• Тіл
  • 07 Қазан, 2020

ТІРНЕК-КӨРНЕК ӨНЕРІН ЗЕРДЕЛЕГЕН

Сөз басында бірден айта кету керек, қазақ этнолингвистикасының қалыптасуына, дамуына тоқталуды мақсат етіп, оны мақала жүгіне айналдыру көзделген жоқ. Этнолингвистика нысаны материалдық лексиканы зерттеу жеке бір ұлттың, тұтасымен алғанда адамзат қауымының даму үрдісіне; көрші жатқан елдердің бір-біріне, тіпті тым алыс елдердің белгілі бір ұлт пен халықтың, этностың тұрмыс-тіршілігіне жанасатын тұстарын; сол арқылы тіліне тигізген әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті тудырған ғалым Ербол Жанпейісов еді. Ғалымның М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы этнолингвистикалық бірліктерді жинақтап, жүйелеп, мағыналық және құрылымдық талдау жасаған еңбегінің өзі ірі дүние. Ал өмірінің соңында жазған «Қазақ ескіліктері» (Алматы, 2018) этнолингвистикалық монографиясы да күрделілігімен, болжамдарының тереңдігімен, материал молдығымен, тек тарихи-салыстырмалы емес, тарихи-салғастырмалы тәсілді кең қолдануымен, ғылыми аппаратының жан-жақтылығымен айрықшаланады.

Бұл еңбек – этнолингвистикалық еңбектерді тереңдеткен зерттеу. Былай қарағанда заттық лексика элементтері – жансыз, бірақ ғасырлар мен ғасырлардың мәдени диалогына қатысушылар үшін көп мәлімет жеткізетінімен қуатты. Кез келген мәдениетте салт-дәстүр, әдет-ғұрып, амандасу мен қоштасу, тұрмыстық заттар мен бұйымдар (үй, үй жиһазы, киім, дәм-тұз), адамның сыртқы бейнесі, оның мінез-құлқы – бәрі де мәдени-танымдық функция атқарады. Шындығында, тұтасымен алғанда, мәдениеттің көптеген құбылыстары қосқыр­лы: а) олар өздерінің негізгі утилитарлық функциясын атқарады, б) белгінің орнына жүреді. Осы екі қызметті қатар алып жүретін материалдық лексика мәдениетті құрайтын ірі құрамдас бөлік және лексикалық тақырыптық топ құрайтын сөздер. Сондықтан материалдық лексика кез келген ұлттың дамуын, эволюциясын көрсететін тілдік айғақтар ретінде халық тарихымен сабақтастықта зерттеледі. Айталық, киім-кешек атаулары – тарихи-этнографиялық қайнаркөз әрі тілдегі сандаған бірліктердің қалыптасуына негіз бірліктер, ұлт мәде­ние­тінің үлкен бір бөлімі. Расында да мәдениет – ең алдымен күрделі семиотикалық жүйе, оның қызметі – сана қалыптастыру, негізгі ерекшелігі – жинақтау, сақтау. Шындығында, ғалым Е.Жанпейісовтің монографиясында жеке заттар, құбылыстар мен оқиғалар түріндегі таңбалар атау, символ, қимыл-қозғалыс актілері ретінде семантикаланады. Мәдени заттардың кейбірі символданады. Қоршаған ортаны, тіпті дүниедегі барлық нәрсені символдар арқылы кескіндеуге болады. Символдар – таным мен қарым-қатынас үдерісінде басты да, көмекші де мағынасы бар таңба түрі. Символдың коммуникативтік, атауыштық, сипаттамалық, жалпылауыштық, абстрактілі қызметтері бар. Соған қоса, символ таңбаға қарағанда, танымдық қызметімен, мазмұнымен ерекшеленеді. Е.Жанпейісов өз еңбегінде осындай бірліктерді жинақтап, ала білген. Ғалым заттық мәдениет лексикасының идиоэтникалық ерекшеліктерін айқындауды бүгінге жеткен ескілікті лыпа – киім түрлерінің «әр тарап тілдік көріністерін, олардың атау­лар жүйесін қарастырудан бастап көрейік» деген ғалым зерттеуді бас киім атауларынан бастайды. Бас киімге байланысты атауларды фольклор, жыраулар поэзиясы, көп жанрлы жазба әдебиет үлгілерімен қатар, басқа да дереккөздерден түгендеген. Ең бастысы, қазақ бас киімінің элементтерінің, сегменттерінің өзге ұлт өкілдерінің киімдеріндегі сегменттермен байланысын ашып бере алған. Сөйтіп барып киім атауларының идиоэтникалық семантикасын ашуда бұрыннан бар жолға түспей, одан түбегейлі бас та тартпай, жаңа тәсілдерді пайдаланған. Мысалы, сәукеле сөзінің ұлттық танымдық семантикасына бару үшін ғалым айтарлықтай көп сөздердің тарихи-фонетикалық өзгерістерін көрсетеді, семантикалық дамуына тоқталады, сөздердің арасындағы мағынадан, тұлғасынан ­тарихи сабақтастықты іздейді, сөйтіп ­барып этимологиялық, идиоэтникалық семантикалық болжам арқылы бір тоқтамға келіп, тілдік фактімен тиянақталған дәлелін айтады. Сәукеленің идиоэтникалық семантикасын ашу үшін мына сөздердің даму эволюциясын көрсетіп, сәукеленің таңбалық сипатын ашуда пайдаланады: жалбағай, далбағай, телпегей, бүркей, жабасалма, қайырма, жапетер, қарқара, бергек, малақай, далбай, жалбай, желпей, төбетей, төбебөрік, желбегей, қама, жаулық, жұмыршақ, кәләпүш, күләпара, башлық, желек, тымақ, милық, тақия, қалпақ, тәж, телпек, пәрәнжі, паранжы, шалма, қатырма, құлақшын, салы, сал, шәлі, сәлде, сұлама, жепен, зере, күндік, кепе, кепеш, кеп, шарқат, баутақ, кимешек, шаршы, желек, шылауыш, тебегей, бөкебай, бөрік, топы, топпа, дулыға, жыға, қырпу, бүркеншік, келе, күлә, сәукеле. Дыбыстық ­варианттарымен қоса алғанда «алпыстан асатын мол тілдік материал­ды» пайдаланып, сәукеле сөзін талдайды. Аталған сөздер – бас киімге ғана қатысты сараланғандары. Ғылыми еңбектерде соңғы кездерде осындай жиынтық мәліметтерді, ғылымдар тоғысынан жиналған материалдарды пайдаланып зерттеу жүргізу өрістеп келеді. Ғылымдағы осы қозғалыстың тиімді жақтары мол. Осы бағытты ұстана жазылған ғалым монографиясы жөні бөлек еңбек болып шыққан. Айталық, ғалым бас киімді тек киім ретінде ғана емес, «бас киім түрлері дененің тек сырт жамылғысы ғана емес, ­сонымен қоса оның, яғни дененің жалғасы, тұлғаның өзіндік «экстериоризациясы» деп таниды. Шынында да, «киім үлгілерінің жалпы қай-қайсысының да адам денесінің белгілі бір бөлігін жауып тұруы – оның таза сырт жамылғы ретіндегі қызметі ғана. Ал оны (киімді) дененің жалғасы, тұлғаның өзіндік экстериоризациясы деп білу психологияда белгілі бір процесс нәтижесінде адамның ішкі психикалық өмірінің ерекше бір таңбалық құралы, нақты бір киім кию, шаш қою сияқты түрде вербалдануы» деп түсіндіреді. Семантикалық қосполюстілікпен байланысты қарастыра келіп, жеке адамның, тұлғаның экстериоризациясы дегеніміз индивидтің ішкі психикалық дүниесінің белгілі бір шаш қою, киім киісі түрінде таңбалануы, көріністенуі деп біледі. Яғни бас киім тек киім емес, мағынасы әлдеқайда терең, материалдық ­семиотикасы аса жоғары, таңбалық қасиеті ­басым материалдық құндылыққа жатқызылады. Мысалы, сәукеле туралы мәліметтермен танысу барысында 100 жылқының, тіпті 500 жылқының құнына бағаланған сәукелелер болғанын, олардың музейлерде сақталғанын келтірген ғалым сәукеленің бөліктерін танытатын құндыз, шұға, ақ киіз, сусар, бұлғын, алтын, күміс, маржан, ақық, мәрмәр, гауһар тізбектері, шоқ үкі, оқаланған лента, таналар, т.б. тілдік бірліктерді тек атап қоюмен шектелмеген. Келтірілген әрбір сөздің семантикалық, ділдік, танымдық дамуын өзге киімдерде кездесу себептерімен байланыстыра отырып, кешенді талдау жүргізіп, материалды жүйелей келе, тұжырым жасайды: сәукеле көшпелілер үшін ғажайып өнер туындысы болған, өнер туындысы екені тілдегі қолданыстардан көрінеді, мысалы: «Сәукеле алтын шашақ березелі, Күмістен күмбез қаққан керегелі. Өзінің ауырлығы сегіз батпан, Төбесі төрт қапсырма кебежелі (Н.Ахметбеков); Төсек алдында жаңа түскен жас келіншек. Сәукелесі басында, қайын сіңлісі қасында. Ұзындығы кез сәукеле, етегінен төгілген маржандар, алтын, күміс жарқыраған теңгелер, қатар-қатар ою салып тізген меруерттер қызылды-жасылды болып, алыстан қараған кісінің көзіне шағылысып, таңырқарлық [болып] тамаша көрінеді (А.Асылбеков. Әдебиет кеші//«Қазақ» газеті); Жарас-ау мына сәнді көрмейсің бе? Сыбаға сәукелеге бермейсің бе? (М.Әуезов); Қолымда сақинам бар бармақ-бармақ, Сәукеле басқа түссе ауыр салмақ (фольклор); Қапталы сәукеле тас құлын жайлау (Ә.Найманбаев); Әшекейлі тоғыз қатар сәукеле (Х.Арғынаев). Мысалдарды оқып отырып, кебежелінің, тоғыз қатардың, сегіз батпан ауырлықтың, керегелі күмбездің сәукелеге не қатысы бар деген ой келеді. Ғалым бұлардың бәрінің де байланысы барын деректерді сөйлету арқылы бұлжытпай дәлелдей алған: «Жоғарыда Н.Ахметбековтен келтірілген «Сәукеле алтын шашақ березелі» деген өлең жолындағы березелі – туынды сын есім, түбірі березе бирюза ­(камень) [БСл І: 325]. Парсы тілінде «асыл тас» мағынасын білдіретін бұл пируза//фируза есімі қазақ тілінде березе болып қалыптасқан. Ол сондай-ақ перезе, перуза түрінде де айтылады (Р.Н.Шойбековтен). Тіліміздегі Перуза, Фариза, Мариза антропонимдері осы пируза//фируза парсизмінің негізінде жасалған» деп, сәукеленің семантикасын ашу барысында тілдік бірлік этимологиясына қозғау салған.
Еңбекте бірнеше атаулар талданады. Соның бірі – жүзік. Жүзік сөзінің түрік тілдеріндегі жазба ескерткіштерінде, өзге де түрлі дереккөздерінде кездесетін фонетикалық варианттарының ең толық тізбесін Л.С.Левитскаяның этимологиялық зерттеулерінен табуға болатыны айтылған. Жүзік палеолитте сүйектен, неолитте тастан, қола дәуірінде металдан жасалған. Асыл тас­тардан көз қондырылғанын – жүзік, тасы жоқ тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарылғанын – сақина, көзі жоқ шығыр түріндегісін – балдақ деп атайтынын, ал сырғаның да шығыршық сырға дөңгелек сырға болатынын келтіруі – таныс мәліметтерді сөйлетуі. Бірақ шумерлік деректерден тапқан: «Женитьба у шумеров считалась делом весьма обременительным. Они определили свое отношение к браку следующим образом: Кто не содержал жену или ребенка, тот не носил кольца в ноздрях, мужьям в шумере, как видно, приходилось порой несладко» (Семюэл Н.Крамер) сынды пікірлерді тауып алуы сүйсінтеді. Ғалымның бұл деректі жай келтірмегені мына сөзінен байқалады: «Біздің жобалауымызша: шығыршық түріндегі жүзік сияқты шығыршық түріндегі сырға да солай шу бастан таңба (символ) ретінде қолданылған». Қазақ өмірінен алынған мынадай дерек ғалымның пікірін тереңдете түседі: «Тоқбаланың өз әкесі Теңізбай, ұлы атасы Бектемір екеуі де айран ішерлігі мол дөңгелек дәулетті адамдар болыпты. Сүйікті немересін жат елге ұзатарда жасауын толық қылып, мінген атының алдыңғы екі аяғына күміс білезік салғызыпты. Немересінің мұрын кеңсірігіне қысатын салпыншақ алтын сырғасымен қоса ұзатылыпты. Ертеде қазақтың кейбір руларында осындай салт ұстанған. Өзбекстанның Сұрхан Дария (Термез) облысында мұндай салт әлі күнге бар. Түрікмендер мен өзбектер ондай сырғаны «Арабек» деп атайды. Ал қазақтар алтыннан соғылғанына байланысты зер сөзінен туындатып Зере деп атаған тәрізді. Тоқбала ұзатылып барған тобықты елінде мұрынға сырға тағу салты бұрыннан болмаған ба немесе ұмытыла бастаған кезі ме, әйтеуір бөтен жасау-жабдықпен түскен жас келінді мұрын сырғасына қарап Зере атандырыпты. Шежіреші Рахымбековтің түсіндіруі осылай» деген дерек келтіреді. Зере – шығыршық түріндегі мұрын сырғасы. Қазақтар – оны зере, зейір, әребек, арабек, қарақалпақтар – арабек, өзбектер – аравак, латива, ал түрікмендер – ысырға деп түрліше атайды. Қазақтарда ертеде малдың мұрнына салынатын шығыршық та осылай зере деп аталған көрінеді. Сүйектен, тастан, қарапайым металдан, кейін келе күміс пен алтыннан жай шығыршық түрінде соғылған жүзік атаулының қай дәуірде де тек жұбайлық өмірдің шеңбер-шегінен әлдеқалай қия басып, аттап шығуға қатаң тию есепті символдық қызмет атқарған. Ғалым қазіргі заман жастарының да үйленген күннен бастап қолдарына жүзік салатыны бұдан төрт-бес мың жыл бұрынғы сол шумерлерден жалғасып келе жатқан дүниедегі ең бір көне салттың жаңғырығы деп біледі. Ал оның этимологиялық түбірі төңірегінде жалпы жүз формасының таза лингвистикалық табиғатына барған ғалым, бұл этимонды «буын» ұғымымен байланыстырады. Жүзік шынында «буындық», «буынға тиесілі», «буынға салынатын» деген тәрізді мағына білдіретін сынды. «Идиоэтникалық аталмыш жүзік бірлігінің жүз түбірі және тіліміздегі кіші жүз, орта жүз, ұлы жүз тіркестерінің жетек жүз сыңары да солай генетикалық жақтан бір сөзге келіңкірейді. Келіңкірейтіні екеуі де, алдыңғы да, артқы да бүтіннің жеке сегменттерінің, «буын» ұғымының тілдік көрінісі. С.Аманжоловтың этноним сипатындағы бұл кіші жүз, орта жүз, ұлы жүз тіркестерінің жүз бөлігі бұтақ, бөлік дегенді білдіреді дегенін, әрі қарай жүзік сөзі жүз этимонымен ұлы (орта, кіші) жүз дегендегі жүз сыңары екеуінің идиоэтникалық семантикасының соншалықты дәлме-дәл сәйкес, абсолютті бірдей деп санайтынына ден қойып, келтіреді. Ендеше, кейінгі тіркес құрамындағы жүз есімі де сол алдыңғы жүзік жасалымының жүз этимоны сияқты «буын (звено)» мағынасында сипатталуға тиістілігі анықталады. Аталған тілдік бірліктерден өзге ғалым шекпен, ішік, самалық, селебе, көйлек, т.б. көптеген атаулардың семантикалық ­дамуын сан тілден, сан дереккөзден ­тынымсыз ізденіспен жинастырған деректерді сабақтастықтастыра талдаған. Левитская Л.С., Малов С.Е., Манжигеев И., Маргулан А.Х., Менгес К.Г., Наджип А.,Номинханов Ц-Д., Поппе Н.Н., Потебня А.А., Рамстедт М.И., Рясянен М., Севортян Э.В., Цинциус В.И., Юнусалиев Б.М., Янушкевич А., Gabain A. және қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектерін бағалай оқыған, филология ғылымының докторы Ербол Жанпейісов монографиясының азғана бөлігінің өзі салмақпен саралап оқуды, жүгірте емес, ойлана оқуды керек ететін мәнді де терең еңбек.

Бағдан Момынова,
филология ғылымының докторы,
профессор
Үміт Әнесова,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушысы

2057 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы