• Қоғам
  • 19 Ақпан, 2009

Екіжүзділік

Бірде «Қазақстан» телеарнасынан «Жұлдыз» журналының редакторы Ұлықбек Есдәулет сұхбат берді. Сөз арасында аталмыш журналдың таралымы жайында сөз болды. Таралымға байланысты аудан, облыс әкімдеріне хат жазылған екен. Сондай хаттардың біріне бір әкім: «Біз газет-журнал таралымына жауап бермейміз. Мұнымен байланыс бөлімі айналысады. Сондықтан соларға хат жазыңыздар», – деп ақыл-кеңес беріпті. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты қазақ басылымдарын оқымайтын, ана тіліне жаны ашымайтын, таралуына атсалыспайтын қандай әкім? Еліне қамқор болады, халқының мұң-мұқтажын жоқтайды деген азаматтардың сиқы осы болса не шара? Ана жылы Павлодар облысында бір жиында болып, өз көзіме өзім сенбедім. Қаракөз қарындасымыз беті бүлк етпей қай тілде сөйлесем де өз еркім деп, мемлекеттік тілге тас атқандай әсер қалдырған еді. «Өзіңнен шыққан жау жаман». Осындай шенеуніктер іштен іріткі салып, тіліміздің өрісін кеңейтуге кесірін тигізіп жүр. Таяуда бір мекемеде жиналыс болды. Жиналғандардың бәрі де қазақ. Бірақ жиын орыс тілінде өтті. Жиын тараған соң бастығына: – Айналайын-ау, жиналысты неге орысша өткіздіңдер? – десем: – Орыс мектебінде оқыдық қой. Қазақша сөйлеуге қиналамыз, – дейді. Сол бастық облыстық газетке мемлекеттік тілді дамыту үшін қыруар жұмыстардың атқарылып жатқаны жайында мақала жазыпты. Мынадай көзбояушылықты, екіжүзділікті көргенде жаның ауырады. Біз сонда кімді алдаймыз? Халықты ма, әлде өзімізді ме? «Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла» деген. Ал бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі қазақ елінің болашағы – қазақ балаларының біразы орыс мектебінде оқиды. Бұл өз ұлтын, өз тілін қорлағандық емес пе? Сол орыс мектебінде оқитындардың көбінің ата-анасы «тіл» деп шыр-пыр болып жүрген зиялы қауым өкілдері. «Тілім, елім, жерім» деп ұрандап-ұрандап алады да өздері отбасына, бала-шағасына тілдің қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтардың маңызын түсіндіре білмейді. «Тіл туралы» заңымыз да, оның аясында жасалған бағдарлама да бар. Тілді қолданысқа енгізу үшін қыруар ақша да бөлініп жатыр. Түрлі үйірмелер мен курстар ашып, сайыстар ұйымдастырып, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйретудеміз. Бірақ бөлінген қаражат та, еткен еңбек те желге ұшқандай. Нәтижесі шамалы. Мұның бәрі бізде талаптың жоқтығынан. Қабылданған заң мен бағдарламаларға қатысты жоғарғы жақтан нақты талаптар болмаса ешнәрсе алға баспайды. «Қазақ тілін білмесе қызметке орналаса алмайсың, яғни наныңды тауып жей алмайсың» дегенде ғана біздің сөзіміз ісімізбен дәлелденеді. Айса ХАМЗЕҰЛЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі Ақмола облысы

3301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы