• Руханият
  • 12 Желтоқсан, 2019

Үш бәйтерек – үш алып

Алматыдағы Жазушылар кітапханасында үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Аталған кітапхана ұжымы, Жазушылар одағы, Бейімбет Майлин қоғамдық қоры және Әуезов аудандық әкімшілігі бірлесіп өткізген жиынға зиялы қауым мен студенттер­ қатысты. Салтанатты іс-шараны ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп, студенттерге қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі жөнінде әңгімеледі.

Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, биыл елімізде аталған қаламгерлердің мерейтойы жер-жерде кең көлемде тойланғанын, ТҮРКСОЙ ұйымында, Арменияда ұлыларымыздың еңбектері өзге ұлт тілдеріне аударылып, жарыққа шыққанын атап өтті. Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан Қайратұлы, Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызы, І.Жансүгіровтың келіні Қарлығаш Жансүгірова, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің ұстазы Ләззат Махайқызы, Жазушылар кітапханасының директоры Елена Ағайса және т.б. жастарға ой салатын естелік-әңгімелер айтып, ой-пікірлерімен бөлісті. Студент-жастар өздері шығарған өлең-жырларын жатқа оқыды. Нұрсұлу Әбихан С.Сейфуллинге арнап арнау да шығарған екен. Алматы көп салалы колледжінің студенттері Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан «Біздің тұрмыс» қойылымын ұсынып, актерлік шеберліктерін көрсетті. Бейімбет Майлин қоғамдық қорының директоры Салтанат­ Мұстафина біртуарларымыздың еңбектерін насихаттап, еске алу шараларында белсенділік танытқандарға шынайы ризашылығын жеткізді. Жақында Қостанай облысының ­Таран ауданы Б.Майлин ауданы болып өзгерген-ді. Осы істің басы-қасында жүріп, ауданның Б.Майлин есімін иеленуіне қомақты үлес қосқан қордың бұрынғы төрағасы, марқұм Жұмабек Табын, Б.Майлин туралы мақала жазып, оқырманның ілтипатына бөленген ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, белгілі ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, журналист Гүлзат Нұрмолдақызы және т.б. «Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл» мерекелік төсбелгісімен және Алғыс хатпен марапатталды. Бұл марапаттаудың қатарында «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Бағдагүл Балаубаева да бар. Аталған марапатты Б.Майлиннің ұрпағы Ақан Қызылбаев тапсырды.

Б.Мұратқызы

9547 рет

көрсетілді

143

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы