• Ақпарат
  • 23 Ақпан, 2009

Ислам облигациясы: үміт пен күдік

Әлемдік дағдарыс дәстүрлі экономикалық әдіс-тәсілдердің тиімсіз бола бастағанын көрсетіп берді. Сондықтан тығырықтан шығар жаңа жолдар қарастырылуда. Ал мұндай жағдайда ислам қаржысы ескіні алмастыратын жүйе ретінде қолдау тауып кететін тәрізді. Өйткені бұған дейін дүниеде көлеңкесі де жоқ активтерге иек артып, ақырында аузы күйген талайлар нақты заттай баламасы бар тұрақты нарық көздеріне ауысуды тиімді санайды. Ал бұл тенденция ең алдымен ислам облигацияларына деген жалпыәлемдік қызығушылықтан көрініп отыр.  Кім, не? Бұған дейін араб қаржы секторында қарыз беру үрдісінің ең осал буын саналып келгені белгілі. Құран аяттары өсімқорлықты ауыр күнә санағандықтан, несиелік бағыт кенжелеп дамыды. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» жаңа тәсіл табылды. Ол «сукук» түрінде жүзеге асты. Сукуктың мәні сол, батыстық несие ұйымдарына қарағанда аталған жүйеге байланға мұсылман құрылымдары өз пайызын берілген қаржыдан емес, керісінше қарызгер компанияның табысынан алады. Рас, бұл облигациялар дәстүрлі құнды қағаздармен салыстырғанда әлденеше артықшылықтарға ие. Дегенмен ол мұнай бағамына тікелей тәуелді. Жалпы, ислам құнды қағаздарының екі қыры бар: Егер кең мағынасында сөйлер болсақ, мұсылмандық құқықтану ғылымына қарама-қайшы келмейтін барлық құнды қағаздар осы категорияға жатады. Тар мағынасында, бұл – ең алдымен ислам облигациясы (сукук) мен мукарада инвестициялық сертификаты, сондай-ақ мұсылмандық этиканың бүкіл шарттары мен ислам елдері экономикасының мүддесіне тікелей негізделген бүкіл әмбебап құралдар. Жаһандық призмада... Америкалық экономистердің байқауынша, соңғы 5-6 жылдың көлемінде ислам облигациялары нарығының еселеп өсуі байқалады. Мәселен, 2006 жылы оның көлемі 7 млрд. долларды құраған болса, 2007 жылы 45 млрд. долларға бір-ақ секірген. Ал 2008 жылы 100 млрд. долларға жетіп жығылған. Егер әлемдік қаржы институтының берген мәліметтеріне сүйенсек, исламдық облигациялар жылына 20%-дық көрсеткішпен өсіп келеді. Тіпті, қазірдің өзінде жалпы құны 900 млрд. доллар деген де бағалаулар бар. Бұл аз десеңіз, кейбір сарапшылар оның айналымы 2010 жылға қарай 2 трлн. доллар болады деп отыр. Бұл болжамдардың көбіне сукук факторына негізделіп отырғанын ескерсек, шынайылықтан да ада емес дей аламыз. Жалпы, сукук шығарушы елдердің ішінде – Бахрейн, Малазия, Дубай эмираты, Катар елдері алға шығып келеді. Бұл да жайдан жай емес. Өйткені осы уақытқа дейін сукук өндіру халықаралық деңгейдегі бірнеше ойыншылардың бастамасымен ажиотаж тудырып үлгерді. Атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания секілді батыс державалары өз экономикаларын жаңа қаржылық форматқа икемдеуге кірісті. Ал бұған қолайлы жағдай туғызып отырған бірден-бір жайт – АҚШ экономикасының әлі күнге өз арнасына түсе алмауы деуге болады. Қарадан хан болған Обаманың антидағдарыстық бағдарламасының ертеңіне күмәнданған әлеуетті инвесторлар таяу шығыс пен оңтүстік шығысқа ойыса бастады. Осыған орай қанаттанып, қайраттанған «Kuwait Finance House» тарабы: «Бұл шынымен де жайлы мүйіс. Қорықпай зәкір тастай беруге болады. Біз қағаздағы виртуалды активтерге емес, нақты, заттай қарымын қайтаруға болатын активтерге инвестиция жасаймыз» деп мәлімдеме жасап үлгерді. Отандық призмада... Өз кезегінде Қазақстан да әлемдік қаржы ошақтарындағы тектоникалық елеулі қозғалыстардың дүмпуін сезініп жатыр. Бұл сөзімізге ақпанның 2-ші жұлдызында Алматыда өткен ислам облигациясы (сукук) — «Darahim Sukuk Basket» тұсаукесері дәлел бола алады. «Бизнес и Власть» газетінің хабарлауынша, Қазақстан инвесторларына әлгіндегідей жаңа қаржылық құралдарды «Kausar Consulting» компанияларымен бірлесіп «BNP Paribas», «Encore Management S.A.» компаниялары ұсынған. Бұл шараға қатысты «Kausar Consulting» компаниясының басқарушы директоры Едігей Алпысбай: «Аталмыш құнды қағаздардың эмитенті халықаралық рейтингі «АА+» деңгейіндегі «BNP Paribas» тобы болып отыр» деп хабарлады. Оның айтуынша, бұл жолғы әрекет жай таныстыру мақсатында, жергілікті қаржыгерлерге экзотикалық қаржы құралының дәмін шым-шымдап алғызу үшін жасалған. Ал «Aibn Asset Management» директорлар кеңесінің төрағасы Абай Шүйіншиев болса: «Біздің нарық ислам облигацияларын қабылдайды. Меніңше, ол сөзсіз қызығушылық туғызады. Біздің отандық нарықтан бұдан өзге қаржы салуға болатын табысы жоғары нұсқаны көріп тұрғаным жоқ» деп атап өтті. Әзірге ислам облигацияларына теріс қабақ танытатындар шыға қоймағанымен, олардың Орта Азиялық кеңістікте ауқымдырақ таралуынан Қазақстан экономикасы үшін қатер күтетіндер де табылып жатыр. Қалай десек те, тәуелсіз сарапшылар да аталмыш тақырыпқа қатысты бей-жай емес екен. Сондай мойындалған отандық сарапшылардың бірі Дмитрий Жеребятьев Қазақстанның сукукке ауыз салуын «жағымды жаңалық» деп бағалайтынын жасырмай отыр. Дегенмен, «мұның аяғы қызу саудаға ұласа қоймайды» деп және таласты түйін тастайды. Егер сөзбе-сөз қайталайтын болсақ, «Дәл қазір бізге активтерімізді экспорттау емес, керісінше, сырттан қосымша импорттау керек». Әрине, Қазақстанға өз қаржысын ішкі нарықта сақтап қалған жөн. Өзге елдерге экспорттау белгілі бір мөлшерде дұрыс. Тек бұл операциялардың жаппай қанат жайғаны қауіп ойлатпай қоймайды. Жалпы, үкіметтік кездесулердің бірінде «Тройки Диалог Казахстан» басқармасының директоры Михаил Мейіржанов та осы бағытта өз ойларын шегелеп айтты. Ол да Қазақстандық салымшылар қаржысының өзге елдердің экономикасын көтеретіні «әділетсіздік» деп отыр. «Онсыз да қаржы жетіспеушілігі байқалып тұрғанда бұл отандық экономикаға қатысты үлкен қиянат болмақшы»-дейді. Түйін: Көптеген банкирлердің пікірінше, ислам қаржысы адамдардың діни сеніміне қарамастан қолданылу тұрғысында әмбебап құбылыс. Ал батыс ареалында қанат жайған қайсыбір қаржылық институттардың мұсылман елдерінде мойындалмайтындығы оның тезірек таралуына жағдай жасауда. Өз кезегінде бұл ислам қаржысының, соның ішінде ислам облигациясының бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр. Әрине, дін ислам қарындастың экономика тарабындағы серпіні үшін өте қуаныштымыз. Әріптесетініміз де анық. Десек те, күні ертең сукукке айналдырылған қаржымыз сол араб елдері мен оңтүстік шығыс жолбарыстарында түпкілікті қалып қоймай ма? Бізді мазалайтыны осы жағы. Мансұр Мамырайхан

2714 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы