• Тұлға
  • 27 Қаңтар, 2011

«Әкемнің қара домбырасы иесіз емес»

Жәнібек Кәрменов 1949 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әнші, жазушы, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртісі. Алғашында Алматы эстрада-цирк өнері студиясының (қазіргі колледж) әншілік бөлімін, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Жәнібек “Өнер” баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті. Көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне зор үлес қосты.

Кезінде Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар жүргізді. Өнер тақырыбына арналған кітаптары («Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні») жарық көрді. 1984 жылы концерттік-орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1996 жылы оның есімі Қарауыл ауылындағы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) музыка мектебіне берілді. Жәнібек 1992 жылы көлік апатынан қаза тапты.

– Менің әлдиім – әкемнің әні, – дәс­түрлі әнші, жазушы Жәнібек Кәрменовтің сүт кенжесі Шаһ-Керім әңгімесін осылай бастады. – Қатар өскен құрдастарым сияқты әкемнің алдына отырып, әкенің жылы алақанын сезіне алмағаным өкінішті-ақ. Кейде осындай кең дүниеге сыймай кетемін. Ондайда қиялға берілемін. Әкемді құшақтап, әкемнің құшағына тығылып, айналада не болып жатқанын ұмытқым келеді. Тіптен түнде ұйқыға жатқан кезде «әкем бүгін түсіме кірсінші» деп Алладан тілеймін. Тым болмаса, түсімде болса да әкеммен бірге болғым келеді. Әкемнің асқақ дауысын суық үнтаспадан емес, тірідей, шынайы қалпында тыңдағым келеді. Данагөй де қарапайым сөздерін әкемнің достарының аузынан емес, өз аузынан тыңдағым келеді. Мәселен, әкемнің орындауындағы «Өмір толғауы» қандай ғажап дүние десеңізші! «Өмірде адам қандай болуы керек, қалай өмір сүру керек, қандай заттарға жақын болуы керек, неден сақтану қажет» – міне, әкемнің таспада жазылып қалған әндерін тыңдай отырып, осылай терең ойға кетемін. Әкемнің қалдырып кеткен өсиеті өз-өзіме баға беруге үндейді. Кез келген істі бас­тарда немесе алға қадам басарда «Әкем бұған қалай қарайды? Қандай көзқарас білдірер еді? Әкеме бұл ұнаушы ма еді?» деп толғанамын. Айтса айтқандай, «Өмір туралы толғау» кім-кімді де тебіреніске салары анық. «Ойламаңдар, жігіттер, Баста дәурен тұрмайды», «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа», «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», «Желігіп келсең өмірге, Жерініп бәрібір өтерсің», «Байлықты қусаң базарлап, түбінде саған – сол қайғы», «Қулықпен тапқан мал арам, Түбінде қайыр болмайды», «Жолдас болма жаманмен, Көзің жетпей парқына», «Жалғыз шықпа сапарға, Өкініште қаларсың», «Қайырым түбі – даналық, Жақсылық етпе есеппен», міне, өлеңдегі теріп алынған осынау сөйлемдердің әрқайсысы қаншалықты жүк, аманат арқалап тұрғанын өзіңіз-ақ іштей саралай берерсіз. – Шаһ-Керім, есіміңнің өзі құпияға толы көрінеді. Мәселен, «шаһ» сөзінің баламасы парсы тілінен қазақшаға аударғанда «хан» деген ұғымды білдіреді. Демек, ата-анаң сенің ғажап адам болғаныңды қалағаны анық. «Ханда қырық кісінің ақылы болады» дейді ғой халық даналығы. Бәлкім, саған бұл есімді кім қойғанын айтарсың? Әкем анасын ерекше жақсы көрген ғой. 1986 жылы Мағрипа апа қайтыс болыпты. Содан кейін әкем іштей қатты күйзеліске түседі. Мен дүниеге келерден сәл бұрынырақта: «Анам түсіме тағы да кірді. Шәкәрім атаның бір кітабын беріп жатыр екен», – деп анама айта беріпті. Мен 1990 жылы дүниеге келдім. Ескерерлік жай, философ-ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің де, атақты актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың да шын аттары Шаһ-Керім екен. Бұны мен әкемнің қолжазбаларынан есейген соң оқып, біліп алдым. «Құлынымның бірінші сыныпқа барғанын көрсем, арманым жоқ», – дейді екен әкем. Өкінішке орай, ол күнге жете алмады. – Алдыңда аға, әпкең бар. Оған да шүкіршілік. Сені анаң аялап өсірді. Қазақтың барлық жақсы қасиетін бойыңа сіңіріп өсіп келе жатқаныңды сырттай бақылап оты­рамыз. Алайда әке алақанының табын сағынатын шығарсың? – Әрине, әкеге деген сартап сағыныш көкірегімнен еш тарқамайды. Әкем айтатын толғау-өлеңде «Арманы биік асыл ер, Ұрпақтың қамын ойлайды» деген сөз бар. Қашанда жақсы әке жаман ұлға қырық жылдық азық қой. Әсіресе, ағам Әсет пен әпкем Ақботаға қызығып өстім. Қанша дегенмен, олар әкемнің қасында болды. Әке мейірімін, әке құшағын, жылуын сезінді. Әкемнің ақыл-ғибраттарын тыңдады. Ал мен үшін «Жәнібек Кәрменовтің баласы» деген атақтың өзі – үлкен абырой. – 2005 жылы «Абай оқуларының» екінші номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алғаныңнан хабардармыз. «Әнге барар жол – әдебиет», – дейтін атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің сөзін Жәнібек аға да көзі тірісінде қатты басшылыққа алғаны көпшілікке аян. Сондай-ақ 2006 жылы Пушкин оқуларынан бірінші орын алып, Оралға бардың. Халық арасында «Арқаға келсең – әншімін деме, Батысқа барсаң – күйшімін деме» деген қанатты сөз бар. Батыс Қазақстанда орыстың ақыны, кезінде заманының серісі саналған Пушкиннің табан іздері сайрап жатыр. Ол жақтан алған әсерің қандай? – Әрине, Орал қаласында мен ерекше әсер алдым. Біз бұл қалада көптеген мәдениет ошақтарын араладық. Сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің табанының ізі қалған жерлермен жүрдік. Егер орыс үшін Пушкин қандай ұлы болса, ал қазақ үшін Абай сондай ұлы адам дер едім. Бұл байқауға Ресей және Орта Азиядан бірнеше мемлекеттердің өкілдері қатысып жатқандықтан, мен барынша орыс және өзге ұлт өкілдері үшін Абайды дәріптеуге және қазақ халқының өнерін паш етуге тырысып бақтым. Қанша дегенмен де, халықаралық байқауда топ жару оңай емес. Нәтижесінде мен екінші жүлдеге ие болдым. Мәселе жүлде алуда емес, бақ сынап қатысуда. Мен Батыс Қазақстанда небір дарынды, Абайдың өлеңдерін керемет мәнерде оқитын жастармен таныстым. Меніңше, бұл байқаудың тәрбиелік мәні зор болды десем, қателеспеймін. – Қаламгер әнші қысқа ғұмырында «Ға­шықтың тілі», «Махаббат әні», «Ақылбайдың әні» сияқты кітаптарын жазып кетті. Әншінің сырлас досы, әріптесі болған жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Жәнібектің әндері – құйма алтын сияқты құйылып түсетін әндер» деп өз кезінде әділ бағасын беріпті... – Әкемнің репертуарында ешқандай дайындықсыз айтатын 300-ден астам әні болыпты. Шашубайдың «Аққайыңын», Ғазиздің әнін, Сейітжан сал салған «Қанатталдыны», Біржанның және Жарылғапбердінің әндерін әкем нақышына келтіріп орындайтынын көптеген адамдар маған айтты. Ақселеу аға екеуі теледидардан «Асыл мұра» атты тоғыз хабар дайындапты. «Абай әндері» атты хабарлар топтамасы қазір де телерадио кешенінің алтын қорында сақталған. Онда әрбір әннің тарихынан мол мағлұмат береді, соңынан сол әнді өзі орындайды. Алайда үнтаспалардың алдағы жағдайы, сақталуы мені алаңдатады. – Небары 43 жыл ғана өмір сүрген Жәнібек аға артында өшпес мұра қалдырды. Тіптен Жәнібек аға туралы жазылған сансыз естеліктерді оқып отырып, небір тосын құбылыстарға еріксіз куә боласың. Мәселен, Жәнібек аға 22 наурызда өмірге келіп, 22 наурызда бақилық болыпты. Дүние жаңарып, жасарған күн және дүние қара жамылған күн. Осының өзінде тылсым сыр бардай... – Анамның айтуынша, әкемнің бойында ерекше қасиет-қабілет бар. Мысалы, өзінің көз жұматынын сезіп жүргендігі. Ән айтқанда жанары ұш­қындап кететіндігі. Осының бәрін Жаратушының берген сыйы деп ұғуға болады. Әсіресе, қазақы кісілік парасаты, үлкенді сыйлау, кішіні ардақтау сияқты мінездерін, ұстанымдарын біздер, яғни балалары, мақтаныш етеміз. Әкемнің бойындағы жылт еткен ұшқынды алғаш байқап, оны жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековке алып барған Кәрім Нұрбаев, Кәмен Оразалин, Бәтташ Сыдықов, Орынғали Сыдықов, Молдабек, Мейрамбек Жанболатовтар сынды Абай өңірінің ел ағалары екен. Сол кісілердің мейірім, шапағатын біздің отбасы аз көрген жоқ. Осыған қоса әкемнің достары, әнші Қайрат Байбосынов, Құныпия Алпысбаев, Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтов, Дәулет Сейсенбаев, т.б. азаматтардың әңгімесін тыңдап, құлағыма құйып өсіп, ержеттім. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезімде Бостандық ауданындағы Жастар шығармашылығы үйінде әкемнің шәкірті Тілеубек ағай сабақ берді. Сол кезде дәстүрлі ән өнері туралы біршама түсінік алдым. Асқақтаған Біржанның, арындаған Мұхиттың, мұңлы Ақанның, шерлі Естайдың, арқалы Исаның, арманшыл Әсеттің, ойшыл Жамбылдың, сұлу Сәкеннің, сыршыл Кененнің, мінезді Қасымның әндерін әкемнің өз мәнерінде орындайтындығын білдім. Әкем өзінің ұстазы Ж.Елебековке арнап «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деген толғаныстарға толы естелік кітабын шығарған. Баяғыда Біржан серілік құрып, Абай еліне келіпті. Ел-жұрт ұйып ән тыңдайды. Сонда Абай: «Паһ, шіркін, Біржан аға, енді қайтіп сіздей әнші қазақта туар ма екен, тумас па екен?» депті. Сонда Біржан: «Әй, шырағым Абайжан-ай, алтын құрсақ қазақ аман тұрса, мендей әнші туар-ау, бірақ дәл сендей тыңдаушы тумай қор болады-ау», – деген екен. Сол сияқты дәл қазіргі кезде әкемнің әнін тыңдаушылардың қатары азайып бара жатыр ма деп қауіптенемін. Мен Абайдың оншақты әнін қуана-қуана орындаймын. Кез келген әнді орындамас бұрын оның кімге арналғанына, қандай көңіл-күймен шығарылғанына, көздеген мақсатына көңіл бөлемін. Мысалы, сирек айтылатын «Ата-анаға көзқуаныш» әні маған терең ой салады. Абайдың ұлы Ақылбайға арналған ән болғандығынан болар. Ақылбай жастық лебімен қызық қуып кеткен кезінде Абай ұлын бір шымшып алайын деп, мысқылдап шығарған әні көрінеді. Ақын ұлын отырғызып қойып, ұмытпасам, әнді Көкбайға орындатады. Әкемнің ескі жазбаларын ақтарып оты­рып, «Ең қызық – жастық» деген әнді тауып алдым. Әкемнің орындау мақамын меңгеріп, Абай, Шәкәрім оқулары кезінде сахнаға шығардым. 2009 жылы, әкемнің алпыс жылдығы кезінде, мен домбырамен сахнада ән салдым. Жәнібек Кәрменовтің үйіндегі қара домбыра иесіз емес, артында ісін жалғап, жолын қуып келе жатқан баласы бар деген түсінікті халыққа жеткізгім келді. Дарынды әнші, белгілі қаламгер Ж.Кәрменовтің сүт кенжесі Шаһ-Керім 1990 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясын тәмамдап, қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ІV курсында оқиды. Осыған қосымша ол «Хабар» телеарнасында тілші қызметін атқарып жүр. Дарынды ұлға біз де сәттілік тілейміз! Нұрлан ҚҰМАР

3860 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы