• Тұлға
  • 10 Ақпан, 2011

Арманы биік асыл ер

d0b7d0b8d0bcd0b0d0bdd0bed0b2Алла Тағала мейірі түсіп, биік бой, терең ой берген сырты нұрлы, іші сырлы аңыз адам, абыз ағаны көрген сайын менің ойыма сымбаты бөлек бір сұлу ертегі-дастан орала кетеді. Ерліктің қайнар көзіндей, бабаның дана сөзіндей сол ертегіні он жасар ойын баласы кезімде оқып ем. Содан бері қаншама қақаған қыс, жадыраған жаймашуақ жаз өтті, жүректен талай сыз өтті, сонда да сол ертегі-дастан – сол жыр әлі жадымда. Көп жыл бойы көкірегімде сақталған сол бір қуатты да шуақты жауһар жырдың аты – «Тау көтерген Толағай», оны жазған арқалы ақын Әбділда Тәжібаев еді.

Аңыз бен абыз «Жаумай жауын жалғыз тамшы, еккен егін өнбей жерге, еткен еңбек ұшты желге». Елге ашаршылық қаупі төнді. Сондай қиын күндердің бірінде Толағай анасынан: «Көп жауады қайда жауын, білсең, апа, айтшы», – деді. Оған анасы: Қарлы, шыңды тау жерінде, Тарбағатай өңірінде Үзілмейді жылда жаңбыр, – деп жауап береді. «Екі беті гүл-гүл жанып, кідірмей» жолға шыққан Толағай Тарбағатай тауын арқасына салып алып, туған жеріне жеткізеді. Сол-ақ екен, «Құйды жаңбыр сел боп ақты, ауыл қайта ажарланды». Ел аштықтан аман қалды. Тау көтерген Толағай әлденеге сүрініп кетіп, таудың астында қалады. Ол елі үшін көтерген тау «Толағай» деп аталады. Естен кетпес ертегі жыр: Ауысыпты заман талай, Аталғалы тау Толағай. Алыпты жұрт ардақтайды Жылда жаңбыр жауған күні, – деп аяқталады. Айтары анық, бояуы қанық жақұт жыр аяқталғанымен, ол жайлы ой аяқталмайды. Керісінше, оны оқыған адамның бойына өзгеше бір күш-қуат бітіп, елі үшін бір ерлік жасауға құлшынады. Аңыз адам, абыз ағаны көрген са­йын ойыма «Тау көтерген Толағайдың» орала кететіні тегін емес. Оның терең сыры – аңыз адам, абыз ағаның терең ойлы тектілігінде, халық үшін Толағай болып «тау» көтеріп, ел үшін жасаған ерлігінде жатыр. Ол Толағаймен қандас, рухтас аңыз адам, абыз ағаның аты – Салық Зиманов, заты – парасат пен ерлік! Өмір мен өлім 1943 жыл. Ақ ала бас шыңы ақ қар жамылған Кавказ тауы. Үш мың метрлік Аджимушкай асуы. Дивизия жау қоршауында. Осы аймақтағы соғыс тағдырын шешетін тау шатқалын жау қолына бермеу үшін Кеңес жауынгерлері жан сала соғысып жатыр. Немістер көп, бұлар аз. Сырттан келер көмек кешікті. Аштық басталды. Жауынгерлер әбден әлсіреген. Көздері қарауытып, ілгері қадам басу мұңға айналды. Бәріне шыдауға болар, аштыққа төзу қиынның қиыны екен. Денелерін көтере алмаған кейбір жауынгерлер жатқан жерлерінде көз жұмып жатты. Бұл жүректі қанжылатар ауыр көрініс еді. Осыны көріп: – Жоқ! Өлсем де адам болып өлемін, – деді Салық. Сонда ол 22 жаста еді. Келесі күні сырттан күткен көмек те келіп жетті. Кеңес жауынгерлері немістердің кезекті шабуылына тойтарыс беріп, әскери маңызы үлкен шатқалды жау билігіне бермеді. Сол жылдың соңында болған шешуші бір шайқаста батарея ко­мандирі Салық Зиманов қарша бораған жау оғына қасқайып қарсы бас көтеріп, қарамағындағы жауынгерлерін ша­буылға бастады. Сөйтіп, жау артил­лериясының үнін өшіріп, полктің жеңіс туын желбіретуіне жол ашты. Атырау облысының Тайсойған құмында туып, өсіп, Исатай, Махамбет, Сырым сынды бабаларының ел үшін істеген ерліктерін естіп өскен есті жастың қанында тулап жатқан тектіліктің тегеурінді қызулы қаны еді оны батырлыққа бастаған. Сол ерлік үшін алған 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені кейін «Қызыл жұлдызбен» толықты. Соғыстың соңғы жазында Салық Зиманов подполковник атағына ұсы­нылды және Фрунзе атындағы Әскери академияға жолдама берілді. Сол сәт оны алда әскери үлкен шен мен шекпен күтіп тұр еді. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды қалаған ол өз орнына орынбасарын жіберіп, туған жерге қайтып оралды. Салық болашағына жол ашқан сол жігіт кейін генерал-полковник шенінде Прибалтика әскери округінің қолбасшысы биігіне көтерілді. Академик Зиманов одан сан рет хат-хабар, құттықтаулар, тіпті қадірлі ұстаз, сыйлы қонақ дәрежесіндегі шақыру да алды. Өз орынбасарына ақ жол тілеп, оның жұлдызын жандырған Салық Зиманов сол кезде бар болғаны жиырма төрт-ақ жаста еді. Ғұлама – Әке, ертегі айтшы. – Ертегіні анаң айтып жүр ғой. Мен саған өмірде болған бір оқиғаны баяндап берейін. Сен жақсылап ұғып ал. – Тек асықпай айт, әке! Сонда ұмытпаймын. Жарай ма? – Жарайды, ұлым. Ал тыңда. Бұл өзі ертеректе болған оқиға. Арғы шегі көкжиекпен астасып, көгілдір сағыммен көмкерілген көкшіл теңіз тебірене толқып жатыр. Көлеміне көз жетпейтін теңіз төсінде алып ақ құс – ақ кеме жүзіп келеді. Табиғат тамылжып, айнала аңылжып тұр. Ашық аспанда қалқыған аққу қанат ақшарбы бұлт пен ашық теңізге кезек көз тастап, штурвалда сенімді отырған кеме капитаны кенет әлденеден секем алып, елегзи бастады. Кеме капитаны санасында сапырылысқан сан сезім мен ойраны шыға бастаған ойымен арпалысып тұрғанда кенеттен соққан қатты дауыл ақырын толқып жатқан теңіздің ұйқы-тұйқысын шығарды. Аспанға атылған қуатты асау толқын алып кемені доптай қағып, домалатып ала жөнелді. Теңіз дауылынан апатқа ұшыраған алып кемедегі жүздеген жолаушыдан екі адам аман қалды. Апаттан аман қалған екеудің бірі – кеменің де, кеме толы қазынаның да иесі, аса бай саудагер еді. Екіншісі – оның көп жолсеріктерінің бірі, тақыр кедей, жас ғалым болатын. Кеме апатқа ұшырамай тұрғанда билік тізгіні байдың қолында еді, апаттан соң байдың күні көп қызметшілердің бірі болған жас ғалымға қарап қалды. Ес біліп, етек жапқалы ғылым жолына түсіп, бар байлықты басына жинаған жас ғалым теңіз жағалап тамақ, аспандағы ай, жұлдызға қарап жол тапты. Екеуі арып-ашып әлдебір қалаға жеткенде байдың күні тағы да қараң болды. Бөтен ел, бөгде халық. Шет тілі тұрмақ, өз тілінде жөндеп сөйлей алмайтын байғұс байдың күні тағы да тақыр кедей ғалымға қарап қалды. – Иә, сосын не болды, әке? – Ар жағы белгілі ғой, ұлым. – Не белгілі? – Күні кеше байлықтан басы айналып, жас оқымыстыны менсінбеген бай оған жалынып-жалпайып күн кешіпті. Екеуі тағдырдың тәлкегімен тап болған қаладағы бір байға бірер ай жалданып, тиын-тебен тауыпты. Сосын естерін жиып, етектерін жапқасын өз елдеріне оралыпты. – Жас ғалымның бастауымен ғой. – Иә, онсыз ол жол таба алмас еді. Мектепке барар жылы естіген осы әңгіме жадында жатталып қалған Салық соғыс аяқталысымен бірден Бүкілодақтық заң институтына тартты. Сымдай тартылған сырықтай бо­йына әскери киім жарасып тұрған жас жігіт өзінен біраз кіші құрдастарымен тез табысып кетті. Институтты 1948 жылы бітірген ол арада төрт жыл өт­кенде Алматы заң институтының ректоры, бес жылдан соң Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры болып тағайындалды. Ғылымдағы жолын өткен ғасырдың бел ортасында бастаған Салық Зиманов жарты ғасыр ішінде әлем таныған атақты академик, көрнекті қоғам қайраткері, аңыз адам, абыз аға биігіне көтерілді. Ол тарихи деректерді мұқият жинап, зерттей жүріп, талай-талай ғылыми қазына, рухани байлық тапты. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ.) хадистерін оқудың сәті түсті. Жадында жатталып қалған сол хадистердің бірінде Мұхаммед Пайғамбар былай депті: «Білім үйрену ғибадат­тан да артық және ол – діннің тірегі. Бір сағат бойы білім игеру бір түнді жалбарынумен өткізгеннен артық. Бір күн бойы білім үйрену үш ай қосымша ораза тұтқаннан жақсырақ. Алла Тағала бір адамға білім берген екен, одан ештеңені қайтып алмай­ды. Яғни ол өлгенінше дана болып өте­ді. Білімсіздіктен асқан бейшаралық жоқ». «Адамзаттың көп ғасырлық тарихында Мұхаммед пайғамбардан асқан данышпан болған емес, – деп ойлайды Салық. Ол – Хадистегі мына асыл сөздер білім, ғылым жолына түскен адамның жолын нұрландырып тұрған шамшырақ емес пе?» Әкесі айтқан жас ғалым жайлы әңгімені толықтыра түсті Мұхаммед хадисі. Мемлекет және құқық тарихы мен теориясы саласында тер төккен Салық Зиманов өз еңбектерінде Қазақстан мен Орта Азия тарихына терең үңілді. Сөйтіп, кеңестік ұлт мемлекетінің қалыптасуы мен даму тарихы, Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ елінің қоғамдық-саяси құрылысы, оның алдыңғы қатарлы ойшылдары жайлы көптің көңілінен шыққан көлемді еңбектер жазды. 1961-65 жылдары оның басшылығымен «Советтік Қазақстан мемлекеті мен құқық тарихы» атты үш томдық еңбек жарық көрді. Әміршіл-әкімшіл жүйе жағдайында «Ленин және қазақ мемлекеті» атты монография жазып, жарыққа шығару ғылымдағы ерлік еді. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде осындай ерлік жасаған ол өз төңірегіне ғылымның жасанып шыққан жас толқынын топтастыра білді. Бұлардың қатарында атақты академик-ғалымдар Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев, Герасим Югай, Ағын Қасымжанов, т.б. бар. ТМД елдеріндегі заң, философия ғылымының көше­лі көшін бастаған бұлар қоғамдық ғы­лымдағы құбылыс еді. Қазақ ғы­лымындағы бұл серпінді секірісті Академия президенті Қаныш Имантайұлы өзіне тән қырағылықпен көре білді. Данышпан Қаныштың қоғамдық ғылымда жарылыс жасаған Салық Зимановқа сүйсіне қарап, оны өмірінің соңына дейін сыйлап өтуінің бір сыры осы болса керек. Қаһарман Қашанғы әдетімен далаға шығып, таза ауа жұтып, үйге кіргені жаңа ғана. Жатар орынға беттей берген оның ойын телефон шырылы бөлді. «Мезгілсіз мазалаған бұл кім?» деген оймен телефон тұтқасын құлағына тосты. – Алло, тыңдап тұрмын. – Мазалағаныма кешіріңіз, Салық аға, – деді сымның екінші жағынан жеткен биязы дауыс. – Иә, Мұратжан, жайшылық па? – деді Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Айтхожиннің дауысын жазбай таныған Салық. – Ертең таңертең академияға Соломенцев келіп, ғалымдармен кездеспекші. Ол Желтоқсан оқиғасына байланысты Мәскеудің арнайы тапсырмасымен Алматыға келіпті. Сол кездесуде Сіздің сөйлегеніңізді мақұл көрдім. – Жақсы. Не үшінші, не төртінші етіп сөз беруіңді өтінемін. – Рахмет, Салық аға! Желтоқсан оқиғасынан кейін мазасы болмай жүр еді, мына мезгілсіз қоңыраудан соң түн ұйқысы төрт бөлінді. Көңілін көңілсіздік бұлты торлап алған Салық ертесіне академияға келді. Сол күн әлі көз алдында. Бұл 1986 жылдың 24 желтоқсаны болатын. Таңғы сағат 10-да басталған сол күнгі жиналыс сағат екіге дейін созылды. СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин, идеология жөніндегі хатшы З.К.Камалиденов, бөлім меңгеру­ші­сі Е.М.Асанбаев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.С.Меңдібаев қатынасқан жиналыста М.Айтхожин Салық Зимановқа бірінші сөз берді. Салық мұны күтпеген еді. Әйтсе де қашаннан қанына сіңген әдетпен әбіржімей, сабыр сақтап, салмақты жүріп, мінбеге көтерілді. Жаңа осы жиналыстың беташар сөзін айтқан Соломенцев қатулы қабағымен Салыққа сынай қарады. Мәскеуден келген осы менмен шенеуніктің көсемсіп ұлтшылдық жайлы көсіле сөйлеге­ні, Қазақстанда кеңінен етек алған «әсіреұлтшылдықты» дәлелдеп, ойдан шығарылған деректерді қазымырлықпен сұқ саусағын шошайтып шешенсігені Салыққа да, жиналысқа қатысып отырғандарға да ұнаған жоқ. Сол күнгі сөзін «17-18 желтоқсан күндері болған оқиғалар біздің бәріміз­дің, соның ішінде менің де тұла бойым­ды тітіркентті», – деп бастаған Салық Зиманов «әңгіменің ашығын айтайыққа» көшіп, былай деді: «Орын алған оқиғаның басты себептерінің бірі – идеологиялық жұмысымыздың дәрменсіздігі. Мысал ретінде ұлт тілінің тәрбиелік күші туралы мәселені алайық. Біз, қоғамтанушы ғалымдар, өзіміздің қазақ тілінде жазбаймыз, жастардың алдында қазақ тілінде сөйлемейміз, дәріс оқымаймыз. Ал мұның өзі – біз олардың ақыл-ойы мен көңіл-күйіне ықпал ете алмаймыз деген сөз. Өйткені біздің орыс тілінде айтқан сөздеріміз олардың жүрегіне әрдайым жол таба бермейді. Мұның өзі нені көрсетеді? Біздің барлық дең­гей­дегі қызметкерлеріміздің бойында­ғы қырсық шалған шарасыздықты көрсетеді. Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюро мүшелерінің бірде-біреуінің қазақ жастары арасында қазақша сөз сөйлегенін көрген де, естіген де емеспін. Мәселе мынадай мас­қара жағдайдың орын алуына дейін жетті. Қой бағатын шопандардың, басқа да түлік өсіруші малшылардың ауылдық жерлердегі аудандық, облыстық және осы астанадағы республикалық кеңес­те­рі­не, слеттеріне жиналғандардың 80-90 па­йызы қазақтар бола тұрса да, олар­да баяндама да, жарыссөздер де бір ғана тілде – орыс тілінде болады. Қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізілмейді. Соның салдарынан олардың ілуде бір бас қосатын жиындары көздеген мақсатына жете бермейді. Ауылдық жерлерден келген малшылар ондай жиындардан өздерінің күнделікті ісіне пайдалы ақыл, кеңестер, озық тәжірибелер, нақты нұсқаулар алып қайтудың орнына өздері үшін уақытша арнайы ұйымдастырылған дүкендерден әртүрлі заттар арқалап қайтады. Ұлт тілінің қолданылу аясы тарылып, қауқары қашып, жыл өткен са­йын елеулі түрде әлсіреп барады. Ұлт мәселесі жөніндегі проблематика назардан мүлде тыс қалып келеді. Ұлттық қатынастар тақырыбына ең­бек жазу қашан болса да қауіпті, ол тәуекелге бел байлап қана баруға болатын іс саналып келді. Мұның өзі, шын мәнінде алғанда, жоғары жақтан үн-түнсіз қолдау тауып отырды. Соның салдарынан да ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар зерттелмей, танылмай қала берді. Бұл салада нақты әлеуметтік зерттеулер жүргізілген емес. Осында СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев жолдастың қатысып отырғанын пайдаланып, менің ойымша, ұлт мәселесі жөнінде жалпы одақтық еңбектерде елеулі кемшіліктер кездесетінін айтқым келеді. Оның кейбіреулері мынадай: а) бізде ұлт мәселесі жоқ, оның кейбір проблемалары мен көріністері ғана бар-мыс; ә) ұлттардың бір-бірімен жа­қындасуы этностардың арасындағы айыр­ма­шы­лықтардың жойылуы ретінде ғана қа­растырылды. Ал ондай жақындасу бізде іс жүзінде бар. Ол ең бірінші кезекте ұлттардың идеялық негізде жақындаса түсуі, идеялық бірлігі түрінде көрінеді; б) ұлт республикаларындағы ұлт мәселесі жоққа тән саналады, ол бірте-бірте жойылып, ұлттық мемлекеттіліктің оты өшіп, шоғы сөніп бара жатыр-мыс. Онда ұлттық белгілер қалмауға айналыпты-мыс деген сияқты басқа да тұрпайы, теріс пайымдаулар бар. Мұның бәрі ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарағанда, ұлттық нигилизмге душар етеді, солай етіп те отыр. Ал нақты қалыптасып отырған ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарасақ, мұндай тезистерді қабылдауға әлі ерте әрі қате екені айтпасақ та түсінікті. 17-18 Желтоқсандағы оқиғаларға кінәлі адамдар тиісті жазасын алды. Бұл іспен құқық қорғау органдары айналысуда. Менің заңгер ретінде мынаны айтқым келеді: осы органдарды өздерінің табиғатына тән бас салып айыптай беруге бейім әрекеттерінен тартынатындай етіп сақтандыру керек. Жаппай қуғын-сүргінді бастап, оны ерекше құштарлықпен жүргізіп отырған тап солар...» Айтуға міндеттіміз, Ғылым акаде­мия­сындағы жиналыста сөйлеген С.Зи­ма­новтың сөзін тарихи дәлдікпен дәл беру үшін біз ғалым ағамыздың жеке мұ­рағатында сақталған, кейін (16.11.2006 ж.) «Егемен Қазақстанда» жариялан­ған «Желтоқсан оқиғасы және оның өз өмі­ріме қатысы» атты естелігінен сол күйінде көшірдік. Сол 1987 жылы сәуір айының 11-жұлдызында республикалық идео­­логиялық кеңес деңгейіндегі үлкен жиналыс болды. «СОКП ұлт саяса­ты­ның лениндік принциптері және интернационалдық тәрбиенің кезек күттірмейтін міндеттері» деген та­қырыпта өтіп, Г.В.Колбин басқарып, З.К.Камалиденов баяндама жасаған сол жиында Салық Зиманов тағы да өзіне тән батырлықпен ащы шындықтарды ашына айтты. Мақала көлемін шектеу мақсатымен академиктің сол жиындағы аталы сөзінің үзік үзінділерін келтірумен ғана шектелеміз. «Біздің бүгінгі конференциямызға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин бастаған бюро мүшелерінің толық құрамында қатысып отырғанын және кейбір ресми емес деректерге карағанда, Г.В.Колбин жолдастың корытынды сөз сөйлейтінін пайдаланып, мен өзімнің бүгінгі таңда теориялык, ең бастысы, практикалык маңызы бар кейбір мәселелерді қалай түсінетінімді баяндап беруіме рұқсат етілуін және сол мәселелер бойынша Геннадий Васильевичтің неғұрлым тереңірек түсінік беруін өтінген болар едім. Осында сөз сөйлеуге тиістілердің тізімінде болмағанмен, сөз сөйлеу ниетім бүгінгі баяндаманы және алғашқы сөйленген жарыссөздерді тыңдағаннан кейін ғана пайда болғанын ескере отырып, менің сөзім бәлендей рет-ретімен айтылып жатпаса, бұл үшін азын-аулақ жеңілдік беріп, кешірім жасауларыңызды өтінемін. Алматы каласындағы мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері туралы мәселе, оны шешу және оған қай тұрғыдан келу тәсілдері, менің ойымша, қала аумағының шеңберінен асып кететін және белгілі бір мөлшерде неғұрлым кең көлемде маңыз алатын сияқты болып көрінеді. Мәселе мынада. Не болса да турасын айту керек: кейбір басшыларда ұлттық балалар бақшасына деген мүлде теріс көзқарас қалыптасқан. Оны кейбір жолдастар­дың интернационалдық тәрбие мүддесі тұрғысынан түсіндірмек болғанына, сөйтіп, өздерін-өздері ақтап алуға тырысып бағуына жол беруге болмайды. Мысалы, 1987 жылдың бас кезінде Алматы қаласында 372 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі болған еді. Соның небары алтауында ғана қазақ тілінде балалар тәрбиеленді. Көптеген ата-аналар астанамызда қазақ балаларына арнап қосымша балабақшалар ашуды сұрап, бірнеше жылдан бері талай мекеме­нің табалдырығын тоздырумен келеді. Өйткені мұның өзін қазіргі жағдайда балалардың ерте жасынан бастап қос тілді меңгеруінің неғұрлым тиімді жолы деп есептейді. Ал Алматының тап қазіргі ерекше қалыптасқан демографиялық және басқа да жағдайларында ұлты қазақ жасөспірім ұрпақтың (жасы 1-ден 15 жасқа дейінгісі) 80 пайыздан астамы дерлік өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды. (Бұл ресми дерек көздерінен емес, қазіргі қалыптасып отырған нақты жағдайдан алынған цифрлар). Ең масқара нәрсе – қаладағы әлгі қыруар көп ата-аналардың өтініші бойынша әр жылы бір немесе екі ұлттық балалар бақшасының ашылуына басшылар тарапынан күні бүгінге дейін толып жатқан негізсіз тосқауыл-кедергілер қойылумен келеді. Осы жерде бұл мәселенің о бастағы қойылу тарихына қайта оралу қажет. Алматыда ата-аналардың қазақ балалар бақшаларын ашу туралы табандарынан тозып, талай мекеменің есігін ашқан алғашқы «азапты сапарлары» сонау 60-шы жылдарда басталған еді. Ондағы мақсат – қазақ балаларын өзгелерден бөліп тастап, томаға-тұйық оңаша жағдайда ұстауда емес, қайта олар өздерінің ана тілін біліп өссе екен деген арман болатын. Алайда оларға облыстық партия комитетінде де, Орталық Комитетте де қайтарылған жауап біреу-ақ болды: мұндай өтініштерің қабылданбайды – өйткені әр ұлттың балалары бір-бірінен бөлініп калады, ал бұл интернационализм қағидаттарына қайшы келеді десті...» Ашық айтылған ащы шындық республика басшыларына, әсіресе, Колбинге ұнамағаны анық. Олар академиктің сөзіне қарсылығын біресе көздерінің астарымен сығырая, сынай қарауымен, біресе қатулы қабақтарымен танытты. Оны залдағы халық пен Зиманов та байқады. Әйтсе де Зиманов оған қыңқ деген жоқ. Биік билікті айыптау сөзін жалғастыра берді академик. «Міне, сондай жағдай 1986 жылы да қайталанды – қалада ашылған алты бала бақшаның екеуі ғана қазақ балаларына берілді. Мұның өзі баспасөз бетінде «балаларды бақшадағы жасынан бастап ұлттық оңашалануға тәрбиелеу» болып табылады-мыс деп бағаланды. Менің жеке өз басым мұндай бағаға тіпті де қосылмаймын. Онда тұрған қандай жағымсыз да жексұрын нәрсе бар? Сонда өзге қалаларда, өзге республикаларда ұлттық балалар бақшалары шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Бар ғой! Олардағы интернационалдық тәрбие тиімділігі жағынан біздегіден артық болмаса, тіпті де кем емес. Аралас балалар бақшаларын кұру керек деушілер де табылады. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Бірақ оларды ұлттық балалар бақшасына қарсы қою мүлде қисынсыз. Өйткені бұлай ету – жұмсарта айтқанда, ортақ іске жаны ашымайтын формалист біреудің ойдан шығара салған нәрсесі. Бұл жерде әңгіме әрбір нақты жағдайлар туралы емес, сол жағдайларды басшылыққа ала отырып, балалар бақшасының қандай түрін салуды жан-жақты ойластырып шешу туралы емес, қайта қасарысқан қағидатшыл қағида туралы болып отырғанын ескеру керек. Елдің астаналық қаласында қазақ балаларына арналған балалар бақшасын ашу жөніндегі мәселенің мән-жайын ұғынбай жатып, оны табалдырықтан аттатпай тұрып, кеудесінен кері итеріп тастайтын кейбір ресми органдардың оспадарсыз қылығын маңызды мәселеге ат үстінен жүрдім-бардым карайтын жауапсыздық демеске лаж жоқ. Ал олардың мұндай мінез-құлқы жергілікті байырғы ұлт өкілдері тарапынан на­разылық тудыруға себеп болатыны бел­гілі. Сонда бұл іске калай болса солай қараудың салдарын қалай ақтап алуға болады? Жоғары және орта арнаулы оқу орындарына студенттер мен оқушылар қабылдау кезінде олардың ұлттық құрамын ретке келтіріп отыру жөніндегі «пайыздық нормалар» орнатудың те­ріс практикасы нақты сынға алынған сияқты-ақ еді. Бірақ солай бола тұрса да бірқатар жерлер мен облыстарда, кейбір деректерге карағанда, «па­йыздық нормалардың» іс тағдырын шешетін жаны сірі белгі ретінде әлі де қолданылып келе жатқанына сенбей тұра алмайсың. Мысалы, жергілікті басшы органдар Қарағанды медицина институтына 1987-1988 оқу жылына қабылданатын ұлты қазақ студенттердің жалпы саны бұрынғы жылдардағыдай 50 пайыздың орнына 20 пайыздан аспасын деп нақты нұсқау берген. Ал мұндай жағдай тек Қарағандыда ғана орын алып отырған жоқ. Мен мұндай белгілер бо­йынша қойылатын мұндай «пайыздық нормалардың» қандай түріне болса да қарсымын. Өйткені ол қаншалықты дәлел келтіргенімен де дұрыс бола алмайды...» Жоғарыдағы үзік үзінділерді де академик ағамыздың жеке мұрағатынан сөзбе-сөз көшірдік. Оның мазмұнын баяндауға сөз таппағандықтан емес, әрине. Тарихи сөздің бір әрпін де қисайтпай дәл жеткізу үшін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған қиын кезеңде оған қасқайып қарсы шығып, айыптау сөз айту – асқан ерлік емес пе?! Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев пен асыл текті академик Салық Зимановтан өзге қай зиялы басын бәйгеге тігіп еді, сол бір аса қатерлі қиын-қыстау күндері. Ұлт үшін отқа түсудің озық үлгісі емес пе бұл?! Осыдан кейін қаһарман демей, кім дейміз оларды?! Рас, одан кейін айтқандар болды. Бірақ олар аз. Тым аз. Бұл аз десеңіз, академиктің тағы бір ерлігін алға тартайын. Желтоқсан желеуімен жазықсыз төрт жылға сотталған М.Акуевке ара түскен Салық Зиманов, өз сөзімен айтқанда, «аяққа басылған әділдік пен заңдылықты қалпына келтіру үшін» Г.В.Колбинге жазған хатында бұл іске «Партия орындары арсыздықпен араласты» дей келіп: «Сіздің «Правда» газетінде (3.03.1987 ж.) жарияланған жауабыңыз да шешуші рөл атқарды» деп бірінші басшының өзін қатты айыптады. Халқына қорған, ұлтына ұлтан болған арманы асқақ асыл ер ғой Салық Зиманов! Омырауына алтын жұлдыз таққан қай еріңнен кем ол?! Осыдан кейін қаһарман демей, кім дейміз Салық Зимановты?! Қаһарман ғой Салық Зиманов, нағыз қаһарман! Қаһарман ғой ол, қаһарман! Парасат Тектілер тегін айтпаған. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде» деген Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» атты еңбегінде былай депті: Кімге Құдай берсе – білім, ақылды, Қолы жетіп алар ол мол асылды, Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, соған нұрын шашатын. «Құдай білім, ақылды берген», «жарық білім соған нұрын шашқан» аңыз адам, абыз аға Салық Зиманов өмірдің тәттісімен бірге ащысын да татты. Өмір мен өлім белдескен сұрапыл соғыста Алла Тағаланың әмірімен оқтан да, аштықтан да аман қалды. Жасы ұлғайғанда сүйікті жары, айтулы академик Шарбан Батталова о дүниелік болды. Бұдан өзге де қиналған сәттері аз емес. Тағдыр оны талай сынады. Сондай сәттерде сыр бермеді ол. Бірде бал, бірде у боп өтеді өмір, Бақты да, қайғыны да көтере біл, – деген Фирдоуси сөзімен жылаған жанын жұбатты. Төрт құбыласы түгел кім бар дейсің, мына жарық дүние атты жалғанда. Біз тұрмақ, аңыз адам, абыз аға Салық Зимановтың да жүз қуанышпен үзеңгі қағысқан мың қайғысы бар шығар. Өзінің емес, халқының жоғы ғой арманы биік асыл ердің жоқтайтыны. Ұлтының қамын ойлайтын ұлылардың уайым-қайғысы көп болары заңды ғой. Халқы үшін жанған отты жалаңаш қолымен ұстайтын ондай Адам ба­қытты. Қарғаның қуанышынан қы­ранның қайғысы артық. Ақылды адам қуанышта тасымайды, қайғы келсе жасымайды. Өмір Алла Тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, сыны екенін де парасатпен пайымдайды. Сондай терең ақыл, текті пайым иесі ғой Салық Зиманов. Парасат патшасы ол! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, М. Шолохов және В. Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты

Қаһарман

Академик Салық Зимановқа арнаймын

Жазықсыз Польша жері ойрандалған, Көк аспан қарайды оған қайран қалған. Киік те өз қағынан жерінгендей, Босыпты қош айтысып сайрандаудан. Шұңқырлар жұтқан бір-бір снарядты Айдағы кратерден аумай қалған. Қалың жау шегінсе де, сүйем үшін, Алысқа қан төгеді, күйеді ішің: Жас қыршын жатыр құлап боздақтарым Өлсе де күтіп алдан сүйенішін. Даласы туысқан ел қалды сақтап, Есіне жанкештілер киелі ісін. Төбе тұр жұмбақ сыры шешілмеген, Итініп қалды ілгері көшу деген. Тұмсығын тауға соққан тарландайын Сең-жауды күтірлеткен есіл кемең. Жүрістің сағаты сәл тоқтаса да, Шырмауы сағаттардың кесілмеген. Сұм ажал сол төбеден ақтарылып, Зәрінен бойындағы жатты арылып, Түбіттей сабауменен түтіп жерді, Құйқасын өртей берді мақта қылып. Айнала жарылыстар өлім шашқан Жасады өктем-кеуде, патша-қылық. Төбені иемдену – мақсат алғы, Жау бірақ жылжығанды жасқантады. Ту тіксең сол биікке – билік сенде, Осыған амал ойлап бас қатады. Түрі бар қияр адам желкесін де, Талайлар жатыр жайрап өртесінде. Қылт етсең, жылт етеді ажал-оқтар Айырып қара түннің көрпесін де. Тұр Салық, амал біткен, бәрі құрып, Күйіне қапалана санын ұрып, Жанартау жанарынан атылардай, Кеудесі бұлқан-талқан, жаны – бүлік. Топырақ шашасың ба алапатқа?! Жол ма екен кеуде тосу ол апатқа. Көз жұма, отқа түскен көбелек боп, Кеткенің кейінгіге марапат па?! * * * Келіңдер, уа, достарым, қайдасыңдар? Жаныма жақын келіп жайғасыңдар. Тажалды төбедегі төңкерудің Тәсілін ақыл қосып, ойласыңдар! Түңілу мен шегіну –масқаралық, Ой керек шығатұғын каска жарып. Тұрмалық бос қамала, шарасыз боп, Жазықсыз жанымызды жасқа малып. Білемін, шыбын жанды қимайсыңдар, Күдігін жүректердің тыңдайсыңдар. Күміс күй күмбірлеген көмейінде Өмір деп шырқап туған сырнайсыңдар. «Ел үшін жаным пида» дегендерің Бойыңды көрсет, кәне, тұр, қайсың бар?! Шыным сол: маған да, рас, керек өмір, Демеймін: Польша жерін бөлек өңір. Бір пұшпақ жерді алсақ та, ілгері атта – Болашақ жеңістерге кереге бұл. Бұл төбе болашақтың есігіндей, Тербеген поляктарды бесігіндей. Оны алу – бізге бастау болары анық, Алдағы қиын істің шешіміндей. Сол үшін тым маңызды-ақ бұл дүр-биік, Тағдырдың бізге жазған несібіндей. Туған жер, Тайсойғаным, кешір мені, Таймайды судан адам шешінгені. Қайнатты зығырданды мына жаудың Қанқұйлы қарекет қып есіргені. Я өлу, я өлтіру – басқа жол жоқ, Осылай тағдырымыз шешілмегі. Мөлдіреп жаңа толдым жиырмаға, Көз тігер кезім келді қиырға да. Дұшпаннан жастығымды ала кетсем, Туған жер құшағындай бұйыр, дала! Тәуекел, көз жұмулы қойып кеттім, Жын-пері қойны толы құйынға да! Мәпелеп мені өсірді асыл анам, Нәрімен ақ сүтінің асыраған. Демеймін: мені тапқан ерлігінен Күшімді бұл арада асыра алам. Бойымда буырқанған қайратым бар, Өліммен қиындықтан жасымаған. Соңымнан, сарбаздарым, кім ереді, Жүректің айтқан сөзін кім еледі? Нақ қазір керек бізге қайсар мінез, Өжет ер екі өлмейді, бір өледі. Тұрыңдар, бауырларым, қатарыма, Көнбеймін күткен ажал шатағына. Дөп басар нысананы қырағы көз, О бастан бақыт қонған баталыға. * * * Сыбаға жегендей боп күшәладан, Адасты жау қаруы нысанадан. Автомат асқақтамай, абдырады Алдынан жарқ еткенде пышақ-адам. Қолдары қалтыраған «фрицтің» Аймалап жатты жерді құшағы арам. Амал жоқ, келді реті «аймалауға» Қанжармен қыннан алған жаймалауға. Қанжаппай төбе басы үнсіз-түнсіз, Болмайды жойқын істе майдалауға. Ажалын жекпе-жекте тапқан жауыз Шырмалды ерлер мықты жайған ауға. * * * Бір дәуді алды Салық кеңірдектен, Жауыңды шын жайрату жеңіл деп пе ең. Кеудеңде ыза мен кек бұлқынғанда, Бұғау да талқан болар темірлеткен. Қан ішу көңіліңе жат болса да, Қанға қан сыйлайтұғын өмір жеткен. Ішінде қазандай боп қайнап жатқан Күш-қайрат бұрқ-сарқ етіп төгілді өктем. Жауменен ұмар-жұмар алысуда, Кетпейді шын батырдың салы суға. Екі жақ жан берісіп, жан алысып, Шеңгелдер қаруларға қарысуда. Тақасын тақ-тақ еткен керзі етіктің, Көріпті қашан оны күрзі етіп кім? Шығыстан талай жолды тапап жеткен Оны да солдат бұл сәт «ырза етіпті». Дұшпанның желкесінен тепкен кезде Талайдың қарақұсын мылжа етіпті. Автомат дүмі тисе маңдайларға, Сұм фашист сағы сынып, сандалмай ма? Жеткендей біздің жақтан оққағарлар, Жатқанда пірлер жебеп, қолдайды Алла. Жүргенде ақылды бас бәрін бастап, Ісіңді тағдыр өзі оңғармай ма?! Кенеттен қырат-төбе құзарынан Бораған лағынеттей ызалыдан. Төпелеп жауып кетті оқ жаңбыры Мың жылғы босанғандай тұзағынан. Таптауға шағын топты тұншықтырып, Лап қойды дұшпан жағы қырсық қылып. Алайда сескенуден ада жандар Қарсы алды жауды орнынан ыршып тұрып. Серт етіп бірде-бір оқ шығармауға Өздерін ұстады әрең шымшып-бүріп. Ер майор берді сонда командасын: «Қалуды әркім тірі амалдасын. Атысты тоқтат-тағы бой тасала, Алдымен болу керек аман басың! Біздің шеп батарея ашар кілтін Тап осы нысана қып қамал басын». Рация дереу іске қосылды да, Эфирде тосын бұйрық жосылды да: – Атыңдар! – деді Салық күшке арттағы, Сескенбей сенім артсаң дос ұғымға! Қаhарлы қару «сөзін» кетті бастап, Алапат күркірімен көкті жасқап. Тұғырын теуіп ұшқан снарядтан Қара жер шыдай алмай жатты қақсап. Әп-сәтте құйқаланып қалды дала, Төсегін ажалдыға салды дала. Талай күн жауын күтіп шөліркеген Топырақ ішіп жатты қанды ғана. Екі оттың шарпылысқан арасында, Шәhит боп, балғын өмір, қаласың ба? «Шіркін-ай, жата ма енді сүйегіміз Польшаның осынау бір даласында!» Дүние дүр сілкінген тынды сұлық, Ызадан күрсінеді түн қысылып. Кеткендей тегістеліп бұдыр белдер, Ғарышқа биік таулар шыңды ұшырып. Жарылып ауа ерні жалақтанған, Иістен түні бойғы тұрды ұшынып. * * * Жыраның-траншея қандай халі, Анасы кімнің бір кез зар айтады? Түйіліп түн қабағы түнереді, Көз жасын маңай тағы молайтады. Кетті ме бәрі бірдей опат болып, Өзіміз өзімізді отап, көміп, Қымбатқа түскен жоқ па жеңісіміз, Жігерді құм қылғандай матап беріп? – Оу, тірі қалғандарың, армысыңдар, Дүние-тіршілікте бармысыңдар? Кейбірің қоясыңдар езу тартып, Көз жұмбай қалғандыққа таңбысыңдар? Командир деді сосын күліп тұрып: – Атынан Ұлы Отанның алғысымды ал! Қатары шетінепті батырлардың, Осы ғой кеудемізге батырған мұң. Өлуі мүмкін бе екен, біле білсең, Айға анау арыстан боп атылғанның?! * * * Бұл төбе –жерің бүгін бас иетін, Ішіне сақтап жатқан қасиетін. Осы бір оқиғамен айтады ол Кейінгі ұрпақтарға өсиетін. Осы жер ағайынның бір-біріне Сақтамай өкпесін де кешіретін. Адамға не жетпейді бейбіт күнде, Асырмай басынан сөз өшігетін. Жаулықты қолдан жасап дал боламыз Ұмытып үлкендердің өсиетін. Маңызы бұл күндердің асады әлі, Өр үні естіледі тасадағы. Жазылып шын ерліктің шежіресі, Түбінде ерге құрмет жасалады. Жылдарды елемеген дарақты шақ, Қашанда қияға өрлер қанатты шақ. Ғасырды жарып шығып жарқ етеді, Жатпайды қап түбінде болат пышақ. * * * Зиманов – ғылымдағы ұлы тұлғаң, Бойында майдангердің сыры тұнған. Осындай соғыстағы бір ерлігі Көп жылдар тасасында ұмытылған. Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

4648 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы