есінен танып, құлап қала береді. Мұндай кезде үстіне су құйып, есін жиғызып алады. Азаптауды қайтадан басынан бастайды. Резеңке кеспелтектермен беліне, бауырына, бүйрегіне соққылай бастайды. Аяғындағы бәтеңкесін шешіп тастап, табанын да аяусыз соққылайды. Бірнеше рет бір оңбаған дәрігерді шақыртып алды. Ол Асылбековтің тамырын ұстап көреді де, ләззатты жайбарақаттықпен: «Жалғастыруға болады!» деп шығып кетеді... Ақыры, соншалықты азаптауға шыдай алмай әрі ертерек өлгісі келді ме, Абдолла Асылбеков олар талап еткен қағазға қолын қойды. Өкінішке қарай, А.Асылбековтің Қа­рағанды түрмесіндегі өмірінің соңғы күндері мен сағаттары туралы мәліметтерге бүгінгі зерттеушілердің қолдары әлі жететін емес. Тергеу ісінің материалдары «Өте құпия» деген ен-таңбамен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің арнайы сақтау қорларында сақтаулы. Қанша тежеу салса да, сот процесі үстінде Абдолла: «Уа, халайық! Мен сендерді бақытты етемін деп сендер үшін еңбек еттім. Бірақ мен көздеген мақсатымды, арманымды орындай алмай барамын», – деді. («Егемен Қазақстан», 1997, 31 мамыр) Бүкіл ғұмырын туған халқы үшін, оның бостандығы, тәуелсіздігі үшін арнаған, сол мақсат-мүдде жолына басын тігіп, құрбан болған Абдолла Асылбеков сияқты 125 мың асылдарымыздың аруағына бас иіп, оларды еске алу ләзім. Олар – жалған жаладан қуғын-сүргін көріп, нақақтан күйгендер. Аллаға шүкір, бүгінде қай-қайсысының да қылмысы жоқ екені айғақталды, толық ақталды. Отыз жеті-отыз сегізінші жылдардың шын­дығы әлі толық ашылған жоқ. Зерт­теуін күтіп тұрған құжаттар көп. Мүмкінді­гіне қарай соларды ақтара-төңкере отырып, көп күдікті сейілтуге болады. Жолсыз жаза құрбандары алдындағы ұрпақ парызы осы деп ойлаймын. Бірақ бұл әлі де оңай шаруа емес. Сталиндік қызыл қырғынның материалдары әлі әшкере етілген жоқ. Сол қуғын-сүргіннен зардап шеккендердің атын, олардың өмірі мен еңбегін ұрпаққа мұра ету мақсатында арнайы түбегейлі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Зерттеу материалдары негізінде де­ректі, көркем шығармалар жазып, фильм­дер түсірілсе, тарихи әділет қалпына келер еді. Әйтпесе жетпіс бес жыл өтсе де шындық пердесінің жартылай ғана ашылуы өткенімізге қиянат, келешекке обал болар еді. Бұл жөнінде Парламентте арнайы мәселе қойып, тиісті қаулы шығарып алу қажет шығар. Осы күні не көп, түрлі ынтагер, қоғамдық саяси ұйымдар көп. Солардың қатарында «1937 жылғы репрессия құр­бандарының ұрпақтары» деген ұйым құру керек. Бұл ұйым ұйымдастыру жұмыстарын, қаражат мәселесін шешуге мұрындық болар еді. Қазақстан тарихында қанды ізі қалған 1937 жылғы нәубеттің 80 жылдығына байланысты шараларды осы бастан қолға алған жөн деп ойлаймын. Тілеу Көлбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

8635 рет

көрсетілді

125

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы