• Тіл
  • 21 Қазан, 2020

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ!

Баршаңызға мәлім, қазір ірі қалалардағы балалар алаңқайында ойнап жүрген бүлдіршіндердің дені бір-бірімен орыс тілінде сөйлеседі. Сыртынан бақылап қарасаңыз, сол «шүлдірлегендердің» көбі – өзіміздің қарагөздер. Олардың барлығы дерлік кеңестік кезеңді көрмеген, тәуелсіз қазақ мемлекетінде дүниеге келген. Осындай жайттарға үңіле отырып, көкейге «Тәуелсіздікке қол жеткізген отызға таяу жылда болашағымыз саналатын ұрпаққа мемлекеттік тілді неге үйрете алмай отырмыз?» деген көне сауал сәт сайын келеді. Сол сұраққа жауап іздеп отырып, халық қалаулылары мен Үкімет мүшелерінің назарын төмендегі жайттарға аударғым келді. Неге бұлай?

Біріншіден, біздің елге жұмыс жасауға келген шетелдіктердің бар­лығы алдымен орыс тілін үйреніп ала қояды. Ірі кәсіпорын бизнесмендерін былай қойғанда, базардағы саудагерлерге дейін солай. Алматыдағы «Ялян» базары қытай ма, әлде дүнген бе, әйтеуір түсініксіз бір диаспо­ралардың жастарына толып кеткен. Солардың көбі тұрмыс техникасын сатады. Барлығы орысшаға судай. Қазақша түсінбейді. Керек те етпейді. Біз оларға неге мемлекеттік тілді алдымен үйренуге мүмкіндік туғыза алмадық? Екіншіден, әлі күнге ірі қалалардағы әкімшілік жиналыстары түгелдей орысша өтеді. Қала маңындағы аудандардікі де. Бұл үрдісті тоқтатудың жолы жоқ па? Үшіншіден, бізде мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білмей-ақ осы елде еш қысылмай өмір сүруге, жұ­мысқа тұруға, мемлекеттік қыз­меткер болуға, тіпті министр ­болып тұтас бір ­саланы басқаруға болады. Керісінше орыс тілін білмесең, айлығы аз жұмыстардың айналасында жүресің немесе қара жұмыстан ары аса алмайсың. Қазақстанда орыс тілін білмеу ұят, қазақ тілін білмеудің аса сөкеттігі жоқ, тіпті кейбіреулер үшін мақтаныш. Неге бұлай? Төртіншіден, елдегі барлық мекемелердің қаржы­лық есебі, іс-шара жоспары, жоба-сме­талық құжатнамалар, берілетін есеп­тері, т.б. түгелдей ресми орыс ті­лінде. Мұны қазақшалаудың, мемле­кеттік тілге көшірудің төте жолы жоқ па?

БӘРІ САБЫРМЕН ШЕШІЛУІ КЕРЕК

Әрине, баяғыда «қазақ тілінің көсегесін көгертпеді» деп кеңестер одағын кінәладық. Енді, міне, коммунистік идеологияның темір қамытынан құтылып тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болуға таян­ғанда да, қазақшаны керек етпейтін тұтас бір буын қалыптасып үлгеріпті. Мұны ұлттық трагедия деп байбалам салмай-ақ қояйын, бірақ бұл мемлекеттің тұтастығына төнуі мүмкін үлкен қауіп екенін өзіңіз де жақсы білесіз деп ­ойлаймын.
Қазір мемлекет құраушы қазақ ұлтының (яғни ана тілін білетін қазақтардың) мемлекеттік тілдің көгеріп-көктеуінен үміті үзіліп ­барады. Олар бәрінен шаршаған. Байбаламшылар шаршатқан. Елімізде қазақ тілінің проблемасы бар екені рас. Ол проблема қалайда даурықпай, дабырламай, эмоцияға салынбай сабырмен, салқынқандылықпен, байып­тылықпен шешуіміз керек.

Ол үшін:

  1. Терминология мәселесі.

Қытай тілі ағылшын тіліндей бола алмайды. Себебі барлығын қытайшалап алған. Дүниежүзіне ортақ ғылыми терми­нологияның барлығының қытайша баламасы бар. Қытай тілінің бүгінгі бел алып бара жатқаны экономикасының күрт өрлеуіне байланысты болып тұр. Ал экономикалық көрсеткіштер ол құбыл­малы дүние екені анық.

Терминология мәселесінде біз осы қытайдың жолына түсіп алдық. Біз бәрін қазақшалаудамыз. Сондағы жанталасып, дәлелдегіміз кеп жүрген нәрсеміз қазақ тілінің сөздік қорының молдығы. Ешкім кедей деген жоқ, бай екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Сонымен болды.

Якут тілінде қардың отыздан астам баламасы ғана бар екен деп естиміз, сол отыз балама орыстың жалғыз «снегінен» мықты болды ма? Жоқ. Демек, тілдің мықтылығы сөздік қорының көптігімен емес, қолдану аясының көптігімен есептеледі.

Біз дүниежүзіне ортақ ғылыми ­тер­миндерді де қазақшалап болдық.

Интернетті ойлап тапқан біз емес, ­роботты ойлап тапқан біз емес, ендеше, оларды қазақшалауға біздің моральдік құқымыз да жоқ. Интернетті – ғаламтор, роботты – құлтемір, клавиатураны – пернетақта дегеннен не ұттық? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деп, керісінше, көрін қазып жатырмыз. Бұларды тастай қып, біз енді қазақ даласында өмірі болмаған зебра, жираф, пума секілді жануарларға ауыз салыппыз. Оларды да қазақшалап тастадық. Нәтижесінде өз тілі­мізден өзге түгіл өзіміз безерге айналдық.

2000 жылдары Мәдениет министрлігінің бастамасымен тіл мамандары жасаған қазақ тілінің терминдерін бекіткен бір­неше томдық кітап жарық көрді. Осы арқылы біз ұлтқа тән дүниелердің қазақша нұс­қаларын біржола бекітіп алдық. Сонымен қатар, кезінде тіл маманы Ісләм Жарылғапов ағамыз қолданысқа енгізген аурухана, аялдама, жеміс-жидек, азық-түлік секілді өзіміздің күнделікті пайдаланып жүрген сөздер біржола бекітілді. Бірақ жаңағы қазақ тілінің байлығын көрсетеміз деп біраз жерде артығымен сілтеп жібе­ріппіз. Мұның соңы түсінбеушілікке, одан кейін жерінуге, аяғы мазаққа ұласты. «Қыл­тима», «жертатақ», «субұрқақ», «шап­тырма» деген сөздерді естігенде не күле­ріңді, не жыларыңды білмейсің. Менің­ше, бұл әдейі жасалған астыртын мазақ қылу саясаты секілді көрінеді, кейде.

Қазақ тілі алдағы уақыттарда өз тұғы­рына қонып, қолданыс аясын кеңейту жолындағы алғашқы қадам терминология мәселесін біржола қайта өзгерместей қып бекіту керек. Және дүниежүзі қолданатын ортақ терминдер сол қалпында қалуы керек. Сонымен қатар ТМД аймағына кеңінен қолданыстағы орыс тілі енгізген терминдерді де қазақшалағаннан тіліміздің көсегесі көгермесі анық.

Тіл – тірі организм. Оны жаһандану про­цесінен бөле қарауға еш болмайды. Аударуға болмайтын терминдер арқылы тіліміз шұбарланды деп ойлау үлкен қателік. Өзге тілдің терминдері арқы­лы тіл шұбарланбайды, керісінше, байиды. Қазақ тіліндегі күнделікті қолда­ныста араб тілінің 20 пайыз сөздері қолданыста жүр. Одан тіліміз байымаса кедейленбеді. Орыстың «самовар» деген сөзін «самаурын» дегеннен қазақтың тілі шұбарланып кеткен жоқ. Ендеше, терминология мәселесіне жаңашылдықпен һәм жанашырлықпен келу керек. Жанашырлық дегенде жоғарыда атап өткендей, анасының баласын өбектеймін деп әлжуаз қып өсірге­ніндей жанашырлық қажет емес. Қазақ тілі таяу арада ғылым мен биз­нестің тілі болатындай, әлемдік тілдер бәсекесіне еркін түсе алатындай жанашырлықты айтып отырмыз.

  1. Аударма мәселесі

Кез келген аударма ­терминология біржола бекітілген соң жүргізілетіні анық. Біздің ойымызша, ол үшін білікті ­мамандардан құралған (білім және ғылым министрлігіне қарайтын) мемлекеттік ­аударма комитеті іске қосылуы тиіс.

«Тіл – ғылым мен білімнің тілі болғанда ғана тұғырына қонатынын» жоғарыда айттым. Ал біздің ЖОО-дағы студенттер үшін қазақ тіліндегі кітаптар әлі күнге тапшы. Әсіресе техникалық-энергетикалық оқу орындарында сапалы қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Экономикалық-қаржылық оқу орындарында да осы ­проблема. Бар болса да түсіну қиын. Аударма өте нашар. Айталық, мысалы Ф.Котлердің әйгілі «Основы ­маркетинга» кітабының қазақша нұсқасы түсіну мүмкін емес. Одан да орысшасын оқысаңыз түсініктірек. Тіпті ауыл баласы үшін де.

Аударма комитетінің әуелгі жұмысы осы оқулықтарды қазақ тілінде сөйлетуден басталуы тиіс. Ғылым мен білімге ұм­тыл­ған өскелең ұрпақты өз тіліндегі сапалы оқулықтармен қамтамасыз ете алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Сонымен қатар өзі белсенділік танытқан ерікті аудар­машылардың жұмысы аударма ко­митетінің комиссия сүзгісінен өтіп барып жарыққа шығарғаны жөн, әрі аудар­машыға еңбегі үшін ақы төленуі керек.

Ғылым мен білім, жаңа технология қашанда батыстан немесе жапон елінен келеді. Осы аталған елдер жылына жүз кітап шығарса, Ресей соның тоқсанын бірден аударып ала қояды. Сол тоқсанның тым құрығанда тоғызы қазақ тіліне аударылатынына күмәнім бар. Біз аударма саласында Ре­сейден қалыспауымыз керек. Тым құрыса орыс­тар аударғанды қазақшалап отырсақ та әлемдік даму процесінен қалмай отырар едік.

Сонымен қатар елдегі бүкіл аударылуы тиіс дүниелердің барлығы, оның ішінде әлем әдебиеті, кинемотография, мультипликация, тауар­лардың нұсқаулығы, жарнама, т.б. секілді дүниелер аударма коми­тетінің мақұлдауынсыз жарыққа шықпағанын қалаймыз. Ал аударма комитеті өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы кіріп-шығуы қиын көп ғимараттың бірі емес, қашанда есігі ашық, кез келген жұмысты үш күн­нің ішінде бітіріп беретін, керек болса телефонға мобильдік қосымша боп енетін мобильді мекеме болуы керек.

 

БІРІЗДІЛІК ПЕН ЖҮЙЕЛІЛІК

 Сапалы, тілі шұрайлы аудармаларды қайдан табуға болады десеңіз, көше кезіп жүрген «Иегова куәгерлері» секілді діни секталардың қолындағы қазақша кітап-журналдарынан табасыз. Қандай тіл мамандары аударғанын білмеймін, бірақ қазақтың жалпақ та шұрайлы тілінің құдіреті сізді бірден баурап ала жөнеледі. Сөз жоқ, өз ісінің ­мамандары, кәсіпқойларға аудартқаны көрініп тұр және тек кәсіпқойлықпен емес, шынайы жанкүйерлікпен әрі жанашыр­лықпен аударғаны анық.

Біздің аудармашыларға жетпей жатқаны осы қасиеттер болып тұр.

Ғылыми технологиялық прогресс бір орында тұрмайды. Алдағы бес-он ­жылда тілмаштың да керегі болмай қалуы мүмкін. Әлемнің кез келген тілін қалта телефондағы құлаққап арқылы бірден өз тіліңізде тыңдай беретін мобильдік қосымшалар шығады. Сол кезде қазақ тілі тағы да есесін жіберіп қоймауы керек. Өз тілімізді тағы да түсінбей, амалсыз орыс тілі қолайлы ғой деп сол жерде орыс тілін таңдап тұрмас үшін қазірден бастап тер­минология мен аударма мәселесін мем­лекеттік деңгейде шешіп беруіңізді сұраймыз.

 

ТАҒЫ ДА КЕМШІЛІКТЕР ТУРАЛЫ...

 Қазақ тілінің болашағына шалағай терминшілер мен аудармашылармен қатар, мансапқор тіл мамандары, филологтар да өз халінше балта шауып бақты. Өздерінің жеке мүддесі мен бас пайдасын ана тілінен биік қойды.

Ғылыми диссертация қорғау, ғалым, профессор атану үшін қазақ тілін әбден иледі. Тіл саласында ай сайын жаңалық, жыл сайын өзгеріс.

Баяғыда «рахмет» еді, жабылып жүріп «рақметке» өзгертті. «Қыркүйек пе?», «ҚырГүйек пе?» Нақты ешкім айтып берген жоқ.

Ал енді «БотаГөз бе», «БотаКөз бе?»

«АманГелді ме», «АманКелді ме?»

«АйГерім бе», «АйКерім бе?»

Осыны мен де білмеймін, қалың бұқара да білмейді, тіл мамандарының өзі екіге бөлініп дүдәмал.

Ал енді ойлаңыз, әлі күнге өз грамматикасын, емлесін нақтылап алмаған елден бейшара кім бар?!

Грамматикасының өзінде бірізділік жоқ тілді кім үйренгісі келеді?!

Кім құрметтейді?! Кім сыйлайды?!

Басты рөлдерде Мел Гибсон мен Шон Пенн ойнайтын «Игра разума» деген тарихи фильмді көрдім. Ағылшындар осыдан екі ғасыр бұрын тілін, сөздігін, ережесін, емлесін қаттап-шоттап, өзгерместей қып қатырып қойған.

Орыстарда жүз жылдан асты, грамматикасында өзгеріс жоқ. Ешкім жоқ жерден жаңалық ашып, «ого-ны» «ово» деп жазайық деп басты қатырып жатқан жоқ. Тұрақты.

Біздегі тіл саласындағы ғылыми жаңа­лық­тардан өзіміз сауатсыз болуға айналдық.

Құрметті, Парламент мүшелері! Бізге тез арада қазақ тілінің грамматикасын, орфографиялық сөздігін қайта өзгерместей қып біржола бекітпей, тілдің жағдайы түзелмейді. Осы бағытта жеті өлшеп, бір кесіп, ұрпаққа мінсіз қызмет ететін бұлжымас заң қабылдауға ықпал етулеріңіз керек. Енді шегінетін жер жоқ! Ол бекітілген соң ешбір ғылыми жаңалыққа жол берілмеуі тиіс.

Қазақ тілінің емлесін езе бергенді біржола доғаратын уақыт жетті.

 

ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ КИНО

 Тұтас қазақ тілді біздің әулеттің екі-үш жыл бұрынғы төлдерінің тілдері орысша шығып шалқамыздан түсірді. Қазақша тіпті сөйлегісі келмейді. Мәселенің мән-жайына үңілсек, кінә қалта телефондағы ютубта екен. Кінә ютубте емес, ата-анада, әрине. Баласына жаны ашыған ата-ана ­телефон бермейді. Көз жанары құриды, даму тежеледі, еске сақтау қабілеті дамымайды. Бұл әзірге анық нәрсе, болашақтағы психикасына қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді. Бірақ сіз бермейсіз, мен бермейін, 18 ­миллион халықтың барлығы баласына телефон бермей отыра алмайды ғой. Ал сол балалар телефоннан көретін дүниесінің барлығы түгел орысша. Ойнайтын ойындары, көретін мультфильмдері, мән-мағынасыз бейнероликтері, барлығы-барлығы орысша. Қазақша бір дүние табар ма екенсіз. Тапсаңыз да қызық емес.

Алдар көсе аюдың мазасын алатын Машамен тайталаса алмайды. Батыстың мультфильмдері туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Байқайсыз ба, орыс тілі баланың ­миына бесіктен бастап шабуыл жасайды. Ол шабуылға қалқан болар ертегі мен аңыз, жаңылтпаштар мен мақал-мәтел айтып отыратын ата-әжелерді қайдан табамыз? Бізге тым құрығанда сол толассыз шабуыл­ды қазақшалау керек. Одан басқа амал жоқ. Бұларды қазақшалауға мемлекеттің өзі көмектесуі қажет. Және де аударылатын дүниенің идеологиялық құндылығына қарамастан аударғанымыз жөн. Қазақ тілінің мәртебесі үшін. Ал тілдің мәртебесі дегеніміз – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ!

Бұл күнде адам іздегенін интернеттен табады.

Гитара үйренгің келе ме? Ютубты қара. Мотор жасағың келе ме? Ютубты қара.

Қандай да бір маңызды мәлімет керек пе? Гуглды қара. Бәрі орысша.

Біз осы контентті толтыруымыз керек. Қалай? Қайтіп? Бұл тек мемлекеттің үлкен қолдауымен, ынталандыруымен ғана жүзеге асады деп ойлаймын. Өйткені мұның түп тамырында идеология тұр.

Кино да дәл солай.

Ресейліктер Голливудтың сцена­рий­­лері жазылып жатқанда-ақ келісімшартқа отырып, орысшаға ау­дара бастайды екен. Біз тегі олай пысық болмай-ақ қояйық, орысшаға ауда­рылған дүниелерді солардың қыр соңынан қалмай бірден қазақшалап отырсақ, қазақ тілі әлдеқашан дамып, күллі Қазақстан қазақша сайрап кетер еді.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ – БИЗНЕСТІҢ ТІЛІ БОЛУЫ КЕРЕК

 Қазақ тілі бизнес пен қаржының тілі болу керек. Бұл түпкі мақсат. Бұл мақсат­қа сатылай кезең-кезеңімен жетпесе бірден қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін, ең алдымен, қаржылық-бухгалтериялық бағдарламаларды қазақшалау керек. Бұл жоқ дегенде тұрақты саясатпен 4-5 ­жылда шешілетін мәселе. Ол үшін қазақтілді білікті программистерді көптеп дайындауға тиістіміз. Солар арқылы біз «1 С», «Автокад», «АВС» секілді т.б. бағдарламаларды қазақшалауымыз керек. Бизнесті жүргізетін бухгалтерлік, салықтық есептер, эконо­микалық болжамдар, жоба-сметалық құжатнамалар, іс-шара жоспарлары толық қазақшаланбай, қазақ тілі тұғырына қона алмайды. Мұның өзі кезең-кезеңімен, шым-шымдап жасалынатын дүние. Бірақ айналасы 4 жылдың ішінде толық жүзеге асып бітуі тиіс жоба.

Оған дейін елдегі мекеме атаулының барлығындағы ісқағаздарын жүргізу толық қазақшалану керек. Бұйрықтар, хаттар, іс-шара жоспарлары, берілетін есептер толығымен қазақшаға өтуі тиіс. Сонымен қатар сот-процесуалды істер, ішкі-істер протоколдары, медициналық сараптамалар, басқа да актілер тұтасымен қазақшаға өтпей болмайды. Мұның өзі әртүрлі салықтық жеңілдіктермен ынталандырып һәм тиісті әкімшілік айыппұлдармен жазалай отырып, дабырлатпай ың-шыңсыз, тұрақтылықпен жүзеге асуы тиісті процесс деп ойлаймыз. Ал әскери сала бір ғана бұйрықпен шешілетіні белгілі.

 

БҰҒАН ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ?

 Жыл сайын «Үздік қазақтілді мекеме», «Қазақ тілге ұмтылысы үшін» деген секілді марапаттар, сыйақылар секілді ын­та­­ландыру шараларын көбейткен жөн. Ал сыйақылар мемлекет есебінен, ерікті қо­ғамдық қорлар мен меценанттардың кө­ме­гімен тағайындалады. Қазақ тіліне бет бұрып, қаржылық көмек көрсетіп жүрген ұйым­дарға салықтық жеңілдіктер жасалуы керек.

 

ҚОРЫТЫНДЫ ОРНЫНА...

 Қазақ тілінің ендігі тағдыры атқарушы үкіметтің қолдауына тікелей байланысты болып тұр. Ендігі жерде әркім өзінен бастасын деген ұстаным жүрмейді. Ол ұстаным жүрмейтініне осы жиырма тоғыз жылда көзіміз анық жетті. Бұл арада халықты кінәлауға болмайды. Жалпы кінәліні іздейтін уақыт емес.

Ел Үкіметі қаржылық қолдау арқылы қазақ тіліне қолайлы орта жасап беруі тиіс. Елдегі балабақшаның анық­та­масынан бастап, заң шығарушы орган­ның заңдарына дейін тұтас орыс тілінде шы­ғарып, құжатнамалардың бәрін орысша жүргізіп, қара халыққа «сен неге қазақша сөйлемейсің?» деп айтуға әсте болмайды!

Түрік әлемінің ең тамырлы, ең шұрай­лы тілін өз еліндегі әз тұғырына қондыра алмай отырғанымыз арымызға сын!

Сондықтан да ел-халық Парламент мүшелері мен Үкімет жетекшісіне аса зор үмітпен қарайды...

 

Құрметпен Жәнібек ӘЛІКЕН,

«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық

қорының төрағасы

4849 рет

көрсетілді

69

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы