• Тіл
  • 21 Қазан, 2020

Мәскеудің қазақшасы

Қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілге деген құрметі өте жоғары. Бұл жөнінде ол өз Жолдауында былай деді: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек».

Осы парыз істі қазақ азаматтары қал-қадірінше атқарып жүргені анық. Ал Ресейдегі қос арудың қазақ тілін құрметтеуі ерекше оқиға. Анастасия Решетникова мен Елизавето ­Осипова лингвистикалық жоғары оқу орнында оқып жүргенде қазақ тілін шет тіл ретінде таңдап, кейін ұмытып қалмайық деп өзара қазақ тілін байланыс құралы ретінде пайдаланып жүргендері әлеуметтік желіде тарады. Олар 2018 жылдан бастап «Москва қазақша» деген жоба бастап, қазақ тілін үйренгісі келгендерге сабақ бере бастайды. PR саласында жұмыс жасайтын қыздардың бұл істері жайлы ақпарат ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына да жетеді. Қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтереміз деп жүрген Президент мәскеулік қыздардың ісіне құрмет көрсетіп, Ресейдегі Қазақ елі елшісі Ермек Көшербаев арқылы өзінің құрметін жеткізеді.
«Сіздер қазақ тілін жақсы меңгеріпсіздер және ­«Москва қазақша» блогы арқылы оның дамуына айрықша үлес қосудасыздар. Сіздердің бұл қайырлы істеріңіз Қазақстан мен Ресейдің мәдени және гуманитарлық байланысын нығайтады, танымалдылығы артып қолдауға ие болады. Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық және жұмыстарыңызға табыс тілеймін».
Президенттің алғысын елшілікке екі қызды шақырып табыстаған елші қыздарға алғыспен қоса гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетеді. Күтпеген жерден болған құрметке риза болған қыздар өз ризашылықтарын төмендегіше білдірген.
«Біз өз жобамызды бастағанда мұндай жоғары марапат көреміз деп ойлаған емеспіз. Бұл істі біз шын жүректен істеудеміз. Мұндай құрмет көру қымбат тұратынын сезінеміз. Сондықтан да бұл ісімізді бұдан ары жалғастыра береміз. Және екі мемлекеттің байланысын нығайту үшін, өз үлесімізді қоса береміз» деді жоба авторларының бірі Елизавета Осипова.
«Президенттің өзі осындай құрметін жолдағаны біз үшін өте жақсы болды және оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біз әрі қарай да қазақ тілін жетілдірумен айналысып, мемлекеттеріміз арасындағы байланысты жақсартатын боламыз – бұл өте маңызды. Біз өз үлесімізді қоса береміз» деді жобаның екінші авторы Анастасия Решетникова.
Иә, мәскеулік қос арудың бұл игі ісі өзгелерге үлгі ­болса, қанеки. Әлемнің өзге де қалаларында оқып және жұмыс істеп жүрген қазақтың қыз-жігіттері де осындай игілікті іс істеулеріне де болады ғой. Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге бір адамдай үлес қосу – бәріміздің парызымыз.

Нұрболат Абайұлы

801 рет

көрсетілді

112

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы