• Әдебиет
  • 14 Қазан, 2020

Алдымда күліп атар таң тұрғанмен...

Мінуар ӘКІМХАНОВ,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

 

Демеймін жырымды өмір жаңа ұштады,

Соңымнан жолда жүрсем шаң ұшпады.

Әйткенмен әлде кімдер кедейсініп,

Жасытты, жүрегімді жаныштады.

 

Емес бұл өзімді-өзім кеміткенім,

Жоқты іздеп, жолға шығып демікпедім.

Жарандар жаны жайсаң жолыққалы,

Ой-қиял өрістеді, кеңіп демім.

 

Көрмедім қиындықтан бір күн жеріп,

Әр жерден несібемді жүрмін теріп.

Ақиқат аңғармадым қасыма осы,

Келгенін жетпіс деген жылдың желіп.

 * * *

Қарамай қарлы боран бұрқасынға,

Мақсатты жерге жетіп үлгерейін.

Сондайда сен қалыспай жүр қасымда,

Өзіңмен жол азабын бір көрейін.

 

Мінбедік су төгілген жорғаны біз,

Ол жайлы жасамаймын жасанды аңыз.

Дер едім тіршілікте олжалымыз,

Табыссақ бір нүктеде қашанда біз.

 

ҚАРАЙСЫҢ

ТҰНЫҚ КӨЗБЕН

(Айтолқын ЕРКІНҚЫЗЫНА)

 

Сен үшін жазып едім жыр-хатты тез,

Табуға талпынайын бір тәтті сөз.

Шындықтың шырқын бұзбай айтар болсам,

Ақылды арусың сен жұмсақ мінез.

 

Бойыңды аулақ ұстап, суық сөзден,

Емессің жамандықты қуып сезген.

Қызға тән әдебің де әдемі бір,

Қарайсың дүниеге тұнық көзбен.

 

Елеп бір есептемей түрлі ұсақты,

Жаясың жақыныңа гүл құшақты.

Үкілеген үміттің жібін үзіп,

Басыңнан тез ұшырма, нұрлы шақты.

 

Кеудеңе арман – ойдың көбін тоқып,

Әуелі келдің мұнда көңілің толқып.

Орнықты білім алып биіктедің,

Аяулы Алматының төрінде оқып.

 

Балаға бақ тілеген арлы шалдай,

Шежінің көз ұшында қалды шалғай.

Әйтеуір жүрсе дейміз жүрегіңе,

Дүбірлі дүние осы, қайғы салмай.

 

Сен өскен Шежін деген тұп-тұнық қыр,

Содан ба, көздеріңде нұр тұнып тұр.

Жасқа тән жігеріңді жани түссең,

Шығарсың биіктерге ұмтылып бір.

 

БІР БЕЛГІ

 

Адам тапшы жолға салар жөн сілтеп,

Сені қайдан тапсам екен енді іздеп?

Қалай қана айырамын анығын,

Өзің басқан мына қара жерде із көп.

 

Терең ойға берілмеппін дәп мұндай,

Сен келесің әлі күнге таптырмай.

Табанымнан таусылмас ем шынында,

Қатар жүрсең бағытыңды жалт бұрмай.

 

Аумасада да саған ойдың күнде еркі,

Түстесіме тілдескен сәт ілгергі.

Жасыра алман өлең жазып отырмын,

Өзіңе арнап қалдырмаққа бір белгі.

 

ЖАС ШАҚТА

                 

Жыр жаздым атыңа арнап құрастырып,

Қайдасың таппай жүрмін сұрастырып.

Айнымай сол алғашқы қалпыңда әлі,

Бейнең тұр көз алдымда тұтас тұнып.

 

Алаңдап ауыр ойлар кештім кілең,

Тұрағың қайда екенін естіп жүрем.

Қаншама жылдар өтті, үн қатпадың,

Бәлкім мен жүрегіңнен өштім білем.

 

Айтпаймын шаршамайтын мықты біз деп,

Сан жылдар сансырадым, күттім іздеп.

Алаңдап сені жоқтап жүрген шақта,

Қалыпты жастық өтіп тіпті күз кеп.

 

Демегін бұл қалайша тіл қатты ауыр,

Білемін жасайды елге жыр қат дабыр.

Жабысып жүрегіме жазылмастай,

Айналған секілдісің сырқатқа бір.

 

Жас шақта серуендедік жанып жүріп,

Кететін сыр ақтарсаң жаным жылып.

Түйіспейтін жолдарға тағдыр бізді,

Жіберді салып сірә жаңылдырып.

 

Көз тартар көрікті едің, сүйкімді әрі,

Кеудемде жаттаулы жүр сырдың бәрі.

Арамыз алыстасын мейлі қанша,

Жойылмас саған деген сыйдың мәні.

 

Десең де өзің іштей толық кеңес,

Бересің кейде маған жол үсті елес.

Айтайын ақиқатын жан боп шықтың,

Күтумен сағынуға борышты емес.

 

 Шығандап кеттің қалай жат болмадың,

 Дегенге келмес аңсап қатты ойладың.

 Көзіме көрінбеді басқан ізің,

 Қайсы үйдің белдеуіне ат байладың?

 

КҮЗ

 

Қалғандай суық қысып, абдырап қыр,

Ақпайды тау өзені арқырап бір.

Абайлап көз жіберші айналаңа,

Жапырақсыз ағаш біткен қалтырап тұр.

 

Бір сәтке ұзарғанға тізгін, жеңі,

Соғып тұр алабұртып күздің желі.

Көктемде тасқа шыққан жусан, жуа,

Болыпты суық сорып мұздың жемі.

 

Демеймін бұлттан ада тұнық аспан,

Көркі жоқ дала жатыр сұры қашқан.

Келер қыс қыр астында тұрма сірә,

Бойдағы көрсетпекке күшін асқан.

 

Дегендей алайықшы біз бір жатып,

Барады жерге тоңы күздің батып.

Өзенмен бұлақтардың ернеуіне,

Қалғанын қарасаңшы мұздың қатып.

 

ЖҮРМІН

ҚАЗІР ЖАБЫРҚАП

 

Сенен хабар болмады,

Құлазып тұр көңілім.

Жанды уайым торлады,

Жетпеген соң көп үнім.

 

Кеттің бе сен жатырқап,

Болмағанға байланыс.

Жүрмін қазір жабырқап,

Барды екен деп қайда алыс?

 

Демей көктен айды әпер,

Қалған ең мені түсініп.

Кеткендей бір айлакер,

Қақпанына түсіріп.

 

Өзгерсін мейлі түрің де,

Саған деген ой тәуір.

Тіл қатарсың түбінде,

Сағындырып әйтеуір.

 

КЕЛЕМІН

 

Алға озып кетпеген соң қатты желіп,

Тілеуі кейбір достың жатты кеміп.

Қауқарсыз жайымды осы сезгендей-ақ,

Бір қаскөй тобығымнан қақты келіп.

 

Сүріндім, содан бірақ мертікпедім,

Шаңдатып жоғымды іздеп ентікпедім.

Тағдырдың соққысына төтеп беріп,

Түсірмей иығымды мен тіктедім.

 

Төбемнен кетпесе де аспан көшіп,

Келемін сан-сынақты бастан кешіп.

Жүрекке түскен жара жазылар ма,

Білінбей басқан ізім жатсаң да өшіп.

 

Болмаса ел сезінер ақында айбын,

Несіне тілді безеп тақылдаймын.

Жоғалса көңіл қошым көрер көзге,

Бейне бір су сіңбеген тақырдаймын.

 

ОЙЛАЙ БЕРЕМ

 

Тау-тасты табан тозып кезбесем де,

Мен саған енді қайтіп кездесем бе?

Өзіңді өмір бойы ойлай берем,

Бағамды өзгелерден кем десең де.

 

Әңгіме сен жайлы жүр құлақта өріп,

Қорқыныш жоқ тұрған бір бірақ төніп.

Сарқылмас сағынышты саған деген,

Келемін өз жаныма қуат көріп.

 

Ойланып, іштей тынып, тұншығармын,

Білем бірақ түннен соң күн шығарын.

Бір сендік сағыныштың салмағына,

Сезсеңші менен өзге кім шыдарын.

 

Көкейде ой көп, орыны толмас небір,

Сабырымды сарықпай қоймас та өмір.

Салқын қабақ танытып жүрсің дәйім,

Деме бірақ жанымды тозбас темір.

 

БҰЛ ӨМІР

 

Үстімнен өтіп жатқан жүгіріп күн,

Белімді сындырардай жиі бүктің.

Жас үлкен, көргенім көп болғанымен,

Жүр дейсің ақылыма жүгініп кім?

 

Өмірдің жақсы мәлім мұңды сыры,

Бола алған жан емеспін тұрмысы ірі.

Ерінбей өлең жаздым байлық сол ғой,

Сөзіммен қуандырсам бір кісіні.

Бұл өмір сүймесе де маңдайымнан,

Күш-жігер сарқылған жоқ тал бойымнан.

Есімде көрген қызық, шеккен бейнет,

Демеймін бәрі де өшіп қалды ойымнан.

 

Еңбекпен адам ылғи шұғылданса,

Тозады екен болса да мығым қанша.

Қолыма түлкі арманның түспесі анық,

Көздерім мәңгілікке жұмылғанша.

 

УАҚЫТ ЖҮЙРІК

 

Жаурады жүрек қалай жібітемін,

Өміріме мінеки жалғасты күз.

Кеше ғана көрікті жігіт едім,

Қадірімді сезетін қалмапты қыз.

 

Уақыт жүйрік жидітті қалың шашты,

Бұзау жалап кеткендей тақыр төбем.

Бетімді айқыш-ұйқыш әжім басты,

Жүріс сылбыр сөзімді ұтқыр демен.

 

Қарсы алып тұрғандаймын желді күзді,

Той-думан бастан кешер кетті азайып.

Сағынып күтетұғын енді бізді,

Жан аз десем достарым етпес айып.

 

Сылбырмын қарттық маған дендеген бе,

Жастықтың тимейді өткен неге себі?

Кеудемді шытырман ой кернеген де,

Демімнен суық күздей жел еседі.

 

Төбемнен кетпесе де аспан көшіп,

Келемін сан-сынақты бастан кешіп.

Жүрекке түскен жара жазылар ма,

Білінбей басқан ізім жатсаң да өшіп.

 

Болмаса ел сезінер ақында айбын,

Несіне тілді безеп тақылдаймын.

Жоғалса көңіл қошым көрер көзге,

Бейне бір су сіңбеген тақырдаймын.

 

ҚОС ЖҮРЕК

 

Жастық шақта түспедік пе сәтті ізге,

Құтты қонақ бола алмады бақ бізге.

Енді аяулым жай-күйіңді сездірер,

Арадағы жазып жүрген хатты үзбе.

 

Таусылмаса маған жасар жәрдемің,

Сол хаттардан сезілсінші жан демің.

Өрелі ойың тізілсе егер қағазға,

Болар едім жұтқандай бір жаз лебін.

 

Әкем дейтін бос мақтанға есірме,

Қарным тойса жол ашпадым кесірге.

Албырт шақтың асулары артта қап,

Төбедегі күн аунады бесінге.

 

Сағындық деп іздейтіндер кем бізді,

Соғар білем, алдымыздан жел күзгі.

Қос жүректің түкпірінде сақталған,

Адал ниет жалғастырар енді ізгі.

 

ҚАРАЕШКІ

 

Несіне бұртиямын.

Мен сенің шетте жүрген бір тұяғың.

Ортаңа ойда жоқта бара қалсам,

Кеудеңе нөсерлетіп жыр құямын.

 

Қараешкі қарлы қыспақ,

Қой бақты әкем сол бір тауды қыстап.

Қайыңды, қарағайлы көркем жердің,

Келбетін көз алдымда қалдым ұстап.

 

Соғатын долы боран,

Деп еді әкем сонда тоныңа оран

Малға өріс ашамын деп қар күредім,

Бір сәтке босаған жоқ қолым одан.

 

Бермейтін ұлықсат бір,

Келгенмен қолхоз бастық ұлық-тақсыр.

Оятып қараңғыда шыр ұйқыдан,

Тұратын жақын маңда ұлып қасқыр.

 

Қозғайды қайғы ескіні,

Ұмытпан тоғайлы тау Қараешкіні.

Жалт етіп жалғыз соқпақ жоғалатын,

Бір демде бола қалса қар көшкіні.

 

Қозғайтын тағы ескіні,

Оңаша ойға оралтсам Қараешкіні.

Жайылған қой түгілі, есіме алам,

Мүйізі иір-иір Тауешкіні.

 

Өмірдің өкінішті өткелдері,

Бермей жүр жанға маза көптен бері.

Көңілден қалай ғана болады ұмыт,

Әкемнің басқан ізі, төккен тері.

*Қараешкі – жердің аты

 

БОЛҒАНСЫҢ

ЖАҚЫН КІСІМ

 

Қалайша қашқақтадың қарғам менен,

Тұрғанда беткі өмірдің түспей күзі.

Жастық шақ тым шалғайда қалғанменен,

Жүректен сағыныштың өшпейді ізі.

 

Сен қазір отырмысың,жатырмысың,

Келіп тұр қандай ғана ой басыңа.

Болған соң жалғандағы жақын кісім,

Сенемін тез ұмыта қоймасыңа.

 

Қолға ұстап қос тізгінмен шылбырыңды,

Кеттің ғой бағытыңды жырақ бұрып.

Газеттен ұшыратсаң бұл жырымды,

Әйтеуір оқи көрме, жылап тұрып.

 

АҚ ҚЫРАУ

БАСТЫ АҚЫРЫН

 

Тұншығып кеудемдегі сөзде піспей,

Жүргенде көп ішінде, көзге түспей.

 Ноқтасыз асау тайдай арпалысқан,

 Жастық шақ, өте шықты көрген түстей.

 

Өткіздім бос желікпен сан айымды,

Ақ қырау басты ақырын самайымды.

Жеткізбей кеткен арман өкініші,

Бетке ұрып, беріп жатыр «сазайымды».

 

Қалған қарт болмасам да жасы жетіп,

Кетіппін талай қырды басып өтіп.

Жыр еттім азғана ойды алғаны үшін,

Түбіне көкірегімнің жақсы бекіп.

 

Қолымнан сусып кетіп таныс жұмыс,

Болмадым кімдерменен алыс-жұлыс.

Қатардан қалмайын деп қармандым да,

Әйтеуір күн кешкен жоқ жаным тыныш.

* * *

Жүрегіме жыр жұқты,

Талант беріп жаратқан.

Болған жоқпын бір мықты,

Аузына елді қаратқан.

 

Жүйріктерді барша ұтып,

Шықпадым биік белеңге.

Қалмадым бірақ шаң жұтып,

Күлкі болып мен елге.

 

Қатарыңнан түбінде,

Жарыстарда озбау – сын.

Естіліп жүр бүгінде,

Менің дағы өз даусым.

 

АРМАНҒА

 

Кемістеу ақыл-ойы, дене күші,

Жолымнан келді бір жан тежегісі.

Жүзеге арамдығын асырмақшы,

Өзге бір болмаған соң демек ісі.

Бір ашты алмайыншы дертті татып,

Дедім де көрмегенмін кек тұтатып.

Алайда өртенген бір қамыстайын,

Өсегі қабырғамды кетті уатып.

 

Жалған сөз желдей есіп, жанымды жеп,

Жайқалған жапырағымды жапырды кеп.

Мезгілсіз мекенімді қар басқандай,

Көңілдің көк жайлауы жатыр жүдеп.

 

Ұшпадым қанатымды қатты керіп,

Таңымды айырмадым аттыға еріп.

Жүрсем де озашаппай топ ішінде,

Талайлар тобығымнан қақты келіп.

 

Қалмадым сол соққының тіпті астында,

Жығылмай жылжи бердім,тік бастымда.

Алдағы арманыма құлаш ұрдым,

Ниеті адалдармен жұптастым да.

 * * *

Кәрілік аттағалы босағамды,

Сақал-мұрт, самай шашым қоса ағарды.

Көріссек көп күн өтіп ей, інішек,

Танымай қалып жүр ме осы ағаңды.

 

Кей түні көңіліме күлкі кірмей,

Жатамын таңға дейін кірпік ілмей.

Қайғы-мұң арпалысып толды ішіме,

Сырт көзге жүрген жандай түкті білмей.

 

Бір күнге жалғасқанмен бүр күн келіп,

Барады жанға жайлы күлкім кеміп.

Алыста қалған анау жастық шақта,

Жатқаным жақсы еді ғой ұйқымды еміп.

 * * *

Алдымда күліп атар таң тұрғанмен,

Көрмедім көп жеңілдік тағдырдан мен.

Өнердің өріне әлі шыққаным жоқ,

Жүректен қаншама сыр айтылғанмен.

 

Көп ойым жұтылса да есіл күнге,

Өмірден түңілейін несін мүлде.

Адамдар қабақ түйсе, жабырқаймын,

Япырым-ай, тигіздім деп кесір кімге!?

 

Жүргем жоқ, жүрегімді орап мұңға,

Келмейді қайғыны әсте жолатқым да.

Жырыма сусындар ел аздау білем,

Шынымен сыр айтуға олақпын ба?

 

Бір мінсіз күн кешпедім жанша ақылды,

Өмірден алған жоқпын барша ақымды.

Жас келді қуат қайтты енді білмен,

Басамын желе жортып қанша қырды?

 

Өзімді енжар өте салақ демен,

Тартпады жүк көтеріп азап денем.

Жасырман жыр жарыста кейін қалдым,

Ойымды кейбіреуден санап төмен,

 

Жалқаулық сәл кейінге тартпап па еді,

Бәйгеге ат қоспадым баптап тегі.

Сыртымнан сыпсың қағып сөйлегенмен,

Кетпеді кеудемсоқтар таптап мені.

 

Кім қолдар қисық мінез қырсық ұлды,

Деме дос өтірікке тым сұғынды.

Ел көзін алдай беріп бір мықтының,

Тықпадым қолтығына тұмсығымды.

 

Білемін айтыларын сөзге сын көп,

Түсемін сол үшін де көзге сирек.

Байлығым болмасада бастан асқан,

Шығарды атымды өлең өрге сүйреп.

  * * *

Қайдасың қарақат көз қарғам менің,

Іздесем естілер ме алған демің?

Жалт етіп жанарымнан ғайып болдың,

Әлде бір қол жетпейтін арман ба едің!?

 

Өзіңе жаным дәйім ділгір еді,

Уайым жүрегімді тілгіледі.

Сарқылмас сағынышқа айналардай,

Табылмас ауру ма, бұл бір емі?

 

Ұмытпай жүрсемдағы сырлы атыңды,

Қалдым ба жеткізе алмай сыр татымды?

Жасырман кеше ғана түсіме ендің,

Баяғы жоғалтпапсың сымбатыңды.

 

Жыр болып оралсаң деп ғажап тілге,

Сен үшін тартып жүрмін азап күнде.

Айналсаң арманыма бір бітпейтін,

Өтерсің өміріммен жасап бірге.

 * * *

Айнымас адал достай жаным сенер,

Өзіңсің жүрегіме жалын себер.

Анамды көргендей боп қуанамын,

Көзіме сенің төбең шалынса егер.

 

Сағынбай тұрман ауылым, көзім жеткен,

Бал дәурен балалығым өзіңде өткен.

Сүйген жар алақаны деп білемін,

Айқара құшақ жайып, желіңді өпкен.

 

Бастағам Сарыжаз сенен жырдың басын,

Сендегі ел жүрегімнен сыр тыңдасын.

Ауылым өсіп-өнген өреніңнің,

Өлеңге өзек етем нұр тұлғасын!

 * * *

Қайталаған жандай ескі әуенді,

Кедейсің деп айта берме дау енді.

Қалтам жұқа, қаламым бар алайда,

Мен ешкімге болған емен тәуелді.

 

Дей көрмегін мына жуас егесті ұл,

Кедейлігім кемшілігім емес бұл.

Өлең жаздым өз әлімше өрнектеп,

Білген адам өнерден де демес тұл.

 

Өзің жақтан сөз кетсе де басталып,

Сынағаным емес мынау бас салып.

Шырт түкіріп шіренбегін бірақта,

Берген жандай қазаныма ас салып.

  * * *

Жалт етіп, қиялымнан өтсең кей күн,

Жан еркем, тағы қайта көрсем деймін.

Талабым талай мәрте ұшты желге,

Соңғы үміт ақтала ма, көп сенбеймін?!

 

Есімде көзді арбаған сұлу тұлғаң,

Жандай ем, бақытына шын ұмтылған.

Қолыңа жыр боп тиген жасырмаймын,

Кеудеме өзің жайлы сырым тұнған.

 

Қалып па ең сен де мені сүйіп шын-ақ,

Тұратын көздеріңнен түсіп шуақ .

Сол күндер көрген түс боп, жыл құсындай,

Аяулым кеткенің бе, ұшып жырақ?

 

Ажырап алыстады бұл күнде ірге,

Азайды өзіңді ойлап күлкім мүлде.

Көкірек көк тұманнан айығар-ау,

Алдымнан шыға келсең шіркін бірде!

 

ҚЫСҚЫ БАҚ

 

Теректі түгел қар бүркеп,

Майысып тұр бұтағы.

Былтырғы аяз қайтып кеп,

Күшіне кірді бұл тағы.

 

Ышқынып боран соғады,

Кезі сирек тыншитын.

Аяз бетті сорады,

Қылығы қызық шымшитын.

 

Аппақ қарға оранып,

Сұрланды бақтың түр-түсі.

Шашбауы түгел тоналып,

Салбырап тұр сүңгісі.

 

Аяз үдеп, қар қаптап,

Қырдың қысып тұр қысы.

Табаны кейде тайғақтап,

Қар күреп жүр бір кісі.

 

Ақ қар жаусын бір апта,

Қаймықпайды бұл кісі.

Қиналғанын бірақта,

Келмейді ешкім білгісі.

 

Айнала түгел ақ түсті,

Кетіпті қарға жұтылып.

Мүлгіп тұр міне, бақ қысқы,

У-шудан бір сәт құтылып.

 

 ТҮН

 

Жалқын боп барып батты күн,

Тыныстай қалды жер үсті.

Талайға баспай аптығын,

Тоқтады зорға жел күшті.

 

Бауырына бұлттың жығылып,

Жарқырап шыққан ай қандай!

Қараңғы шыңға тығылып,

Ұйып бір қалған айрандай.

 

Түн қойнын сөгіп барады ай,

Алысқа көктен жол алып.

Бесікте жатқан баладай,

Жер ана жатыр демалып.

 

ЖЕЛ ТОНАҒАН

 

Кәрлі аспан қазынасын ақтарды,

Туған жерге қыс та келді ақ қарлы.

Жаңа түскен жас келінге ұқсатып,

Шәлі салып бүркеді бау-бақтарды.

 

Жылылыққа бейім болып кеткен көп,

Шұнақ аяз шымшылайды беттен кеп.

Ойқастайды қарды ұшырып долы жел,

«Бар билікті жүргізетін тек мен» деп.

 

Жел тонаған бала қайың сырғасын,

Аппақ қардан көтере алмай тұр басын.

Өрлікпенен өзгертпепті тек қана,

Тау төсіне өскен арша тұлғасын.

 

Кетсең егер сонау биік жалды асып,

Қызыл түлкі бұлаңдайды жандасып.

Көзге ұрмайды жердің терең әжімі,

Жоғалыпты қар басып...

1072 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы