• Тұлға
  • 27 Қаңтар, 2011

Елбасы және елдік сана

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына, міне, жиырма жыл уақыт болып отыр. Тарихи өлшеммен алғанда, аз уақыт болып көрінуі мүмкін. Бірақ адам ғұмырымен саралағанда буыны бекіген жиырма жастағы жігіттің жалындаған жастық кезі екені анық. Оның алдында бағындырар белестері, асқар тауы көп-ақ. Мақсаты айқын, міндеті зор. Ол бәсекелі заманда сол бәсекенің үдесінен шыға білуді көздейді. Өзгелерге өзіндік бет-бейнесін таныта отырып, уәдеге берік, достыққа адал екенін айғақтайды. Қазақстанның халықаралық аре­надағы қазіргі мәртебесі осындай өлшемдермен бағаланып келеді. Елбасының салиқалы саясатының арқасында іргелі ел болып, әлем таныған Қазақ еліне айналдық. Біз барымызды бағалап, өткенге тәубе айтқан елміз. «Ханның жақсы болмағы – қарашаның елдігі» деп Бұқар жырау айтқандай, халқымыздың Елбасына деген ықыласының арқасы және сенімі көргенді ел атануға, бабалар аманатын орындауға сеп болды. Биылғы қоян жылына кірер шақта бір топ зиялылар Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға мүдделі екендерін айтып, референдум өткізу жөнінде бастама көтергені белгілі. Бұл тек бастамашыл топтың емес, байтақ елдің де ниеті екен. Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздіктің бастауынан бері атқарып келе жатқан жұмысын одан әрі жалғастыра түсуіне қуанышты екендерін жасырған жоқ. Елбасын қолдайтындарын білдірді. Бір мезет тарих беттеріне оралып қайтсақ. Расында, қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Еркіндік» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер – Тәуелсіздіктен айыруға бағытталды. Кезінде төске өрлеп, үлкен қағанаттар құрып, алып аймақты иемденіп жаттық. «Басы барды идірген, тізесі барды бүктірген» ұлылар ұрпағымыз. Екі ғасырдан астам патшалық Ресейдің, кейін кеңестік империяның боданында болып, «Абылайдан қалған Ақ ту қайда қалды» деп 350-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс жасаған да біз едік. Ендеше, бүгінгі кездегі Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін мемлекетті бес саусағындай игере білген басшының сөзіне еретініміз анық. Президенттің атқарар жұмысы, алға қойған өзіндік мақсаты айқын. Бұл қағиданы Саммитке келген мемлекеттердің басшылары да айтып отыр. Олар Қазақстанды көркею жолында тек Елбасымен көретіндерін нақты айтқан болатын. Енді бұл ақиқатты халқымыз да қолдап отыр. Бұрынғы кеңестік тоталитарлық санадан арылып, ұлттық идентификация негіздерін қалыптастырып келе жатқан қазақ халқы үшін санадағы тәуелсіздікті сахнаға шығарар кезі келгені әмбеге аян. Ұлттық рухты әлемге үлгі қылатын бір тұлға болса, сол Елбасы деп білеміз. Біз кәрі құрлық сияқты «асарымызды асадық, жасарымызды жасадық» деген қағидамен өмір сүріп келе жатқан мемлекет емеспіз. Біз – ұлттық міндеті берік, ұлттық рухы жаңарған елміз. Құдайға шүкір, қазақтың рухани деңгейі, парасат-пайымы биік, көңілі дархан, пейілі кең. «Мына байғұстар азып бара жатыр ғой, осыларға қайтіп көмектессек екен» деп, өзге елдерге де жаны ашитын да қазақ дер едік. «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деп, қырғыз ағайынға да көмек қылып жатқанымыз осыдан. Елорда да ұлы дүбір жасап, 56 елдің басын қосып, араағайындық жасап, Саммит өткізіп жүргеніміз де – осы далаға тән дархан да өр мінездің арқасы. Бұл – бір жағынан, көшпенді адамның өзін әлемнің алдында жауаптымын деп сезінетін ғасырлар бойы қалыптасқан қызықты бір сана типі. Әлемдік маңызы бар Ислам конференциясын модернизациялау – алдағы күннің еншісі. Біздің дәстүрлі наным-сенімімізде: «Менде болмаса да, елде болсын», «Елде болса – емерсің», «Еркек тоқты – құрбандық» деген түсініктер ежелден бар. Қазақ үшін қара бастың қамын ғана күйттейтін сана түсініксіз. Елбасының жаһандық жаңашыл бағыттағы жобаларды бас­тама жасайтыны осыдан. Кезінде еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын Еуропа елдері іліп әкеткені белгілі. Ал ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемде жалғыз мемлекет болып, Қазақстанның өзгелерге үлгі болған тұстары да жетерлік. Ішкі бағдарға бет бұрсақ, еліміз 2020 жылға дейін стратегиялық индустриялды-инновациялық даму мақсатын қойып отыр. Бұл асыл мақсатты Құдай қостап, Елбасының өзі атқарса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Қазақ елінің өзін-өзі тану үрдісі әлі аяқтала қойған жоқ. Оның рухани негізін ұрпақ жадында өркендету симметриясы орнығу үстінде. Қайткен күнде де, «атадан қалған ақ сауытты» шаруа мінезі күнде өзгерген жаһанға үлгі қылу, исі мұсылман еліне ұғындыру Елбасының қолынан келер іс екеніне кәміл сенеміз. Сондықтан референдум болсын, сайлау болсын, оның шешімі өзді-өзі шығып тұрғаны ақиқат. Халық таңдауы – Елбасыны қолдау екені анық. Ақтық шешімді Президент өзі қабылдайтыны белгілі және ол шешімнің халық пайдасына шешілетіні анық. Сұлтан Тайғарин

3547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы