• Тұлға
  • 03 Ақпан, 2011

Басталған іс баянды болуымен құнды

d0b6d0b0d0b4d0b8Жәди Шәкенұлы, жазушы-журналист:

– 2000 жылдың басы мен аяқ кезінде шетелдерден ағылған қазақ көші көңіл қуантқан. Қазіргі көшіміз қалай? – Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шеттегі қазақтарды Ота­нына шақыру идеясы және Үкіметке бер­ген тапсырмасы әрі сол тапсырма­ның орындалуы ерекше қуантып еді. Алайда биліктің тізгінін ұстаушы ұсақ атқамінерлердің нақтылы жұмыстар­да көп нәрсені біле бермеуі, шеттен кел­ген қандастарға деген туыстық, қандас­тық сезімінің салқынқандылығы көштің іркіліп қалуына әкелді.Ашық айтсақ, Елбасымыздың алыстағы ағайын­ды Ота­нына оралуға шақыруы – шеттегі 5 мил­лион қазақтың көңілінен шығып, көзі­не жас алдырған жақсы бастама. Өкініш­тісі, көші-қон төңірегіндегі азаматтар­дың атқарған қызметінің әлсіздігі салда­рынан істің аяғы сиырқұйымшақта­нып кетті. Бір кезде Көші-қон агенттігі деген болды. Ол тарағаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қол астына қарайтын Көші-қон комитеті құрылды. Ол да болмай, қазір Көші-қон комитеті Ішкі істер министрлігінің құзырына беріліп жатыр. Бұл бұдан кейін не тындырады, оны уақыт көрсетеді. Негізі, басталған істің тоқырап-тоқтауы, баянды жалғасы болмауы, басшылықтың қайта-қайта өзгеруі көп жағдайда жұмысқа кері әсерін тигізді. Осының салдарынан көші-қонда қордаланған мәселелер көбейіп кетті. 2009-2010 жылдардағы көшу ешкімді қанағаттандырмайды. – Сонда не істеу керек? – Көші-қон мәселесімен айналысатын кейбір шенеуніктер «Біз бәлен­бай қандасымызды әкеліп жатыр­мыз, жарылқап жатырмыз» деп жалған мәлімет береді. Шеттегі ағайынмен жұмыс істейтін құзырлы органдардың тәртібі реттелуі керек. Көші-қонға қатысты заң кемелді болуы керек. Парламент қарауына қайта ұсынылған көші-қонға байланысты заң қандастар­дың шынайы мүддесіне бейімделіп, солардың тағдырын шеше алатын баптармен толықтырылуы керек. Сонда ғана алғашқы жылдардағы жетістіктерге қол жеткізіп, Елбасымыз берген тапсырманы баянды жалғастыра аламыз. Қытай Халық Республикасын алатын болсақ, ондағы қазақтардың саны ресми дерек бойынша – бір жарым миллион, ресми емес дерек бойынша – бір мил­лион 900 мың. Демек, біздің екі миллионға жуық қандасымыз Қытай жерінде. Бұл елде қытай тілін оқып-үйренуге ерекше мән беріледі. Сол себепті қазақ жастары ана тілінен ажырап қалар ма екен деген күдік те жоқ емес. – Сіздің ұсынысыңыз қандай? – Оларды құтқару керек. Құтқару дегеніміз – оқтың өтінен, оттың жалынынан алып қашу дегендік емес, ділі мен дінінің, тілінің өзегінен айырылып бара жатқан қандастарымызды рухани ашаршылықтан азат ету деген сөз. Бүгінгі Қытай үкіметі өзінің халқына қандай бір тиімділіктер жасаса, аз ұлттардың заттық өміріне мән беріп жатса, ондағы қандастарымыздың тұрмыстық жағдайында да белгілі бір дәрежеде оң өзгерістер болады. Соның жарқын мысалындай, соңғы жылдары ондағы қазақтардың Қытай үкіметінен алатын тұрмыстық жәрдемақысы едәуір өсті. Ал Қазақстаннан қайтқан қазақты қытайлар маңдайынан сипап, үйін, жерін беріп, жұмысқа алса, тұрмыстық жәрдемақы тағайындаса, олар ойланып қалуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда жұрттың барлығын отаншыл бола қоймадың деп кінәлаудың өзі қиын. Бүгінгі күн шетелдегі қандастарымызды «құтқаруымыздың» әртүрлі мүмкіндіктері бар. Оларды көшіріп алмасақ та, мәдени-рухани байланыстарымызды барынша тереңдете беруіміз керек. Әртүрлі ақпарат құралдары арқылы Қазақстанның тыныс-тіршілігі шетелдегі қандастар­дың құлағына жиі жетсе, олар өздеріне жоқшы болып отырған біздерден жылы сөз естіп отырса, осының өзі – үлкен жанашырлық, қамқорлық. – Шеттегі ағайынның оралуына сол елдерде жұмыс істеп жатқан қазақ елші­ліктері белгілі деңгейде қызмет етпей ме? – Виза мәселесі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің құзырындағы жұмыс. Мәселен, аталған ведомствоның Үрімжі қаласындағы виза ашу бөлімінің өз міндеттеріне салғырт қарайтындығы қынжылтады. Кешегі Кеңес заманында, 1955 және 1962 жылдары Қытайдан көптеген қандастар Қазақстанға оралды. Сонда олар кім арқылы жұмыс істеді? Үрімжі, Іле, Алтай, Тарбағатай жерінде консулдық басқарманың бөлімшелері болды. Қазақстанға келем деген барлық ұлт өкілдеріне, міне, солар қызмет істеп, көмек берді. Соның арқасында 200-300 мың қазақ көшіп келді. Шынын айту керек, бұл орайда біз бүгінде сол кездегідей жүйелі жұмыс атқара алмай отырмыз. Қазір Қытайдан 100 мыңға жуық қазақ көшіп келген болуы мүмкін. Көші-қон комитеті көрсеткен 800 мыңнан астам қазақ көшіп келді дегенінде де шикілік бар. Себебі кері көшіп кеткендер мен екі жерге тіркеліп, квота алғандардың есебін ешкім білмейді. Шекарадан қанша қазақ кірді? Олар қай жерге барып жатыр? Оны да айта алмаймыз. Әйтеуір, біреу келіп, біреу кетіп жатыр. Сұрау жоқ. Мысалы, Германия өзінің қандастары қай жерге келе жатыр, қандай көмек қажет, қандай кәсіп, жұмыс беру керек, қай жерге орналастыруға болады дейтін мәселелерді жүйелі тәртіппен шешіп қойған. Ешқандай сұрақ та, талас та болмайды. Келіп-кеткен адамдарының барлығы тексеріліп отырады. Біздегі Көші-қон билігін ұстап отырған қайсыбір шенеунікке кірсеңіз, қағазын ақтарады. Көзіне көрінген санды қойып қалады. Шын-өтірігін өзі де білмейді, сіз де білмейсіз. Шеттен келіп жатқан қандастардың тағдыры – қазақтың жартысынан астам бөлігінің тағдыры. Ал енді оны ешқашан жоқтаусыз қалдыруға болмайды. – Көшіп келген ағайындарға емес, көшіп келе алмай жатқан ағайындарға не айтар едіңіз? – Қазақ ұлтының тарихтағы сорынан бүгінгі бақыты үстем. Жас Қазақстандағы азғантай қиындықтар біздің ата-бабаларымыздың толарсақтан қан кешіп, Гималайды асып көшкенімен салыстырғанда түк емес. Қазаққа Алла Тағала шексіз бақыт берді. Егеменді елі бар, кен-байлығы лықсыған жері бар. Отанның осы игілігін пайдалану, кәдеге жарату, ата топырақты кейінгі ұрпаққа аманаттау – қазақстандықтардың ғана емес, күллі қазақ баласының борышы. Олай болса, шеттегі ағайын ата-бабалары армандаған көк тудың астына өздері жете алмаса да, ұрпақтарын жеткізуі керек. Қазақтың қазақтығын сақтауды жан-тәнімен қорғау керек. Қазақ боп туып, қазақ боп өмір сүргенін мақтаныш ету керек. – Шеттен оралған ағайынның атажұр­тына әкелген байлығының бірі – таза сақталған ана тілі дейді. Бұған не дейсіз? – Біз алғаш Алматыға келгенде алдымыздан шыққан апаларымыздың бірінің: «Сендерді көргенде, сөздеріңді естігенде, баяғы Ахмет, Міржақып, Мағжандар тіріліп келгендей қуанып отырмын» дегені бар. Бұл – шын сөз. Шеттен келген қазақ – алыс таулардың қатпарына жасырынған асыл қазынамыз болып қайта оралды. Соның ішінде ұлттық рухының, ділінің, тілінің тазалығы жа­йында мен емес, талай ағаларымыз айтып жүр. Бізді ортақ қазақ қазанында тоғыстырып, дәм араластырған, бақытты күндердің куәсі еткен Аллаға тәубе! Қазақтың күні жарқырай берсін! – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

1948 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы