• Мәдениет
  • 23 Ақпан, 2009

ДОСТЫҚҚА АДАЛ БІР АДАМ

Үлкен-кіші «Қасаға» деп атап кеткен Қасымхан Ерсарин ¬– Қазақ радиосының ардагері. Қырық бес жыл бір орында үзіліссіз қызмет етіп, зейнеткерлікке жасы жеткен күні қипақтап-сипақтамай, басшылық орнын батасына қосып шәкіртіне ұсынған ұстыны бөлек ұстаз.  Жаны таза жандар бойын жасанды қылықтан аулақ ұстайды ғой. Қасағаң да сондай. Ешкімді, ешқашан көпіртіп көзге мақтамайды. Сондай-ақ сыпыртып сыртынан даттамайды. Саясатта да, қауесетте де шаруасы жоқ. Қолынан тастамайтын үлкен портфелінен кітап пен газет-журнал түспейді. – Мынандай кітап шығыпты, адал жазылған шығарма екен... Мына газет бұрынғыдан көш ілгері көркейіп барады... Мына журналистің қарым-қабілеті ерекше... Әйтпесе, «Көзден кеткендер – көңілден де кете береді екен ғой» – деп, кейбір елге сыйлы адамдардың елеусіз қалатынына күйзеліс танытады. Осының өзі Қасағаңның азаматтық ұстанымының қандайлығын көрсетсе керек. Қым-қуыт тірлікте қарапайым қазақтың қай үлкенінің қадіріне жете алып жүрміз? Өнегелі жолы бар үлкендерді сыйлай алмағанымыз ертең өз алдымыздан да шыға қалса қайтеміз? Оның үстіне қариялық жасқа қазымырлығымен емес, қазыналығымен жеткен ата буын өкілдері тіпті де көп емес қой... Біздің Қасағаң арына кір жұқтырмай таза сақтағандықтан, әрдайым баладай аңғал. – Аға, сіз бұрын бастық болған адамға емес, Қожанасырға ұқсайсыз, – деймін кейде еркелеп. ¬¬– Басшы болу деген не?.. Ол – жұмысты батып істейтін, қарамағындағыларға жол көрсететін, өз жұмысын жетік білетін адам. Одан басқа ештеңе емес – дейді жанарынан жаны көрінген қайран азамат. Реті келгенде «біздің аға...» деп, мақтай бастасаң, ыңғайсызданып, басын көтермей: «Жақсы көрер досыңды сырттан мақтаны!» еске салады. Алайда, «Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытатын» да күні туады екен... Қасағаң менің жастық өмірімнің сынақты шақтарының көрнекті куәгері. Желтоқсан көтерілісіне шыққаным үшін Қазақ телевизиясы «өз еркіммен» жұмыстан босатты. Сол комитеттің бір саласы ¬– Қазақ радиосына барып, бұрыннан таныс Сауық Жақанова, Рыс Нүсіпова апайларға жолығып, жағдайымды айттым. Екеуі де бірауыздан балалар мен жастар редакциясына келсең, жақсы болар еді – деп үміттендірді. Бұрыннан бұл редакцияның бас редакторы Қасымхан Ерсаринді «Сәлеметсің бе, замандас!», «Қызықты кездесу», «Ойлан тап» дейтін табиғаты таза радиохабарлары арқылы жақсы білетінмін. Енді өзімен жүздесетін болдым. ¬¬ – ...«Желтоқсанға» қатыссаң, бізге жұмысқа тұра алмайсың ғой, – деп дәрменсіз күмілжіген басшының алдында өзімді еркін сезініп, аузына мынадай сөз салдым. ¬– Мен ғалым болатын адам едім. Осы комитет қой, оқу бітіріп жатқанда арнайы шақырумен журналистік қызметке алып қалған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды қылмыс деп есептемеймін. Жұмысты білмейсің деп қабылдамасаңыздар, өкпем өзіме. Келісейік аға, сіз мені жұмыс беріп әбден сынаңыз, байқаңыз... – Сынағанда... Жоқ, болмайды!... – Аға, мен арқылы басшыларға сөз келмейтін бір жол бар. Айтайын ба?.. Әр түрлі тақырыпта хабарлар дайындап, мүмкіндігімді көрсетейін. Бірақ аты-жөнім, даусым берілмей-ақ қойсын, ақша да төлемей-ақ қойыңыздар. Үйде отырып, қарайып қалмасам болды. Бір білетінім, жұмыс істемесем арам өлетін сияқтымын... ¬ Бас редактор көз әйнегін түсіріп, бетіме ұза-а-ақ қарады. – Директормен сөйлесейін... Бірер күннен кейін келсем, «Тып-тыныш жүріп, материал дайындауға болады. Желтоқсанды аузыңа алма. Сенімге кірсең, қаламақы жағын да қарастырармыз» – дейді. Уәде бердім. Жар құлағым жастыққа тимей, екі-үш минуттық таспа үшін 7-8 келелік репартерді асынып алып, күніне бірнеше жерден таспа әкелдім. Сол кездегі АЗТМ, АХБК, «Қызыл ту» зауыт, фабрикаларына, жіп иіру комбинаттарына барып, жұмысшылармен репортаж жүргіздім. Онымды Қазақ радиосындағы жаңалықтардан бастап, әр редакция қағып алып, эфирден үздіксіз беріп жатты. Мені көрген журналистер «Қымбат, дайын нең бар?» деп, қол жаятынды шығарды. Әрине, хабарды дайындағандардың санатында менің атым айтылмайтыны, бірақ еңбегім өз аттарынан берілетіні оларға үлкен олжа. Хабар жасай алатынымды дәтке қуат етіп, екі жылдай тегін жұмыс істеп, ақыры штатқа алындым. Сөйтіп зейнеткерлік демалысқа шыққанынша, Қасағаңның бай тәжірибесінен көп тәлім-тәрбие алу бақытына ие болдым. Құдайшылығымды айтсам, ондай әділ, ондай талапшыл, ондай жанашыр басшыны одан кейін кездестірген емеспін. Өзі өтірік айтпайды. Өтірік айтқанды жақтырмайды. Өзі біреуге жалбақтап, жағынуды білмейді. Ондайларды көзге де ілмейді. Ар-намысыңа тимей-ақ, күлбілтелемей-ақ айтатынын айтады. Ешкімді бөле-жарып, ала-құлаламаған соң, «жылатып» айтса да, кек қылмайсың. «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше» демекші, жаңа ғана шаңымызды қағып алған ағамыз айналасы сүт пісірім уақытта «Түскі асты бірге ішейік. Дүкенге барып келдім» – деп, үлкен басын кішірейтіп редакциядан табылады. Аға шыға берісімен бөлім меңгерушісі Иманбай бастап, жаны жайсаң Махмет, Ағзамхан, Кенжебай, Бақыт марқұмдар қоштап, Қайрат, Әлімжан ішегі түйілгенше күліп, көпке дейін езуімізді жия алмай, тырқылдайтынбыз. «Күліп болдыңдар ма, аға күтіп қалды ғой», – деп Нұржан тұратын. Бұл - бұл ма, біздің ағаның туабітті мінезіне әбден үйреніп алған Ғазиза апамыз қызметте жүргеніне қарамай, бізді бала-шаға санамай, сан рет үйіне шақырып, дастарқан жайып, төріне шығарғаны бар. Кілең сайдың тасындай, «жиырма бестің» иелері бір ауылдың баласындай тату, әрі өз істеріне мықшеге-тін. Бірін-бірі қолдайтын, бірінің орнын бірі жоқтатпайтын. «Аға біліп қоймасын. Аға көріп қалмасын. Аға сыртқа портфелімен шықты ма, әлде?..» – деп, әкелеріндей қаймығатын. Бірақ, әсте де қорыққаннан сыйламайтын. Адалдығын, адамдығын, еңбекқорлығын, қамқорлығын бағалайтын. Иә, Қ.Ерсарин Қазақ радиосындағы санаулы саңлақтардың бірі болды. Республика басшысы Қонаевтың қолынан «Құрмет белгісі» орденін алды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атанды. Журналистер Одағы сыйлығының лауреаттығы және бар. Ең бастысы Қасағаң өзін өзгеден жоғары қоюға ұмтылмаған, басшылығын жеке басына пайдаланбаған, ешкімге қиянат жасамаған, жақсының жақсылығына қуанған, жастардың ойын құп алған, досына адал, үлкенге құрметшіл, кішіге ізетшіл, жоққа қол ұшын беруге даяр, ортасына сыйлы, һәм қадірлі қазақ. Мысал керек пе? Онда қазақтың маңдайалды ғалымы, маңғаз тұлға Манаш Қозыбаевтың «Дос туралы сыр» әңгімесінен үзінді оқиық: «Мен Қасымханды өз достарым ішінде ерекше жақсы көремін. Себебі неде? Ең алдымен Қасымхан ерекше жаратылған жан. Ол өмірдегі дүниені шынайы түрінде түсінеді. Ол парасатқа, әділдікке жүгінеді. Оның жаны егіліп, жақынға, досқа төгіліп тұрады. Қасекең елді бай, кедейге бөлмейді. Ол барша қазақты жақсы көреді. Ол халықшыл, баршаға бірдей сенеді. Баршаға бірдей жақсылық жасағысы келеді. Қасымханнан көп нәрсені үйренуге болады. Сен оны іздемейсің, ол керек кезінде өзі жаныңнан табылады». Міне, бұл – қайраткер-ғалым Манаш Қозыбаевтың «Жұлдызым менің» кітабынан алынған дос туралы бір үзік сыр. Еңбек жолын алғаш бастаған жылдардың өзінде мәдениеттің жанпида өкілі Бақтажар Мекішевті, дарынды ақындар Төлеужан Исмайлов пен Тоқаш Бердияровты, жаны сері Боранбай мен Қалыбайды пәтер жалдап паналатқан да, тапқан ақшасын ортаға салып, нанына ортақ қылған да осы, Қасағаң. ...«Журналисті аяғы асырайды» қағидасынан айнымаған Қасағаң «репартерін» көтеріп, егін орағы басталысымен астықты алқаптарға аттанатын. Қайнаған қызу еңбек, ауыл өмірі, диқаншылар, шопандар, механизаторлар, тіпті еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі қоғамдық ахуалдың бірін де назардан тыс қалдырмай, жазып алып, құшақ-құшақ таспаларды тыңдап, қағазға түсіріп, артығын алып, кемін қосып, уақытпен санаспайтынына сан мәрте куә болдық. Ұқсап бағуға тырыстық. Сол кезде алпысты алқымдап қалған ағамыз өзінің радиожурналистикадағы ұстазы болған Нәзила Баймұратова апайды аузынан тастамайтын. «Адамды адал еңбегі мен жақсылығы құрметке бөлейтінін сол кісіден үйрендім», – деп жиі еске алатын. Шәкірттері Қасымхан ағаның үлкен жүректілігінен, кішіпейілділігінен, еңбексүйгіштігінен, қайырымдылығынан көп сабақ алдық. Онымызды ел игілігіне қайсымыз қай деңгейде жарата алып жүрміз, білмеймін... Көрнекті радиожурналист Қ.Ерсариннің 80 жасқа иығын тік ұстап, ақылын шашпай, аяғын шалыс баспай, сергек жетуі – көптің алғысы мен көргенділердің ақ батасы, оны періштелердің қолдағаны шығар. Әлиядай қыз, Дәурендей ұл сыйлаған адал жары Ғазиза апамен жұбы жазылмай сексеннің төріне шыққан біздің ұстаз-ағамыз мәуелі бәйтерекке ұқсайды. Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

3423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы