• Тұлға
  • 11 Маусым, 2020

СЕНІМ МЕН СЫНАҚҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы, «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының кандидаты:

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ Қазақ Елінің тізгінін өз қолына алғанына тура бір жыл болды. Ең бастысы – осы бір жыл көлемінде Қазақстан халқы жаңа сайланған Президентке үлкен қолдау көрсетіп, сенім білдіргені қоғамда анық сезілді. Осы үміт пен күдікке толы бір жылды сараптап, тиісінше баға беріп, талдап-­таразылау үшін белгілі саясаттанушы, «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының ­кандидаты, кәсіби маман Нұрлан СЕЙДІН мырзамен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшылығына келгелі еліміз бірнеше күрделі жағдаймен бетпе-бет кезікті. Арыстағы оқ-дәрі қоймасының жарылуы, Мақтааралдағы тасқын, күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырған COVID-19 індетімен күрес... Ел басындағы осы сын сәттерден Президент басқаруындағы бүгінгі билік қалай өтті? – Дұрыс айтасыз, өткен жыл мен биылғы жылдың алғашқы жартысы еліміз үшін тосын оқиғалар мен төтенше жағдайларға толы болғаны рас. Еліміздің бірқатар аймақтарында ұшақтар мен тікұшақтар құлады, өкініштісі, біраз адамымыз сол апаттарда көз жұмды. Арыста қару-жарақ қоймалары ­жарылып, кенттің жартысы қирап қалды. Еліміздің солтүстік өңірлерінде қыста қар қалың жауып, төтенше жағдай ­жарияланды. Қордайдағы қайғылы оқиғадан 11 адам қаза тауып, жүзден аса адам ­жараланды. Әлемді шарпыған COVID-19 індеті біздің елде де таралып, ауруды жұқтырғандардың саны күннен күнге ­артуда. Жаһанды жайлаған дағдарыс, біздің экономикамызға да әсерін тигізіп, ұлттық валютамызды айтарлықтай девальвацияға ұшыратты. Елімізде төтенше жағдай жарияладық. Мұның соңы қалай болатынын болжаудың өзі қазір қиынға соғып тұр. Мақтааралдағы жағдай да елдің көңілін жабырқатты. Қиын-қыстау кезеңінде халықты жан-жақты қолдауда мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар жүргізіліп отыр деп нық сеніммен айта аламын. Қарап отырсаңыз, бір жылдың ішінде бастан өткерген оқиғалар, бұл бір мемлекет үшін және жаңа мемлекет басшысы үшін үлкен сынақ. Бұл сынақтардан біздің билік сүрінбей өтті деп айтсақ болады. Өйткені қандай оқиға болса да Президент өзі шұғыл түрде тікелей араласып, нақты шешімдер қабылдап, мәселені назарынан тыс қалдырған емес. – Президенттің алғашқы Жолдауында айтылған бағыттар мен тұжырымдарды кеңірек талқылап өтсек. Олардың қайсысы нақты жүзеге асып, орындала бастады? – Мемлекет басшысының ­«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын бәріміз асыға күткеніміз жасырын емес. Өйткені қалыптасқан дәстүр бойынша, жыл сайынғы Жолдауда мемлекетіміздің алдағы мерзімдегі бағыт-бағдары айқындалып, ішкі, сыртқы саясат пен экономикадағы басымдықтары белгіленеді. Сол себепті Президенттің тұңғыш Жолдауы ерекше қызығушылық тудырғаны рас. Жолдаудағы басты басымдықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерімен сәйкес келді, бұл оның өзі қабылдаған шешімдердің жүйелілігін және олар үшін нақты жауапкершілікті сезінетінін көрсетті. Өткен жылғы Президент ­сайлауы Қазақстан қоғамының өткір ­саяси мәселелерді талқылауға бел­сенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Халықтың қоғамдық-саяси рефор­маларға деген сұранысының артып келе жатқанын бәріміз жақсы біліп отырмыз. Сол себепті, қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегіне ­айналды. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент оның базалық сипатын: «... Елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, ­табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес» деп атап көрсетті. Президент елдің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді ашық талқылауды бастауды ұсынды. Осыған ­байланысты Жолдауда көппартиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс ­орнату, митингілер, БАҚ, сайлау туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударды. Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» ­болып есептелетін тіл мәселесіне де ­ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп кесіп ­айтты. Сондай-ақ Президент өз ­Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ­ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ­ерекше көңіл бөлді. ­Жолдауда көтерілген негізгі мәселелер бүгінде іске асырылуда. Нақты атап айтсақ, ұстаздар мәртебесіне қатысты арнайы заң қабылданып, олардың еңбекақылары едәуір өсті. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер жетерлік. Көп балалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды қолдау оң нәтижесін беріп, былтырғы жылы атаулы әлеуметтік көмекті 485 мың отбасы алған. Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығына сәйкес 500 мыңнан аса отандасымыздың 300 мыңға дейінгі қарыздарын жауып, 1,2 млн азаматтың айыптары мен оның өсімдері кешірілген, бұған мемлекет тарапынан 149 млрд теңге бөлінген. Бұл шешімді қабылдай отырып, Президент мемлекеттің басты мақсаты – ол өмірлік түрлі қиындықтарға тап болған азаматтарды барынша қолдау, бірақ әрбір қазақстандық өзінің жеке жауапкершілігін арттырып, өзінің тұрмысын жақсартуға әрекеттер жасауы керек деген болатын. – Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарла­масына тоқталып өтсек. Билікке келген бір жыл ішінде сол бағдарлама қаншалықты орындалды? Үш бағыттан тұратын бағ­дарламаның артықшылығы не еді? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолға алған бір жыл кезеңінде елімізде орын алған қиындықтарға қарамастан, бірқатар маңызды оң өзгерістер болғанын бәріміз көріп, жақсы біліп отырмыз. Бұл – ашық мойындауға тиіс дүние. Ең бастысы, біз тәуелсіздік жылдары қалыптасып, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың эволю­циялық, прогрессивті саясаты мен реформаларының сабақтастығын сақтай алдық. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет жоғарғы билікті заң жүзінде, демо­кратиялық бейбіт жолмен, халықтың тікелей араласуымен толық ауыстырып, билік транзитін аяқтадық десек болады. Бүгінде Президентіміз елдің ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарын анықтап, экономикалық даму ­жолымызды айқындап, елімізді алға жетелеуде. Президенттің сайлауалды бағдарла­масына келсек, тұғырнама үш бағыттан тұратынын бәріміз жақсы білеміз, олар: «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Бұл қағидаларға жеке-жеке тоқталсам, «Сабақтастық» өзінің аты айтып тұрғандай, еліміздің жаңа даму кезеңінде Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қол жеткізген жетістіктері мен «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген басымдықтарды әрі қарай тиімді жалғастыру. Жеткен жетістігімізді сақтай отырып, тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді одан әрі нығайтып, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттырып, ұлттық қауіпсізді­гімізді күшейту. Еліміздегі ішкі тұрақ­тылықты сол қалпында сақтап, халық арасындағы татулық пен келісімді нығайту. Жүргізілген саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларды жалғастырып, мемлекеттік дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмірін жаңа деңгейге көтеру. «Әділдік» – біздің болмысымыздың ажырамас бір бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз. Ата-­бабаларымыз әділдікті әрқашан жоғары бағалап, ол үшін жан аямай күрескені баршамызға мәлім. Мемлекетіміз алғашқы күннен бастап азаматтарды ұлтына, діни наным-сеніміне, тұрмыстық жағдайына қарамастан барлығының құқықтарының теңдігін ­Конституция арқылы қамтамасыз етіп келеді. Осы бағытты жаңа деңгейге шығару мақсатында, Президентіміз бұл мәселені алдағы мерзімге басты бағдар етіп таңдап, әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын көтеруіне жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Тұғырнаманың үшінші қағидасы – Өрлеу, яғни қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне берілетін лайықты ­жауап. Біз демократиялық, зайырлы қоғам құрудамыз, әлем үшін ашықпыз, үздік жаһандық жетістіктер мен озық технологияны игеріп, ендіруге талпынып келеміз. Өмірдің барлық саласында инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуге, оларды біздің күнделікті өмірге бейімдеуге талпынудамыз, нәтижелері де жоқ емес. Президентіміз адамдардың игілігі жолындағы жасампаз өзгерістерді қолдап, олардың барынша дамуына жағдай ­жасауда. Біздің халқымыз жаңашылдыққа өте бейім және жас ұлт. Сол себепті Мемлекет басшысы «Өрлеу» идеясын, өзінің сайлауалды бағдарламасында негізге ала отырып, алдағы бес жылдық жоспарына қосып, басымдық беріп отыр. Яғни бір жылда атқарылған ­шаруалардан сабақтастықты сақтап қана қоймай, еліміздің дамуы жаңа қарқынға шықты. Бұл басымдықтарды іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының ­арнайы Жарлығы жарияланып, бес жылға атқарылатын іс-жоспары бекітілді. Бұл бағытта әр мемлекеттік органның 2025 жылға дейін халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ел экономикасын дамытуға, қоғамдық-мәдени іс-шаралар бойынша атқаратын нақты іс-әрекеттері белгіленген. – Бір жыл ішінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларда қабылданған қандай да бір бастамалар, жобалар өз жемісін берді ме? Тарқатып айтсақ, қандай алға жылжулар байқалды? – Өздеріңізге мәлім, ел Президентінің алғашқы бір жылы – халықтың сенімі мен күтпеген әлеуметтік сынақтарға толы жыл болды. Үміт пен күдік қатар алмасып, ішкі-сыртқы байланыстарда шешімін табуы тиіс мәселелер аз болған жоқ. Осы бір жылдың ішінде бірқатар маңызды мәселелердің басы қайырылғанын бәріміз жақсы білеміз. Қоғамдық-саяси мәселелерге келсек, былтырғы өткен сайлау қоғамдағы бірқатар маңызды мәселелерді күн тәртібіне шығарған болатын. Оны Мемлекет басшысы инаугурация кезінде жасаған баяндамасында, қазіргі саяси-әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамуда айтарлықтай өзгерістерді қажет етіп отыр деп атап өткен еді. Азаматтық белсенділік, ел тағдырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс әркез халқымызды алға жетелейтіні белгілі. Осы ұстанымдарды басшылыққа алып, еліміздің дамуына тың серпін беру маңызды міндет. Кез келген мемле­кеттің өз түйткілі болады. Алға ілгерілеу үшін қордаланған мәселелерді уақытылы шешу керек. Біз тәуелсіздік ­жылдары еліміздің даму қарқынына сай, ­саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды кезең-кезеңімен өткізіп келдік, бұл бағыттарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенімізді бәріміз жақсы білеміз. Бүгінде әлем өзгеріп, технологиялар дамуда, сол себепті біз де бір орында қалмауымыз қажет. Осы қордаланған мәселелерді қоғамда жан-жақты талқылап, оң шешімдер қабылдау мақсатында Президент өзі төрағалық ететін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, бір жылға жуық мерзімде еліміздің алдағы дамуына қатысты мәселелерді халық арасында кеңінен талқылап, еліміздің заңнамасында оң өзгерістер байқалды. Атап айтсам, ­саяси реформалар, яғни демократиялық үдерістерді дамыту бойынша, саяси партиялар, сайлау туралы, парламенттік ­оппозиция, митингілер мен шерулер туралы заңдар мен қылмыстық кодекстің кейбір баптарына үлкен өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Президент, қоғамда белсенді талқыланып, оның наразылығын тудырып жатқан экология, жер, әлеуметтік мәселелер еркін және ашық талқыланып, ортақ шешім қабылдануы қажет деген қағиданы ұстанып келеді. Соның бір мысалы, соңғы жылдары көп талқыланып, бір ортақ шешімге келе алмаған, Алматының баурайында салынатын «Көк жайлау» туралы еді, Президент бастапқыда экологиялық белсенділер қарсы болған жобаны тоқтатуды тапсырып, кейіннен мүлде ­жобаны жабуды қала әкіміне жүктеген болатын. Жер мәселесіне де Президент пікір білдіріп, ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерге аудит жүргізуді және жер кадастрін сандық форматқа көшіруге тапсырма беріп, жер тек онымен нақты айналысатын шаруаларға берілуі қажет деп мәлімдеді. Бұдан біз Мемлекет басшысының елдегі кез келген мәселені ашық талқылауға дайын екендігін анық көреміз. Яғни ­Қасым-Жомарт Кемелұлының әлеуметтік желілер арқылы туындаған мәселелерге пікір білдіріп, мемлекеттік органдарға тапсырмалар беріп отыруын өзі айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты нәтижелері деп айтуға толық негіз бар. – Осы кезеңдегі Қазақстанның сыртқы саясатындағы ұстанымдар мен бағыт-бағдар қалай өзгерді? Президенттің саяси қызметі туралы шетелдік әріптестерінің көзқарастары қандай? – Сыртқы саясатта да сабақтастық жалғасуда, оны Президент өзінің қызметке кіру барысында да жариялаған болатын. Біз алғашқы күннен бастап көп векторлы сыртқы саясат жүргізіп келеміз. Көрші елдермен, әлемнің жетекші елдерімен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасқа стра­тегия­лық маңыз беріп, жүйелі түрде қаты­нас­тардың дамуы ­жолында қызмет атқарылуда. Қазақстан қай кезде болса да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік, экологиялық, экономикалық, гуманитарлық және тағы басқа мәселелерге белсене араласып, оларды шешу үшін нақты бастамалар көтеріп, түрлі іс-шараларға белсенді араласып келеді. Халықаралық ұйымдардағы төрағалықтары барысында да белсенділік танытып, күн тәртібінен түспей келе жатқан бірқатар мәселелердің шешілуіне ұйытқы болғанын бәріміз жақсы білеміз. Және бұл қадамдар халықаралық қоғам­дастық алдында жоғары бағаға ие болды. Халықаралық қоғамдастықтағы соңғы кездегі өзгерістерді ескере отырып, оны жаңа сатыға көтеру мақсатында биыл наурыз айында Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл жерде біздің сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз тайға таңба басқандай нақты айқындалған. Мемлекет басшысы бір жылда он шақты мемлекетке ресми сапармен барып, он беске жуық мемлекет басшыларын Елордада қабылдап, 9 халықаралық ұйымдардың форумдары мен саммиттеріне қатысқан. Президенттің саяси қызметі туралы шетелдік әріптестерінің көзқарастарына тоқталсам, Мемлекет басшысы аса ірі кәсіби дипломат, оның барлық қызметтік сатысынан өткенін барлығымыз жақсы білеміз. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы еліміздің Сыртқы істер министрі мен БҰҰ-дағы басшылық қызметі нәтижесінде, ол көптеген мемлекет басшылары және халықаралық ұйым төрағаларымен жеке таныс және өте беделді. Үлкен абырой мен құрметке ие, оны біз жасаған сапарлары мен кездесулерінің нәтижелерінен көріп отырмыз. Және ішкі, сыртқы қарым-қатынаста саясат мәдениетін терең меңгерген тұлға. Былтырдың өзінде Президент сыртқы саяси мәселелерге қатысты жүзге жуық іс-шараларға қатысқан. Өткен жылы Қазақстанның БҰҰ-дағы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының қорытындысын талқылау барысында, Мемлекет ­басшысы Қазақстан тарапынан орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған орта мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар жасап, мәселе көтерді. Осы жиын ­барысында Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және ­Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан және басқа да саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның өңірлік көшбасшылығын мойындап, әлемдік саяси картадағы беделіне ерекше баға берген болатын. Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік. – Биыл қазақ тарихында үлкен ­мерейтойлар жылы. Алтын Орданың 750, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы. Президенттің осы мерейтойларды өткізудегі, яғни халық құрметтеген тұлғалар мен мерейлі даталарды лайықты атап өтудегі бастамалары сырт қалып қойған жоқ па? – Дұрыс айтасыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жариялаған алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы ­мерейтойларын тиісті деңгейде атап өтуді тапсырған ­болатын. Бұл іс-шараларды өз деңгейінде атап өту мақсатында ­арнайы Қаулы шығып, мемлекеттік комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілгенін бәріміз жақсы білеміз. Бүгінгі таңда коронавирус індетінің жаппай таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланып, елімізде карантин енгізілгеніне қарамастан, ­жауапты мекемелер өздеріне жүктелген тапсырманы орындап жатқанын БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден көріп, біліп отырмыз. Мемлекет ­басшысы жылдың басында қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығының салтанатты ашылу рәсімінде және «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында, биылғы ұлттық руханиятымыз үшін аса маңызды мерейтойлық іс-шараларды мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру ­барысында, біз мұның бәрін той тойлау үшін емес, ­ой-өрісімізді кеңейтіп, ­рухани тұрғыдан даму үшін өткізетін ­боламыз деп мәлімдеген еді. Бүгінде бәріміз байқап отырғандай, мерейтойларға байланысты түрлі ғылыми конференция­лар, мүшәйралар, басқа да маңызды талқылаулар онлайн форматта өтіп ­жатыр, індеттің ­таралуына ­байланысты Мәскеудегі әскери парад та кейінге шегеріліп, осы айдың соңында өтеді деп жоспарланып отыр екен. Қазір жылдың ортасы, енді елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, күзге қарай іс-шаралар жоспар бойынша жүзеге асады деген сенімдеміз. – Ел басқару жауапкершілігін алу ешқашан оңай болған емес. Ел басқарудағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мойнына артылған жауапкершілік жүгі қандай? Ол атқаруы тиіс ең негізгі міндеттер не деп ойлайсыз? – Әрине, қай заманда да елді басқарып, оны түрлі-түрлі қиындықтар мен сынақтардан аман-есен алып шығып, қарқынды даму жолына түсіру білімді, тәжірибені, мінез бен үлкен қажыр-қайратты және жауапкершілікті қажет ететіні белгілі. Бұның бәрі біздің Президенттің бойында бар қасиеттер. Ол өзін осы 30 жылға жуық елге қызмет ету барысында жан-жақты көрсетіп, оның барлық сатысында өзін дәлелдей алды. Оған былтырғы Президент сайлауының нәтижесі дәлел бола ­алады. Сайлаушылардың 71 пайызы оны қолдап дауыс берді. Бұл халық тарапынан жасалынған үлкен сенім мен жарқын болашаққа деген үміт. Бұл сенімді біздің Мемлекет басшымыз да айқын сезінді. Осы бір жыл көлеміндегі атқарылған саяси қадамдар мен әлеуметтік-экономикалық бағыттағы еңсерілген үлкен жобалар сол сенімнің көрінісі. Қазақстан өзінше жеке жатқан оқшау мемлекет емес, ол халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі. Сондықтан әлемде болып жатқан өзгерістер мен қауіп-қатерлер бізге де тікелей қатысты болатыны түсінікті. Негізгі күн тәртібіндегі сұрақтар, олар меніңше: аймақтағы өзара ынтымақтастықты дамыту, қауіпсіздік, экологиялық, трансшекаралық өзендер мәселелері, сауда-саттықты арттыру. Ішкі мәселелер туралы айтсақ, Президент бір жыл көлемінде олардың әрқайсысы бойынша мәселе көтеріп, тиісті мемлекеттік органдарға арнайы тапсырмалар берген болатын. Олардың алғашқы нәтижелері де жоқ емес. ­Жалпы күн тәртібіндегі негізгі атқарылуы тиіс мәселелер, олар: экономиканы ­дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикадағы шикізаттық басымдықты инновациялық өндіріс пен өнеркәсіпке, ауылшаруашылығына бейімдеу. Адами капиталды дамыту, ол үшін денсаулық сақтау, әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету, білім мен ғылым саласын дамыту деп білемін. Бір жылда Президентіміз мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды, оны жаңа деңгейге алып шығатын мәселелерді көтеріп, серпін берді. Осы қарқынмен жүре берсек, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосыламыз деп толық сеніммен айтуға болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ

58451 рет

көрсетілді

25145

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы