• Тарих
  • 03 Ақпан, 2011

Сырым ДАТҰЛЫ. Азаттық туын алғаш көтерген айбынды батыр

d181d18bd180d18bd0bc-d0b4d0b0d0b4d183d0bbd18bЖер бетінде найза шыңдары көк тіреген небір биік таулар бар... бірақ олардың ешқайсысы да өздігінен пайда бола қалмаған. Олардың бәрі де жеті қат жер астындағы ғаламат тектоникалық дүмпулердің әсерінен дүниеге келді. Сол секілді адамзат қоғамында да атақтары айдай әлемге мәшһүр тұлғалар бар, бірақ бұлардың да бәрі өмірге оп-оңай келе салмаған. Олардың бәрі де – сол өздері өмір сүрген қоғамның тығырыққа тірелген тұстарында, ірі-ірі әлеуметтік сілкіністердің кезінде тарих сахнасына шыққан саңлақтар.Толғағы қысқан тарих уақыты жеткен кезде ондай тұлғалардың талайын өмірге әкелген... бұдан былай да әкеле берер деп ойлаймыз. «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек; сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың; келешегіңді бағдарлайсың; алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың», – деді Елбасымыз Көкше жерінде өткен хан Кене­нің 200 жылдық тойы үстінде. Рас сөз! Өйтке­ні Елбасы айтқандай: «Халықтың басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырып, сол жолда басын бәске тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген өр тұлғалардың тағдырын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатын да – тарих» екені даусыз. Тағы да қайталап айтайық: толғағы қысқан тарих уақыты жеткен кезде ондай тұлғалардың талайын өмірге әкелген; бұдан былай да әкеле берері сөзсіз. Әріге бармай-ақ, оған мысалды өзімізге белгілі тарихтың соңғы екі-үш ғасырынан-ақ көптеп табуға болады. Мәселен, ел басына күн туып, етігімен су кешкен замандарда бауырлас башқұрт жұртынан орыс отаршылдығына қарсы 1755 жылдары тұңғыш бас көтерген Батырша (Абдолла Әлиев) мен кейінірек оның ісін жалғастырған Салауат Юлаев; көршілес Қап тауындағы Алды дейтін чешен ауылынан шығып, күллі Дағыстан жұртын соңына ерткен Шайхы Мансұр мен оның ісін жалғастырған Қазы Магомед пен имам Шәміл; әріректегі елдерден мысал іздер болсақ, Мексиканың испандық конкистадорлардан азаттығы жолында мерт болған Мигель Идальго-и-Костилья мен Хосе-Мария Морелостар және олардың істерін жалғастырған Бенито-Пабло Хуарес; сонау Солтүстік Африкадағы Алжир халқының француз езгісіне қарсы күресін басқарған әйгілі Абд-аль Кадирлер – міне, осындай өр тұлғалар... Құдайға шүкір, қасиетті қазақ топырағы да мұндай ұлағат тұтар ұлдарға кенде бол­ған емес. Еліміздің егемендігі, жұртымыз­дың тәуелсіздігі жолындағы арыстанша алысып өткен ерлер бізде де баршылык. Солардың ішінде, әсіресе, орыстың озбыр отаршылдығына қарсы күрестің түу ту байлар жерінде тұрған Сырым Датұлының есімі тіптен ерекше аталуы тиіс. Ол – жоғарыда аттары аталған әйгілі тұлғалармен қатар тұратын, солармен терезесі тең қайраткер екенін қадап айтар кез әлдеқашан келді. Сырымның азамат болып, ат жалын тартып мінген заманы – Ресей патшалығының барлық жағынан бірдей күш-қуаты толысып, енді жан-жағындағы елдерге ауыз сала бастаған кезеңмен тұстас келді. Империя, әсіресе, өзінің экономикалык және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып, бодан елдерге шеңгелін батыра түсті. Сөйтіп, олардың мойнына құлдық қамытын мәңгілік кигізіп, кіріптар қылып қою үшін жан-жақтарынан әскери шептермен тас қоршауға ала бастады. Осы мақсатпен тек 1755-1772 жылдар аралығында ғана Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан – Өскеменге дейінгі 3,5 мың шақырым шеп бойына бекіністер салынды. Бұлардың қаншалықты жақын орналасқандығын және әскери күштің қаншалықты қуатты болғандығын байқау үшін тек Жайықтың ғана бойында 48 бекініс, 50 редут, 48 форпост, яғни 146 әскери нүкте болғанын айтсақ та жеткілікті болар. Бұларға қоса, Жайықтың теңізге құяр сағасынан Қараөзенге дейін Жайық казактары, Елек бекінісі мен Верхнеуральск бекіністерінде Орынбор казактары тұрғанын және бұлардың қай-қайсысы да патшалық Ресейдің отарлау саясатын өте қатал жүзеге асыруға көмектескенін айтсақ, жағдайдың қаншалықты қиын болғаны айқындала түспек. Ол – ол ма, әрбір жаңадан салынған бекініске сырттан казак-орыстарды көшіріп әкеліп, оларға жер бөліп беріп, қазақтардың мал жайылымдарын тарылтқан үстіне тарылта түсті және бекініске жақын отырған қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шабуыл жасап, малдарын айдап, адамдарын байлап әкетіп отыр­ды. Шабуылдар тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалынған. Бұл, сірә, күштінің әлсізге қылар зорлығының ежелден келе жатқан әдісі болса керек. 1830 жылдары француз әскерінің Алжирге басып кіруі – осы ел басқарушысының шыбын үркітетін желпуіші қасында сөйлесіп отырған француз консулының бетіне тиіп кеткендігінен, «елімізді қорладыңдар» деген желеумен басталғаны сияқты, орыс отаршылдарының қазақтарға тиісуі де: «Малдарың жинап қойған шөбімізді шашып кетті», «Су ішкен жылқыларың Жайықтың балығын үркітіп, өзенді лайлады» деген сияқты себептерден де болған. Мұны Орынбор әкімшілігінің өзі де мойындайды. Орынбор әскери губер­наторы Н.Н.Бахметьев кейінірек император I Александрге жазған хатында: «...Осы жаман әдет аркылы өзіне дүние-мүлік жинап, ба­йып алғандар көп», – деуі, әрине, тегін емес (Қараңыз: «Матери­алы по ист. КазССР». IV т., 193-6.). 1783-1797 жылдары Кіші жүзде Сырым Датұлы бастаған қазақ халқының ұлттық езгіге, отаршылдықка қарсы күресінің шығуы, міне, осындай жағдайларға тікелей байланысты. Сырымның өз замандастарынан мойны озық тұрғандығының тағы бір дәлелі – оның тек қана ханды тақтан тайғызғандығында емес, сонымен бірге тақтан түсірілген сол ханның да, хандық биліктің де орнына ел билеудің жаңа үрдісін дүниеге әкелгендігінде. Осы жерде біздің тарихшыларымыздың батылы барып айта алмай жүрген бір шындықтың басын арши кеткеніміз дұрыс. Ол – Сырым Датұлының мемлекеттік үлкен көлемде ойлай алатын басшы, ірі кайраткер болғандығы. Оған дәлел – өзіне дейінгі жұрт естімеген ел билеудің жаңа формасы «Халық кеңесін» Сырымның өмірге әкелгендігі. Және бұл, шындықты мойындай алар жұрт бар болса, тек қазақ халқының тарихында ғана емес, бақ-дәулеті кемеліне келіп тұрған сол тұстағы өркениетті елдердің өзінде де жүзеге аса қоймаған демократиялық ел басқару идеясының өмірге енуі еді; ол идеяның керемет дамыған әлдебір елде де емес, өзі біреудің боданында отырған қазақ елінің бір пұшпағында өмірге енуі еді және соны Сырым секілді қазақтың бір шаруасының баласы үрдіске енгізгені еді. Адам баласының тарихында әлем халықтарының қажетіне жарарлық әлдебір жаңалықтар бола қалса, оны тек өркениетті елдерден, Еуропадан, Батыстан шыққан етіп көрсетуге тырысатын бір жаман әдет бар екені қазір баршаға аян. Ғылымда оның «еуроцентризм» деген аты да бар екені белгілі. Ал егер хандықты кішкентай монархиялық құрылыс деп есептесек, Сырым сол монархиялық (яғни хандық) билікті де, монархты (ханды) да құлатып, енді бұқараның өз ортасынан шыққан халық өкілдері басқарсын! – десе, бұл – сол тұстағы Еуропаңның да есін тандырарлық жаңа идея еді. Және бұл – Париждегі қалалық өзін-өзі басқару органы «Париж коммунасын» дүниеге әкелген 1789-1794 жылдардағы Ұлы фран­цуз революциясынан да төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген ел басқару әдісі екенін ескерсек, өзі бастаған көтеріліс нәтижесінде Сырым адам баласының қоғамдық өміріне қандай үлкен жаңалық әкелгенін тереңірек ұғар едік. Сонымен... Сырым қозғалысының тарихын зерттеушілер туралы айтар болсақ, ең алдымен, осы көтерілістің нағыз тарихнамасы мынау еңбектен басталады дейтіндей, әдейі арналған ғылыми-зерттеу бізде өткен ғасырдың 30-40-жылдарына дейін болмағанын ашық айтуымыз керек. Сөйте тұра, бір ғажабы, Қазақстанның өткен замандардағы тарихына қалам тартқандардың ішінде бұл көтерілістің жай-жапсарына соқпай кетпегендері кемде-кем. Және олардың қай-қайсысы да (аз айтсын, көп айтсын) бұл көтеріліске үлкен мәні бар оқиға ретінде қараған. Сондай еңбектердің бастауында – 1832 жылы Санкт-Петербургтен шыққан А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» деген еңбегі тұр. Осы еңбектің II томының қырық шақты беті тек қана Сырым қозғалысының та­рихына арналған. Әділін айту керек, А.И.Левшин бұл оқиғаға объективті тарихшының көзімен қа­рамайды; қайта кітабының «Описание» деген атынан көрініп тұрғандай-ақ, отаршыл­дық саясатты жүзеге асыруға көмектесіп жүрген патшаның көп шенеунігінің бірі ретінде ол бұл көтеріліске әлгі отаршылдық саясат жолына кесе-көлденең тұрған бір кеселді оқиға түрінде қарайды. Бұл еңбектің, әсіресе, олқы соғар тұсы деп, біз мұнда көтерілістің шығу себептеріне де, оның қозғаушы күштеріне де, сол тұстағы қазақ қоғамының жай-жағдайына да талдау жасамағанын айтар едік. Сондай-ақ он төрт жылға созылған осынау күрестің өзегінде ірі-ірі әлеуметтік, саяси себептер жатқандығын көрсетудің орнына ашынған халық бұқарасының жаппай бас көтеруі – оның басшысы Сырымның ғана Нұралы ханмен араз болуынан немесе оның хандық билігін күндегеннен, қызғанғаннан болды деуі немесе 1790 жылдары тағайындалған генерал-губернатор Пеутлинг елдің еркінен тыс Ералыны хан сайлағанда Сырымның патша әкімшілігімен кетісуін тағы да Ералының жеке өзімен Сырым бақталас болғандығынан солай істеді деуі – нағыз тарихшы-зерттеушінің тұжырымы емес. Әйтсе де, А.И. Левшиннің көтеріліс қалай дамығанын суреттеуі; Уфа және Сібір әкімшілік аймағының наместнигі О.А.Игельстромның реформалары не себепті ел ішінде тиянақ таппағанын баяндауы; 1790 жылдардың бас кезінде патша әкімдерінің Сырымға көзқарасының түбегейлі өзгеруі неліктен болғанын түсіндіруі; сондай-ақ оның еңбегінің фактологиялық жағынан едәуір құнды жерлерінің барлығы – бұл еңбектің зерттеушілер үшін өте қажетті дүние екендігіне көзімізді жеткізе түседі. Бұған қоса, Левшиннің бұл еңбегі Сырым қозғалысының тарихнамасында кейінгі зерттеушілердің көбіне негіз болғаны – тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Мәселен, Левшиннің ой сорабының ізі жосылып жатқан сондай еңбектердің бірі – 1868 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Область сибирских киргизов. Материалы для географии и ста­тистики России» дейтін М.Красовскийдің кітабы. Ресейдің географиясы мен статистикасына арналған материалдар ретінде жарық көрген Л.Мейердің «Киргизская степь Оренбургского ведомства» дейтін еңбегінде де А.И.Левшиннің әсері анық байқалады. Бұл кітаптың екеуінде де авторлар Сырым қозғалысының фактілі де, нақтылы да жағын баяндауда Левшиннің айтқандарына ешқандай жаңа материалдар қоспай, тек соны ғана қайталап шыққан. Бірақ сол баяндалған оқиғаларга көзқарастары тұр­ғысынан қарасақ, М.Красовскиий де, Л.Мейер де А.И.Левшиннен өзгеше бағыт ұстағанын байқаймыз. Мәселен, М.Красовский қазақтардың қоғамдық қарым-қатынастары жөніндегі өзі ұстанған концепцияға сәйкес, бұл көтерілістің шығуына себеп болған жайттардың бірі – сұлтандардың қара халыққа жасаған зорлықтары еді деген пікір білдіреді. Бұл – дұрыс тұжырым. Бірақ автор осы ойын әрі қарай дамыта алмаған. Сөйтіп, бұл зорлықтардың ендігі бір ұшы – күннен-күнге өршіп келе жат­кан патша үкіметінің отаршылдық саясатымен тығыз байланысты екенін аша алмаған. Осы байланысты аша алмағандығынан болар, ол Игельстромның реформасы Кіші жүзде «Қырғыздардың (яғни қазақтардың – Қ.М.) ұғымына жақын тәртіп орнатты» деген қате пікірге де ұрынған. Л.Мейер болса, А.И.Левшин мен М.Красовскийге ұқсап бұл көтеріліске тек қана патшаның отаршылдық саясатының жолына кесе-көлденең тұрған кеселді оқиға деп қарамай, қайта бұл күресті қазақ халқының тарихындағы ерекше маңызды бір оқиға, үлкен белес деп қарайды. Көтеріліске осы тұрғыдан қарай білгендігінің өзі – Мейердің бірқатар объективті қорытындылар жасауына мүмкіндік берген. Мәселен, ол көтеріліске басшылық еткен билер мен рубасыларының әртүрлі тектен шыққандығын және осы әртүрлі топ өкілдерінің ел билеу ісі жөніндегі кереғар көзқарастарын тап басып, дұрыс тани білген. Жалпы, Сырым батыр қозғалысының та­рихнамасы онша бай емес. Сондықтан жо­ғарыда көрсетілген авторлар еңбегіндегідей арнайы сөз болмаса да, бұл қозғалыс жа­йында жанама түрде әңгімелеп кеткен кей­бір авторлар еңбегіне де тоқталсақ, өткен ғасырдың басындағы Ф.М.Лобысевичтің «Поступательное движе­ние Среднюю Азию в торговом и дипломатическом отношении», А.И.Добросмысловтың «Тургайская область» дейтін тарихи очеркін, М.Терентьевтің «История завоевания Средней Азии» дейтін дүниелерін айта кетудің артықтығы жоқ. Кеңес өкіметі тұсында бұл та­қырыпты қайта көтергендердің бірі – А.П.Чулошников болды. Ол өзінің «К истории феодальных отношений в Казахстане в XVII-XVIII вв.» дейтін еңбегінде Сырым көтерілісіне де соғып өтеді. Әсіресе, 1791 жылдардағы Сырым қозғалысының бағытын дәл тапқаны көрініп тұр. Бірақ бұл еңбектің де елеулі-елеулі, көзге ұрып тұрған кемшіліктері бар. Мәселен, Сы­рым Датұлының көтерілісін – ірі-ірі феодалдық топтардың күресі ретінде көрсетпек болуы, бұл көтерілістің қозғаушы күші – халық бұқарасы екенін бүркемелеп тастайтыны өз алдына, екінші жағынан, орыстың отаршылдық саясатына қарсы бағытталғанын мүлде естен шығарып тастағандай әсер қалдырады. Ол – ол ма, өзі «феодалдық топтардың өзара өштесуінен туған» деп отырған бұл көтерілісті А.П. Чулошников әлгі екі топтың арасындағы «сауда қарым-қатынастары жөнінде өздерінің беделді болуы үшін күресуінің нәтижесі» деп түсіндіруі – тіпті ақылға қонбайды. Сырым қозғалысының шын мәніндегі тарихын жасамақшы болып, ең бірінші талап қылған адам – А.П.Рязанов. Ол 1924 жылы «Советская Киргизия» журналының №10 санында әуелі «Батыр Сырым Датов» деген зерттеу мақаласын жариялады. Мұнан соң, 1926 жылы Қызылордада «Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа» (1797-1838) деген еңбегін жарыққа шығарды. Бұл еңбектердің құнды жері сол – Сырым өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты осы кезге дейін ғылымға белгісіз болып келген, белгілісінің өзі ғылыми айналымға түспей, талданбай, бағасы берілмей келген; Орынбордың архивіндегі көп-көп тарихи материалдар нақ осы еңбектерде бірінші рет сөз болып, халыққа жария етілді. «Эта была выдающаяся и талантливая личность, имеющая огромное влияние на массу казак-киргизского народа» деген баға да Рязановтың аузымен осы еңбектерде Сырым Датұлы секілді үлкен тұлғаның атына бірінші рет айтылды. Сонымен бірге Сырым қозғалысы осы еңбектерде тұңғыш рет нағыз тарихшының кәсіби көзқарасымен талданып, зерттелінді. Әйтсе де, бұл – А.П.Рязанов еңбектерінде кемшілік жоқ де­ген сөз емес. Әсіресе, архив материалдарын пайдаланғанда түпнұсқаны оқи алмай, Орынбор шекара экспедициясының өңдеуіне түскен, кеңсе аудармаларын пайдалануы; кейде асығыстық жасап, өзі пайдаланған архив материалдарының фактісін дәлме-дәл келтірудің орнына оның мазмұнын баяндауы; әсіресе, қазақ қоғамында қолданылып жүрген күнбе-күнгі әлеуметтік терминдердің мағынасына мән бермеуі – оның осынау елеулі еңбегінің естен шығаруға болмайтын кемшіліктеріне саналуға тиіс. Сырым қозғалысының тарихын егжей-тегжейлі зерттеген бірден-бір адам – М.П.Вяткин. Ол туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Н.В.Алексеенконың «М.П.Вяткин және оның Сырым Датұлы көтерілісі ту­ралы еңбектері» дейтін нақты зерттеуі бар болғандықтан, біз біреудің егініне түскіміз келмей отыр. Әйтсе де, Сырым қозғалысының тарихын зерттеушілер туралы әңгімелей отырып, М.П.Вяткин туралы ең болмаса бір-екі ауыз сөз айтпасак, аруақ аттағандай боламыз ба деп ойлаймын. Өйткені Сырым қозғалысының өзге зерттеушілері бір төбе де, М.П.Вят­кин – өз алдына бір төбе. Неге? Қандай да бір ғылыми жұмыс жүргізу үшін, оған алдын ала үлкен дайындық жасау, материал жинау керек екені жақсы мәлім. Ал Вяткин болса, Қазақстан тарихына байланысты зерттеулер жүргізіп қана қоймай, осы халықтың тарихына титімдей болса да қатысы бар-ау деген дүниелерді тірнектеп жинауға, жариялауға мұрындық болған адам екені өздеріңізге аян. Соның нәтижесінде бұрынғы КСРО-ның орталықтағысынан бастап, шалғайдағысына шейінгі архивтер түгел ақтарылып, бес томдық «Ма­териалы по истории КазССР» дейтін еңбек даярланды. Соның Сырым қозғалысына арналған үлкен бір бөлігі – 1940 жылы IV том ретінде, М.П.Вяткиннің «Политичес­кий кризис и хозяйственный упадок в Малой Орде в конце XVIII-нач. XIX в.» деген алғы сөзімен жарық көрді де. Кейін 1941 жылы шыққан «Қазақ КСР тарихы жөніндегі очерктердің» X тарауын, 1943 жылы шыққан «Қазақ КСР тарихының» XI тарауын да осы автор жазды. Керек десеңіз, генерал-губернатор А.А.Пеутлингтің өкілі ретінде Сырым батырға келіссөз жүргізуге барған мүфти Мұхаметжан Хұсайыновтың күнделік журналын да КСРО Ғылым академиясының баспасынан шығатын «Исторический архив» атты жинақтың 1939 жылғы II томына енгізген де – сол. Акыры, көп жылғы зерттеулерінің қорытындысы ретінде КСРО Ғылым академиясының баспасынан 1947 жылы «Батыр Сырым» атты монографиясы жарық көріп, қазіргі Мемлекеттік, ол кездегі Сталиндік сыйлықты алғанын айтсақ, осынау бір еңбекқор адамның Қазақстан тарих ғылымына, оның ішінде қазақтың тұңғыш ұлт-азаттық қозғалысын зерттеу ісіне қаншалық үлес қосқанын ұғуға болатын шығар деп шамалаймыз. Әрине, М.П. Вяткиннің еңбегінде еш кемшілік жоқ деп ешкім айта алмас. Өйткені ғылым дегеніміз – жаңарып, жаңғырып жататын үздіксіз үдеріс екені түсінікті. Сондықтан Вяткин еңбектерінің де ескірген тұстары, уакыт әкелген өзгерістер тұрғысынан қайта қарайтын жерлері болуы әбден мүмкін. Себебі ол да – өз заманының перзенті. Екінші жағынан, оның еңбегінің кейбір кемшіліктері – тек қана Вяткиннің емес, сол тұстағы тарих ғылымының, оның зерттеу әдістерінің ортақ кемшіліктері де еді деу жөн секілді көрінеді. Енді таңғалмасқа болмайтын бір жайтты айта кетуді өзіме борыш деп санаймын. Ол – неге екенін қайдам, Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісінің тарихын зерттеушілер­дің ішінде бірде-бір қазақ тарихшысы­ның жоқтығы. Неге бұлай? Мүлде түсініксіз. Жарық көрген «Қазақ КСР тарихының» бес томдығындағы академик А.Нүсіпбеков жазған Сырым қозғалысы туралы тарауды мен әдейі айтпай отырмын. Неге? Біріншіден, бұл еңбек – хронологиялық жағынан алғанда да соңғы жылдардың жемісі. Сондықтан ол туралы сөзімнің аяқ жағында әңгімелегеннің еш әбестігі жоқ болса керек. Екіншіден, әрі ең басты себебі: бұл – кеңестік ресми тарихнаманың көзқарасы. Үшіншіден, бұл еңбек – автордың рухани қажетінен емес, осы бес томдықты шығарған ғылыми мекеменің қажетінен туындағаны ап-анық көрініп тұр. Түсініктірек етіп айтқанда: пәлен томдық «Қазақ КСР тарихы» жарық көруге тиіс болды; оған Сырым қозғалысы секілді ірі оқиға енбей қалуы мүмкін емес-ті, оны біреу жазуға тиіс-тұғын, тағысын-тағы басқа себептер... Бұған қоса ресми тарихнаманың көз­қарастары ауқымынан шыға алмай қалған бұл еңбектің үлкен де елеулі екі кемшілігі бар деп білемін. Біріншіден, бұл еңбек Сырым қозғалысы туралы бұрынғы зерттеулерге зәредей де жаңалық қоспаған. Екіншіден, не ғылыми жағынан, не фактологиялык жағынан сүйенер негізі, жаңа материалдары болмаса да, автор көтеріліске де, бұл қозғалыстың жетекшісіне де баға беруге келгенде, өзіне дейінгі біраз ба­йыпты зерттеушілердің, мәселен, орыс ғалымдарының шыққан биігіне көтеріле алмаған. «Қазақ КСР тарихының» осы оқиғаға арналған тарауының авторына құлақ түрсеңіз, ол: «Сұлтандармен келісімге барған билер мен рубасыларының сатқындығы, көтеріліс басшыларының, атап айтқанда, Сырым Датовтың дәйексіздігі мен солқылдақтығы халық көтерілісінің жеңілуіне себепші болды», – дейді. Дәлел қайда? Дәл осындай ой қо­рытындысын жасауға дәйек боларлық құжаттар бар ма? Біріншіден, мұндай дәлел-дәйектемелер авторда жоқ. Екіншіден, көтеріліс жеңіліс тап­қандықтан басылып қалған жоқ, оны күрестің басшысы – Сырымның өзі тоқтатты. Басқаны былай қойғанда, осы кітап («Қазақ КСР тарихы», III т., 130-бетінде) авторының өзі: «1797 жылдың тамыз айындағы Хан кеңесіне Сырым мыңнан аса жолдастарымен келіп, мәжіліске қатысып, сол жерде: «...халықтың ауыр жағдайына және Хан кеңесінің құрылуына байланысты өзінің күресті тоқтататынын (қайталап айтамыз: жеңілгенін емес, тоқтататынын. – Қ.М.) мәлімдеді», – деп жазып отырғанын өзі ұмытып қалғаны ма?! Үшіншіден, көтеріліс жеңілген болса, 1785 жылдан 1790 жылға дейін үздіксіз, ал одан соң реті келгенде Сырым құрған Халық кеңесі үнемі жиналып тұрар ма еді?! Төртіншіден, көтеріліс жеңілген болса, оның басшысы Сырым «дәйексіз», «сол­қылдақ» біреу болса, қырық жылға жуық ел билеген Нұралы ханды тақтан кім тайдырды? Бесіншіден, көтеріліс мақсатына жетпеген болса, 1785 жылғы 21 қыркүйекте өткен Халық кеңесінен кейін, елдің алдында тұрған ең үлкен қиыншылық – жер мәселесі шешімін тауып, Жайықтан арғы шүйгін жайылымдарға шығуға 70 мың 300 үйге рұқсат берілер ме еді? Алтыншыдан, көтеріліс мақсатына жетпей, жеңіліс тапса, көлденең жатқан Жа­йықтың күншығыс бетін жайлаған қазақ дей­тін жұртыңның тынышын кетіріп, тыным­сыз шапқыншылық жасаумен айналысқан озбыр отаршылдардың зорлықтары тыйылар ма еді?! Осының бәрін көтеріліс көсемі Сырым жүзеге асырды ғой! Ханды тақтан тайдырса, оның орнына – «Халық кеңесін» орнатып берді. Елді тығырыққа әкеп тіреген ең үлкен қиыншылықтардың бірі – малға өріс, жұртқа қоныс та, екіншісі – озбыр отаршылдар­дың құлдық қамытын халқының мойнына ілгізбеу болса, Сырым өз заманында мұның екеуін де істеді. Сонда бұл Сырымды «дәйексіз» де «солқылдақ» деп жазғырудың жөні қайсы?! Әлде автор оны: «Озбыр отаршылдық жүйені жермен-жексен қылып біржола жеңе алмадың» деп кінәлағысы келе ме? Ондай күш ол заманда қайда, Құдай-ау! Қайта «Қолынан келгені – мынау, ал мынадай істерді тындыруға мүмкіндігі болмады» деген лайықты да ақиқат бағасын бермей ме екен тарихшы? Мұнан шығар қорытынды: ұлттық езгі­ге, отаршылдыққа қарсы бағытталған бұл тұң­ғыш көтерілістің ресми тарихнамада­ғы бағасы түгелімен қайта қаралып, Қазақ­станның саяси тарихындағы оның орны мүлдем жаңа­ша көзқарас тұрғысынан қай­тадан баяндалма­са, ендігі жерде Қазақстан тарихы ғылы­мына үлкен мін болғалы тұр. Әдебиетіміздің ақсақалы Сәбит Мұқанов 1942 жылы шыққан «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерк­тер» дейтін кітабында Сырым есімін әдебиет тарихына неліктен кіргізіп отырғанын айта келіп: «Сырымнан ілгеріректе өткен Бұқар жырау патша үкіметінің отаршылдық саясатынан соққан ызғардың алыстағы демінен қалтыраса, Сырым батыр сол ызғардың түтеген боранына тұншықты, аязынан үсіді. Бұқар жы­рау отаршылдық өртіне алыстан байбалам салып, оның арты неге соғарын данышпандықпен болжаса, Сырым батыр сол өртке шарпылып, оны сөндіруге жанталас­ты. Сырым көтерілісі Бұқар жыраудың жырында айтылатын қауіптің расқа шыққа­нын іс жүзінде дәлелдеді», – деп жазып еді. Ақсақал қаламгердің ел тарихындағы елеулі оқиғаларға осылайша мән беруі – кейінгі қаламгерлерге үлгі болғандай. Орыстың зиялы адамдарының бірі, белгілі тарих­шы Михаил Порфирьевич Вяткин: «Тарих мынаны айқын көрсетеді. Ол – Сырымның өз халқына білдірген асқан сүйіспеншілігі; өз халқын сатқан ел басшыларымен ешқашан ымыраласпайтындығы; өз Отанының бостандығы үшін, оның мемлекеттігі нығайып, дамуы үшін жанын аямай күрескені... Қазақтар халық қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан есінен шығармақ емес», – деп жазып еді. Одан бері қаншама уақыт өтті... талай нәрсе ұмыт болып, талай нәрсе ескірген шығар. Бірақ Михаил Порфирьевичтің бұл қорытындысы ескірді деуге әлі күнге ешкімнің аузы барған емес. Ескірмейді де! Өйткені бұл – ақиқат сөз еді. Ал ақиқат ешқашан ескірмек емес!

Қажығали  Мұқанбетқалиұлы, жазушы

23716 рет

көрсетілді

98

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы