• Тұлға
  • 16 Ақпан, 2011

Жанына шипа іздегендерді жылы сөзбен де емдеуге болады

d181d183d185Сәкен Құсықбаев, дәрігер-рентгенолог:

Жұмырбасты пенде болған соң ауыр­майтынымыз кемде-кем. Тіпті салқын су ішіп, тамағымыз қарлығып, дене қызуымыз көтерілсе де, дәрігерлердің көмегіне сүйенеміз. Бас ауырса анальгиннің екі-үш түйірін ешкімнен сұрамай-ақ қылғыта саламыз. Аңдап қарасақ, мұның бәрі – өзімізге таныс құбылыстар. Ал ішкі органдарымыздың өзгерістерін дәрі ішіп тез арада жаза алмаймыз. Міндетті түрде тағы да ақ халатты абзал жандардың пікіріне иек артамыз.

– Сәкен Уәлиханұлы, ең алдымен, еңбек жолыңыздың қалай басталғанына кішкене түсініктеме бере кетсеңіз... – Сөзіңіздің жаны бар, «...адам түсініскенше» дейді ғой, мен Қазақстанның кешегі Кеңес зама­ны кезінде астықты өлкелерінің бірі санал­ған Қостанай облысының Ленин (қазіргі Ұзын­көл) ауданында туып-өстім. Сонда 1971 жылы Пресногорковка орта мектебін бітірген­нен кейін, ел көрейін, жер көрейін, үйден алыстап, өзімше өмірге талпыныс жасайын деген жастық талпыныспен осында Ақтөбе меди­цина институтының емдеу факультетіне құжат­тарымды өткіздім. Бағым жанып, сту­дент атандым. Арада заулап алты жыл да өте шықты. Бұл кезде институт ректоры Төрегелді Шарманов сияқты ағамыз жоғарылап, аста­наға (Алматыға) қызметке кетіп, Әжімағи Смағұ­ловтың басшылыққа келіп жатқан кезі еді. Маған «іздегенге – сұраған» дегендей, жас маман ретінде кіндік қаным тамған Қостанай облысына «фтизиатр болып барасың» деп жолдама берді. Қуана келістім. Содан не керек, 1980 жылы жұбайым Зибагүл де осы медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп, Рудныйға жолдама алды. Мен де қызмет орнымды осында ауыстырдым. Екеуміз де бір саланың мамандары болғасын ба, әңгімеміз көбінесе медицинаның бүгінгі және ертеңгі мүмкіндіктері туралы өрбиді. Бір жағынан қызық та. Кешкілік үйге оралған бетте-ақ сол күнгі көрген-білгенімізді жайып саламыз. Мақтанғаным емес, Рудныйда жүргенде тәжірибелі ағаларымның көзіне түссем керек, мені Алматыға рентгенолог маман ретінде бес айлық білім көтеру курсына жіберді. Одан оралғаннан кейін, Қостанайға облыстық ден­саулық сақтау басқармасы шақырып:«Өзіңнің туып-өскен ауылыңа бас дәрігер болып барасың ба?» дегендей сауал тастады. Бұрын біреудің қарамағында жұмыс жасап, айтқанын орындап қана жүрген маған бір ұжымды басқару алғашында қалай болар екен деген оймен тосылып қалдым. Арадағы азғана үнсіздік пен қобалжыған сезімімді бастықтың өзі сейілтті. – Ауыл жаққа шыға қалсаңыз, «басы ауырып, балтыры сыздайтындар» да сіздің кө­мегіңізге зәру. Сан алғысын жаудырып жатады. Асырып айтқанда, «шайқап ішіп, үріп төгіп» жүретін кезіңіз. Ал сіз тәуекелге бел буып, салып ұрып Ақтөбеге жетіп келдіңіз... – Ойыңызды түсіндім. Ақиқатын айтсам, мен әуелден байлыққа, жөн-жосықсыз қолпаштау мен мақтауға қарсы адаммын. Менің байлығым – мәпелеп өсірген ата-анам, отбасым, туған-туыстарым, жаны жақын ағайындарым. Туған-туыстарым дегеннен шығады, Ақтөбеге медицина институтына түскеніме ең бірінші болып қуанған үлкен нағашым Е.Қ.Жаңбыршин еді. Есім Құсайынұлы кешегі кеңестік заманда Шалқарда, Байғанинде партия-кеңес жұмыстарында үлкен қызмет атқарды. «Бала, қасымызда боласың, Шалқар деген не, өзім жиі келіп тұрамын, қарның да аш болмайды» дейтін. Жұмыс жағынан да көп қиындық көрдім дей алмаймын. Қала сыртындағы (қазір «8-ші шақырым» деп те атайды) облыстық тубер­ку­лезге қарсы диспансердің сол жылдары салынып жатқан кезі. Бас дәрігер болып Нұрлан Ағзамов дейтін азамат қызмет істейді екен, мен соның емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары болдым. Ол кездерде жас маман-кадрларды жауапты жұмыстарға белсенді түрде тартып жатты. Оны басқадан емес, мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жоғарыда айтқанымдай, Қостанайда бас дәрігер болғанымда 25 жастағы жап-жас жігіт екенмін. – Бүгінгі таңдағы күнделікті қызметіңізге тоқ­тала кетсеңіз... – Емханаға сырқаттанып келген адам, ең алдымен, өзінің учаскелік дәрігеріне көрініп, жан-жақты тексеруден өтеді. Содан соң барып дәрігер-терапевт қандай диагноз қойды, соған байланысты. Ол сырқатқа рентгенге жолдама бергенде денесінің қай жерін түсіру керек. Оны егжей-тегжейлі айтады. Осы №4 қалалық емхананың өзінде рент­генолог болып істегеніме он екі жылдай уақыт болды. Негізінде, диагностикалық сәуле бөлімі болып аталуымыз керек қой. Ал қазір жай ғана рентген қызметі дейді. Бізде бір рентгеноско­пия, екі флюорография – жалпы үш кабинет екі ауысыммен жұмыс істейді. Франциядан шығарылған рентген аппараттардың сапасы жоғары. Дегенмен онда жұмыс істейтін – адам ғой. Аппараттардан бөлінетін сәулелердің адам денсаулығына зиянды екенін ешкім де жоққа шығарған емес. 1998 жылға дейін зейнеткерлікке ерте шығу сияқты жеңілдіктер қарастырылып еді. Кейіннен алынып қалды. Сондықтан біздерге, рентгенологтарға, белгіленген мөлшер бойынша күніне бес сағат жиырма минут қана жұмыс жасау керек. Бірақ қалалық емхана болған соң сырқаттар өте көп келеді. 2010 жылдың қорытындысы бойынша жазған есебімде былтыр жыл аяқталмай тұрып-ақ, 10730 адам біздің қызметімізге жүгініпті. – Күні бойы жұмыс жасап тұрған соң шектен тыс салмақ түсіп, рентген аппараттарының істен шығуы жиі болып тұра ма? – Аты темір ғой, ондай жағдайлар болып тұрады. Бірақ «ол емханада рентген жұмыс жасамайды» дегенді көрген де, естіген де емес­піз. Ақтөбедегі баяғы рентген аппаратта­рын шығарған зауыттың жанында қазір «Армедсер­вис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасайды. Біздің емхана әкімшілігі солармен келіссөз жасасқан. Олардың күші келмесе, дайындаушы зауыт көмекке келеді. Мен мұны тегіннен-тегін айтып отырғаным жоқ. Бұдан екі жыл бұрын ондай жағдай болды да. Сонда өз маркаларын жоғалтпау, зауыт атына кір келтірмеу үшін сонау Франциядан осы кәсіпорынның президенті және тете-президенті екеуі келіп, аппарат қойып, жөндеп беріп кетеді. – Сіз он жыл мектепте, алты жыл институтта орысша оқысаңыз да, қазақ тілінде мүдірмей, жатық сөйлеп отырсыз... – Бәрі де өзімізге байланысты. Бойымызда тілге деген құрмет, ұлтқа деген рух болса, қандай қиындықты да жеңіп шыға аламыз. Мысалды алысқа бармай-ақ, заманымыздың классик жазушыларының бірі болған Ғ.Мүсіреповтен де алуға болады. Мен бір жағынан Ғабең оқыған осы Пресногорковка орта мектебінен білім алғанымды мақтаныш тұтамын. Бір орталыққа бағынып, құлдық ұрған сол кездердің өзінде Ғабит сынды әкелеріміз өз пайдасынан гөрі ел намысын жоғары қойып, қазақ деген атқа кір келтірмей өтті емес пе?! Өміршеңдігі жоғары қаншама құнды шығармалар жазып, Қазақстанды айдай әлемге танытты. Он жерден орысша оқыса да бүгінде тілімді сындырамын, ізденемін деушілерге ешқан­дай бөгет жоқ. Интернетті былай қойғанда, мем­лекеттік тіл туралы шығып жатқан басылымдар – газет-журналдар қаншама! Мен де бос уақытымда қазақша журналдарды қарайтын әдетім бар. Жаңылыспасам, «Тіл және қоғам» альманағы­ның өткен 2010 жылдың №1 санында жария­лан­ған әріптесіміз, дәрігер-ғалым М.Ахмет-Төре­нің «Дәрігердің ең бірінші қаруы – тіл» деген мақаласы маған үлкен ой салды. Мұқамбе­дия ағамыз:«Медицина қызметкерлерінің емдік шара жүргізу үшін қолданатын негізгі үш қаруы бар, біріншісі – сөз, екіншісі – шөп, үшіншісі – қандауыр»,– деп, ерте заманның бір ғұламасының пікірін келтіреді. Ол кісінің сөздің қадірін білетін, әңгімесі жүйелі адамның аузынан шыққан әсерлі лебізі көкірегіңе сәуле құйып, жан дүниеңді рухтандырып, қанаттандырады. Демек, сөйлеу – күрделі психофизиологиялық үдеріс деуіне де толық қосыламын. Қазақ тілінде жеткізе сөйлеп, жаза да алатын дәрігерлер бар. Соның бірі – менің тағы бір курстасым А.Мұхамедияр. Аманғалидың да кәсібі – рентгенолог. Ол аурудың тарихын тым-тәуір етіп қазақша жазса да, қорытындысын орысша береді. Себебі – жоғарыда айтқанымдай, бекітілген медициналық терминдердің әлі де жұтаңдығы. Әрине, бұл айтып отырғандарым сылтау емес. Адамның мүмкіндіктері көп. Ең алдымен, медициналық терминдердің бірыңғай жүйесі жасалу керек. Сөздіктер жоқ демейміз, бар. Бірақ әлі де болса сапа жағына баса назар аударылу керек сияқты. – Сіз еңбек ететін емханаға келіп, екінің бірі рентгеннен өте ала ма? Ұжымдағы мемлекеттік тілдің жағдайы нешік? – Өте ала ма дегеніңізге қарағанда қазіргі нарықты меңзеп тұрғаныңызды бірден түсіндім. Осы №4 емханаға қарасты аймақта орналасқан көше тұрғындарын ақысыз қабылдаймыз. Ауызбіршілік, қолдау бар жерде қай іс те алға басады ғой. Бас дәрігеріміз Нұржамал Шынықұлова – ұлтжанды кісі. Басқосуларды, жиналыстарды қазақша өткізуге тырысады. Өзіңіз көрген боларсыз, коридордағы ілінген құжаттардың басым бөлігі мемлекеттік тілде. Бас дәрігер атына арыз-өтініштер тек қана қазақ тілінде жазылады. Жалпы, ұжымда еңбек ететін дәрігерлердің болсын, кіші медицина қызметкерлерінің болсын басым бөлігі өз ұлтымыздың өкілдері ғой. Басқаларының да тілге деген ұмтылысы жақсы. Біздің Валентина Кириченко және Валентина Есина сияқты қос лаборантымыз кейде орыс ұлты өкілдерінің өзіне рентгенге түсіріп жатқан кезде «қозғалмаңыз, демалмаңыз» деп қазақша айтады. – Балаларыңыз мектепте қай тілде оқыды? – Үлкен қызым Әлия Қостанайда жүргенде туған соң, алғашқы әліппені мен оқыған Пресногорковкада орыс мектебінде ашты. Кейіннен осы жаққа қоныс аударған соң 6-сыныптан бастап Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназияға бердім. Қиналған жоқ, бірден алып кетті. Қатарларының алды болды. Гимназияны ерекше аттестатпен бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы университеттің экономика факультетіне түсіп, бітіріп шықты. Қазір банкіде экономист болып жұмыс жасайды. Екінші қызым Жансая бірден қазақ мектебіне барды. Қазір қаладағы №33 орта мектептің 10-сыныбында оқиды. – Сізді өз кәсібіңіз бойынша қандай мәселелер толғандырады? – Ең алдымен, рентгенолог-кадрлар жайы. Біздің, міне, жасымыз да зейнеткерлікке жыл өткен сайын таяп келеді. Отыз жылдан астам бір салада тапжылмай еңбек етсек те, дә­рігерлердің жалақысы шамалы. Оның үстіне рент­ген ап­паратураларымен жұмыс жасаған соң ден­сау­лыққа зиянды әсері және бар. Ал кейбір же­ңілдіктерді алып тастағанын жоғарыда айт­тым. Осы салада жұмыс жасағанда 8-10 жылдан кейін ғана көзің ашылып, тәжірибе жинақтайсың. Міне, осындай кейбір «қолайсыз» жақтарына қарап, жастардың көбі рентгенолог болғысы келмейді. Сағындық НИЯНҚҰЛОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ақтөбе

2866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы