• Тарих
  • 08 Қазан, 2020

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Әділ Ахметов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық
Жоғары мектеп ғылым
академиясының академигі

Қазақтар ең ежелгі халық па? Осы және басқа сұрақтар біздің ­отандасымыз Әділбек Ишанбекұлы Арынғазыны ес білгелі толғандырып, маза бермейді. Оның тарихқа қызығушылығы Қазақстан тарихы, мәдениеті мен тілінің әлем тарихымен байланысын қарастыратын ғылыми-танымдық ақпарат ретінде жазылған «Khuman» («Құман») атты зерттеуін жазып шығуына себеп болып отыр. Аталмыш еңбекте қазақ мәдениеті мен тарихының әлемдегі ең ежелгі мәдениеттердің қатарында екендігі кең көлемде талданады және автор өзінің талдауында адамзаттың даму кезеңдеріне де жеткілікті назар аударады.
Әділбек Ишанбекұлының өз зерттеуін «Khuman» деп атауы бекер емес. Себебі ол қазақ тіліндегі құман сөзінің ағылшын тіліндегі human («адам») сөзіне ұқсастығымен қатар, әлемдегі ең ежелгі Қомани халқының атына және «Cumans» деген атаумен белгілі болған орта ғасырдағы қыпшақ бірлестігінің батыс тармағының ­атауына сәйкестігін де мегзейді.

«Khuman» кітабының авторы Қомани, Куман және Қазақ атауларын талдауды ­сонау Африка құрлығынан бастайды. Бұлай етуін заңдылық деуге болады. Өйткені ғылыми түсінік бойынша адамзат дамуы осы «қара» құрлықтан бастау алады. Аспанмен таласқан, әлемдегі танымал ең ежелгі пирамидалар да осы жерде орналасқан. Олардың бірі – Каир қаласынан 30 шақырым жердегі Жосер мен Гиза жоталарында қоныс тепкен Хеопс ­немесе Гиза пирамидалары. Зерттеу барысында автор Ежелгі Мысырдың да қазақтарға қатысына тоқталады. «Сіздің ойыңызды білгім келеді» деген автордың сұранысынан кейін, оның зерттеу жұмысымен танысу барысында автордың келтірген көптеген дәлелдерінің жай сылдыр сөз емес, іргетасы берік негізделген пікір екеніне көзім жетті.

Мен өз зерттеулерімде 40 мың жылдай тарихы бар Америка құрлығындағы ежелгі «үндістердің» тілінде қазақ сөзде­рінің кездесуі, түркі мәдениетінің ежелгі ұлттардың қатарында дамып келгенін үнемі айтып жүрмін, ал «Khuman» еңбегінде автор қазақ мәдениетінің, тілі мен тарихының одан да тереңде жатқанын, тіпті Африканың 150 мың жылдық тарихы бар Қомани (Сән, Хадза) халқының тілінде қазақ сөздерінің кездесуіне дәлел келтіріп, тарихи, этнолингвистикалық байланыс тауып отыр. Тіпті Қомани халқы бұдан да әрі 600 мың жылдық тарихы бар ежелгі халықтың жалғасы екенін де көрсетіп кетеді. Бұл мәселе ерекше көңіл бөлуді және одан да терең зерттеуді керек ететіні сөзсіз.

Мен байырғы алтайлық бабаларымыздың осыдан 40 мың жыл бұрын шығыстағы ­Беринг жер мойнағын түйрей өтіп, алдымен Солтүстік ­Америка құрлығына қоныстанып, келе-келе Орталық Америкаға, одан әрі жүздеген ғасырларды артқа ­тастап, Оңтүстік Америка құрлығының қиыр шетіне дейін жеткенін зерттей келіп, олардың байырғы Мексика жерінде ғажайып пирамидалар сомдаған астек және майя халықтарының тарихы мен мәдениетінің түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқымен мәдени және тарихи тұрғыдан ғана емес, лингвистикалық және генетикалық тұрғыдан да тамырлас екенін нақты деректермен дәлелдесем, Әділбек Ишанбекұлы ежелгі қазақтардың да пирамидалар сомдағанын «Khuman» атты еңбегінде алға тартады және пирамидаларды ең алғаш салған қазақтар, тіпті Мысыр ­пирамидалары мен Шумер пирамидаларының ізінде ежелгі қазақ пирамидаларының негізі бар екенін мәлімдейді. Бұл пайымына дәлел ретінде американдық ғалым П.Б.Голден «Ортағасырлық Евразия Қыпшақтарының діні» атты еңбегіндегі:«Жуанвилдің ­замандасы, Гильом Рубрук Дешті-Қыпшаққа жасаған сапары жайында олардың жерлеу салттарын сипаттайды. «Құмандар дәулетті кісілердің бейітін пирамида, шошақ төбелі үй түрінде салады, қолдарына құман ұстап шығысқа қараған балбалдар орнатады. Кей тұстарда кірпіштен, тастан қаланған мұнаралар мен үйлерді көрдім. Алайда онда тастар тіпті жоқ» деп жазғанын көлденең тартады.

Қазақ, Түрік және Түркі атауларын ең ежелгі саналатын Африка халықтарының атауларына ұқсатып, Шумер атауын Сумырын, Шымыр және Көкмұрын тектерінің атауларымен байланыстырады. Ежелгі Шумер сөздерінің арасынан Әлім, Арал, Қазалы сөздерін тауып, Адай, Қыпшақ, Қазақ, Үңгіт, Үйсін, Ысты, т.б. қазақ атаулары мен тектерінің мағыналарын Ежелгі Шумер, Мысыр, Қытай, Араб, Еврей тарихтарымен етене байланысады деген түйінді ойды ортаға тастайды.

Автордың тағы бір ашқан жаңалығы қазақ тіліндегі көптеген сөздердің Ежелгі Мысыр сөздеріне ұқсастығына көз жеткізіп, енді біреулерін әлгілерге сәйкес деген пайым жасайды. Сондай сөздердің бірі ретінде қазақ тіліндегі «құт» сөзінің ежелгі мысырдың «khut» сөзімен мағыналас екенін табады.

Кітаптың, әсіресе ерекше көңіл бөлетін тұсы – Ежелгі Шумерге қатысты пікірлер мен ағылшын-шумер-қазақ сөздерінің салыстырма сөздігі. Бұндағы сөздер мен сөз тіркестерінің ұқсастығы мыңнан аса қатардан байқалады. Бұл сөздердің бірқатары кітапта прото-алтай және прото-түркі сөздерімен салыстырылып, талданған. Сондай-ақ көптен бері шешілмей келе жатқан «унг-санг-гиг», «ки-ен-гир», «ки-емен-гир» сияқты терминдерінің мағыналарына автор түйін тарқатар ұсыныстар айтады.

Зерттеушінің пайымдауынша, Түркі, Қазақ, Англо-Саксон және Славян халықтарының ата тектері бір халық болып келеді. Әділбек Ишанбекұлы англо-саксондардың қазаққа қатысы туралы қағидасына «Қазақтар мен ағылшындардың туыстығы жайлы» және «Old-New Anglo-Saxons» атты қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған мақалаларында біршама тоқталған. Енді сол ой-толғауларын «Құман» еңбегінде барынша кеңірек тарқатады.

Жалпы «Khuman» атты зерттеуіндегі әрбір тақырып жеке-дара кітап етіп басып шығаратындай түйткілді пікірлерге толы. Автор Ежелгі Русь жазбаларындағы Печенег, Половцы, Торки және т.б. атаулардың мағынасына да жаңа мән беретін дәйектерді кірістіріп, дәлелдемелар келтіреді.

Қазақ атауының «кие», «құстар мен жануарлар», «адам», «Жер», «Ай», «Күн» сияқты ұғымдар мен атауларға тікелей байланысын кітаптың өн бойында ­тарихи сәйкестіктерді алға тарту арқылы қарастырады.

Автор зерттеуін ғылыми-танымдық, яғни ғылыми-көпшілік әдебиет ретінде таныстырады және осы жанрға сәйкес келу үшін Әділбек Ишанбекұлы аянбай еңбек еткені көрініп те тұр. Өйткені ол қазақ ауыз әдебиеті және салт-дәстүрі, шежіресімен бірге дүниежүзілік тарих, мәдениет, философиядан және құстар мен жануарлар туралы, география сияқты ілімдерден де кенде емес екенін байқатып отыр. Сонымен қатар бұл еңбекте ол ағылшын тіліне аударылған Ежелгі Шумер, Аккад, Мысыр, Қытай, Грекия, Парсы және Келт сөздіктерін пайдаланған. Осы тұста зерттеушінің жай ғана ағылшын тілінің маманы, яғни филолог екенін әрі ешқандай ғылыми атағының жоқ екендігіне қарамастан, өте терең ойлы зерттеуші ғалым екенін ескерген жөн.

Зерттеудің негізгі бөлігін Ежелгі Грек деректерінде Қазақия деген атаумен белгілі болған б.д.д. 1500 жылдары өмір сүрген мемлекет жөніндегі пайымдаулар алады. Мәселен, ежелгі Қазақия әскери-демократиялық мемлекет болғанын түйіндей келіп, Әділбек Ишанбекұлы сол мемлекетті ежелгі қазақтардың құрғанына шын көңілімен сеніп қана қоймай, пікірін дәлелдеу үшін көптеген тұжырымдар келтіреді. Сол тұжырымдарының бірі «қа­зақ» атауының бір мағынасы «ерікті» дегенді білдіретін еркін, демократ деген ұғымдармен баламалас болып табылатынын алға тартады. Осыған орай, «қазақ» атауының бір мағынасы «еркін» дегенді білдіруі, Шумер тіліндегі думугирги «еркін адам» сөзін қазақ тіліндегі дүмеу, яғни «жиналу», тума (дүниеге еркін келген, нағыз) сөздерімен жақындастырып, шумердің думугирги сөзінің «қазақтың дүмеу «жиналу» деген сөзіне негізделіп тұр» деген қағидаға табан тірейді. Тіпті гректің демократия / δημοκρατία «ел билігі» сөзі δῆμος «халық» + κράτος «билік» тіркестерінен тұруы, қазақтың дүмеу + қарау сөздеріне жақын келеді, демек, еркін сөзі, яғни қазақ атауы демократия сөзінің синонимі деп таниды. Қазақия «қазақ» атауымен тек аты жағынан ғана емес, мағыналық тұрғыдан да сәйкес келуін автордың дәлелдеуі қисынсыз емес. Демократия сөзін біз осы кезге дейін грек сөзі дейміз. Әділбек Ишанбекұлы Арынғазы бұл еңбегінде демократия сөзінің түп-төркінін қазақ сөзі деп дәлелдейді. Және бұны бос сөз емес, дәйекті пікірлермен нақтылап отыр. «Khuman» атты кітабынан үзінді ретінде мына тұстарын оқырман назарына ұсынған артық болмас:

«Қазақ сөзі бірінші «Қ» әрпіне дейін бөлініп: ық, қы, х және кк деп дыбысталып, ығу, егу, екі, жүр және қи деген мағыналарды береді. Қазақ халқы үшін үйдің өзі киелі орын және ол шумерлер мен ежелгі мысырлықтар үшін де солай болған. Шумер тілінде киелі орын деген Ки-зақ / Ki-zàḫ, ал ежелгі Мысыр тілінде Пәррау /Pharaoh (ˈfeɪ.roʊ; Coptic / Коптик тілінде: Pǝrro). Бұл сөз перғауын дегенді де білдіреді және атауы – pr ꜥꜣ, /ˌpaɾuwˈʕaʀ/пәруар – Ұлы (Ақ) отау деген мағынаны береді. Осы сөздегі pr –«үй» (қорған / кие) деп, ал мынау белгі – ꜥꜣ – «колонна» (тіреу / бақан /уық/тұғыр/босаға) деп аударылады. Бұл сөздің мысыр тіліндегі синонимі Ақ / aH - там, кие, ақ отау. Сонда перғауын деген қазақтың ақ, кие немесе бір деген сөзіне сәйкес келеді. Ал бір және кие сөздерінің синонимдері – әруақ немесе пір және біріктіру (салу) мен берік, яғни босаға (қыпшақ және орта жүз таңбасы). Пәруар сөзінің баламасы қазақ тіліндегі бесік, пашын, бөрі, бөрік, бүркеу, топырақ прото-түркі тіліндегі b(i)ar-k «құрылыс (ғимарат), үй, үй-жай», прото-алтай тіліндегі bịare «салу, құру», bṓrk῾i «жабу, жабқыш»: доңғ. pugutu- «іңір»; моңғр. puger «жабу», прото-түркі bȫrk «телпек, бас бау», Kum. böròk, pĭrо (~ b-) «құс тұмсығы, мұрын» деп ойлаймын. Осымен бірге, ағылшын тілінде sparrow «торғай»; халадж және өзбек тілдеріндегі paranda «құс» деген сөздерге жақын келсе, шумер тіліндегі piring «арыстан», «жарық», pisag, pisan «(ашық) себет, қорап (қазына), көкірек, кеуде, төс; қаңқа (bad/be, ‘ашу’, + sañ, ‘бас’)», прото-алтай: p῾ágò ( ~ p-) «қорап, ыдыс: птұңғ. paga, -ča, -kī 1 қорап, ағаш шанақ, қалақ 2 терезе, терезе еренеуі: ул. pača(n) 1, pawa 2; орк. pawa 2; уд. xasa῾a 1 жапон pákúa «қорап»: phắkái «қалақ, ожау»: орта корей. phắkái, phắkà; қазіргі корей phagä, прото-алтай ­sák῾a ( ~ -k-) жүз (шет, қыр), соңы (шыбықтың, бағанның): тұңғ. saku-; түркі sakanak; жапон sákí, птұңғ. Saku – тұғыр (құманның), прото-түркі sakanak «кереге ұштары» сөздерімен туыстас болады.

Қытай тілінде пір, кие, әруақ, әулие деген сөздерді хүін / hún / 魂, чаң / chāng / 倀 гуй / guǐ /гао гуй / gāo guì / 高貴 деп айтады. Сол әруақтың атауы қазақтарға да қатысы бар, өйткені олар кантон және кавказдықтарды бай гуй / bái guǐ / 白鬼 – «ақ кие» немесе «әруақ» деп атайды. Бұл жерде қытай тіліндегі «бай» сөзі қазақ тіліндегі бай сөзі сияқты кең мағыналы сөз. Бұл сөздің бір мағынасы «жазық». Және бір жақындықты қытай тіліндегі далие гу / dà liè gǔ / 大裂谷- ұлы сай даласы деген тіркестен көруге болады.

Қазақ атауы қазіргі қалыптасқан қазақ тілінің ережесі бойынша «қаз» және «ақ» деген екі буыннан тұрады. Қаз – қазақ халқы үшін киелі жануар болып есептеледі. Ақ сөзі – жұмыртқаның ағын, тазалықты, сүт тағамдарын, шыншылдықты және жарықты білдіреді. Демек, «ақ» деген сөз – «кие» сөзінің синонимі. Ал «кие» сөзінің синонимі – «рух» немесе «әруақ». Бұл айтылғандардан қаз бен жұмыртқа, қос ақ, қос кие деген ұғымдарды түсінуге болады. Кие сөзінің мағынасының бірі – «қорғаушы», «пір», яғни «сақтаушы», «пана», «үй», яғни «қос».

Қазды ежелгі Мысырда да кие тұтқан. Сол киелі қаздардың бірінің атауы Генген Уер құдай болатын. Генген Уер «Тіршілік күші бар жұмыртқаны қорушы қаз» болып саналған. Генген Уер атауының қазіргі қазақ тіліндегі баламасы Жеңген Үйрек. Генген құсының атауына Көгершін мен Күшіген құстар­дың атаулары балама бола алады деуге болады. Кейін осы тізімнің қатарына Самұрық құсы да қосыла алады. Өйткені олар – «Көк пен шыңның өрлері».

Қазақ атауындағы қаз сөзі шумер тіліне ус / us және узмушен /uzmušen , аккад тіліне Ḫāzû (қаңқылдақ құс) деп аударылады (Аккад пен Шумер тілдері қазіргі кезде танылған, әлемдегі ең ежелгі қолданыстан шығып қалған тілдер болып есептеледі).

Қазақтардың Ежелгі Дүние тарихына қатысы қазақ халқының жаратылысқа, табиғатқа және өлімге танымдық көзқарасы да айқындайды. Қазақтар ертеден ерікті, кезбе және дала рыцарі болып, әруақты, пірді, киені, балбалды және Көк Тәңірін қастерлеген. Тіпті «кезбе» деген сөздің өзі «кие» (қыдыр, әруақ) деген мағыналармен ұштастырылады. Ал баба және балбал атаулары «бейне», «сурет» немесе «мүсін» деген мағыналармен тығыз байланысты.

Қазіргі Қазақстан аумағы мен одан тысқары жерлердің археологиялық, антропологиялық және т.б. ғылыми дәлелдер қазақ халқының көне дәуірдегі тарихы жайлы куә дүниелер жетерліктей жиналған.

Шумер сөздігіндегі Арали/Arali – «жер асты әлемі, о-дүние, әруақтар әлемі» және «бейтарап аймақ» болып аударыла­тын сөз бар. Қазіргі кезде Арал атауы Қазақстанның Қызылорда өңірінде орналасқан «Арал теңізі» көліне тиесілі. Арал теңізінің оңтүстік бөлігі бір кездері Хорезм/Khwarazm деген атауға да ие болған. Бұл жерде Авестаның Туран мем­лекетінің бір бөлігі де болған. Хорезм және Туран мемлекттері Аму-Дария, яғни Oxus өзенінің екі жағында орналасқан. Авеста мәтіндерінде Оксусты Yakhsha/Vakhsha, ал Яксарт немесе Сыр-Дарияны (Jaxartes/Syr Darya) Yakhsha Arta «Жоғарғы Иақша» деп атапты. Сасанит заманының орта парсы деректерінде Оксусты Wehrōd «жақсы өзен» деп атаған. Ортағасырлық араб және мұсылман деректерінде Амудария­ны Jayhoun / جَـيْـحُـوْن деп атаған. Ал Джейхун атауы библиялық жұмақ бағындағы төрт өзеннің бірі – Gihon атауына негізделген. Гихон атауы хиюрюше Giħôn / גיחון деп жазылып, «нәр беретін, жойқын, дүлей күш, тез құйылатын немесе ағатын» деген мағыналарға саяды. Генезизтің (Genesis) авторы Gihon өзенін «Куш мемлекетін толық орап өтетін» өзен ретінде сипаттаған. Библияның басқа бір жерінде бұл атау Эфиопия мемлекетімен байланыстырылады. Осыған байланысты эфиопиялықтар Гихонды (Giyon) Gojjam патшалығын орайтын Абай / Abay (Көк Ніл) өзенімен байланыс­тырады. Бірінші ғасырда өмір сүрген еврей тарихшысы Josephus Гихон өзенін Ніл өзеніне теліген. Енді бір деректер бойынша, Гихон өзені Түркия, Армения, Азербайжан мемлекеттері арқылы өтетін Арас (бұрынғы Araxes) деп есептейді. Орта ғасырлардағы Аму Дарияның тағы бір атауы түрік тіліндегі Сейхун / Ceyhun болған. Ал XIX ғасырдың жиһанкездері (саяхатшы) Ауғанстанда бұл өзенді Gozan деп атаған екен.

Oxus атауы тарихи, яғни көне (антик) заманғы латын тілінде Ōxus, ал грек деректерінде Ὦξος (Ôxos) болып танылған және Памир тауындағы Vakhsh және Panj өзендерінің қосылуынан құралады. Ōxus / Ὦξος (Ôxos) атаулары Vakhsh сөзінен туындайды екен. Вақш атауы ведик санскритінде Vakṣu (वक्षु) түрінде беріліпті, ал оның өзі Brahmanda Purana бойынша Chaksu болып келеді.

Туран атауының мағынасын ашу үшін кейбір тіл мамандары индо-ирандық tura «шымыр, тез, қылыш», пушталық turan (thuran) «қылыштасушы» сөздерінен ­туындайды деген пікір айтады. Тағы бір ұсыныстар қазіргі парсының tār(ik) сөзімен байланысты ерте ирандық tor «күңгірт (қараңғы, іңір), қара», пушту tor (thor) және ағылшын тіліндегі dark «күңгірт (қараңғы, іңір)» сөздерінен тарқатып, «қара өркениет» мағынасы дегенді беретіндігін алға тартады.

Туран мемлекетінің ең танымал қағаны Афрасиаб парсыша افراسياب  afrāsiyāb; авес­таша: Fraŋrasyan; орта парсыша: Frāsiyāv, Frāsiyāk және Freangrāsyāk б.д.д. 1292 жылдары осы өңірді басқарған. Фирдаусидің Шахнамесі бойынша, Афрасиаб Туранның батыры. Басқа деректер бойынша, ол Иранның аңыз патшасы Ферейданның үш баласының бірі – Тур / Tur /Tūriya / Tuzh бекзаттан тарайды. Авестаның діни жинақтарында оның есімі mairya (қу, арбаушы) атағына ие болған, яғни «залым, албасты, сұмырай» деген мағынада кездеседі. Tur атауы ағылшын тілінде tuːər, tʊər, ал парсыша تور  / t̪ʰuːɾ. Парсы тілінен аударғанда تور  / t̪ʰuːɾ деген «жүрек жұтқан, батыл» деген мағына береді.

Хорезм атауы ерте парсы тілінде hUvārazmī; қазіргі парсыша: خوارزم  Xārazm; арабша: خُـوَارِزْم  Xuwārizm; ерте қытай qʰaljɯʔmriɡ (呼似密); қазіргі қытай Huālázǐmó (花剌子模 / Xiao’erjing: خُوَلاذِمُوْ); тажікшке: Хоразм, Xorazm, түрікше: Harezm; грекше Χορασμία (Chorasmía) және Геродот жазбаларында Χορασίμα (Chorasíma).

Гілгәмештің киелі белгілері арыстан мен өгіз болған. Оның өзін «Көк өгізін өлтіруші» деп те атаған. Көк Өгізі деп Таурус/Taurus – Торпақ шоқжұлдызын атайды. Таурус сөзін латын тілінен аударғанда «өгіз, бұқа» дегенді білдіреді. Ежелгі еврейлер оны Әліп деп атаған. Жұлдыз шоғырының сыртқы пішіні «Қ» әрпіне ұқсас болып келеді. Сонда Бес Таңбалы Қыпшақтың «Қ» таңбасы мен Торы атауының байланысы осы жерден байқалады.

Дахай атауының Адай есімімен сәйкес келуі қазақ тіліндегі айдаһар (аждаха); ПИЕ (Прото-индо-еуропалық) dhegʷh «жану, күндіз», ерте үнді dáhati (күн), ­daxša-m. «өрт»; парсы ضحّاک / Zahhāk немесе Zahāk (парсы мифологиясындағы залым тұлға), Azhi Dahāka / اژی دهاک, орта парсы Dahāg /دهاگ (парсы мифологиясындағы әрі Авестадағы залым тұлға; урду Azhdahā / اژدها және күрт ejdîha/ئەژدیها «айдаһар»; ПА t῾ḗk῾o «түбі, негізі», dasa «реттеу, басқару»; ПТ jAsa «анықтау, реттеу»; орд. daxa «таға» сөздері және сөз тіркестерімен жақын болып тұр. Бәрінен бұрын Адай тегінің, негізінен, орын тепкен жері Каспий теңізі маңы екенін ескерсек, Дахае тайпасының мекендеген жерімен дәл келеді».

Шумердің қалаларының бірі Казаллу / Kazallu немесе Казалла/Kazalla жазылуы мен дауысталуы жағынан Қазақ, Қазалы атауларымен дөп түсіп тұр. Оған жоғарыда келтірілген қаза, қазака және гузала деген Шумер сөздері де сәйкес келеді.

Қазалу қаласы Месопатамияның баты­сындағы Диала өзені бойында болғаны жөнінде пікір бар. Шумердің Лагаш қала­сының басқарушысы Гудеа Казалуды Месопатамияның батысында тұр деген. Енді бір мағлұматтар Казалу қаласы Марту деп аталатын көшпенділердің жерінде, яғни амориттіктердің аумағында орналасқан деген. Десе де, ол қаланың археологиялық дәлелдемесі болмай тұр. Осыған байланысты, Казалуды қазіргі Қазақстандағы Қазалы қаласымен байланысты деуге болады. Б.д.д. 2400-2300 жылдары ертедегі Казалу мен Аккад арасында соғыс болғаны жайында мәліметтер бар. Сол мәліметтерге сәйкес, Казалудың ханы Каштубила/Kashtubila болған. Ол соғыстың соңы Каштубила аккадтық Саргон билеушіден күйрей жеңіліп, Саргон қаланы жермен-жексен етеді. Қаланың тамтығы қалмағаны соншалық, тіпті «құстарға сая болатын жер қалмады» делінген. Осы тұстағы құстар туралы айтылуы, аккадтықтардың Казалы тұрғындарының бір атауы Қазақтар (Қаз-Аққу, Қазықұмай, Қаз ауылы) екеніне нұсқағаны болуы керек. Казалу бұл соғыстан есін тез жинап, өз бетінше мемлекет құрады және айналасындағы елдерді, оның ішінде Вавилонды өзіне бағындырады. Казалу халқы Нумушда құдайын пір тұтқан. Нумушда – Суен/Нана ай құдайының баласы болып саналған. Бір кездері ол жер асты құдайының да орнында болуы мүмкін делінеді. Дегенмен, ол құнарлылық, табиғат, және соғыс құдайы болатын. Нумушда құдайына Казалу қаласында сыйынатын там да болған. Казалу қонысының қазіргі Қазақстандағы Қазалы қаласының орнында болуымен байланыстыруға болады.

Ал АҚШ Чикаго Университетінің лингвист ғалымы Игнейс Джей Гелбтің (Ignace Jay Gelb) «Ежелгі Аккадтың жазбасы мен емілесі (Old Akkadian Writing and Grammar. Second Edition, Revised and Englarged.1961) атты 1961 жылы жарық көрген еңбегінде Шүмшүр, Әлім сөздерімен қатар Алшин (Al-Ŝin) сөзі де кездеседі. Мұндағы (яғни аккад тіліндегі) «шин» сөзі – ай болып, «ал» адам болып аударылады.

Шумер мифологиясында Әлім өгіз ­немесе бұқа (бизон) ретінде бейнеленеді және оның есімдерінің қатарына Кусарику (Бұқа-адам) және Гудәлім дегендер де кірген. Әлім ежелгі Месопатамия суреттерінде қо­лында бақыраш (шелек) немесе қашау ұстаған кейіпте бейнеленеді. Әлім тау ретінде немесе соның қорғаушысы ретінде, кейде жақсы, кейде нашар сипаттарда жазылады. Ол әділеттік құдайы Шамашпен, Шаян-Адаммен, Торпақ шоқжұлдызымен, тұяқты аңдармен және Кентаврмен байла­ныстырылған.

Әлім атауы Шәлім-чалум / Ŝalim-ḫalum, Шәлім-кину/Ŝalim-kȋnum тіркес­те­рін­де де кездеседі және олардың тү­бірі îs-lam екені және «Ол бейбітшілік жасады» деген аударманың нұсқасы берілген. Шәлім сөзі Аккад тілінен аударғанда – бейбітшілік, Чалум – адам, ал Кинум – сенімді, шынайы, адал, планеталар тұрағы, бауыр, дұрыс, оң, заңды, мезгіл (Қазан, Қараша) деп аударылады. Әлім сөзі Шумер тілінде «жабайы қой», «тур» (жабайы өгіз немесе зубр) және «қуатты» деп аударылады әрі сол ­шумер сөздігінде синонимдері де бар. Бұдан шығатыны Әлім сөзі шумер тіліндегі атауға сәйкес келеді, ал Шәлім деген ­аккадша ­болып тұр.

Шумердің (Аккад) сына жазуларының арасында Әбу Әлім/Abu âlim (Old Akkadian Writing and Grammar by I.J. Gelb.The University of Chicago. 1952-1961) деген қатар бар және ол қаланың үлкені деп ­аударылады. Бұл жерде аккад тілінің қазақ тіліне жақындығын да байқаймыз. Өйткені аккад тілі ak-ka-du-u2 деп айтылып, қазақ тіліндегі әке тілі немесе әке ду-у (әке дауысы) ұғымымен сәйкес келеді.

Арий деген сөз ежелгі Шумер тілінде ар/ar – «жарық», «шырақ», «жайнау», «ашық», «анық»; а-ри-а/a-ri-a – «аудан», «шөл», «тастанды жер (жұрт)» және оның синонимі» а-ру-а/a-ru-a» тіркестерімен даустас айтылып, мағыналары да шамалас болып тұр.

Ариа терминінің дыбысталуына жақын әрі мағынасын беретін сөздер ежелгі Мысырда да бар. Ол Ари/Ảri – Шығармашылық құдайы және Ари-қетч-ф/Ảri-ḥetch-f – «Жарық құдайы» болып аударылады. Қалай болғанда да Ариа яғни, «қастерлі» деген мағына ежелгі қазақ тілінде (кодекс куманикс) Arï деп жазылған. Бұл сөздерге әрі, арғы, ірі, ер, ари және жарық деген сөздер бір-біріне синоним әрі көп мағыналы сөздер болып келеді. Осы сөздермен бірге Арғын тегінің атауы Ариа деген сөздің синонимі бола алады. Себебі Арғын сөзі Арғы Ін, яғни «ата-баба үңгірі», Жарық Өне «жарық адамдары» деген тіркесте беріліп тұр. Өз кезегінде арғын деген сөз шумер сөздігінде ама-ар-ги4/ama-ar-gi4еркіндік («ана» + «жарқырау» + «өңдеу») тіркесінде берілген. Бұл тіркестегі Ар-ги «жарқырау», «өңдеу» деген мағынаны беретінін байқаймыз. Демек, Арғын атауының мағынасының бірі «жарықтың адамдары» деген мағына береді және ол Хеттердің Жұмақ күн құдайы Арина есіміне сәйкес келеді».

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген автор әлемдік деңгейдегі ғалымдардың еңбектерін оқып, зерттей алуының және пайымдауының арқасында қазақ ғылымы үшін жаңа көзқарас танытып отыр. Әлемдегі халықтардың шығу тарихынан мен өз зерттеулерімде түркі іздерін көремін десем, Әділбек Ишанбекұлы да «Khuman» атты ғылыми туындысында қазақ халқының ежелгі іздерін тауып, ұлтжанды әрбір қазақты қуантып отыр. Сөз соңын түйіндей келе: «Қазақстан – жаһандану шыққан аймақ. Қазақ елі ғасырлар бойы әртүрлі өркениеттерге тән терең тарихтың ажырамас бөлігі болды және сол өркениеттердің қалыптасуына әсер етті» дей отырып, Әділбек Ишанбекұлы ұсынып отырған жаңа заманауи қөзқарас қазақ тарихына деген объективті тұжырымдар қалыптастырып, халықтың бірлігін нығайтуға сүбелі үлес қосады, әлемнің басқа елдері тарапынан Қазақ еліне деген қызығушылықты күшейтеді әрі қазақ тілі мен мәдениетіне деген құрметті арттыра түседі демекпіз.

7002 рет

көрсетілді

233

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы