• Тіл
  • 30 Қыркүйек, 2020

СӨЗДЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ

Аудармашылар күніне орай «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қызметкерлерімен жүздесіп, аударма ісінің жай-жапсарын сұрадық. Ақын, журналист Есей Жеңісұлы (аударған кітаптары: «Көпке ұмтылған жалғыз», «Интернет психологиясы», «Театртану»), саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша философия докторы Нұрлан Муминов («Әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Әлемдік саясаттың жаһандануы. Халықаралық қатынастарға кіріспе», «Зерттеу жобасын жүргізу. Негізгі нұсқаулық», «Саясат философиясына кіріспе»), филология ғылымының кандидаты, доцент Бағлан Мизамхан («Білім берудегі зерттеулерге кіріспе», «Оқыту теориясы», «Көпке ұмтылған жалғыз»), аудармашы Гүлжаһан Жолдасбаева («Киносценарий. Сценарий жазу негіздері», «Панорама: Дүниежүзі тарихы», «Кино теориясы: Сезім тұрғысынан кіріспе») аударма туралы былай ой бөліседі...

– Университетте «аударма ісінен» дәріс оқыған ұстазымыз Нұрғали Ораз Пушкиннің «Поэзияның аудармашысы патша, ал прозаның аудармашысы құл» деген сөзін жиі айтатын. Ал оқулықтың, әсіресе ЖОО-ға арналған, күллі әлем мойындаған, бірнеше рет басылып шыққан кітаптың аудармашысын кім деуге болады?

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:

– Әлемнің мерейлі универсиеттері бірнеше рет басып шығарған, акаде­миялық қауым толық құптаған кітаптарды аудару, мазмұнын сақтау, терминдерді шатастырып жібермеу – аударма ісіндегі жаңа бір сүрлеу секілді. Осы жоба басталғалы бері бірнеше кітапты қазақшаға тәржімаладық қой. Сонда байқағаным, аудармашы әмбебап болуы керек екен. Қатып қалған ғылыми тіл емес, ара-тұра оқушының «қалғып кетпеуі» үшін еркіндік те керек. Ағылшын тілінің сөйлем құрылымына сәйкес күрделілікті де түсіне білу маңызды. ­Демек, аудармашы жан-жақты болуы керек.

Бағлан Мизамхан:

– Аудармашы кім екенін айтып өтейін. Аудармашының негізі міндеті – аудару. Ол өз жанынан ештеңе қоса алмайды. Сол себепті де аудармашы мейлі философияны, мейлі экономиканы аударса да оның мамандығы өзгермейді.

Нұрлан Муминов:

– Оқулықтардың аудармашысы әмбебап болуы қажет деген сөзбен толық келісемін. Оған қоса аудармашы шебер болуы керек. Шеберлік аудармашы үшін өте маңызды.

Бағлан Мизамхан:

– Нұрлан өте жақсы сөз айтты. Иә, аудармашы шебер болуы керек. Қазақта «сөздер сөйлейді» деген жақсы бір тіркес бар. Аудармашы бір ғана ұғымға қатып қалып, сөздің қалай сөйлегенін түсінбесе, оқырманға да кітаптың негізгі ойын жеткізе алмайды. Нағыз аудармашы сөз ішіндегі сөзді таба білуі керек.  

Гүлжаһан Жолдасбаева:

– Сіз мысалға келтірген Пушкиннің сөзі, әсіресе аудармашы еңбегін құл еңбегімен теңестіру жанымызға батса да, бұл сөзде де бір шындықтың ­барын мойындамасқа амалың жоқ. Шын мәнінде аударма, әсіресе оқулықтың аудармасы өте қиын процесс. Әуелі оқулық аударып бастағанда бірінші сыныпқа барған баладай, жаңа терминдерге таңданып, кейін оны оқырманға түсінікті қылып аудара бастайсың. ­Аударма соңына тақағанда жұмыс тіптен ауырлайды. Бірақ аудармашының кәсібилігі сол, ол қиындықты көре тұра, біле тұра, аударма теңізіне сүңги жөнеледі. Демек, аударма үнемі қозғалысты талап етеді.

– Қазақстандық аудармашылардың басын құрайтын, ортақ жетістіктері мен мәселелерін талдап-таразылайтын арнайы бір ұйым, орталық немесе мекеме бар ма?

 

Бағлан Мизамхан:

– Қазақ аударма мектебі жоқ деуге болады, барының өзі жұлым-жұлым күй кешуде. Аударма мектебі болу үшін оның теориялық, практикалық және материалдық негізі болуы керек. Бұл жоғарыда айтқан аударма мектебі жоқ дегеннің дәлелі. Ал болашақ ­аудармашы маман дайындайтын жоғары оқу орнына келсек, басқалардан оқ бойы алда тұр деп өзім қызмет ететін ­Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін айтуға ­болады. Бұл оқу орны іргетасын сонау 1940 жылдары қалаған, биыл 80 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған үлкен оқу ордасы, аударма бойынша ғана емес, шеттілі мамандарын дайындау бойынша да Қазақстандағы штаб-пәтер. Аударма мамандығы (оқу бағдарламасы) жергілікті, шетелдік аккредитациядан өткен, аударма маманын білдей үш кафедра дайындаса, соның бірі синхронды аударма кафедрасы, ал синхронистерді дайындайтын материалдық техникалық база басқа еш университетте жоқ. Тіпті оқу-әдістемелік тұрғыдан да алда келе жатыр. Басқаларын былай қойғанда университет басшысы, ҰҒА академигі Салима Құнанбаеваның «Conceptually grounded cognitive-lingual basics of forming a multilingual» деп аталатын, 2019 жылы Лондонда басылып шыққан оқулығының өзі неге тұрады. Бұның барлығын айтып отырған себебім, осындай материалдық, әдістемелік негізсіз қазақ аударма мектебі жайлы айтудың өзі ерте сияқты.

Қазақстанның бүгінгі нарығын қараңызшы, аудармамен айналыс­пайтын адам жоқ. Оның себебі, қазір ­аудармашылар өз бетінше күнін көріп жүр. Ал аудармашының ортақ жетістіктері мен мәселелерін ­талдап-таразылау ­керек болса, өзім жұмыс істеп жүрген университеттің есігі ашық. Оны ректорымыз да ұдайы айтып жүреді. Қазақстандағы негізгі білім ордасы ретінде кім-кіммен де тәжірибе бөлісуге әзірміз.

Есей Жеңісұлы:

– Иә, ЖОО маман дайындауда ондай орталықты ашқаны қуантады. Алайда аудармашылардың кәсіподақ немесе қоғамдық қор секілді арнайы бір құрылымы жоқ екенін мойындауы­мыз керек. Аудармашы кезігіп ­жататын күнделікті мәселелерді талдап, терминдердің жүйелілігін ­таразылап, жаңа ұғымдарды ғылыми айналымға енгізу үшін екшеп отыратын ­арнайы бір ұйым немесе одақ болса, аудармашының жұмысы әлдеқайда жеңілдер еді. Иә, осы тұрғыда жүз жаңа оқулықты аудару ісін аяқтап қалған Ұлттық аударма бюросы Қоғамдық қоры үлкен жұмыс атқарғанын мақтанышпен айта аламын.

Зейнолла Қабдоловтың КСРО кезіндегі көркем шығарманың аударылуы мәселелерін талдап жазған ғылыми негізді мақаласы бар. Бүгінгі аударма ісінде де ғылыми сыншылар болса деп ойлайсың.  Қазір біз аударып жатқан кітаптар 1990 жылдары қолға алынса, калька аудармалар мен осы күні сіңіп кеткен бұрыс сөздер болмайтын ба еді? Ештен кеш жақсы ғой. Осы күні аудармашылар қатары шетелден білім алып келген жаңа буынмен толығып келеді. Былтыр Жил Делөздің кітабын француз тілінен тәржімалағанда Түркиядан оқып келген маман Әсет Құранбек әр ұғымның аударылуы түріктерде қалай екен, басқа елдерде қалай екен деп ­салыстыра тексеріп отырды. Міне, сондай мамандар қатары артқанда аударма ісіне қатысты да біраз мәселе дұрысталар еді.

Нұрлан Муминов:

– Дұрыс айтасыз, аударма мектебі қалыптасса, бүгінгі аудармашыларға үлкен мүмкіндіктер есігі ашылар еді деп ойлаймын. Кәсіби аудармашылар қозғалысы бізге өте қажет.

Есей Жеңісұлы:

– Иә, аудармашылар мектебі қалып­тасса көп жағдай ретке келер еді. Оқулықтарды аудару бары­сында кейінгі ұрпақ осы кітаптарды қолына алған кезде ұялмайтын болсақ деп еңбектеніп жүрміз ғой. Иә, қате табылар. Себебі ұрпақ ұдайы жаңарып отырады. Бәрібір осы кітап сөлекет болмайтындай жағдайда шықты деп ойлаймын. Енді аударма мектебі қалыптасса, Шығыс әлеміне мойын бұрсақ деген арман бар. Жапонның әдебиеттануы ерекше деп естиміз. Оны неге біздің қазақ оқырманы оқымасқа? Иран деген ел бар. АҚШ санциясында ғана жатқандай болып көрінеді. Олардың оқулықтары да біз үшін жұмбақ болып тұр. Араб әлемін неге жете білмеске? Осы орайда көркем аударма жайын да айта кеткім келеді. Бүгінгі жасөспірім оқитын әдебиеттерді қолға ала алмай отырмыз. Балалар әдебиеті, одан кейін ересектерге арналған әдебиетті шамамыз келгенше аударып жатырмыз. Ортада тұтас буын құр қалып отырғанын ескерсек деген тілек те бар.

 

– Әрқайсыңыз да аударма саласында біраз еңбектенген, тәжірибе қалыптастырған мамансыздар. Бұл саланың басты қиындығы не?

 

Есей Жеңісұлы:

– Аударма мәтін жасағанда тұйық етістікке қатысты қиындыққа кезігеміз. Ол біздің тілге түскенде сөздің формасын мүлдем өзгертіп жіберуі мүмкін. Сон­­дық­тан абай болған жөн. Жаңа ғана Бағлан апай «Сөз сөйлейді» деп тамаша мысал келтірді ғой. Соған З.Қабдолов­тың «Сөз сөзге  сәулесін түсіреді» дегенін қоссам деймін. Сөздің сөзге сәулесін түсірген сәтін аңғара білу керек екен.

Бағлан Мизамхан:

– Аудармашы аудару жұмысын бастағанда контексті назарда ұстауы ­керек. Әр нәрсенің түсінігін таппасаңыз, ол мәтінді аудара алмайсыз. Сіз ең әуелі мәтін ішіндегі контексті ұғып алуыңыз қажет. Қазір жаңа кітап тәржімаланса, одан қандай да бір қате шықса, ең алдымен аудармашыны кінәлап шыға келеді. Аудармашыдан кейін кітапты редактор қолға алады ғой. Ал редактор шатасып кетпеуі үшін аудару процесінде редактор да, аудармашы да қатар отыруы керек деп ойлаймын. Алғашқы аударма  тәжірибемді 1998 жылы бастаған едім. Құқық философиясы деген ­тамаша кітапты тәржімаладық. Оны «Ғылым» баспасы шығарды. Сонда ең әуелі қолжазбамызды редакторға тастап кетеміз. Ол оқып қояды. Бір аптадан соң келіп, редактор екеуміз бірге отырып, соңғы түзетулерді енгіземіз. Яғни аудармашы мен редактор бірге отыруы керек. Екінші, мойындау керек, Google аудармашыны қолданатындар да бар. Ол мәтіннің мағынасына бойлай алмайды. Оған қоса қазір тілді білетін, алайда тілді сезе алмайтындар да қаулап өсіп келеді. Бұл да аударма ісі үшін қауіпті тенденция дер едім.

Гүлжаһан Жолдасбаева:

– Жалпы трасформация деген ­аударма әдісі бар. Ол грамматикалық, лексикалық, тағы да бірнеше тәсілге бөледі. Сол әдіс-тәсілді білген маманның аударма ісіндегі жұмысы жеңілдейді. Мысалы, ағылшында сөйлем ұзақтау беріледі. Сөйлемге қарап, оны бірнеше жеке сөйлемдерге бөліп аламыз. Бұл грамматикалық трасформацияға жатады. Екінші, аударғанда бірнеше мағына беретін сөз кездеседі. Ол сөздің сол контекстегі орнын дәл тауып аламыз. Бұл лексикалық трасформация деп аталады. Кейде жай сөйлемді сұраулы сөйлемге алмастыру керек болады. Сонда ғана ол аударылған тілдегі мағынасын ашады.

Нұрлан Муминов:

– Мәтінде қандай идея жасырынып жатқанын түсінсеңіз, сол идеяның айналасында мәтінді аударып шығуға ­болады. Кейде түпнұсқа мәтінде бір ғана сөз болып тұрса, ол қазақшаға екі сөз тіркесі болып аударылуы мүмкін. Оны да ескеру керек.

 Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

2208 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы