• Тұлға
  • 19 Қаңтар, 2011

«Ғафекеңмен өте мағыналы ғұмыр кештім»

d0b3d0b0d184d183-d0bad0b0d0b8d18bd180d0b1d0b5d0bad0bed0b2(Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің аяулы жары Бәдеш Хамзинамен болған жүздесу)

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбековті білмейтін қазақ кемде-кем. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. Қазақтың қыз-жігіттеріне қамқоршы болып, олардың ақын-жазушы болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Ғафаң ардақты әке, сүйікті жар, сыйлы ата, адал дос та бола білді. Осы ағамызбен 42 жыл қос аққудай жараса өмір сүрген оның сүйікті жары Бәдеш Хамзина да – ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген ардақты апаларымыздың бірі. Егер көрнекті ақын әдебиет әлемінде биіктерге көтерілсе, онда ғұмырының біраз жылын бірге өткізген Бәдеш апамыздың да үлесі мол деп есептейміз. Олардың бақытты ғұмырына төңірегіндегілер қызыға да сүйсіне қарайтын. Өткен жылы аяулы апамыз Қостанай өңіріне бір сапармен келгенде оған арнайы жолығып, көптен көңілде жүрген сауал­дарымызды қойған едік. Бұл сыр-сұхбатта қазақтың талантты ақынымен өткен кездердің қуанышты сәттері, қаламгердің шығармашылық лабораториясы, отбасындағы сыйластық, балаларының тәлім-тәрбиесі жайлы кеңінен әңгіме болды.

Ол күндердің бәрі сағыныш – Бәдеш апа, Сіз әр келген сайын облыстық Ыбырай Алтынсарин ме­мориалдық мұражайына соқпай кет­пейсіз. Оның сырын түсіндіре кетсеңіз. Мүмкін бұл қазақтың ұлы ағартушысына деген құрмет болар? – Інім, сауалыңды түсіндім. Өз басым осы қасиетті Қостанай жерін ерекше жақсы көремін. Өйткені менің де кіндік қаным тамған жер – осы өңір. Кезінде осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқығанмын. Сондықтан мен үшін 130 жылдығы аталып өтіп жатқан шаһардың әрбір көшесі, әрбір ғимараты, әсіресе, адамдары ерекше ыстық. Сонан соң осы жолғы бұл кездесуге ұлы ағартушы атындағы облыстық мемориалдық мұражайдың директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нағашыбай Оразбайұлы Мұқатов мұрындық болды. Ол – бір жағы, менің Құдай қосқан қосағым, қазақтың аса дарынды ақыны Ғафу Қайырбековтің соңынан еріп, ақындығымен елге кеңінен танылған азамат. Інім ілтипат білдіріп шақырған соң, оны шын жүрегіммен қабыл алдым. Сонан соң айрықша тоқталайын дегенім, сонау бір жылдары менің жан жарым Ғафекең 27 жасында қазақтың біртуар ұлы Ыбырай Алтынсарин туралы «Дала қоңырауы» деп аталатын көлемді поэма жазды. Оның еліне, халқына сіңірген еңбегін жыр жолдарымен кестеледі. Сөйтіп, Ыбырай атамыздың образын сомдауға талпыныс жасады. Бұл кітап 1957 жылы жарық көрді. Осы ұлы ағартушының аруағы қолдаған болуы керек, күйеуім де шығармашылық жағынан биікке кө­терілді. Халықтың сүйікті ақынына айналды. Сондықтан да өзім Қостанайға жолым түскен сайын осы киелі орынға бас сұғып, тағзым етіп тұруды әдетке айналдырдым. Жалпы, Ыбырай атамыз туралы әлі талай тың дүниелер жазылып, ғылыми диссертациялар қорғалуға тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл ұлы адам ұлтымыздың өркениетке қол жеткізуі үшін оқу-білімге қалың жұртшылықты үндеп, өзі талай мектептердің негізін қалады. Мұны ешқашанда ұмытуға болмайды. Ғафумен тоғыстырған тағдырыма ризамын – Менің білуімше, сіздердің екеуіңіз де Алматы қаласында оқыпсыздар. Қай кезде танысып, шаңырақ көтердіңіздер. Сол жайлы да айтып өтсеңіз? – Қарағым, сен осы сұрағың арқылы сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жылдарды менің есіме салып отырсың. Ғафу екеуміз де сол уақыттардағы бозбалалар мен бойжеткендерге үлкен арман болған Алматы қаласында білім алу бақытына ие болған едік. Ол қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде, мен Қыздар педагогикалық институтында оқыдым. Осы арада бір айта кетер жай, Ғафу – қазіргі Қостанай облысының, бұрынғы Торғай қаласының тумасы. Ол өмір бойы осы қасиетті Торғайын жырлап өтті. Осы өңір жайлы жылы хабар естісе, жаны жадырап, көңілі ерекше шалқып кететін. Ол жақтан келген адамдар болса, жайылып жастық, иіліп төсек болушы еді. Біздің әу баста танысқанымыз да қызық. Алғаш рет өзім Қостанайдан Алматыға кетіп бара жатқан сапарымда танысқан болатынбыз. Содан кейін екеуміздің көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Қос аққудай жараса екеуміз қырық жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кештік. Ғафекең өмірінің бәрін де елі мен халқына адал қызмет етуге арнады. Сонда менің есімде қалғаны, ешқашанда ауырғандығы жөнінде бюллетень алмапты. – Өздеріңіздің өмірлеріңіздің мәні мен сәні болған балаларыңыз жайлы да тілге тиек ете кетсеңіз. – Біз өзімізді бақытты ата-ана деп есептедік. Өйткені үш бала сүйдік. Тұңғышымыз Бақыт әкесінің жолын қуды. Ол – бірнеше поэзиялық жинақтардың авторы. Өлеңді орыс тілінде жазады. Бірақ қазақтың тіліне, әдет-ғұрпына, мұсылман дініне аса құрметпен қарайды. Ана тілінде еркін сөйлейді. Балаларын да ұлтжандылыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулыды. Бұл ұлымыз әкесін ерекше жақсы көрді. Сондықтан болса керек, аса құрмет тұтқан әкесі жайлы деректі фильм түсірді. Режиссерлік кәсіппен шындап айналысқанына да біраз жылдардың жүзі болды. Оның қарым-қабілетін республика жұртшылығы жақсы біледі. Одан кейінгі қызымыз Әлима жастайынан зерек болды. Өзінің тынымсыз ізденісі, еңбекқорлығының арқасында философия ғылымдарының кандидаты атанды. Бұл күндері докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жүр. Кенже қызымыз Ғафура да – әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің тарих факультетінің түлегі. Қазіргі таңда Алматы қалалық әкімдігінде жауапты қызметте. Осы балаларымыздан жеті немере, үш шөбере сүйдік. Осы ұрпақтарым қазір менің өмірімді нұрландырып, көзқуанышым болып отыр. Олардың еңбектегі, оқудағы, өмірдегі жетістіктері менің төбемді көкке жеткізеді. Солардың арқасында ештеңеден де кемдік көріп отырған жоқпын. Сондықтан Алла Тағаланың мұнысына да шүкіршілік етемін. Әйтеуір осылай ұл мен қыздарыма, немере-шөберелеріме бас-көз әрі тілекші болып отырған жа­йым бар. Ақынның шығармашылық лабораториясы жөнінде – Бәдеш апа, ақынның жары болу оңай емес екендігін жақсы білеміз. Олар, қанша дегенмен, көңіл-күйдің адамы ғой. Сол өткен жылдар ішінде ағамыздың қанша кітабы жарық көрді? – Өз басым Жаратушының тағдырымды осындай жаны жайсаң, көңілі көктем, адамгершілігі мол, кісінің қадір-қасиетін жақсы білетін қазақтың марқасқа азаматымен тоғыстырғанына бақытты сезінемін. Ғафекең маған ерекше құрметпен қарады. Гүлдей аялады десем, артық болмас. Оның маған арнап шығарған өлеңдерінің өзі, қазір қарап отырсам, бір жинаққа жететіндей болып қалыпты. Мәселен, Ғафекеңнің «Қызғалдақ» деген өлеңі әнімен бірге шықты. Ол ән тыңдаған кісінің жүрегін тербейді. Осы жырлардың өзінен-ақ оның қайталанбас дарын екендігін байқау қиын емес. Ғафекең ғұмырында 40-тан астам кітап жазды. Оның ең алғаш тырнақалды еңбегі 1954 жылы жарық көрді. Ол «Құрдастар» деп аталды. Сондай-ақ жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алған «Елтінжал», «Үш қиян» деп аталатын повестері де бар. Ол әдебиеттің барлық жанрларын қамтыды. Қаламгердің жай публицистикалық мақалаларының өзі кәдімгі көркем әңгімедей оқылатын. Әсіресе, тілдің кестелігіне, теңеулерге, образды сөздерге көп көңіл бөлетін. Сондықтан да шығар, оның жазған дүниелерінің бәрі де оқырмандардың талғамынан шығып жататын. Ол, шын мәнінде, жұрт айтып жүр­гендей, сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Өйткені Ғафу жазушылық, ақындықпен қатар аудармашылық жұ­мыспен де айналысты. Бұл орайда ол Рудакидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Буниннің, Есениннің, Ғамзатовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Л.Толс­тойдың, Куприннің, Королен­ко­ның және басқа да ақын-жазушылардың туын­дыларын қазақ тілінде сөйлетті. Ғафекең өмір-бақи қызметтен қол үзген емес. Күні бойы редакцияда, Жазушылар одағында қызмет атқарса да, өзінің жеке шығармашылығын үнемі қатар алып жүрді. Оның «Жұлдыз» журналының бас редакторының орынбасары болып ұзақ жылдар қызмет атқарғанын да қаламгерлер қауымы ұмытпаған болар. Сонымен қатар ол 1984 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағы ақындар қауымдастығының президенті болды. – Ғафу ағамызды сізден артық білетін адам жоқ. Өйткені үнемі жанында болдыңыз. Ол кісінің барлық туындыларын машинкаға бастыңыз. Ғафекең Байронның еңбектерін үш айда аударып шыққаны рас па? – Өмірде болған нәрсені айтқанның артықтығы жоқ. Отағасы өте еңбекқор болатын. Әрі кез келген шығарманы ең алдымен басында пісіріп алып, сосын ақ қағаздың бетіне тез түсіретін. Онысы әрі шынайы шығатын. Мен оған: «Ғафеке, жасың 66-ға келіп қалды. Оның үстіне қант диабеті деген сырқатың бар. Енді денсаулығынды күтсең қайтеді?» – дегенімде, мені тыңдаған жоқ. Әлгі сіз айтқан шетелдік ұлы ақын Байронның таңдамалы өлеңдерін үш айдың ішінде жылдам аударып тастады. Оны жай аудара салған жоқ, өте көркем шықты. Алғашқы сыншысы болдым – Бұл, әсіресе, кейінгі қолына қалам ұстаған қыз-жігіттерге үлгі болатындығы сөзсіз. Сондықтан ағамыздың шығармаларын жыл мезгілдерінің қай уақытында жазатындығын да айтып кетсеңіз? – Жоғарыда мен Ғафекеңнің қызметтен қол үзбегенін де айтып өттім емес пе. Ол өзіне жүктелген қандай жұмысқа да аса жауапкершілікпен қарады. Сондықтан отағасы жыл мезгіліне онша көңіл бөлмейтін. Бәрі де шабытқа байланысты емес пе?! Ол күніге ерте тұратын. Содан таңертеңгі сағат 7-ден 9-ға дейін өндірте жазып тастайтын. Өйткені қарым-қабілетін білгендіктен болар, оған редакциялардан тапсырмалар беріліп, өтініш жасалып жататын. Өзі жауапкершілікті терең сезінгендіктен де шығар, тапсырысты барынша тез орындауға тырысатын. Осылайша көңілге алған дүниелерін жазып болған соң, қызметіне қарай асықпай аяңдайтын. Бұдан басқа да оны қаншама жұмыстар күтіп тұрады десеңізші. – Естуімізше, өзіңіз Қыздар педагогикалық институтын үздік бітіргеніңізбен, мамандығыңыз бойынша онша көп жұмыс істемепсіз. Көбіне ағамыздың шығармаларын басумен айналысыпсыз. Сондықтан оның алғашқы сыншысы да өзіңіз болған шығарсыз? – Сіздің бұл пікіріңізге толық қосыламын. 1952 жылы жоғарыда аталған институтты үздік аяқтағаннан кейін Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясының әдебиет бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Бірақ кейінгі көп жылдарда Ғафекеңнің шығармаларын машинкаға бастым. Оның барлық кітаптары менің көз алдымнан өтті. Ақынның алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да мен болдым. Ол тез жазғанымен, тілге ерекше талғаммен қарайтын. Оның өлеңдері, ұлы Абай атамыз айтпақшы, айналасы жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиетін әрі мінсіз болып келетін. Қаламгердің шығармаларын басумен қатар, олардан ерекше рухани ләззат алатынмын. Отбасында жайлы әке болды – Сіздің айтуыңызға қарағанда, Ғафу ағамыз өте мейірбан, кісіге болсын деп тұратын аса адамгершілігі мол жан болған көрінеді. Ол балаларына қалай қарайтын? Ақынның әкелік махаббаты жайлы не дер едіңіз? – Ғафумен өткен жылдарым менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас сәттер дер едім. Адамның ғұмыры, шынында да, қас-қағым уақыттан тұрады екен. Ол сыйлы жар болып қана қойған жоқ, өзінің әкелік міндетін абыроймен атқарды. Ұл мен қыздарының өз қатарынан қалмай білім алуына көп көңіл бөлді. Оларды жанындай жақсы көрді. Оқудағы әрбір табыстарына жас балаша қуанды. – Ол үй шаруасына қалай еді? Кейбір еркектердей икемді болды ма? – Бұл мәселеде оны икемді болды деп айта алмаймын. Үйдегі тұрмыстық ұсақ-түйек шаруаны анамыз Шайзада екеуміз атқаратынбыз. Өйткені оның мұндай жұмыстарға қыры жоқ еді. Бірақ өз қызметіне барын салатын. Ал ақындық қарым-қабілетінде, шешендігінде, ақкөңілділігінде шек жоқ болатын. Енесін анасындай аялады – Сіз бір сөзіңізде анаңыздың ұзақ жылдар бойы өздеріңіздің қолдарыңызда тұрғандығын, Ғафу ағамыздың ол кісіге туған анасындай қарағандығын айтып қалдыңыз. Кейінгі жігіттерге өнеге болсын. Соны таратыңқырап айтып берсеңіз, артық болмас еді. – Мен өмірде әке тәрбиесін көрген жоқпын. Өйткені әкем Хамзаға 1937 жылы жазықсыз қара күйе жағылып, «халық жауы» ретінде сотталды. Содан ол қайтып оралған жоқ. Сол уақытта анам Шайзада небары отыз жастағы жас келіншек болатын. Осы менің асыл анашым бүкіл жастық шағын менің болашағыма арнады. Екінші рет күйеуге шыққан жоқ. Менен басқа балалары да болмады. Ғафекең мені құлай сүйген соң, оған тұрмысқа шықтым. Содан кейін анамды қолымызға алдық. Ол бізбен бірге бір үйде 17 жыл тұрды. Ол күйеуімді туған баласындай көрсе, Ғафекең де оны өз анасындай ардақтады. Ғафу бір жаққа іссапарға кетсе, қайтарда енесіне міндетті түрде сыйлық алып келетін. Осылайша олардың арасында сыйластық орнап, анам дүниеден өткенше жалғасын тапты. Міне, содан бері де біраз уақыт өтті. – Қарап отырсақ, Ғафекеңнің дүниеден өткеніне де біршама уақыт болып қалыпты. Сіз оның мұрасын жинаушы әрі жанашыры болып отырсыз. Сондықтан ағамыздың талантын сыйлайтын қалың жұртшылықтың сізге деген алғысы шексіз. – Жалпы, біз Ғафу екеуміз 1928 жылы дүниеге келдік. Яғни екеуміз бір жылдың төліміз. Ол 3 тамызда, мен болсам 15 қарашада туғанмын. Жылда туған күнімізді атап өтетінбіз. Демалысты көбіне Қырым секілді қалың жұртшылыққа белгілі курорттар мен санаторийлерде өткізетінбіз. Ол 1994 жылы дүниеден өтті. Оның қазасы қаншама жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен маған да, балаларымызға да өте ауыр соқты. Бірақ тағдырдың жазуына не істейсің. Басқа салды, біз көндік. Содан мен өмірлік жарымның артында қалған шығармаларын, яғни әдеби мұраларын жинастырып, жарыққа шығаруды мықтап қолға алдым. Сондай талпыныстың арқасында оның жеті кітабы оқырмандарға жол тартты. Әрине, оның жарық көруіне бірқатар іскер азаматтар қолдау көрсеткенін де айтып өткенім артық болмас. Ғафекеңнің 80 жылдығы ойдағыдай аталып өтті. Ол Астанада және Алматы қалаларында зиялы қауымның қатысуымен көпшіліктің есінде қалды. Қостанайдан да арнайы делегация барды. – Ғафу ақын – бүкіл қазақтың мақтанышы. Ақынның есімі еліміздің қалаларындағы көшелер мен мектептерге берілді. Осы жөнінде де бірер сөз. – Шынында да, Ғафу ұлтымыздың танымал ақыны болды. Қаншама жас дарындарды қолдап, олардың халыққа танылуына өзінің ықпалын тигізді. Оның бәрін бір сұхбатта айтып беру де мүмкін емес. Ол өзінің туған інілеріндей болып кеткен Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов секілді ақындарға ағалық ақылын айтып, қанатының астына алды. Қазақстанда оның шапағатын көрмеген ақындар аз емес. Ол арамызда жоқ болғанымен, елі мен халқы оған лайықты құрмет көрсете білді. Бұл күндері Алматы қаласында және өзі туып-өскен облыстың орталығы Қостанай шаһарында оның атында көшелер бар. Оны қалың жұртшылық жақсы біледі. Кейінгі жас ұрпақ Ғафу Қайырбеков­тей ақын өткендігін еске алып жүреді. Тіпті Қостанай қаласындағы №9 қа­зақ орта мектебінде оның атында ар­найы мұражай да бар. Осы облысқа жолым түскен сайын аталған мұражайда болып тұрамын. Ол жерден Ғафекең туралы көп мәлімет алуға болады. Ол жерде кезінде оның пайдаланған жеке заттары, кітаптары, басқа да құжаттары қойылған. Елордамыз Астанадағы №2 орта мектепке де Ғафекеңнің есімі берілген. Қазір бұл мектеп күрделі жөндеуден өткен. Ол осы қаладағы ана тілімізде дәріс беретін алғашқы мектептердің бірі болып табылады. Астанада болған са­йын онда бас сұғып тұрамын. Ұстаз­дар мен шәкірттерді көргенде жаным сүйсінеді. Сырттай оларға тілектес болып отырамын. «Анаға сәлем» әнінің жөні бөлек – Бәдеш апа, Ғафекеңнің өлеңдері әнге сұранып тұрады. Оның өлеңдеріне жазылған әндерді жұртшылық сүйсініп орындайды. Соны бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелікші. – Ол, шын мәнінде, халықтың көңілінен шыққан біртуар дарын иесі болатын. Оның көптеген өлеңдеріне ән жазылып, бауырларымыздың басқосуда сүйіп орындайтын туындыларына айналды. Соның ішінде «Анаға сәлем» әнінің жөні бөлек. Оған әнді қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов жазған болатын. Бұл ән екі таланттың ынтымағынан туған аналарға арналған ода десек те болар. Ол ән – дүниеге келгеннен бастап еліміздегі үлкеннің де, кішінің де, анасы бардың да, жоқтың да жүрегінен берік орын алған нағыз шынайы шығарма. Аталмыш әнді тұңғыш рет КСРО халық әртісі Ришад Абдуллин, содан кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Өнербаев пен Майра Ілиясова орындады. Қазір бұл шығарманы өзге де жас әншілер репертуарларына енгізіп жатыр. Әкесін ардақ тұтқан Бақыт есімді ұлымыз ол туралы деректі фильм түсіргенінен жоғарыда хабардар еттік. Онда ақынның «Сағыныш сазы» деп аталатын өлеңіне жазылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдиннің әні орындалды. Бұл ән де тыңдаған жанның жүрегін тербейді. Қасымды өмір бойы пір тұтты – Ақынның айтылмаған және біз білмейтін тағы қандай қырлары бар? Ол кісі қандай ақындармен араласып еді? Сол жөнінде не айтар едіңіз? – Ол кезінде қазақтың дара перзенттері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен араласты. Қасым Аманжоловты өмір-бақи пір тұтты. Оның «Дариға» деген әнін өзінің қоңыр дауысымен домбырамен шебер орындайтын. Қасым ақын дүниеден өткен соң да оның отбасымен байланысымызды үзген жоқпыз. Ғафекең өзі жақсы көретін ағасының кітаптарын да шығарды. – Отағасына киімді кім таңдаушы еді? – Әрине, мен. Оның қоным­дылығына, тартымдылығына, сәнділі­гіне көңіл бөлетінмін. Өйткені ақын деген – көптің адамы. Қашанда халықтың арасында жүреді. – Сіз қазақтың танымал ақынымен қырық жылдан астам бірге ғұмыр кештіңіз. Сұхбатымыздың соңында кейінгі жастарға отбасының татулығы, бірлігі жайлы не айтар едіңіз? – Өзімді шексіз бақыттымын деп есептеймін. Өйткені Ғафекеңмен өте мағыналы ғұмыр кештім. Екеуміз өмірде бір-бірімізді үнемі толықтырып отыратынбыз. Менің кейінгі жастарға айтарым, жұбайлық өмірдің сәні әрі мәні – екеуара сыйластықта. Жалпы, отбасында ер азамат пен әйел өз орындарын білулері керек. Сонда ғана нағыз ынтымақ, ауызбірлік болады. Қазақ қыздарына: «Инабатты, ибалы болыңдар, тілді, дінді, әдет-ғұрыпты сыйлаңдар. Болашақ жарларыңды құрметтеп, күнделікті тіршілікте олардың бағасын біліп, ардақ тұтыңдар», – дер едім. Өйткені өмір өте қысқа. Сыйласқанға ештеңе де жетпейді. Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ Қостанай

Қырық жыл үйіме

Қырық жыл Құдай бізді сақтағаннан, Қаншама асу-белес артта қалған, Қаншама қайрат жұмсау керек болды, Бітпеуге адал үміт, аппақ арман. Қырық жыл – ауыз үшін айтуға оңай, Өткелден өттік біздер талай-талай, Қайысты қабырғамыз, жан күйзелді, Аллаға жалбарынып қарай-қарай. Сан рет шаңыраққа төнді қауіп, Қисайып, орта жолда жүгім ауып, Тұрғанда, жаутаңдадым жан жарыма, Ол сонда шығушы еді жолды тауып. Тапқаны – дүниені сірестіріп Жинамай, жүрді жұртқа үлестіріп, Құдайдың күтуші еді несібесін, Құдай да қоймады оны түгестіріп. Қазақтың қасқа жайсаң сабаздары Бас қосты мұсылмандай намаздары, Соларға дәм татқызып, бата алушы ек, Содан да жүрек тозып, жан азбады. Мақтады ақ Бәдешті соның бәрі, «О, шіркін, жақсы болса ердің жары, Осындай болсын» деген дауыстары Жаңғырып құлағымда тұрады әлі. Зәрем жоқ тіл мен көзден сонда менің, «Уа, аруақ, уа, Тәңірім, қолда!» дедім. Қолдады, бір ғажайып қуат берді Таусылмас дәмім шығар ол да менің. Қырық жыл, қырық дұға, қырық шырақ, Жағайын, тағы жанға қызу сұрап, Қасыма келші, Бәдеш, ақ бәйбіше, Баяғы қыз күніңдей жылыұшырап. Кеш мені, көп қажытсам бейнет беріп, Сабырмен соның бәрін сен өткеріп, Қозғалмас алтын қазық секілденіп, Тұрасың көз алдымда бөлектеніп. Ал, шүкір! Жеттік, міне, қыр басына, Жан болмас сенен өткен ұрғашыда, Қыпшақтың асыл тұқым, бір нәсілі Қасиетін үйіп-төккен бір басыңа! Болғанмен өзің – алтын, жарың – күміс, Тоздырмай қояр ма оны дүние-тұрмыс. Солардың бәрін көріп, солқылдамау, Емес ол бір пендеге оңай жұмыс. Адалсың, жаңа жауған қар секілді, Биіксің, жібек жабу нар секілді. Қырық жылда мен мақтамай, кім мақтайды, Жар болдың, жар болған соң жар секілді. Рахмет, не айтайын, қалқам Саған, Риза, риясыз ортаң Саған. Өмірдің қалған жағын біз білмейміз, Әлі де көз тиер деп қорқам Саған. Бақытым, Ғафурам мен Әлимашым, Үш қарға – мен жасаған жарым жасым, Сыйлаған сенің маған үш маржаның, Құдайым тек солардан жарылқасын. Ағайын, айналайын құрметіңнен, Жерің жоқ ақ көңіліме кір келтірген. Бұйырсын сендерге де осындай той Әрқашан орын алып күн бетінен. Шығардым көңіл күйін, жан дыбысым, Осындай қуаныштың барлығы үшін. Ғафудың қырық жылдық қазынасы – Мынау бір шаңырағының саулығы үшін! 1992 жыл

7572 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы