• Басты мақалалар
  • 09 Қыркүйек, 2020

Шарында туризмді қалай дамытамыз?

Алматы қаласындағы «Шарын» Ұлттық паркінде экотуризм­ді дамыту бойынша құрылған қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Шараны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев жүргізіп, аталмыш кеңестің құрамындағы 23 адамды таныстырды. Кеңес құрамында ғалымдар, саланың сарапшылары, туристік қауым­­дастық өкілдері, қоғам белсенділері, газет редакторлары бар.

Кеңес барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев журналистердің сұрағына жауап берді. «Туристердің жыл сайынғы келуінің өсуіне қарамастан, демалу үшін қарапайым жағдайлар мен қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты ұлттық парктердегі экологиялық туризм тиісті деңгейде дамымай отыр. «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында төрт туристік бағдар бар. 2019 жылдың қорытындысы бойынша аталған бағдарлармен 20 640 адам жүріп өтті. Туристерге қызмет көрсету нәтижесінде ұлттық парктің арнайы шотына 16 миллион 700 мың теңге түсті» деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е.Нысанбаев. Айта кету керек, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін дамыту тұжырымдамасы бұған дейін, дәлірек айтқанда 21 тамыз күні таныстырылған еді. Қоғамдық кеңес аталған жобаның жүзеге асуын алдағы уақытта бақылайтын болады.
Қазір «Шарын» мемлекеттік Ұлттық паркінде ­туризм мәселесін дамыту күн тәртібінде тұрған өткір проблемалардың біріне айналды. Ұлттық парктегі туризмнің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай келмейтін көрінеді. Бұдан бөлек, аталған парк аумағын дамытуға инвесторлар көп қызықпай тұр. Осыдан-ақ жұмсалған шығынның өзін-өзі ақтау мерзімі ұзаққа созылатын түрі бар. Осы орайда бірқатар елдердің тәжірибесі, оның ішінде АҚШ-тағы ұлттық парктің жұмысы, экотуризмді дамыту бағытындағы заңнамасы зерттелді. Жобаны әзірлеушілер АҚШ пен Қазақстанның ұлттық парктері ұқсас болғандықтан америкалық модельге сүйенген.
«Шарын» ұлттық паркінде жеке инвестициялар тарту есебінен экотуризмді дамыту қарастырылған. Бұл тұрғыда заманауи екі сапар орталығын, жаяу жүргіншілер үшін төрт бағдарды, этноауылдарды, көру алаңдарын және басқа да нысандарды құру жоспарланған. Рекреациялық жүктемені азайту үшін барлық нысандар шатқалдан тыс аумақта орналасады.
Туристер сапар орталығына келген кезде, оған осы аумақ туралы ақпарат беріледі. Осы ретте жаяу жүру, велосипед бағдарлары айқындалған. Қазір Ұлттық парк аумағында 4 туристік бағдар бар. Олар: Шарын шатқалы, Қамалдар алқабы, Қорған обалары, Кіші Темірлік шатқалы. Мәселен, былтыр Шарын шатқалында алғаш рет қысқы маусым ашылды. Өкініштісі, шатқалда электр қуаты мен мобильді байланыс жоқ. Жарықты тарту үшін 380 вольтты электр сымын жүргізу керек екен. Сондықтан демалыс орнындағы мамандар рацияны пайдалануда. Туристерге алғашқы медициналық көмек қажет болса, ұлттық парктің мамандары көмектесуге тас түйін дайын.
«Шарын» Мемлекеттік ұлттық паркінің қазіргі жобасында туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға баса назар аударылған. Заманауи визит-орталықтар, глэмпинг, кемпингтер, этноауылдар салынады. Караванингке арналған орын болады. Парк аумағында күрделі құрылыс жүрмейді,нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, сапалы қызмет ұсынатын бірегей туристік өнім жасауға мүмкіндік туады. Аумақта экотуризмді жеке инвес­торларды тарту арқылы дамыту жоспарланып отыр. Екі заманауи визит-орталық салынады. Төрт жаяу жүргінші маршруты болады. Түнемелік жерлер дайындалады. ­Этноауыл салынады. Үш көру алаңы қойылады. Глэмпинг, кемпинг, караванинг пункттері, қоғамдық тамақтану орындары, кәдесый дүкендері орналастырылады. Қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені азайту үшін қызмет көрсету нысандарының бәрі шатқалдың сыртында салынбақ.
Жоба Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланып, қабылдан­ғаннан кейін ғана инвесторлар ашық байқау негізінде тартылады. Ұлттық парк жерлері заң бойынша ешқандай жағдайда жеке меншікке берілмейді.Тек белгілі бір аумақтар ғана туризмді дамыту мақсатында уақытша пайдалануға берілуі мүмкін. Инвестор өз міндетін орындамаса мемлекет кез келген уақытта келісімшартты бұза алады.
Қазір Шарын шатқалында жүретін бір ғана жол бар. Ұзындығы 3 шақырымды құрайтын жолмен жылына кем дегенде 10 мың адам жүріп өтеді екен. Ұлттық парктің мамандары, келесі жылы тағы екі маршрут ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Өйткені сұраныс күн санап артуда.

Нұрлан ҚҰМАР

1354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы