• Тұлға
  • 19 Қаңтар, 2011

Ерім деген ел болмаса...

Тағы бір жыл тарих қойнауына жол тартты. Жыл басында қалам ұстаған қауым «Барыс жылы – табыс жылы» деп тегін айтпапты. Қазақтың өткен жылға өкпесі жоқ. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болған 90-жылдардың басында тап бүгінгі жетістіктер жайлы ойлап па едік? Армандап па едік? Қазақ үшін сын шақ болған 20 жыл қазір лезде өте шыққан болып көрінгенімен, әрбір жылдың зілбатпан жүгі бар. Біз бүгінде осынау орасан зор жетістіктің көктен салбырап түсе салмағанын салмақтап-ақ отырмыз.

Тұңғыш Президентіміздің та­бандылығы, халқымыздың қанын­да бар қайсарлығы, өр рухтылығы бізді қысылтаяңнан алып шықты. Енді бұл күнде халық өз көшбасшысы­ның өкілеттілігін тағы бір 10 жылға ұзартуға бастама көтеріп жатыр. Тіл-көзден сақтасын, жан-жағымызға қарайласақ, тап мұндай мәселе қоңсы жатқан елдерде бейбіт жағдайда, бірауыздылық ымырамен шешіліп жатқан жоқ. Қырғыздағы қырғын – бәрімізге сабақ. Ақаевты аттан аударып, Бәкиевтің билігін де місе тұтпай, шаңырағын ортасына түсіріп жатқан айырқалпақты ағайындарымыз үшін қанша қабырғамыз қайысса да, билік үшін болған бүлікке төрелік айтуға жүрегіміз дауаламайды, әсте. Құдайдың өзі төреші болсын. Әйтсе де, халықтың көз жасына, қарғысына қалғанның екі дүниеде де оңбайтыны әлімсақтан белгілі ғой. Мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз? Қазақ басшысының елде тұрақтылықпен қатар, ең бастысы, халықтың жүрегіне сенім ұялата білгенін қуана айтқымыз келеді. Қазақты қан қақсатқан ядролық полигонды жапқызғанда, атынан ат үркетін қарудан бас тартқанда алақайлап, бөркімізді аспанға атпап па едік?! Қиын күндер артта қалып, өркениетке, өрелі дүниеге көшімізді бастағанда да «а, құдайлап», арқаланғанымыз да кеше еді ғой. Мұның барлығын халық қалай ұмытсын?! Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?! Елбасы елімен қуатты, елімен еңселі, демек. Ендеше, халқы қалап, қолдап-қуаттап жатса, бастаған сан мың игілікті ісін аяғына жеткізуге Елбасы да тартына қоймас деп сенеміз. Кешегі көшелі жиынның да ұйытқысы болған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс жаудырған жоқ па, азулы елдердің атқамінерлері. Еуропадағы еңселі ұйымға төрағалық етіп, бас шаһарда сақа саясаткерлердің басын түйістіріп, алқа-қотан жиын өткізгенімізге талайлар таңдай қаққаны да рас қой. 11 жыл бойы тап мұндай үлкен деңгейдегі басқосуды көрмеген ұйымның тамырына қан жүгіргенін де жалған дей қоймас ешкім. Ең бастысы, әлемнің назарына іліккен Қазақстанның абыройы асқақтады, мерейі үстем болды осы жолы да. Әлем елдері 20 жыл бұрын қазақтың азаттығын қалай мойындаса, ататарих үшін азғана уақыт ішінде дербес елдің өркениетке көш ілестіріп, терезесін теңестіре білгеніне солай тәнті болды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің, тәуекелшілдігінің, парасаттылығының арқасы екеніне дау жоқ. Ендеше, еліміздің шығысында тоғыз жүзге тарта азаматтың бас түйістіріп, Президенттің өкі­лет­тілігін тағы 10 жылға ұзарту туралы айтқан ұсыныс-бастамасын неге қолдамасқа?! Тап сол жиында Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев рухтандырар аталы сөз айтты. «Соғысты басынан өткерген адам ретінде айтайын, мен бейбіт өмірдің бағасын жақсы білемін», – деп бастады сөзін қаһарман. – Міне, тәуелсіздік алған 20 жылымызда, шүкір, бейбіт қоғамда өмір сүріп келеміз. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған істерінің барлығын да соңына жеткізеді деп зор сеніммен айта аламыз. Сондықтан сарбаздар мен сардарлардың атынан Елбасының өкілеттілігін ұзарту туралы ұсынысты қолдауға шақырамын». Батыр айтқан ойды ақын да айтты. Ақын Олжас Сүлейменовтің Президент өкілеттілігін ұзартуға қатысты үндеуі былай өрілді: «2012 жыл өте күрделі оқиғаларға толы жыл болғалы тұр. Осы жылы АҚШ Президентінің де президенттік мерзімі аяқталады. Ресейде де Президент сайлауы өтеді. Жалпы алғанда, әлем елдері сайлау науқанымен тыныстап, сайлау науқанымен шұғылданатын болады. Мұндай жағдайлар біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймайды. Президенттік сайлау науқанына аз шығынның кетпейтіні де белгілі. Сайлаудың еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына да белгілі бір мөлшерде шығын әкелеріне күмән жоқ. Сайлау болған күннің өзінде де Елбасының елінің мерейіне бөленеріне ешкім дау айта қоймасы белгілі. Сондықтан алтын уақытты кетіріп, миллиардтаған қаржыны шығындаудың қажеті шамалы. Менің ойымша, Қазақстанның бұл бәйгеге қатысып қажеті жоқ. Өйткені біздің елі сенген, әлем мойындаған, ғаламат күш-жігерлі Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшымыз бар. Менің пайымдауымша, Президенттің елімізге бергенінен берері көп. Сондықтан халқымыздың ол кісіге сенім артарына күмәнім жоқ». Қазір осы бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінде қолдау көрсетіп, үн қатып жатқандардың қарасы көбейіп келеді. Халықтық мәселеге келгенде, елдің пікірі бір арнаға түйісіп жатса, бұған қуанбасқа болмас. Демек, қазақ елі келешегіне бейжай қарамайды, ең бастысы, келер күнге сенімі зор екенін танытып отыр тағы. Сенімнің үдесінен шығар серкесі барда қазақ ұтылмаса керек, ендеше. Әділ БАЙБОЛ

4422 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы