• Тұлға
  • 18 Маусым, 2020

ҚЫЗЫЛЖАРДЫ БЕТКЕ АЛЫП ЕЛ КӨШКЕНДЕ...

Әбдіғани Бәзілхан, айтыс ақыны, Мәдениет қайраткері

«Ана тілі» газеті шекаралық өңірлер мәселесін, ол өңірдегі жергілікті ұлттың хал-ахуалын назардан тыс қалдырған емес. Былтырғы жылдың мамыр айында жарық көрген Дәуіржан Төлебаевтың «Солтүстікті игеру» атты мақаласында да түйткілді жайттарды айтқан едік. Біздің бүгінгі кейіпкер солтүстікке көшкен елге арналған бағдарламаға жаңа леп қосу мақсатында Қызылжарға қоныс аударыпты. 2004 жылдың сәуірінде атамекенге оралған айтыс ақыны Әбдіғани Бәзілхан Алматы облысы аумағына табан тірейді. Мұнда келе сала қоғамдық-мәдени ортада тынбай еңбек етіп, өңір мәдениетінің дамуына үлес қосқан ол ­Райымбек, Талғар аудандық Мәдениет үйлерінде жауапты қызметтер атқарған. Талғар аудандық мәслихатының 5 және 6-шақырылымының депутаты, аудандық «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы «Нұра» бастауыш партиясы ұйымының төрағасы болып қызмет еткен. 2020 жылдың ақпан айында Солтүстікке қоныс аударған Әбдіғани Бәзілхан түпкі ойы қазағы аз солтүстікті қазақыландыруға ат ­салысу, үлес қосу, еңбек ету екенін айтады. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің Қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің төраға орынбасары қызметіндегі Ә.Бәзілхан осы көштің жай-жапсары туралы әңгімелеп берді.

– Ару Алматы талай қазақты бауырына магнитше тартатын әсем шаһар ғой. Осы мекенді тастап ақпанның ақ боранында Қызылжарға отбасыңызбен қоныс аудардыңыз. Себебін бөлісе отырсаңыз...

– Әрине, ару Алматы, асқақ ­Алатау күллі қазақтың көзқуанышы, алтын ұясы. Сол әсем қаланың бары мен жоғы Қазақстан атты мемлекетке байлаулы болса, ол мемлекеттің бүтіндігі шекаралық аудандардың мығым отырғанына да тәуелді. Алматымды қаншалықты жақсы көргеніммен, маңызды, жанға батар мәселе шекаралық өңірлерде, әсіресе қазағы сиреген солтүстікте екеніне көзім жетті.

Қоныс аудару тарихымның жай-жапсарын баяндай кетейін. 2004 жылы аттың басын атамекенге бұрдым. Ел мен ел қосылған ұлы тойды бастан өткеріп, туған жердің топырағына тәу еттім. Сол 2004 жылдан бері қуанған, шүкір еткен, мұңайған да сәттерді бастан өткердім. Еңбекпен жеген нан тәтті деп, талмай еңбектендік, бел жазбай жұмысқа кірістік. Үлкенді-кішілі жұмыстың бәрін ­ынталана істедік. Алайда арғы беттен келген ағайынның кей-кейде жәутеңдеп қалған жанарын байқағанымда, жүрек сыздап қоя беретін. Отанымызға зор рақмет, құшағын жая қарсы алды, қал-қадерінше еңбекке араластырды, азаматтық берді. Қандастардың қазақстандық ортаға толық сіңісіп кетуі үшін жағдайды жасап-ақ жатыр. Сонда да олардың елдің ­жайына бейімделуіне, атакәсібі – өрісті малға толтырып немесе бүгінгі заманның еңбеккеріне тиесілі өмірге араласып кетуіне тағы қандай мүмкіндік бар деп ойланып жүретін едім.

Бірде, 2019 жылдың жаз айында ­тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметқанұлы ағам «Арғы беттен келіп жатқан қазақтың қиналып жүргенін білесің бе? Солтүстікке ел ша­қырған арнайы бағдарламалар бар екен. Соны түсіндіріп, өзің де түсініп, мына жақта жұмыс таппай жүрген қандастарды солтүстікке жіберсеңші. Ел болып өркендеп өссін» деді. Алматы облыстық мемлекеттік банк және әлеуметтік сала қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төраға орынбасары қызметінде едім. Қызметтестерімнен сұрап, өзім де ізденіп, ғаламтордан Солтүстік Қазақстан ­облысы туралы ақпараттарды ақтардым, көп жайтқа қанықтым. Солтүстікке еңбек күші керек екен, ал көшпен келген қазаққа кең өріс керек. Екеуін қалай байланыстырамын деген ой мазамды алды. ­Содан отыра қалып жоба жасап, досым Серік Қалиев екеуміз Астанадағы кейбір мемлекеттік құзырлы орындарға хат жазып, жобамызды ұсындық. ­Алайда жауап кешікті. Сірә, не менің жазбам жетпеді, не ­болмаса жобамыздың маңызы жоқ деп ойлап қойған едім. Сөйтіп жүргенде қазақтың ғажап ақыны Светқали Нұржанмен кездесудің сәті түсті. Мұрат Шаймаранұлы деген ақын досымның Алматыда өткен мерейтойында екі күн жолдас болдық. Маңғыстауға аттанар шағында «Алматыдан өзіңдей бауыр тапқаныма қуаныштымын, енді арнайы іздеп келемін» деді. «Мені енді Алматыдан таппайсыз» деп қойып қалдым. «Айналайын! Неге?» деді ағам. Барлық жоба, жоспарымды баяндап бердім. ­Ойланып қалған Светқали ақын: «Сені ол жақта кім қарсы алады?» деп сұрады. «Білмеймін» дедім мен. «Онда маған қазір түйіндемеңді бер, қалғанын сосын айтам» деп, ағам сөзді көп созбады. Құдай оңдағанда көлігімде түйіндеменің бір нұсқасы жүр екен, қолына ұстаттым. Арада апта өткенде Светқали ағам «Ақордадан шығып келемін» деп, сүйіншілеп хабарласты. «Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа жағдайыңды жеткізіп айттым, ол кісі түйіндемеңнің астын сызып тұрып Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа тапсырды. «Елім деп еміреніп тұрған жігіт екен, жұмыс істеуіне мүмкіндік беріңіз» деді. Енді хабар күт» дейді ағам телефонмен.

Жүрек алып-ұшып жүргенде, көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Жоламанұлы хабарласып, облыс әкімі Құмар Іргебайұлының кездескісі келетінін айтты. Айтқан уақытында бардым. Жарқылдап қарсы алған облыс әкімі бір жарым сағат уақыт бөліп, орынбасарларымен бірге отырып жобамды талқылады. Тіпті маған жұмыс қарастырып, лауазымды бос орындар ұсынды. Алғысымды жаудырып, мансап іздеп жүрмегенімді, елге ел қосып, ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың солтүстікке арналған үлкен саясатының орындалуына күш салып, Қызылжар даласын қаракөзге толтыру мақсатымды қолдауын сұрадым. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатына, игі бастамаларына қолдау көрсетіп, қазақ елінің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келетінін айттым.

Осылайша, 2020 жылдың ақпан ­айынан солтүстіктің тұрғынының қатарын отбасыммен қоса толтырдық. Облыс әкімдігіне қарайтын Қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орынбасары болып қызметке кірістім. Екі айға жуық қызмет етіп жүрген соң, өзіңіз білесіз, төтенше жағдай басталып, бәріміз үйге қамалдық. Алайда үйде отырып та, көп жұмыс атқаруға болатынын осы ­карантинде түсіндік қой.

«Ақпанның ақ боранында қоныс аудардыңыз» деп қалдыңыз ғой. ­Шынымды айтсам, ақпанның ақ боранының ызғарын аса сезінбедім. Солтүстіктегі жұрт та кейінгі кездері климаттың өзгеріп, күн райының жылынып келе жатқанын ­айтады. Әрі мұнда қарсы алған ел-жұрттың ыстық ықыласы да ақпанның ақ түтегін сездіртпеген шығар.

Отбасымды алып, осында көшіп келгенімде, ел-жұртты шақырып, өлең жазған едім.

Қызылжар қызыр қонған құтты мекен,

Ел көшер күйге неге түстің екен?

Анаңдай еміреніп шын сүйе алсаң,

Ақпанның аязы да ыстық екен...

Еңбекпен толықсытып кең даласын,

Қайтарып кеміп қалған өр бағасын.

Келіңдер, қара көздер, Қызылжарға,

Бұл жердің қожайыны сен ғанасың! –

деп өзгелерді де осы көшке шақырдым.

– 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына атажұртына келген қандастарымыздың да қосары көп дейсіз ғой, демек. Қызмет еткеніңізге көп бола қоймаса да, біраз жайттан хабардарсыз ғой. Ол жаққа ат басын бұрған отандастарымыздың хал-жағдайы қалай? Солтүстікке қандай еңбек күші жетпейді? 

– Өзіңіз білесіз, жұмыс күшіне ­тапшы солтүстік аймаққа еліміздің бірнеше өңірінен, атап айтсақ, ­Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан ­облыстары мен, Алматы, ­Шымкент, ­Нұр-Сұлтан қалаларынан мамандарды шақыру науқанын Үкіметіміз бірнеше жыл бұрын бастады.  Солтүстік Қазақстан облысында білім, денсаулық сақтау және ауылшаруашылығы саласындағы ­мамандар тапшы. Облыста 550 мыңға жуық халық тұрады. Ол жалпы республика халқының болмашы пайызы ғана. Демек, Ресейдің үш бірдей облысымен шектелетін өңірде халық саны аз, өте аз. Ал сол 550 мыңға жуық халықтың 35 пайызы ғана қазақтар.

Қалған алпыс бес пайыз өзге ұлт өкілдеріне тиесілі. Орыстар 49 пайызды, қалған бөлігін, украиндер, немістер, т.б. ұлт өкілдері құрайды. Орыстардың да жастары, негізінен, Ресейге қоныс аударған. Көшіп барғанымда далада ­ойнап жүрген кішкене қызыма орыстың егде адамдары ақша ұстатқанын көріп, біртүрлі болып қалдым. Қайтарып беріп едік, «Балаларымызды, немерелерімізді сағындық. Қасымызда болса, осылай құлдыраңдап жүрер еді ғой. Шын ниетпен беріп тұрған қолымызды қайтармаңыз. Өз немеремізге балмұздақ алып бергендей біз де сағынышымызды басайық» деді. Білесіз бе, солтүстікке ат басын бұрарда бара сала айналамның бәрін қазақша сөйлетіп жіберемін деп құлшынған едім. Осында келген соң түсіндім, сөз бен нақты қадам екі бөлек жүреді екен. ­Алматы облысында тұрғанымда, орыс тілін жетік білмеуім менің жұмыс істеуіме, адамдармен араласуыма кедергі болған емес. Бұл жақта кейбір қазақтардың өзі қазақшаңды түсінбей қалады. Сол үшін орыс тілін үйрене бастадым. Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтіні бар ғой. Енді, міне, айналама «Шын ниеттенсең, тіл үйрену қиын емес. Сендерге сөзім түсінікті болуы үшін, орыс тілін үйрендім. Сендер де мені түсінсін десеңдер, қазақ тілін үйреніңдер» деп айта бастадым. Құдайға шүкір, мұндай сөзді бәрі тыңдайды, құлақ асады. Тіл де, қазақылық та жүре бара осы өңірге әбден бекитініне сенемін.

Солтүстікке көшуге ниетті азаматтарға жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасалады, балалары мектеп пен балабақшаға орналастырылады. Облыста үйдің орташа бағасы – 200-500 мың теңге. Берілген көмектермен-ақ ол үйді сатып алуға мүмкіндік бар. Өңірде халық саны аз болғандықтан, бірінші кезекте көпбалалы отбасы көшіп ­келсе екен деп отыр. Себебі қазір кейбір ауыл мектептерінде оннан аса бала ғана қалған. Сол мектептерді сақтау үшін де балалар керек. Мұғалім, дәрігер, диқан, мал дәрігерлері, агроном, тракторшылар, комбайншылар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Балаларға мектеп пен балабақша дайын. Егер осы талаптарға сай болса, ондай отбасыға үйдің кілтін табыс етеді. Осы мақсатта былтырдың өзінде 428 үй салынған екен.

Журналист болғандықтан, ол жақта сіздің әріптестерге де сұраныс барын айтып кеткім келеді. Мысалы, Мамлют аудандық газетін шығаратын жауапты маман жоқ.

Үй берілмесе, мұнда көшіп келетін азаматқа мемлекет тарапынан көмек және үйдің бір жылдық ақысы беріледі. Егер бір отбасында төрт адам болса, 400 мың теңге шамасында мемлекет көмек ұсынады. Атап өтейін, бұл жұмыс берушінің көмегінен бөлек берілетін көмектер.

Осында қоныс аударып, кәсіп ашқысы келсе бір ай оқытып, 500 мың теңге қайтарымсыз грант немесе пайызы төмен несие береді.

Ол жаққа қоныс аударғаныма бес айға жуықтады. Әзірге төрт-ақ ауданға шығып, елдің жайымен таныстым. Өркендеп, кәсіпорын ашып, мал бағып отырған отбасылар бар. Үлкен шаруа қожалығын ашып, бір-ақ жылдың ішінде шаруасын дөңгелетіп әкеткендерді де көрдім. Иә, жерсінбей, қайтып кеткендер де бар. Оны жасырмаймыз. Бірақ бірен-саран ғана. Оның өзінде оларға өкіметтен еш кедергі болмаған. Өздеріне-өздері кедергі жасаған.

– Қазақта атамекен деген қасиетті ұғым бар. Басқаны айтпаған күннің өзінде, ата-баба бейітінен алысқа ұзағысы келмейтіндер көп және ол себебі түсінікті де. Жұмыссыз отырса да баба бейітінен алысқа ұзап кеткісі келмеген елдің себебін түсінуге де болады ғой. Осындай ұстанымын айтқандарға сіздің берер жауап қандай?

– Солтүстік Қазақстан – басқа мемлекет емес қой. Ол да қазақтың жері. ­Заманында Мағжан, Ғабит, Сәбит сынды сөз зергерлерінің кіндік қаны тамған, одан арғы-бергі уақытта да талай қазақтың аймаңдай ұрпағына мекен болған киелі жер, қасиетті өңір. Тұмса табиғаты, ғажап аң-құсы бар өлке. Мұнда да қаншама алақанның жайылып, дұға оқылуын күтіп жатқан баба бейіті жетімсіреп тұр. ­Оларды қайда қоясыз? Ұлан-байтақ жерді бізге аманаттап қалдырып кеткен бабалар бейіті – бәрімізге ортақ. Бейітті айтасыз, мұнда қаншама ауыл жетімсіреп тұр. Мектептер, балабақшалар бос қалған. Қаншама сай-сала адам алақанын күтіп, бос жатыр. Өзен-көл, оған қонған аққу-қаз ауылы сиреген өлкеде мұңая әнін салады.

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін ­аудан-ауылдарда ел ағын, су ағын басталған. Жастар қалаға тартып кетті, өзге ұлт өкілдері өз Отандарына ат басын бұрды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының түпкі мақсаты Солтүстік Қазақстан облысын сақтап қалу. Тағы да қайталап айтайын, Ресейдің үш бірдей облысымен шектесетін өңірде халықтың азайып кетуі елдігімізге сын. Үкімет ешкімді күштеп отырған жоқ. Өзің тұрған жерде адам көп, жұмыс аз ба, ­адамы аз, жұмысы көп жаққа қоныс аудар, ол көшті біз демеп-қолдайық деді.

Сөзіміздің басында «Ана тілі» осындай көш туралы мәселені назардан тыс қалдырған жоқ деп едіңіз. Сондай мақалада геосаясаттанушы Ф.Ратцелдің бір сөзін келтіріпсіздер. «Шекара – мемлекеттің шеткі аймақтағы органы, ол сондай-ақ өсімі, қуаты мен әлсіздігі және бар­лық өзгерістер көрініс табатын мем­лекеттің организмі. Мықты мемлекет өзінің шекаралы аймақтары мен орталығының арасындағы тығыз бай­ланыстарға қолдау көрсетіп отырады. Осы қарым-қатынасты әлсірететін тенденция мемлекетті де әлсіз етіп, шекаралық аймақтарды жоғалтуға әкеліп соғады» деген екен. Олай болса, шекаралық өңірлерге мемлекеттік тұрғыдан мән берудің маңызы зор. Әсіресе, халқы аз шекаралық аймақтар назардан тыс қалмауы керек. Өкімет онсыз да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Енді халықтың да тікелей қолдап, бастамаға үлесін қосатын кезі келді.

Аудандарды аралап көргенімді байқағаным, ауыл мен ауыл арасы өте шалғай, адам да, мал да аз. Ал жердің ұшы-қиырына көзің тұрмақ, ойың жетпестей сезіледі.

Шекараға жақын аймақтарға халық­тың көптеп қоныстануы – ел іргесін бүтін әрі берік ете түсудің бірден-бір жолы. Тәуелсіздік жылдарында халықтың ­басым көпшілігі орталықтарға бет түзеді. Оңтайландыру мақсатымен аудандар біріктірілді. Бала санының аздығынан орта мектептер жабылды. Тағы да басқа себептермен ауыл халқы, әсіресе жас­тар қалаларға, орталықтарға ағылды. Осындай себептермен шекаралық аймақтардың тұрғынсыз қалуы оның әлеуетін кәдімгідей төмендетіп жіберді. Енді сол олқылықтардың орнын ­толтыру керек. Шекаралық аудандар адамсыз қалмаса екен дейміз. Біздің мемлекетіміз үшін де бұл – стратегиялық маңызды мәселе.

– Алматы қаласына ресми іссапармен келген екенсіз. Елді осы «Еңбек» бағдар­ламасы арқылы Солтүстікке шақыруды мақсат тұтып жүрсіз ғой?

– Дәл таптыңыз. 2019 жылы облысқа 2223 адам – 736 отбасы қоныс ­аударыпты. Түркістан облысынан 286, Жамбыл ­облысынан 69, Алматы облысынан 96, Қызылорда облысынан 63, Маңғыстау облысынан 14, Шымкент қаласынан 89, Нұр-Сұлтан қаласынан 119 отбасы көшіп келген. Олар облыстың барлық аудандарына және Петропавл қаласына орналастырылды.

Алматы қаласы мен облысына ресми сапармен келдім. Қазір қазақтар қайда? Базар жағалап жүр. Сол үшін базар басшыларымен сөйлестім. Оларға «Еңбек» бағдарламасының мән-жайын түсіндіріп, маман болса, Солтүстік өңірлерге көшіп баруға болатынын айттым. Әкімдіктің ресми ақпараттық хабарламасын сонда қалдырып кеттім. Қызыққан жастарға біз де хабарын айтып отырамыз деген уәдесін алдым. Одан бөлек, Алматы облысының екі ауданының әкімшілігімен кездестім. Талғар ауданының әкімдігі күллі ауылдарға ақпараттық хабарламаны жеткіземіз деп отыр. Қазаққа бір айтсаң, өзі де ары қарай іліп алып кетеді ғой. Естір құлаққа жете берсін деп, Шалқар радиосына бір сағат тікелей эфирге шығып, «Еңбек» бағдарламасының мән-жайын айттық.

– Төтенше жағдай аяқталған соң, Солтүстік Қазақстан облысының аудандарын аралап көруге мүмкіндік туды. Елдің жайын тарқатып айта отырсаңыз...

– Иә, төтенше жағдай аяқталған соң, көшіп келген елдің райын білмек болып, аудандарды араладым.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен, облыс әкімінің орынбасары Асқар Жоламанұлының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмас Темірболатұлының жөн сілтеуімен 14 мамырда Тайынша ауданына арнайы іссапармен бардық. Аудан әкімінің орынбасары ­Жанар Ермекқызы мен Жұмыспен қамту орталығының ­басшысы Сәуле Дулатқызы күтіп алып, елдің хал-жағдайымен таныстырды. Ел ­аралатты, адамдармен ­кездесуге мүмкіндік туғызды. Тайынша ауданы – Ақмола облысымен шекаралас ­жатыр. Халық саны 46 мыңнан асады. Қызылжардан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан аумағында 89 елді ­мекен, 63 ауылшаруашылық кәсіпорын, 316 ­шаруа қожалығы бар. 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 39 үй салынып, пайдалануға берілген. 73 отбасы – 191 адам ауданға көшіп келген, оның 71-і жұмыспен қамтылыпты. Алты отбасы, яғни 24 адам шетелден келген қандастар екен.

Школов ауылдық округінің әкімі Сәкен Төкенұлы бұрын кәсіпкер болған екен. Табысты кәсібін тастап өз ауылын көркейтуді мақсат тұтып, мардымсыз жалақыға еңбек етіп, ел басқарып отырған жас жігіттің Отанын, елін сүйген пейіліне риза болғаным бар. Әкімдікте маман жетіспейді, екі қызметкердің орны бос тұр. Әкімнің айтуынша, жастар ауылға, мемлекеттік қызметке келгісі келмейді. Сәкен Төкенұлы округ ­бойынша 3 елді мекенде 4434 адам тұратынын, адамның аздығынан оқушылардың саны толмай, мектептер жабылып жатқанын да жасырмады.

«Көшіп кеткендер де көп, «Еңбек» бағдарламасымен келіп жатқандар да бар. Биыл бағдарлама бойынша ауылда 8 тұрғын үй салынды, тағы да келетіндер болса қуана қарсы аламыз, әр саланың ­маманы жетіспейді» дейді Сәкен Төкенұлы.

Ал Амандық ауылдық округінің әкімі Керейхан Әнуәрбекұлы ­округте 3 елді мекен,1719 жан саны барын ­айтты. Әкімшілік аумағына қарасты Жаңа дәуір ауылы егін егу мен мал бағуға қолайлы өлке. Бар-жоғы 18 ­отбасы тұратын бұл ауылдың берекесі болған зейнеткер Қайыргелді Мұқанов ақсақалдың үйінде отырып ұзақ әңгімелестік. Ақсақалдың айтуынша, бұрын ауылда жүзге жуық отбасы болған екен, бәрі көшіп кетіпті. «Жастар тіпті ауылда тұрғысы келмейді, сонда ауылға кім ие болады?» деп мұңайған ақсақал «Еңбек» бағдарламасы арқылы келетін қазақтардан үміттенеді. 200 жылқы бағып отырған Қайыргелді ақсақал қосымша орман шаруашылығына жұмыс істейді екен. Кезінде Қытайда айтыс сахнасын ұзақ жыл дүрілдеткен айтыскер ақын Серік Әнбияұлы осы ауылда екен.

Иә, біраз елді мекенді аралап, көңілге ой түйіп қайттым. Прези­денттің тапсырмасымен, өңір басшы­ларының бұл салада атқарып отырған еңбегі зор. Сол еңбекті ақтап, сай-саланы елге толтырсақ, нұр үстіне нұр болайын деп тұр.

– Өнерден де құралақан емессіз. Ол жақта сөз өнерін одан әрі дамытуды қолға алу ойыңызда болды ма?

– Әуел баста Мәдениет басқармасына келіңіз деген ұсыныс түсті. ­Ондай жағдайда көші-қонмен айналыса алмай қаламын ғой. Мен бұл жерге қазақтың үлес салмағын елу пайыздан ­арттыру үшін жұмыс істеймін деп келдім. ­Шынын айту керек, Мәдениет саласында жұмыс ақсап жатқан жоқ. Телевидениесі, радиосы арқылы жақсы хабарлар, бағдарламалар береді. Ұлттық оркестрі бар. Бұл өңірде руханият өркен жайған. Карантиннің өзінде қаншама ақындар айтысын өткізді. Қаншама мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. Сондықтан бұл саладағы іс-шаралар тек сүйсінтіп отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

2872 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы