• Ақпарат
  • 23 Ақпан, 2009

Қазақ мультфильмі–өзекті мәселе

Мәдени саясат және өнертану институтында «Қазақ мультфильмі қайткенде жанданады?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған мультфильмнің атасы– Әмен Қайдаров, оның ізбасарлары – мультипликация мамандары қатысты. Олар бүгінгі қазақ қоғамының басты проблемасы болып отырған– қазақ мультфильмі төңірегінде пікірлесті. Мультфильм – жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен роль атқарады. Себебі мультфильм әлі ақыл-ойы толыспаған сәбидің психологиясына, түйсігіне өз әсерін тигізеді. Өкінішке орай, қазақтың мультфильм қоры толып тұрса да, өзіміздің ұлттық мультфильмдеріміз телеарналардың ешқайсысында көрсетілмейді. Керісінше, шетелдің түрлі сериялы мультфильмдері телеэкраннан түспейді. Біздің балаларымыз сол мультфильмнің алдында телміріп отырып, өзге елдің идеологиясымен өсіп жатыр. Шетел мультфильмдерінің барлығы орыс тіліне аударылған. Яғни, бұл жерде де орыс тілі насихатталып тұр. Ал басқа ұлттың болмысы негізінде өзге тілде түсірілген мультфильмді көрген жас ұрпақтың бүйрегі сол тілге бұрып тұратыны айқын. Мәселен шетелде арнайы мультфильм индустриясы бар. Онда бала психологтары, әлеуметтанушылар, педагог мамандары жиналған топ жұмыс істейді. Сол себепті де олардың мультфильмдері тартымды болып шығады. Мультфильм – идеологияның бір түрі. Қазіргі таңда теледидарда ертелі-кеш қазақ баласының дүниетанымына кері әсерін тигізетін, өзге елдің идеологиясын насихаттайтын мультфильмдер көрсетілуде. Неге біздің телеарналарымыз қазақтың рухын, болмысын, салт-дәстүрін насихаттайтын ұлттық мультфильмдерді көрсетуге құлықсыз болып отыр? Сондай сапалы дүниені тудыратын мамандар да бізде жеткілікті. Тек ұлттық дүниеге назарын салып, қаржыландыратын үкімет болмай тұр. Әрі бізде шетелдегі тәрізді түрлі мамандар жиналған мультфильм индустриясы жоқ. Ал қазақтың мультфильмін қатарға қосу үшін сондай бір орталықтың керегі анық. Мультфильм – өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызға ие екендігін ұмытпағанымыз абзал. Осы жөнінде бірнеше жылдан бері ұлттық құндылығымызды өзінің басылымы арқылы балалардың санасына сіңірумен айналысып келе жатқан «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбділдәқызы «Біз бала кезімізде кітап оқитынбыз. Ал қазір техниканың дамуына байланысты, балалар теледидар, компьютер ойындары алдында уақытын өткізеді. Мультфильм дегеніміз– баланы ойнату. Бала өзі сүйіп көріп отырған мультфильмі тіл арқылы түсіндіріліп жатқанда, ол сөз жоқ өзі бар зейінмен көріп отырған мультфильм тіліне жанын береді. Яғни шетелдің түрлі мультфильмдері балаларды ойнатып, күлдіріп, әртүрлі түрлі-түсті бояумен көзін тойдыра отырып, оның көкірегін, сезім-түйсігін, жүрегін жаулап алады.Сөйтіп әдемі сүреттер арқылы тілді баланың санасына сіңіріп жібереді. Әрине, бала мультфильм тілін жақсы көріп кетеді. Сол тіл оның жанын жәй таптырып, рахаттандырып, көңілін өсіреді. Мысалы біз ең алдымен баланың көзін тойдырайық деп журналды өзіміздің дарынды сүретшілердің көмегімен түрлі-түсті шығарып отырмыз. Себебі, көзі тойған бала сөз жоқ оның мазмұнына да көңіл бөледі. Біз іштей бәсекеге түсе отырып, балаларға деген зор сүйіспеншілікпен шетелден артық мультфильмдер жасай аламыз. Мәселен 87 жастағы Әмен Қайдаров ағамыз осы салаға өмірін арнады. Ол жарыққа шықпаса да, мультфильмдердің бай қорын жасап отыр. Мен қазақ мультипликациясының айналасында жүрген қаншама қыз-жігіттерді білемін. Әміржан Қазиев, Оразбек Қайсан, Арыстан Қасенов, Қали Мырзаш, Айгүл Хакімжанова, Дәурен Қастеев т.б. керемет дарынды сүретші-мультипликаторлар бар. Олар да қаншама дүние дайындап қойды. Олар менің журналыма үнемі сүрет, комикс салады. Мен олардың мүмкіндігін білгендіктен де қаламақы төлеп отырмын. Журналдың өзінде сүреттер ойнап, сөйлеп тұр. Ал енді соларды мультфильм арқылы көрсетсек, тіпті де әсерлі, әдемі шығар еді. Мәселен Айгүл Хакімжанова деген сүретшінің «Армысың әз-Наурыз» атты 15 минуттық тамаша мультфильмі бар. Мен оны компьютерден көріп, риза болдым. Сол туындының тұсауын біз кестік. Алайда ақша жоқ деген сылтаумен елдегі бірде-бір телеарна көрсетпей қойды. Шетелдің сериялы мультфильмдерін, атыс пен шабыс, арсыздыққа толы фильмдерін сатып алуға ақша табылады. Ал өзіміздің ұлттық құндылығымызды насихаттайтын дайын мультфильмдерді көрсетуге ақша табылмағаны ма?»,–деді. Қазақтың баласы тамырынан қол үзіп қалмасын десек, ұлттық болмыстағы мультфильмдер түсіру керек. Әркімнің тәрбиесімен өскен бала, ертең кез-келгеннің жетегінде кетеді. Сондықтан мемлекеттің болашақ тізгін ұстарларын бүгіннен бастап дұрыс тәрбиелеуге тиіспіз. Бұл кезек күттірмейтін, күйіп тұрған мәселе. Мира Майшығұлова

3772 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы