• Cұхбаттар
  • 04 Қараша, 2020

МҰРАҒАТ – ЕЛ ТАРИХЫ

Кез келген ел тарихын түгендейтіні белгілі ғой. Сол тарихты түгендеу, әсіресе шын тарихты хаттау мәселесіне келгенде архивтердің атқаратын орны зор. Осы тұрғыдан алғанда біздегі архив ісінің бүгіні, оның қоймаларындағы құжаттар және оларды сақтау мәселесі де ешкімді бейжай қалдыра қоймайтыны анық. Бүгінгі сұхбатта Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің ведомстволық архивтер және архив қорын толықтыру бөлімінің бас сарапшысы Қанат ҚҰРБАНҰЛЫ архив ісіне қатысты мәселелермен жан-жақты таныстырып өтеді.

– Ең әуелі кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің тарихына үңіліп алсақ. Қазақстанда бұл архив қашан, кімнің басшылығымен, қандай мақсатта құрылды? Құрылған күннен бастап қандай құрылымдық өзгерістерді бастан өткерді?

– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Орта­лық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ-і еліміздегі бірегей мамандандырылған архив мекемесі деуге болады. Архив қорларында ХІХ ғасыр соңынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихына қатысты ретроспективті аудиовизуалды ақпараттар шоғырланған.

75 жылдан асатын тарихы бар бұл архивтің тамыры тереңде. 1943 жылдың 27 қаңтарында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің  «Алматы қаласында 1943 жылдың 1 сәуірінен бастап Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар архивінің ұйымдастырылуы туралы» №25 қаулысы қабылданды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр жылдары екенін өзіңіз де білесіз ғой.

Жаңадан құрылған архив алғашқы күннен бастап ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде ашылып, Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының архивтік бөлімінің қарауына берілді. 1958 жылы архив Қазақ КСР Орталық мемлекеттік архивіне кино-фотоқұжаттар бөлімі ретінде қосылады. 1974 жылдан бастап Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ретінде дербес мекеме болып бөлініп шыққан архив 1996 жылға дейін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Бас архив басқармасына қарады. Содан бері еліміздің архив саласы көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Қазір архивіміз Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды.

– Кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві дегенде, неге екені, архивіміз жұтаңдау секілді көрінеді. Архив қоры қанша? Ел тарихы үшін ерекше кино-фото құжаттардың барлығы сүзгіден өтіп, қатталып болды ма?

– Көптеген адам архив атауындағы киноқұжаттар деген сөзді ести сала «сіздер қандай киноларды сақтайсыздар?» деген сұрақты жиі қояды. Осы ретте архивіміз ғылыми-зерттеу мекемесі екенін, еліміздің саяси, қоғамдық, мәдени, экономикалық өміріндегі оқиғаларды бейнелейтін құнды тарихи дерек көздерін сақтайтынын айтқым келеді. Яғни арнайы сценариймен түсірілген көркем фильмдерді емес, шындықтан сыр шертетін киноқұжаттарды сақтаймыз.

Қазір архив қорында 33 мыңға жуық кино­құжат, 183 мыңға жуық фотоқұжат және 18 мыңға жуық дыбыс жазбалары бар. Соның мысалы ретінде архив қорында сақталған, ертеректе түсірілген және қазақ халқының өмірі мен тұрмысын бейнелейтін  «Қазақстанның бес жылдығы» (1925 ж.), «Қазақстанда Октябрьдің он жылдығы» (1927 ж.), «Түрксіб» (1929 ж.) сынды бірқатар киноқұжаттарды атап өтуге болады.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Алматыда «Мосфильм» және «Ленфильм» студияларының негізінде еліміздің бірлескен орталық киностудия құрылды. Алматыда бірлескен орталық киностудия базасында «Союзкиножурнал» басылымдары мерзімді түрде шықты, олардың бір бөлігі соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанда қалды. Олар қазір архивіміздің «Алтын қорын» құрайды.

Фотоқұжаттардың қоры да бай. Фото­құжаттар архивке негатив, ­позитив түрінде қабылданып, сақталады. Ал ең ерте ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын­дағы фотоқұжаттар әйнек пластинасы негізінде жасалған. Жүз мыңнан астам фотосуреттер ХIX ғасырдың аяғы мен бүгінгі күнге дейінгі мәліметтерді сақтайды.

Дыбыс жазбалар архивімізде ферро­магниттік пленка, грампластинка, ­компакт-кассета, компакт-диск тасымал­дағыштарында сақталады.

Архив қоры үнемі толықтырылып тұрады. Ведомстволық архивтер және архив қорын толықтыру бөлімінің қызметкерлері еліміздегі тарихи тұл­­ға­лармен немесе олардың туыс-жақын­дарымен хабарласып архив қорына тұлғаның өміріне, қызметіне байланысты аудиовизуалды құжаттарды қабылдайды.

– Осы ретте ол құжаттарды цифрлау, сақтау тәртібі туралы да білгіміз келеді.

– Бүгінгі таңда архивтерге құндылық­тарын цифрлау мәселесі өте маңызды шаруа деп білеміз. Себебі сақтап отырған аманатты келесі ұрпаққа тапсыру архивтің басты қағидасының бірі. Сондықтан да біздің архив өз құндылықтарын неғұрлым ұзақ уақыт бойы сақтап қалу мақсатында өзге архивтер сияқты тарихи деректерді цифрлаумен айналысып жатыр.

Цифрлау мәселелесі бойынша кино-фотоқұжаттар және дыбыстық жазбалар архиві еліміздің архивтері арасында көш бастап тұр. Бүгінгі таңда кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві өз сақтауындағы фоноқұжаттардың  70%, фотоқұжаттардың 30%, киноқұжаттардың 50%-ын цифрлады. 

– Қатаң карантин режимі кезінде архив жүмысы қалай жүргізіліп жатты және құжаттарды сақтау тәртібін қалай қадағаладыңыздар?

– Бұл ретте архивтің мақтанып айтатын жағдайы бар. Елімізде қатаң карантин режимі енгізіліп адамдар архивке келмек түгілі, үйлерінен шыға алмай жатқан кезінде, кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві  бұл жағдайға тастүйін дайын екенін көрсетті. Яғни архив қызметкерлері өз жұмысын қашықтықта, үйлерінде отырып жалғастырды. ­Архив қорына енді келіп түскен жаңа құндылықтардың құжаттарын толтырды, осы құжаттардың мәліметтерін архивтің электронды базаларына енгізді. Ізденушілер архивтің ресми сайтында орналастырылған қызмет арқылы, яғни арнайы  тапсырыс үлгісін толтырып, ­керек құжаттарға қол жеткізе алды.

Еліміздің елеулі даталары да еске­русіз қалмады. Мысалы, карантин кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқтал­ға­нына 75 жыл толды. Архив ресми сайтында және өзге интернет ресурстарда тақырыпқа сай, еліміздің қаһармандары, батырлары жайында өз қорындағы кино­құжаттарды көрермен назарына ұсынды.

Ал сол карантин кезінде архив ­құ­жаттарын сақтауды қамтамасыз ету жағдайы туралы айтсақ, архив құндылық­тарын сақтап қалу үшін арнайы темпе­ратуралық және ылғалдық режимін реттеу керек екені ешкімге жаңалық емес. Бұл жұмыс та қашықтықта бақыланып отырғанын айта кеткен жөн болар. Архив қорларында орналастырылған температуралық және ылғалдық режимді қамтамасыз ететін қондырғылардың жұмысын қашықтықта қадағалау жұмысы ұялы телефонға орналастырылған арнайы қолданбалар арқылы жүзеге асты. Яғни архивтің кез келген қорында температуралық режимнің өзгерістері туралы белгі беретін қолданба арқылы бақылауда болды. Әрине, бұл жерде адами факторды да ескермеуге болмайды. Қорларды сақтауды қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері керек болған жағдайда кезекшілік құрып архив ғимаратына келіп тұрды. Осының барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген өз істерінің маманы, архивіміздің білікті ұжымының жұмыс нәтижесі.

– Ел тарихы үшін ерекше видео-фото құжаттар архив сөрелерінде «шаң ­басып» қалуы мүмкін бе? Ол құжаттардағы тұлғаларды анықтау ісімен кім ­айналысады?

– Жоқ, мүмкін емес. Архивке келіп түскен әрбір аудиовизуалды құжат мұқият зерттеледі. Зерттелу барысында аудиовизуалды құжаттың тарихи құндылығы, құжаттағы тұлғалардың аты жөні, оқиға өткен орны  анықталады. Содан кейін құжаттың аннотациясы жазылып, мемлекеттік есепке қабылдауға ұсынылады. Арнайы архив ұжымының білікті мамандарынан құрылған комис­сияның шешімімен қабылданған ­аудиовизуалды құжат туралы мәліметтер архивтің ғылыми-анықтамалық аппарат базасына енгізіледі. Осылайша архив құндылықтары өз тұтынушыларына ұсынылады.

Осы сәтте архивіміздің ­ресми сайтында орналастырылған архив құндылықтарын іздеу жұмысын барынша оңай да қолайлы ететін ыңғайлы электрондық базасы бар екенін айтқым келеді. Сол қызмет арқылы Сіз кез келген жерде бола тұра архив сайтына қонақ ретінде кіріп, тіркеліп, қажетті құжатыңызды анықтап архивке дайын жоспарыңызбен келуіңізге болады.

Мұндай мүмкіндіктер кез келген ­архивте бола бермейді. Бұл мүмкіндіктер архивімізде көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан, архивтің бас инженері, өз ісінің маманы Борис Волчковтың еңбегінің арқасында бізге қолжетімді болып отыр.

– Архив киноқұжаттарынан каталог құрастырдыңыз. Ол туралы да білгіміз келеді.

– Иә, жуырда архив қорында сақтал­ған еліміздің отыз жылдық тарихын, тыныс тіршілігін айқындайтын «Қазақ­те­лефильм» киностудиясы деректі фильм­дерінің аннотацияланған ­каталогы (1963-1994 жж.)» атты еңбек аталмыш мекеменің 50 жылдық мерейтойына орай жарық көрді.  Каталогта «Қазақтелефильм» киностудиясының 1963-1994 жылдар арлығында түсірген деректі фильмдері және концерттік бағдарламалары ұсынылған. Деректі фильмдер Қазақстанның өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және мәдениет саласындағы дамуы мен жетістіктері туралы баяндайды. Каталог мемлекеттік (қазақ) және орыс тілдерінде жасалды. Аталмыш еңбекті архив ісінің ардагері Ләззат Ақтаевамен бірге құрастырдық.

– Сіздерде де «өте құпия» грифімен сақталған құжаттар бар ма?

– Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ең алғаш ашылған күнінен ­бастап ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде құрылған. Сондықтан да бұл архив еліміздегі архивтерге қарағанда құпия қоры жоқ жалғыз архив деп айтсақ қателеспейтін шығармын. Яғни архивімізде елден жасыратын құпия жоқ, керісінше архив қорында жинақталған құндылықтардың кез келгені ізденушілер үшін қолжетімді.

– Архивтің болшақтағы даму страте­гиясы туралы ойыңызды да білсек...

– Еліміздегі архивтердің дамуына арналған «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша архивіміздің 2019-2025 жылдарға арналған жоспары бар. Бұл жоспар бойынша архив қызметкерлері жақын және алыс шет мемлекеттердің архивтерімен әріптестік байланыс орнатып олардың қорында сақталған еліміздің тарихына байланысты құжаттарды алып келу көзделіп отыр. Осылайша кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қорын құнды құжаттармен толықтырылып көбейту жоспарлануда.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге ­асыру мақсатында 2019 жылы архив директоры Гүлмира Мұхтарова Түркия мемлекетіне жергілікті архивтермен байланысты орнату мақсатында арнайы іссапармен барып, Ведомостволымеморандумға қол қойып келді.

Өкінішке қарай, қазір әлем басынан өткеріп жатқан Covid-19 пандемиясымен күресу жағдайы осы жоспарларымыздың іске асырылуына кедергі болып тұрғаны анық. Жақын болашақта адамзат баласы қауіпті індеттен тезірек арылып, жер бетінде тіршілік өз ағымына қайта оралады деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

1623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы