• Қоғам
  • 19 Ақпан, 2009

«ҚАРҒА АДАМДАР»

Жабыр-жабыр жоталардың ортасында «жабайы ауыл» барын ешкім білмейді. Осыған дейін тұрғындарының тағдыры ешкімді қызықтырмаған ол ауылда бір қауым ел тұрады. Біздің қарыштап дамыған мемлекетіміздің әл-ауқаты диірменнің тасындай шыр айналып тұрған тұста, өткен ғасырдағы аштықтың жайын кешіп отырған бұл не қылған ауыл? Білгіңіз келсе, біз көріп қайтқан жайды өз көзіңізбен оқыңыз... «Тағы адамдар» бар... Өркениет қаласы. Алматы. Күнің қабағы күңгірт тартып тұр. Арлы-берлі сапырылысқан көліктерде тыным жоқ. Мен мінген машинаның арынын бағдаршам басты. Дәл жаныма қапталында «Ақ Тәртіп» деп жазылған қоқыс жинайтын көлік келіп іркілді. — Ағасы жол жиегіне шығып, тоқтайсыз ба? — дедім терезеден. Көлікте үш адам бар екен. Бірі — жүргізуші. Екеуі — жүкші. — Сіздердің жұмыстарыңыз жайлы мақала жазсам деп едім. Үшеуі де бірден келісе қоймады. Бірақ, уәждері «Бастық рұқсат етпейдіден» аспады. Ал мен болсам, қинағандай көліктеріне төртінші адам болып отырып алдым. — МАИ қызметкерлері тоқтатса, өзің жауап бересің. Келіскендей сыңай таныттым. Бұл көлік Бостандық ауданында орналасқан жер үйлер маңындағы қоқыстарды жинайды екен. Қаланың қуыс-қуыс көшелері арқылы жол жиегіндегі қалдықтарды қалдырмай тиеп келеміз. Ара-тұра әңгімелесіп қоямыз. Жинаған жүкті «Өжетке» апарады екен. Ол жерде қажетті заттарды бөліп алып, қалғаны қала сыртындағы қоқыс полигонына апарып төгіледі. Тек, жексенбі күндері ғана «Өжеттегі» қоқыс қабылдайтын зауыт істемейтін көрінеді. Ол күні қала ішіндегі қалдықтардың барлығы Ұзынағаш жақтағы полигонға жөнелтіледі. Жүкші жігіттермен бірге машинадан түсіп қоқыс тиеспек боламын. Бірақ, қалам ұстаған ақ саусақ, бұл кәсіпке жуық маңда икемделе қоймайтын секілді. Білек сыбанып кіріспек түгілі, өзімді қорсынып тұрмын. Осыны аңғарған жүкшілер «Көліктің ішінде отыра бер. Біз өзіміз-ақ...» деп қояды. Қаланың біраз жерін шарлап үлгердік. Әңгіме ағыны қоқыс терушілер жайына ойысты. «Ұзынағаш жақтағы полигонда қысы-жазы тұратын «тағы-адамдар» бар. Шай-тұзын сол арада бөтелке теріп, ажыратып отыр» — дейді жасы елуге аяқ басқан жүкші аға. Бұл әңгіме мені елең еткізді. Нақты полигонның мекен-жайын біліп түсіп қалдым. Қоқыс жинаушылардың өмірінен гөрі, қоқыстан қала тұрғызып, күнелтіп жүрген қазақтардың тағдырын көзбен көру қызықтырақ көрінді. Оның үстіне көлікке жүк тиеу маған қол емес екен. Әзірейіл келді... Ұзынағашқа баратын күре жол діттеген жерге тез-ақ жеткізді. Қала іргесіндегі Әйтей ауылынан бір шақырым өткеннен соң, оңға қарай бұрылғанбыз. Жол үстіне «шлагбаун» тұр. Қоқыс тиеген бір КамАЗ-дың артынан ішке ендік. Біздің көлікті ешкім елемеді. Біраз жүргеннен соң, қара жолдың ой-шұқыры көлігімізді титықтатып-ақ тастады. Енді аз жүрсең, батпаққа белшеден бататын түріміз бар. Көліктен түстік. Былш-былш. Әжеміздің иі қанған қамырындай белуардан келетін батпақты аяқпен илеп келеміз. Алматының қытымыр райы бетті шымшылайды. Аяқтан өткен сыз денеге жайлап жайылып, басты солқылдата бастады. Көрер көзге тас лақтырым жер болғанымен, біз бетке алған «Қоқысстан» жеткізер емес. Ғылымбек те (фототілшіміз) «шешінген судан тайынбастың» керімен ілбіп келеді. Ары-бері өткен КамАЗ-дардың қос доңғалағы бізге арнайы саңылаудай қос соқпақ әзірлеп кетіпті. Соған түсіп алғанбыз. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс бізді кері тартады. Мақсат-мүддеміз алдыға... Гүрілдеп келіп жүк көлігі тоқтады. Қуанғаннан секіріп-секіріп мініп алдық. Жөндеп көре алмай келеді екенбіз. Айналамыз тау-тау қоқыс. Арасынан қараңдаған жандар тырбың-тырбың етіп қалдық заттарды қопарып жатыр. Ар жақтағы жырадан бір топ қарға көкке көтерілді. Қаңқылдаған дауыстары азан-қазан. Қызу тірлікке кіріскен адамдардан үркіп, өз жемтігіне қона алмай жүр. Қоқыс ішінде мұрнынан тіреліп, жұмыс істеп жатқан үш жігітке жақындадым. Жан алғыш Әзірейіл келгендей үрпиісіп қалды. — Ассаламағалейкум, жігіттер! — Уағалейкум. Үшеуі де әңгімеге сараң болып шықты. Әлдебір тексерумен жүрген жандай күдікпен қарап, «басқаларға барыңызшы» деп қоқыс аралап кетті. Жер ошақта шәугім қайнатып отырған ағаға қарай беттедім. Ол да менен теріс айналды. Мәңкүр-Нүңкір келіп сұрамаса, мұндағы біреу жауап бере қоймас деп ойладым. Үлкен қапқа «пластмасса» бөтелкелерді қаптап жатқан жігіттермен саудаластым. «Ана жақта ала-шапан киген бастығымыз бар. Сол кісімен сөйлес». Сонда да, қоймай қаптардың келісін нешеден өткізетіндерін сұрап жатырмын. «Пластмасса бөтелкелердің бір келісі — 5 теңгеден. Шыны бөтелкенің бір данасы — бір теңге. Мынау қап 100 келі тартады. 15-20 келісін есептемейді. Қалғанын өзіңіз есептей беріңіз». Шамамен үлкен бір қап 800 теңгедей болады екен. Әрине, біреулер үшін аз қаржы емес. Үй-күйі жоқ жігіттер Қарақалпақстаннан келіпті. Жұмыс болмаған соң, осында келгендерін айтады. Бұл жігіттермен де сөзіміз жараспады. МАИ қызметкері Бұл мекенге келгенімізге бір-ақ жан қуанды. Ол — «МАИ қызметкері». Жо-жоқ, қара батпақтың ішінде кәдуілгі МАИ қызметкері қайдан жүрсін? Алтыншы сыныпты тәмамдап, онан соң қоңырау дыбысын естімеген — жасөспірім. Баланың қиялына ешкім шектеу қоя алмайды ғой. Қолында ала-таяқ. Қаннен қаперсіз ойнап жүр. Келіп кеткен КамАЗ-дарға бағыт сілтеген болады. Батпақ үсті-басын сағал-сағал еткен. Амандасқанымызда қолының тұяқтан бетер болып кеткенін аңғардық. — Атың кім? — Жасур — Оқисың ба? — жоқ. — Неге оқымайсың? — Оны директордан сұра... Сөзі мірдің оғындай. Мана біз әркімнен сұрап жауабын ала алмай қойған ауылдың (қоқыс теретіндердің баспанасы) бағытын осы «МАИ қызметкері» көрсетіп жіберді. Аты жоқ ауыл Жалғызаяқ жолдың батпағын омбылатып отырып, қоқыс тергіштердің тұрағына да жеттік. Жыраның ішіндегі ауыл бірден көзге түспейді екен. Қызығы, бұл ауылда толықтай мемлекеттік тіл салтанат құрған. Өйткені, мұнда қазақтан өзге ұлт өкілдері тұрмайды. Таңы да біздікі секілді атады. Күні де біздікі секілді батады. Емшектегі сәбилері де ана махаббатынан кенде емес. Жүгіріп жүрген балалардың мектепке бармайтыны болмаса, өзгелерден ешқандай кемшілігі жоқ. Дені сау. Хақ-Тағала олармен бізді бірдей етіп жаратқан. Түскі асқа балық қуырып отырған кейуананың жүзінен осы күнге деген реніші де байқалмайды. Тағдырдың жазуына көндігіп, беймарал тірлік істеп, аласапыран өмірде құлқынның тесігіне талғажау етер дәм-тұзды осы арадан тауып отырғандар үшін бұл кәсіптің ұяттығы да жоқ. Баспаналары қоқыс ішінен шыққан қалдықтармен қаланған. Қыстың қалың қарына, жаздың жауынына төтеп беретін лашықтағы жайдың қандай екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Тұла бойыңызды үрей билейді. Қырық жамау жапсарлас қосарланған лашықтың ішінде екі-екіден отбасы орналасқан. Сұрастырып жүріп, шамамен осы ауылда жиырмаға жуық жанұя күнелтіп жатқанын білдік. Аянышты. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» қалтафоныңыз бен интернеттің иісі сезілмейді. Оны қойыңызшы, осы маңда күнелтетін жандардың құжаттары да жоқ болуы мүмкін. Құжатыңыз былай тұрсын, олар «Іліш шамын» атам-заманда ұмытқан. Жо-жоқ. Сіз ойлағандай олар араққа арын бұлдаған «БОМЖ-дар» емес. Кәдуілгі ақыл-есі түзу — жарлылар. Еліңіз егемендік алып, етек-жеңін жиғанда туған жерге туын тіккен қандастарымыз. Бір жырадағы ауылды сыртынан бақылап тұрмыз. Бағанағы «МАИ қызметкері» бір төбеге шығып алып қол бұлғайды. Шақырған жерге алып-ұшып жеттік. Төбенің асты ойпат. Осы ойпатта және бір лашық-ауыл бар екен. Сыртынан қараған жанға қоқыс қала болып көрінеді. Бір лашықтың алдында 4-5 жасар екі бала ойнап жүр. Біз жақындағанда құжырадан отағасы шықты. Әңгіме сұрадық. «Қазір жұмыс жоқ» — дейді. «Осы қоқыста екі жыл жүріп байып кеткендер бар деп естідім» — дедім әңгіме көрігін қыздырып. «Қайдағы байыған. Жаз шықса, құрлысқа кетемін. Қазірше бос отырмаудың амалы ғой» — дейді. «Қайдағы қарақалпақтар үшін...» Тәп-тәуір басталған әңгімені айғай бұзып жіберді. Екі адам біз шығып ауылды тамашалаған төбенің үстінде аттанға салып тұр. Бірі — ала шапан. Манағы бастықтары осы болса керек. Шамасы келсе, осы ауылды көріп қойғанымыз үшін сазайынымызды тартырмақ ниетте. Енді, сұрақтың астында біз қалдық. — Сендерді кім кіргізді? — Бізге ешкім кірме деген жоқ. Аттаншыл жігіттің аты Қанат екен. Ығына жығылсаң, көзіңді күп қылып ісіріп жіберуден тайынар түрі жоқ. Біз де аттың басын жіберіп алдық. Оңайлықпен жеңілмейтінімізді білген ол: «Қайдағы Қарақалпақтар үшін...» — дейді. «Олар қарақалпақ емес, қазақ. Қазақтың Төлеген Айбергеновтай ұлын туғызған Нөкістен келген бауырлар» — дегім келді. Бірақ, онымды тыңдай қояр құлақ жоқ еді. Біз бұл мекеннен ақырын ұзай бердік. Қоқыс-қала тұрғындары жылыстап арта қалып барады. Түйінді ой Күн енкейген. Ала-шапанды жігіттің «сыпайы» сөзі бізді ұзатып салды. Тек көз алдымнан КамАЗ-дар төккен қоқысқа таласқан халық кетер емес. Алла өзі кешіріммен қарасын! Сырттан бақылаған жанға «өлексеге қаумалаған қарғалардай» көрінеді екен. Тіпті, кейбіреулері қоқысқа жалп-жалп құлап жатыр. Кәдімгі қарғалардың өзі жаңа төгілген қоқысқа қона алмай, қап-қара бұлттай түнеріп ұшып жүр. Басқа қоғам... Басқа леп... Басқа әлем... Қалаға беттеп келеміз. Біз мінген көлікті шет елдік қымбат тұлпарлар басып озуда. Оларды тоқтатып алып, анау жолдың жиегінде ата жұртқа ат шалдыртқан қандас, «қарға адамдар» тұратынын айтар ма еді, шіркін?! Қанат ӘБІЛҚАЙЫР hair-han@mail.ru 8 705 133 25 25

3785 рет

көрсетілді

72

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы