• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2020

Көк бөрінің азабы немесе Алабайдың мазағы туралы әпсана

Серік АҚСҰҢҚАР. Көкейімде – Күлтегіннің Жазуы. Алматы. 2018 ж. «Атамұра» баспасы.
Серік Ақсұңқарұлы! Неге екенін қайдам газет беттерінен осынау ақынның аты-жөнін оқысам, көз алдыма адырнасы ыза мен кекке тартылған, сауыт бұзар жебе елестейді.
Ақынға керегі әуелі талант құдіретімен оқырманын мойындату. Қараша халық қара сөздің қасиеті мен киесін ұғынса, ол ақынның бақыты. Ондай ақынды елі іздеп жүріп оқиды, көрінбей кетсе елегезіп сұрау салады.
Ғұмыр жылжыған сайын, ақын жырының құдіреті оның есіміне сіңісті болып, ел санасына аңыз-әпсанадай әсер қалдырады.

Абай десек ЕЛДІКТІ, Махамбет ­десек ЕРЛІКТІ дәріптейтініміз сондықтан. Ақын Ақсұңқарұлының да есіміне сондай жыр киесі қонған. Ол кие – сонау Абыл мен Қабыл ­заманынан бастап бүкіл АДАМЗАТҚА ортақ зұлымдық пен ізгілік, жауыздық пен жақсылық, талант пен тоғышар арасындағы түбі түгесілмес тартыс пен күрес нәтижесінде өмірге келген рухани ӨРЛІК болып саналады. Рухани өрлік, сілкініс ­туралы алаш абыздары аз айтқан жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деді Абай. Міржақып «Оян қазақ» деп жар салады. Нәтиже қандай?! Оянған қазақ жайсыз тұрғанба, тұра сала көршісінің көгендегі қойы мен желі­дегі жылқысына қызыға, қызғана қарады. Иттің ­баласы-ай, – деді іші қыз-қыз қайнап, «Үрерге иті, сығарға биті жоқ еді-ау, бұл қалай байып алған, малыңды бір түнде қан базардан шығармасам қара да тұр» деп, ата-бабасының аруағымен ант етіп, жастығына қайтадан қисайып қор ете түсті.
Ақсұңқарұлы жырлап тұр:
Тобырда көп,
Обырда көп.
Ол – жалғыз,
Талай жерде бізде жалғыз болғанбыз!

Соның заңғар биігіне ғашық бол,
тұр қол бұлғап – қашықта ол.
Тұқымы-есек, тұғыр мінген
мына елмен,
Альпі түгіл, Ақтоғайдан асып көр...

Құлагерім қайда десем кешегі,
Батыраштар басын алған деседі.
Қайтем мына қазақ деген мұңдасты, –
Ақан сері – құшақтаған қу басты... –

Маңдайдағы сенің сорың бес елі,
Маңдайдағы менің сорым бес елі.
Һас ақынға баға беру, оның таланты жайлы тамсана әңгімелеу көзі ашық, ­кө­кірегі ояу адам үшін ақымақтық сияқты да көрінеді кейде. Жұмыр ­басты пендеде жарық жалғаннан иненің жасуын­дай құпия алып кетпейтін жан болса ол ақындар деп айтар едім. Ақынның ар азабы мен жан азабы, қуанышы мен шаттығы, әттеген-ай өкініштеріне шейін өлеңдерінде өрнек тауып, ұрпаққа аманат болып қала беретіндігі ақиқи шындық.
«Иә, мен де шаршадым» дейді Ақсұңқарұлы.
Иә, Менде шаршадым осы өмірден,
Жазылмайтын кесепат, кеселінен,
Қаңқуынан пендесінің өсегінен.

Жауындардан қажыдым, дауылдардан,
Оқшауланған оңбаған қауымдардан.
Жүрегі жоқ – серейген денелерден,
Бауыры жоқ – ағайын-бауырлардан.

Түңілдім ғой ашулы алаңдардан,
Қалалардан – қаңырап қараң қалған.
Адамдарды айырған адамдардан –
Қоғамдардан, зымиян замандардан...
Үнемі ар мен жаны арпалыста жүретін Ақсұңқарұлы анасы Һалифа кейуананың рухымен сырласқан сәттерінде Ақындық тағдырдың қандай азапты да ауыр екендігін егіле отырып жырлайды.
Менің ішкі дертімді сезеді ме,
Өксіп келіп тығылып өзегіне.
«Өлеңіңді тасташы, – дейтін анам, –
Өгей бола қоймассың өз еліңе...».

Әлі содан сыздайды көкірегім,
Кеше гөрші, анашым, өтінемін!
Бір қолқаңды өмірде орындамай,
Кеткеніме керемет өкінемін...

Өлеңімді сонан соң тастамадым,
Өртенуден жоқ еді басқа амалым.
***
Әлі есімде, Ақсұңқарұлымен алғаш кездескенімде ақын отызды орталап, қырыққа иек артқан нағыз кемел шағында болатын. Мені таңғалдырғаны ақынның терең білімдарлығы еді. Қазақ әдебиетін былай қойып, орыс поэзиясы­­ның оғыландары мен шетелдік шаһар дүниелерден мысал келтіріп, мақамдағанда аузымызды ашып қалғанбыз.
Ол таңғалуымыздың бекер екен­дігін кейін пайымдағандай болдық. Қа­рауылдың қоңыр төбесі мен Жиде­байдың жусанын жастанып отырып-ақ хакім Абай Адамзаттың ұлы мұраттарын өз поэзиясына өрнек еткен, өнеге қылған.
Білімділік пен даналықты мөр басыл­ған бір жапырақ қағазбен өлшейтін алмағайып заманда, таланттардың аяғына тұсау, арманына ауыздық салынғанын несіне жасырайық. Жаңаарқа жерінде Алаш ақыны Сейфоллаұлы Сәкенмен тұстас, Түскен Сартбасұлы деген халық ақыны болыпты. Сол көреген шайырдың мына бір шумағын ертеректе үлкендерден естігенім бар еді.
Алғасса заман,
Алжасса адам.
Ақылгөй келер
Ит-шошқа надан.
Осыны естігенде екі заманда өмір сүрген Түскен ақынмен Ақсұңқарұлының мұраттары бір-бірімен үндесіп тұр-ау депте ойлаймын.
«Ит-шошқа надан» демекші, Ақсұңқарұлы жырыныңда негізгі объектісі ит пен қасқыр төңірегінде өріліп жатады. Ақынның әйгілі жыры «Қасқырдың монологынан» бері осы тақырыпта қаншама өрелі өлеңдер дүниеге келді.
Мен – Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Күпті – Сайран салған қайран көңілім!
Бітті... Ойран – заманым!

Дүние неге бөлек ойға қалды,
Ол онда көк ғасырын тойлаған-ды.
Ғаламзат – Көк Тәңірі, Көк түркі бар,
Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды...

Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты,
Бетіме қай сұм келіп күйе басты?!
Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден
Көз жазып, –
Көк Бөріден кие қашты?!
Алашты айтса Абай боп, Түрікті айтса Мағжан боп, Махамбетше түйіліп, Шортанбайша күйініп, өлең деген дерттің отына күйіп, күңірене күн кешкен Ақсұңқарұлының қазаққа бергені аз емес.
***
Ертеректе елге барғанда анасы байғұс белгілі қаламгер-публицист Нұрмахан Оразбековке ұлы Серікті тапсырып: «Ұшып-қонып жүретін мінезі бар, әкесі еркелетіп өсіріп еді, шырағым кісілігің мол азамат екенсің, ақылыңды айтып жүр» десе керек. Сонда Нұр-ағаң:
– Шеше-ау, Халыққа ақыл айтып жүрген балаңыз менің ақылымды қайтсін, – депті. Халыққа қызмет етіп, ел ықыласына бөлену сайлау алды ұн таратып, көмір түсіріп беру немесе киім-кешек, асыл жиһаз таратумен өлшенбесі анық. Десек те, рухани құндылықты талақ етіп, байлықты мадақ еткен заманда саңырау санаға саңылау болар сәуле ұялатып жүрген Ақсұңқарұлы сынды біртуар ақындарды ардақтайтын, абырой биігіне көтеретін мезгіл әбден жетті. Мұқағали, Қасымдар көрген тағдыр тауқыметін қазақтың басқа ақындары көрмесін деп тілейік.
***
Ит демекші, байлық демекші есіме ертеректе болған бір хикаяның түсіп отырғаны.
Арқаға мәлім асаба едім. Мұз шайнап, от бүркіп жүрген жастау кезім. Айтыс дейтін аламанға алқын-жұлқын кіріп жүрген кезіміз.
Бірде таныс азаматтар Ертіс ­бойында маужырап жатқан марғау қалаға тойға алып барды. Қазақ даласының темір-терсегін Қытай асырып байыған, сол кездердің тілімен айтсақ «жаңа қазақтың» баласы үйленіп ұлан-асыр той жасап ­жатыр екен. Балтыры байпағына сыймай, байлықтан әбден болып-толған бай Көкемнен немді аяйын, жаным қалмай той жүргіздім.
Құдай мәжбүрліктен сақтасын, қайбір жетіскеннен желікті дейсіздер. Қысқа жіп күрмеуге келмес тіршіліктің қарекеті ғой баяғы. Жә, сонымен той бітті. Кеш түсіп, қараңғылық қоюланды. Бай қазақтың саяжайында дастарқан ­басында бесеуміз (кешіріңіздер төртеуіміз, біреуі байдың иті Алабай) отырмыз. Той жақсы өткен. Менде пендемін ғой, той иесінен мақтау күтудемін. Бірақ бай қазақ асаба Қойлыбайды емес, иті Алабайды бір сағат мақтады. Сонда не айтты дейсіздер ғой: Иттің үйшігінің өзін үш мың долларға жасатыпты. (Ол кезде Қарағандыда жақсы пәтер құны осындай еді). – Тамағы, оны күтетін, қыдыртатын қызметшілері, анасы-мынасы жылына жиырма мың доллар жұмсаймын, – дейді байекең. Рас-өтірігін бір құдай білсін, той иесінің әңгімесі еңсемді езіп, өзімнен өзім жеріне бастадым. Біраздан соң өзімді-өзім кінәладым. «Сол керек саған Қойлыбай. Алабай құрлы құның жоқ, ақынмын деп несіне кеуде ұрасың» деймін іштей.
Хош айтысып елге қайттық. Ала­байдың басынан сипалап тұрған той иесі қолыма жиырма мың теңге қыстырды. Босағаны аттай беріп, артыма қарасам, Алабай құйрығын бұлғаңдатып тұр екен. Иттің көзіне көзім түсіп кетті. Түйсігі тұманданған төрт аяқты Алабай жиырма мың теңге үшін жиырма сағат жол жүріп келген екі аяқты пен­дені мазақтап тұрғандай көрінді. Есіме Ақсұңқарұлының жыр жолдары түсе кеткені.
Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып...
Сайын даланың тағысымын – мен,
Недеген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!
Күш ағысымды
Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды,
Ырзамын азу тісіме!

Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қорлық қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі – бір дейді...
Рас па қасқыр – бабалар?!

Өлексе үшін жұлысқан болсақ
Өмірі бітпей кегіміз,
Иттермен бірге туысқан болсақ
Не болды – ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры...
Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?!

Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді!
Жатқаным мынау – жау іші,
Аспанның астын дүрліктіреді.
Үрген иттердің дауысы.
Жол бойы осы өлеңді үш-төрт мәрте қайталадым. Өлеңді қай­талаған сайын бойым жеңілдеп, түнгі далаға рақаттана көз салдым. Құлағыма тым-тым алыстардан ұлыған Көк бөрілердің дауысы талып жеткендей.
Алабайды ойладым... Алтын үй­шікте әлдеқашан ұйықтап қалған шығар.
***
Таяуда газеттен Ақсұңқарұлының жыр кітабы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын оқып, елең ете қалдым.
Есіме сонау бір жылдар, Ертіс бойы, бай қазақтың үйі, иесіне еркелеп тұрған Алабай түсті.
Япыр-ай, – дедім селк етіп. – Алла, көк бөрінің киесі қонған ақын Ақсұңқарұлына ақ жол бергей...

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылародағының мүшесі,ҚР Мәдениет қайраткері

2513 рет

көрсетілді

30

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы