• Тіл
  • 28 Қазан, 2020

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – ОРТАҚ ІС

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен қалалық кәсіпкерлер палатасының бірлескен меморандумы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ұйымдастырылып отырған «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы Елорданың төрт ауданында белсенді түрде жүріп жатыр.

Аталған акция аясында кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабында жазылған талаптар түсіндіріліп, заңнама талаптарын сақтауға қатысты жұмыстар жүргізілуде.
Елорданың келбеті мен сыртқы жарнаманың сауаттылығын қала әкімдігі басты назарда ұстайды. Қате жарнамалар мен маңдайшалардағы жазбаларға қатысты күнделікті 109 Ikomek желісі арқылы қала тұрғындары да белсенді атсалысуда. Бұл ретте, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де тіл тазалығына айрықша ден қойып, акцияға белсене қатысса нұр үстіне нұр.
Акция барысында рұқсатсыз орна­ластырылған жарнамалар сол мезетте алынып тасталуда.Нұр-Сұлтан қаласы қатесіз жарнамалармен көрікті.
Акцияға сала мамандары жұмыл­дырылуда. Атап айтқанда, аудан әкім­діктерінің қызметкерлері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан арнайы жасақталған сарапшылар тобы, жергілікті учаскелік инспекторлар және т.б.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ­де­мекші, қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің сауатты қолданылуына қол жеткізе аламыз. Тілдерді ­дамыту және архив ісі басқармасының қызметкері Айгүл Иманғали, Алматы ауданы әкімдігінің қызметкері Гүлнұр Карашева, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының қызметкері Қозы-Көрпеш Құрмамбаев, Ішкі істер департаментінің учаскелік қызметкері Азамат ­Окышев осы акция кезінде Елордамыздың ­басты көшелері қатарындағы Ахмет ­Бай­тұрсынұлы, Рақымжан Қошқарбаев даңғылы бойында орналасқан нысан иелеріне көрнекі ақпараттардың заң ­талаптарына сәйкес орналасу керектігі туралы түсінік жұмыстарын жүргізіп жатқанын көзіммен көріп, қуандым.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз ­керек» деген болатын. Жолдауда айтылған жұмыла жұмыс істеу дегеніміздің үлгісін елордалықтар көрсетіп отыр.
Мемлекеттік тілге мемлекеттік көзқарас деген осы. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің игі бастамасын барлық ­облыстар мен қалалар жалғастырып ­кетсе тіл саласында бірқатар жетістіктерге жететініміз анық.

Орал Шәріпбаев,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
НҰР-СҰЛТАН

1146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы