• Cұхбаттар
  • 14 Қазан, 2020

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ШЕЖІРЕСІ

Шамамен осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын араларына бірер жыл салып, қазақтың бүгінде елге бірқатар белгілі ақпарат құралдарының іргетастары қаланды. Солардың бірі – Қазақ радиосы 1921 жылы 1 қазанда алғаш рет хабар таратты. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Бүгінде «Қазақ радиосы» радиоарнасының қатары «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиосымен толықты. «Қазақ радиолары» ЖШС құрамына біріккен төрт радио күнделікті тыңдармандарын әр қайсысы өз бағыты бойынша ақжолтай жаңалықтарымен қуантып келеді. Ендеше, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры, белгілі медиа менеджер Ернұр Көшерханұлы Бураханмен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Ернұр Көшерханұлы, 1 қазан күні Қазақ радиосының 99 жылдығын атап өттіңіздер. Осы күнгі атқарылған шаралар туралы ­айт­саңыз?

– Рақмет! Бүгін де біз жалғастырып, жақ­сылықтарға қол жеткізіп жатқан, ел игілігі үшін атқарылған маңызды істердің бас­тауында Алаш қайраткерлерінің тұрға­нын естен шығармауымыз керек. Сол қайраткерлеріміздің еңбегімен осыдан 99 жыл бұрын Орынбор қаласында Қазақ радиосы алғаш эфирін бастаған еді.

Сондай-ақ 1 қазан – халықаралық қарттар күні. Осы қос мерекеге орай, радио ардагерлеріне эфир жүргізуді ұсынған едік. Ұсынысымызға аға-апаларымыз қуана келісіп, құптай жөнелді.

Алдымен Қайрат Мұсақұл мен Көпен Әмірбек ағамыз «Қайырлы таң, Қазақ елінің» тізгінін қолға алып, ізбасар жастарымен әзілі жарасып эфирді қызықты өткізді. Қоңыр дауысты Бүркіт Бекмағамбет ағамыз жүргізген таңғы жаңалықтар өте әсерлі болды. Бала кездегі құлаққа сіңген қоңыр үндер санамызда қайта жаңғырды десек те болады. Одан соң Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебайлардың жаңалықты тізгіндеуі де әдемі үйлесім тапты.

Сонымен қатар Күләш ­Молдахметова балалар интерактиві «Тапқыр бала» ­радио ойынын, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын жүргізді. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» көңілашар сағатын тізгіндесе, Ұлжан Пармашқызы апамыз «Достық» хабарын дайындады. Қымбат Досжан «Ақтілекте» тыңдаушылардан келген хаттар легімен бөлісіп, туған күн иелерін құттықтады. Ал ардагер Руслана Құдайбергенова «Ел ағалары», Мақат Садық «Түскі шай» хабарын жұрт назарына ұсынды.

Балаларды «Айгөлегімен» әлдилеп жүрген Қымбат Әбілдақызы «Біз жанбасақ», ал Еркін Байғабылұлы «Радиомедицина» бағдарламасын жүргізді. «Қазақ радиосының сандуғашы» атанған Сауық Жақанова «Жырлайды жүрек» поэзия сағатында байырғы дикторымыз, ақиық ақын М.Мақатевтың өлеңдерін оқып, алтын дауысымен бағдар­ламаның шырайын кіргізді.

Алматы студиясында Қазақ радиосына 99 жыл толған дүбірлі мереке күні ардагер дикторлардың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйіне барып, бюстіне тағзым етуінен басталды.

Қазақ руханиятының қарашаңырағында қайта бас қосқан ақтаңгер ардагерлер ­дауысы құлақ құрышыңды қандыратын, атақты радиожүргізуші, Қазақстанның халық артисі, дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаевтың басына барып, Құран бағыштады.

Кезінде әуе толқында қалықтаған аға-апаларымыздың қоңыр даусы әлі сол қалпында. Микрофонға жақындай сала жүздері жадырап сала берді. Күнде эфир жүргізіп жүргендей әрқайсы өзіне берілген бағдарламаларды еш қиындықсыз жүргізіп шықты. Осылайша бала күнімізден үндері құлағымызға сіңген аға-апаларымыз бір күндік жүкті өз мойындарына алып әрі мерейтойлық шараларды бастап берді. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» дегендей, бүгінгі ардагер­лерді ­ұлық­тау, олардың жастарға көрсетер өнегесі ­ме­рей­тойдың басындағы әдемі үйлесім болды.

Қазақ радиосын айтулы датасымен құттықтаған «Qazaqstan» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының тікелей эфирінде көрермендер ғасырлық ­тарихы бар радионың ел біле бермейтін қызықты тұстары, тыныс-тіршілігі мен қазақ мәдениетінің түпнұсқалары сақталған ­«Алтын қордың» жұмысымен кеңірек танысты. Бағдарлама арқылы қалың көрермен бұрын тек тыңдайтын Қазақ радиосының студиясына бейне саяхат жасады.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер әріптесіміз ­Алтын Иманбаева әлеуметтік желі арқылы «Радио шежіре» деген атпен Қазақ радиосының тарихын, шежіресін, әр жылдары радиода қызмет еткен кісілер туралы жан-жақты насихаттап отырғанын баса айтуымыз керек. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақ радиосынан «Радио-дәурен» деген атпен ардагерлер туралы арнайы хабар ашуды жоспарлап отырмыз. 

– Енді осы ғасырға жуық ғибратты ғұмырды өткерген қарашаңырақ – «Қазақ радиосының» өткен тарихын қысқаша шолып шықсаңыз?

– Ұзақ жылдардан бері қалтқысыз қызметімен ел ақпаратының ақ мылтығына, бастау бұлағына айналған қарашаңырақ – Қазақ радиосының эфирге шыққанына 2021 жылдың 1 қазанында 100 жыл толады. Дәл осы күні алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Одан кейінгі ел астанасы болған Қызылордаға ауысып, көп ұзамай Алматы қаласына, ал 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанды. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Әр жылдары Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен ­Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғаларымыз радиода қызмет етті. Радионың «Алтын қорында» еліміздің ­танымал таланттарының дауыс­тары сақталған. Бүгінде елдікке, ерлікке және Отанды сүюге үндейтін алтын дауыстар өскелең ұрпаққа өнеге ретінде тыңдарманға ұсынылуда. Хакім Абайдың қара сөздері, академик ­жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», «Халық қаһарманы», жазушы ­Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», ­Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала Ұлағаттары», «Ой бөлістім халқыммен», «Жылдар мен ойлар», «Қазақстан жолы», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой», Елбасы жайындағы «Он делает ­историю» кітаптарының аудионұсқасы радио эфирінен беріліп келеді.

– Қазақ радиосына 100 жыл ­толатынын айттыңыз. Айтулы дата. Мерейтойға дайындық жайына тоқталсаңыз?

– Қазақ радиосының 2021 жылғы 100 жылдық мерейтойына орай медиажоба жасалып, негізгі атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдарлары айқындалды. Серіктестікке келген кезімде Алматы қаласындағы ардагер­лердің басын қосып, арнайы жүздескен едім. Қызметті сол кісілердің кеңесін, бағыт-бағдарын тыңдап, мерейтойға қатысты ойларын сұрап, батасын алудан бастадым. Ардагерлеріміздің бірқатары әлі де қарашаңырақта қызмет етеді. Әбдірәлі Бөлебай, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Қошан Мұстафаұлының үнін әлі де радиоларымыздан тыңдай аласыздар.

Қазір Қазақ радиосының 100 жылдығын атап өту бойынша мерекелік іс-шараларды өткізудің басты жоспары бойынша жұмыстар басталды.

Атап айтқанда, еліміздің маңдай алды жоғары оқу орындарында «Қазақ радиосы» аудиторияларын ашу, үнжарияның «Алтын қорынан» сирек қолданылатын таспа хабарлар мен әндер жинағын шығару, «Алтын қорда» сақталған ноталық қолжазба пар­титураларын Қазақстан Республи­касының Ұлттық музейіне тапсыру, ­Алматы қаласындағы Радио ғимаратында Ахмет Байтұр­сынұлының ескерткіш тақтасы мен «Қазақ радиосы» мұражайын ашу, Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларындағы көшелерге «Қазақ радиосы» атауын сұрау, дикторлар арасында ­Әнуар­бек Байжанбаев атындағы республика­лық байқау өткізу сынды жоспарларымыз бар. «Арық айтып, семіз шық» дегендей, тағы басқа шараларымызға келер Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында куә боласыздар.

– Иә, Қазақ радиосының 100 жылдығын атап өту бойынша үлкен жұмыстар ­басталып кеткен екен. Енді қазіргі уақытқа оралсақ. Биылғы індет жағдайы барлық ақпарат құралдарының қызметіне өзгеріс енгізді. Қазақ радиолары бұл тұрғыда қандай жұмыстарымен ерекшеленді?

– Иә, карантин уақытында радиоларымыз жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Еліміздегі барлық медиаұжымдар секілді қашықтан эфирге шығуды сынақтан өткізіп, осы тұрғыда жұмыс істеуге болатындығына көз жеткіздік. Жаңалықтар қызметі қашықтан хабар таратып, барлық хабарлар телефон және интернет арқылы эфирге шығып отырды. Еліміздің тарихында тұңғыш рет мектеп оқушыларының өткен оқу жылының төртінші тоқсанында онлайн сабақ жүргізу бойынша «Қазақ радиосы» мен «Classic» радиосы телеарналар мен ­интернет қамти алмайтын аумақтарға дейін хабар таратып, онлайн сабақтарды жүргізді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын насихаттап, індетке қарсы ақпараттық науқандар ұйымдастырып, дәрігерлер мен арнайы вирусолог мамандардың түсіндіру жұмыстарын радио эфирлерінен беріп жатырмыз. Сондай-ақ ақ халатты абзал жандарымызды қолдау мақсатында Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» дәрігерлерге қатысты әндерді жиі ­эфирге бердік. Сонымен қатар сол әндерге ­бейне роликтер жасап, әлеуметтік желілерге ­таратылды.

Пандемия кезінде радиоарналар жұмыс­керлеріне қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар «Онлайн айтыс» ұйымдастырылып, елге танымал айтыскерлер қашықтан эфирге шықты. Қазақ радиосы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп «Онлайн концертті» тікелей эфирден таратты. Интернет кеңістігінде «Қазақ радиоларының» www.qazradio.fm ресми сайты бар. Тыңдаушылар өзіне ұнаған хабарды және әнді жүктеп алатын «аудио подкаст» бөлімі іске қосылды.

– Әлеуметтік желілерде Қазақ радио­ларында биылғы 1 қыркүйектен жаңа маусымның басталғанын сүйіншіледіңіздер. Тыңдар­мандарыңызды нендей жаңалықтар­мен қуанта алдыңыздар?

– Иә, жобаларымызды іріктеп, контен­тімізді сүзгіден өткізіп, «Жаңа маусым» деп сүйіншілегенімізге де екі айға жуық уақыт болды. «Қазақ радиолары» ЖШС жыл басынан өзіне қарасты «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» радиоарналарының және «Classic» радиосының контент мәселесі бойынша бірқатар жұмыстарды атқарды. Радиолардың форматына сай имидждік роликтері, хабарлардың роликтері, жаңалықтар роликтері бір ізге түсіріліп, жүйеленіп, жаңадан жасалды. Уақыт талабына орай ескірген хабарлардың орнына жаңа хабарлар эфирге дайындалды. Жаңа маусымды биылғы жылдың 22 наурызынан бастағалы отырғанда, індетке байланысты жарияланған карантинге орай аталған жос­пар кейінге шегерілді. Енді, міне, «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, 1 қыркүйектен тыңдармандарымызға жаңа жобаларымызды ұсындық.

«Қазақ радиосы» өнімдерінің дені Елорда­дан шықса, «Шалқар» хабарларының басым бөлігі қыркүйектен бастап Алматы студия­сынан тарап келеді. Ішкі редакция­лық өзгерістер болмаса, екі қалада да жұмыс­керлер бұрынғыша өз жұмысын жалғас­тырып жатыр.

Елорда және Алматы студиясындағы бағдарламалар мен жүргізушілік құрамға да өзгеріс енді. «Қазақ радиосы» радиоарнасы бұған дейін әлеуметтік, қоғамдық және балаларға арналған, ұлттық салт-дәстүрді ­насихаттайтын хабарлар ұсынып келді. Биылғы маусымда заман талабына сай интерактивті, психологиялық, құқықтық және қаржылық, медициналық, аграрлық сауаттылықты арттыратын хабарлар ашып, имидждік роликтерін толық өзгертті. Қазіргі таңда радиоарна хабарларының жанры бойынша 70% ақпараттық, 30% музыкалық бағдарламалар. «Қазақ радиосы» радиоарнасының эфиріне жол тартқан жаңа хабарлардың ішінде тыңдарман тәжірибелі заңгерлерден кеңес алатын «Халық үні» және «Территория права» хабары бар. «Жан әлемі» хабарында тыңдаушы көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, қажетті кеңестер ұсынылады. Сондай-ақ коронавирус індетінің ­алдын алу мақсатында қазақстандық дәрігерлер мен шетелдік мамандардың пікірін қамтитын «Радио медицина» хабары бар. Үнжарияның ғасырлық мерейтойы қарсаңында ел құлағына сіңген, қазақтың қуанышы болған, Сәбит Мұқановтың сөзіне жазылған ­Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әні Қазақ радиосының басты әуеніне (джингл) айналды. Белгілі композитор Қуат Шілдебаев пен Халық Ризабек Қазақ радиосы хабарларын жанрға сай арнайы музыкамен әрледі.

Ерекше айтарлығы, «Шалқар» радиоарнасы ұлттық арна атына сай 1 қыркүйек – жаңа маусымнан тек қана қазақтың ұлттық музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, сағындырған ретро ­музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламаларда ғана өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер берілуде. Радио форматына сай имидждік роликтері, «төсеніш» музыка (подложка), т.б. ұлттық бағытта жаңаланды.

«Қазақ радиосы» мен «Шал­қар» радиоарнасы ашылған уақыттан бері құрамына елімізге танымал мәдениет қайраткерлері кіретін «Көркемдік кеңес» арқылы әндердің мәтіні мен әуенін қатар талдап, эфирден ұсынып келеді.

Біздегі «Астана» радиосы – елорданың тыныс-тіршілігін насихаттайтын ­жастар радио арнасы. Жаңа маусымда ­Санди Сұлтан мен Жанна Рахат жүргізетін «Кеңестер үйі» авторлық хабары эфирге жол тартты. Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға кеңесу алаңы ретінде ашылған хабар алғашқы эфирден бастап, тыңдарман қызығушылығын туғызды.

Ал «Classic» радиосының жаңа ­маусымында музыка өнерінің жаңа қырын ашатын, қазақстандық академиялық өнерді және отандық орындаушыларды насихаттайтын, әлемдік джаз музыканттарының өмірбаянын, альбомдарын және автор – музыканттардың естеліктері жайлы ­хабарлар тыңдаушыға жол тартты. ­Сондай-ақ «Classic» радиосы мен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бірлескен жобасы «Ақынның қара сөздері» атты хабар эфирден беріле бастады.

– Сөз соңында Қазақ радиоларының елімізге таралу мүмкіндігі туралы айта кетсеңіз?

– Қазіргі уақытта Қазақ радиосы тәулік бойы, ал «Шалқар» радиоарнасы 18 сағат бойы екі шаһар – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан хабар таратуда.

2018 жылы – 12, 2019 жылы – 5 радиота­ратқыш шалғай елді мекендерге орнатылды. 2022-2025 жылғы жоспарға сай «Қазақ радиосы» (қазір – 89%), «Шалқар» (қазір – 64%) радиоарналарының республикада таралу деңгейін 95%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Шекаралық аймақтардағы сигналдарды күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте Қазақ радиосы кешені – Орта Азиядағы ірі радиоарналардың бірі екенін де айтқан жөн.

Жүзжылдық қарсаңында студияларымызды жаңартып, Алматыдағы студияға жөндеу жұмыстарын жасап, бейнеэфирге арналған камералар орнаттық. Ғасырлық ­тарихын баяндайтын мұражайды осы ­Алматы студиясынан ашқалы отырмыз. Келер жылы «Қазақ радиосы» ­ғасыр жасаса, «Шалқар» радиоарнасы 55 жыл, «Классик» радиосына 10 жыл толады. Мерейтойлы маусымда да айтар жаңалығымызбен ұсынар жобаларымыз мол болмақ.

Алматыдағы студияның материалдық базасы жаңартылып, үш бірдей студия ­заманауи эфирлік пультпен жабдықталды. Бұл құрылғының цифрлық сигнал жіберуге мүмкіндігі жоғары. Желтоқсан 175-тегі радио үйінен еліміздің түкпір-түкпіріне тікелей эфирде хабар тарату мүмкіндігіне толықтай қол жеткізді. Заман талабына сай студияға әлеуметтік желіге бейне­эфир арқылы таралатын хабарлар үшін бейнекамера орнатылды. «Қазақстан» республикалық телеарадиокешені» АҚ басшылығының қолдауымен радио үйі жөндеуден өтті. Радио үйінің алдындағы автобус аялдамасы «Қазақ радиосы» деп аталды.

Осы жылдың ақпан айынан бастап ­Алматы студиясы жұмыскерлерінің жалақысы 30%-ға көтерілді. Биыл жалпы Серіктестік жұмыскерлерінің төменгі еңбекақысы 17%-ға өсті.

Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, мемлекеттік тілдің дамуы мен дәстүр сабақтастығын сақтауға үлес қосып отырған «Қазақ радиолары» ЖШС бүгінгі қызметі осындай.

 Сұхбаттасқан

Нұрлайым БАТЫР

 

2556 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы