• Тұлға
  • 10 Ақпан, 2011

Тәлімдік ойлар – тәрбие тірегі

d0bad0b0d0bbd0b8d0b5d0b2_Еуропа ғалымы Э.С.Вульфсон қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүрімен танысқан соң, өз еңбегінде: «Қазақ баласын үлкенді сыйлауға кішкентайынан үйретеді. Қарттардың үлкен құрметке ие болатыны сонша – үй-ішінде бір мәселе төңірегінде кеңес өтсе, бәрі де қарттың сөзіне тоқтауға мәжбүр. Қазақ балаға: «Егер қарттарды сыйласаң, Құдай сені сыйлайды» деген нақылды титтейінен миына құйып өсіреді», – деп ерекше баға берген еді. Қазақтың тәлімдік ойлары, әншілік, ақындық, зергерлік ілім-білімі қазақ жеріне келген зерттеушілерді бейжай қалдырмаған. Мұны шетелдік ғалымдар мойындаса да, кеңестік кертартпа саясат жақ аштырмай, бүркемелеп келді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұлыларымызды ұлықтап, өткен тарихымызды таразылай бастадық. Тілімізді тірілттік. Мәдениетіміздің мерейін, өнеріміздің өресін өсірдік. Осы мақсатта қазақ тәлімінің 30 ғасырлық тарихын қамтитын «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының» 10 томдығы жарық көрді. Осы аталмыш жинақтың құрастырушысы Серғазы Қалиұлымен сұхбаттасқан едік.

– Серғазы аға, сіз өміріңізді ұрпақ тәрбиесіне арнап келесіз. Жуырда ғана өзіңіздің бас болуыңызбен ұрпаққа ғибрат берер құнды дүние, сан жылдық еңбектің жемісі «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының» соңғы томдары жарық көріп, оқырманға жол тартты. Мұндай бағалы бастаманы қолға алуға не түрткі болды? – Қазақ – тарихы терең, салт-дәстүрге, тәлімдік ойларға бай халық. Әсіресе, бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ән-жырмен сусындатып, күйдің құдіретін сезіндірген. Батылдық, ақындық – қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан соларды зерттеп-зерделеп, болашақ ұрпаққа ұсыну мәселесі көп жылдан бері ойымызда жүрген еді. Бірақ оған көп нәрсе қолбайлау болып келді. Содан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында да, «Ға­сырлар тоғысында» атты еңбегінде де көне мәдени мұраларды жинап, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлардың, мәдениет пен әде­биеттің үздік жетістіктері негізінде гума­нитарлық білім берудің толымды қо­рын жасауды зиялы қауымға міндеттеген еді. Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылдың қараша айындағы Ұлттық Кеңестің кеңейтілген мә­жілісінде жасаған баяндамасында өзінің көне мәдени мұра жөніндегі ойын айқын­дап та берген. «Мәдени мұраның екі үлкен бағыты – ТМД елдері мен шетелдік мұра­ғаттардағы Қазақстан тарихына бай­ланысты құжаттарды, қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды, ең болма­ғанда, көшірмелерін алдыру және олар­ды ғылыми айналымға ендіру кезек күт­тір­мейтін іс болуға тиіс. Баршаға белгілі ақиқат – кешегі кеңестік заманда ұзақ жылдар бойы Қазақстан тарихына бай­ла­нысты ғылыми зерттеулерімізде ата тари­хымыздың ақиқаты бүркемеленіп, қызыл идеологияның ыңғайында жазылып келді... тарихшыларымыз сол ата тарихының «ақ­таң­дақтарын» ашуға келгенде әлі күнге дейін шабандық танытып отыр», – деп сы­наған болатын. Елбасының осы тарихи стратегиялық бағытын іске асыру жолында еліміздегі бір топ ғалымдармен бірлесе оты­рып, 2004 жылдан бері Қазақ тәлімінің 30 ғасырды қамтитын 10 томдығын шығару ісін қолға алдық. Нәтижесінде бүгінгі қолы­мызда отырған құнды дүние жарық көрді. – Білуімізше, қазақтың тәлімдік ойлары туралы бұған дейін де осы тектес кітап баспа бетін көрген сияқты... – Баршамызға белгілі, 1980 жылдар­дың екінші жартысында Кеңес Одағының әр түкпірінде саяси толқулар болды. Балтық жағалауы елдерінде, Молдавияда Үкіметтің бірыңғай саясатына қарсы шыққан халықтың қарасы күн санап көбейді. Бірыңғай тіл, бірыңғай мәдениет болуы керек деген ұран тасталды. Басқа ұлттардың тілі де, ділі де тасада қалып отырды. Бір ғана орысшылдық идея өркен жайды. Осындай идеяға ашынған қазақ жастары да 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында өздерінің қарсылығын білдірді. Осы толқудан кейін Орталық партия Комитеті халық қаһарынан едәуір сескенді. Нәтижесінде 1987 жылы СОКП Орталық Комитетінің пленумы болып, онда жариялылық туралы мәселе көтерілді. Сол жылдың қаңтарында СОКП Орталық Комитеті одақтас рес­публикалардың мәдени мұраларын жинап, насихаттау, ұлт мәдениетін өркендету жөнінде арнайы қаулы қабылдап, СОКП Орталық комитетінің идеология жөніндегі басшысы В.Кожевниковтің бастауымен комиссия құрылды. Ресей Педагогика Ғылымдар академиясының жанынан ғылыми топ құрылып, одақ құрамындағы ұлттардың мәдени мұраларын жандандыру мақсатында әр республикаға арнап 15 том шығару қолға алынды. Ресейдің өзіне арнап 5 том шығарылатын болды. Сол 1987 жылдан 1991 жыл аралығында 10 том жарық көрді. Кезек біздің республикаға келгенде 14 ғасырды қамтитын көлемі 40 баспа табақ Қазақ тәлімдік ойларының 1 томдығын дайындап, орысшаға аударып, 1990 жылдың желтоқсанында Мәскеудің «Педагогика» баспасына табыс еттік. Бірақ келер жылы одақ тарап, кітап шықпай қалды. Аталмыш антологияны шығару ісі ол кезде ғылыми-зерттеу институтының орынбасары қызметін атқарып жүрген маған жүктелген еді. Бұл ғылыми еңбекті жинас­тыру барысында Ә.Сембаев, М.Қозыбаев, Қ.Жарықбаев, К.Құнантаева, С.Қирабаев сынды үлкен ғалымдармен жұмыс істеген едік. Ақыры кітап жарыққа шықпайтын болған соң Мәскеуге қайта барып, қол­жазбаны қайтарып алдық. Қолжазбаны қайтару да оңайға түспеді. Бірақ сол кездегі министр Ш.Шаяхметовтің араласуының арқасында жинақтаған деректерімізді қо­лымызға түсірдік. Аталмыш кітаптың жарыққа шығуына да Ш.Шаяхметовтің көмегі көп болды. Ол антологияға деректер жинастыру кезінде көп қиындықтарға тап болдық. Себеп – СОКП Орталық Комитеті бізді қатаң қадағалап отыратын. Діни көзқарас­тар білдіре алмаймыз, ұлт мәдениетін де көп насихаттауға жол жоқ. Біздің құрастыр­ған антологиямыз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің редакциялық алқасында 6 ай жатты. Бірде «дін туралы көп айтылған», бірде «орыстардың есімі еленбей қалыпты», тағы бірінде «әйелдер аз қамтылған» деп сан түрлі сылтаумен әзер бекітілген еді. – Байқап отырсақ, енді ғана жарыққа шыққан 10 томдықта қазақ тарихынан сыр шертетін деректер мол. Көп қажыр-қайраттың жұмсалғанын аңғаруға болады. Дегенмен бұл кезде де кедергілер болған шығар... – Әрине, еліміз егемендік алып, тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң қазақ тарихының әріден, түркі дәуірінен, тіпті Сақ, Ғұн дәуірінен басталатынын дәлелдеуіміз керек болды. Бұл біздің ұрпақ алдындағы борышымыз екені даусыз. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаржылық түйткілдің түйіні шешілмей тұрған кезең екені белгілі. Соған қарамастан сол кездегі министрлерге, тіпті Үкімет басшыларына қаржы мәселесін шешіп беруді өтініп, хат жаздық. Өтінішіміз ескерусіз қалып жатты. Бәрі де қаржының тапшылығына келіп тіреледі. Кейінгі уақытта ғана мәселе оңтайлы шешілді. Алғашқы жылдары бұрынғы Білім академиясының президенті Әскербек Қабыкенұлының көмегі көп болды. Мәдени мұраларды зерттеу орталығын құрып берген де – сол азамат. Тек 2002 жылы ол қызметінен кеткен соң біз де қысқартуға ұшырадық. Одан кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева, республикалық ақ­параттандыру орталығының директоры Гүл Құрмашқызы қолұшын беріп, көмек көрсетті. Ертедегі ғұламалар мен ойшыл­дардың еңбектері араб тілінен аудару барысында да біршама қиындықтар туып жатты. Қытайға, Моңғолияға, Түркияға барып, мұрағат деректерін алып аудардық. Дегенмен үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде ол қиындықтарды да еңсердік. – Автор ретінде кімдер үлес қосты? – Бұл жинақты құрастыру барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Абай атын­­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің, Түркістандағы қазақ-түрік университетінің профессорлары, газет-журналдардың қызметкерлері мен еліміздегі диаспора өкілдері көп көмек көрсетті. – Жоғарыда бұл жинақтың 30 ғасырды қамтитынын тілге тиек етіп өттіңіз. Оны жарыққа шығарудағы негізгі мақсат не? – Антологияның әр томы әр дәуірдің мәдени мұраларын сөз етуге арналған. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінің халықтық тәлім өнегелері мен баланың ақыл-ойын жетілдіру, еңбекке, өнерге баулу, батырлыққа, шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу барысындағы халықтың тәлімдік тағылымдары, біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы 1-мыңжылдықтағы Заратуштра, Авеста жырлары, Анахарсис, Тұмар, Зарина патшалардың ерлік істері жайындағы аңыздар мен жазба деректер, «V-VIII ғғ. жазба тағылымдар», «IX-XIII ғғ. мұсылмандық тағылымдар» туралы мағлұматтар берілген. Хандық дәуірдегі билер мен ақын-жы­раулардың тәлімдік ойлары да осында көрініс тапқан. Қазақстанның Ресейге бағыну кезіндегі ағартушылық ойлар, қазақ ғылымының қалыптасып, дамуы, алғашқы қазақ басылымдарынан бастап, бүгінгі күнге дейін жарық көрген 100-ге тарта басылымдарда жарияланған оқу-ағарту, мектеп, ұлт мәдениеті жайындағы мақалалардың үлгі-үзінділері сұрыпталып ұсынылған. Орыстың белгілі академигі Василий Васильевич Радлов «Сібір даласында» атты еңбегінде «...өз көршілестеріне қарағанда қазақтардың арасында шешендік өнер дамыған. Тілі бейнелі, сөз төркіні ай­қын да дәлме-дәл мағына береді, демек, қазақтарды Батыс Азияның француздары деп атауға толық негіз бар», – деп тамсана да таңдана жазған. Біздің ата-баба­ларымыз, олардың қымыз ашытып, жылқы бағатындығын, жауынгерлігін, жастарды ерлікке тәрбиелейтіндігін, көшпенділердің мәдениетінің ерекше екені Геродоттан бастап Еуропа, Ресей зерттеушілерінің көпшілігін қызықтырған. Олар қазақтың суырыпсалма шешендігіне, 6 жастағы баладан 60-тағы қартына дейін сөз бас­тайтын шешен, қол бастайтын көсем екенін мойындаған. Міне, осындай әлем зерттеушілерінің қазақ халқы туралы жазған еңбектерінен үзінділер де осы жинақтан табылады. Шетелдердегі қандастарымыздың бала тәрбиелеу дәстүрлері мен елімізде өмір сүріп жатқан диаспоралардың тағылымдық дүниелері де осы жинақтың соңғы томдарына енген. Сонымен он томдық тәлімдік ойлар Антологиясын шығаруда көздеген мақсатымыз – қазақ тәлімінің ежелгі заманнан бергі даму тарихынан мағлұмат беретін бағалы мұраларды жинақтап, бір жүйеге келтіру, тәлім тарихын кешегі кеңестік партиялық-таптық идеологиядан арылтып, бүгінгі қазақстандық біртұтас тәрбие жүйесін құру мақсатына сәйкес қайта түзу, балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдеріне, студент, магистранттар мен ғылыми ізденушілерге, тәлімгер-ғалымдар мен жалпы ұлттық тәлім тарихына қызығушылық танытушы оқырмандарға ұлттық тәлім тарихынан тың мағлұматтар кешенін ұсыну. Отыз ғасырлық мәдениет тарихын қамтитын «Қазақтың тәлімдік ойлар Антологиясын» шығарудағы негізгі мақсатымыз – бүгінгі егемен Қазақстанның ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениеті бар ел екендігін келер ұрпақтың санасына ұялату. – Бұл тәлімдік антология 2000 данамен ғана жарық көрген екен. Республикамыздағы 8 мыңнан аса мектеп, 150-ге тарта ЖОО, кәсіптік білім беру орталықтары мен балабақ­шаларды қосқанда жартысына жуығын да қамтамасыз ете алмайды. Бұл жинақ келешекте тағы да баспа бетін көруі мүмкін бе? – Көптомдық тәлім Антоло­гиясы – ғы­лыми ізденушілерге де, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаздар қауымы үшін де берері мол, мәдени мұраның бастау бұлағы болып саналатын аса құнды еңбек. Сондықтан бұл еңбекті орыс, ағылшын тілдеріне аударып, өзгелерге біздің тәлімдік ойларымызды танытсақ, абзал болар еді. Сонымен қатар қысқартқан нұсқасын электронды оқулық ретінде көпшілікке ұсынсақ та болады. Әрине, мұның бәрінің қаржыға келіп тірелетіні сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Анар ҚАБИ

3644 рет

көрсетілді

84

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы