• Cұхбаттар
  • 05 Қараша, 2020

Роза ЕРБОЗЫМҚЫЗЫ, Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың директоры: ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

– Роза Ербозымқызы, Президентіміз Қ. Тоқаев: «...Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз ­керек» деген болатын. Бұл сөз сіздерге де қанат бітірген болар? Жалпы «Абай мектебі» атану үшін білім ордасы қандай болуы қажет?

– Әрине, Мемлекет басшысының Абай мектебі туралы айтқан пікірі көңілімізге демеу бітіріп, жұмысымызға шабыт сыйлады десек, артық айтқандық емес. 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі хакім Абайдың 175 жылдығына орай республиканың әр өңірінде гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған «Абай мектептері» желісін ашу ісін қолға алған сәттен бастап, біз әдістемелік көмек, қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарымызды бастап кеттік. Атап айтар болсақ, ең алдымен, бұрын бейіндік пән ретінде оқытылып келген Абайтану пәнін инварианттық пән ретінде оқытуды мақсат тұттық. Осыған орай, мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ЖОО ғалымдарымен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен бірлесе отырып, 5-11 сыныптарға арналған жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндерінің оқу бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарламалар бірнеше рет талқылаудан өтіп, қазір ҚР БҒМ-не бекітуге ұсынылды. Сонымен қатар желілік «Абай мектептеріне» арналған оқу жоспары да жасалып, бекітуге ұсынып қойдық.

Бүгінгі таңда біз «Абай мектептері» моделін әзірлеп отырмыз. «Абай мектептері» моделі хакімнің «Толық адам» идеясына негізделеді. Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» идеясының негізінде тәрбиенің ізгілік парадигмасын ұстанады. Абай мектебінің оқушысы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқитын, функционалды сауатты және ұлтжанды жеке тұлға. Абай мектебінде хакім шығармашылығы, даналығы күнделікті оқушылар өмірімен қабысып, біте қайнасып жатуы тиіс. Нақтылай кетсем, мектеп-интернатта бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Абай ізімен» атты таңғы жиын жүргізіледі. Күнделікті таңғы сағат 07. 25-07. 55 аралығында өткізілетін бұл жиынның мақсаты – оқушы бойындағы ақындық, өлеңді мәнерлеп жатқа оқу, ән айту, күй шерту, т. б. қабілеттерін шыңдап, әр оқушының сахнада өзін еркін ұстай білуін, көпшіліктің алдында көркем, әуезді сөйлей алуын дамыту. Әр ай белгілі бір ақынға, жазушыға немесе әдеби дәуірге арналып, оқушылар әр таңды әсем ән шырқап, көркем өлең оқумен бастайды. Сабақ арасындағы үлкен үзілістерде мектеп радиосы арқылы Абайдың әндері мен қара сөздерін тыңдаса, сабақтан тыс уақытта «100 кітап» акциясы бойын­ша бағдарламадан тыс қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен ­танысып, оны «Оқырмандар» клубында талқылайды. Түстен кейінгі уақытта қоғамның әр саласында өнімді еңбек етіп жүрген қоғам қайраткерлері, журналис­тер, айтыскер ақындар, ғалым, профессорлар, абайтанушылардың жүргізуімен танымдық сабақтар өткізіліп отырады. Осылайша, әр күн қазақ әдебиетімен, өнерімен, Абай мұрасымен сабақтастықта өтуі тиіс.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Абай мектебі 63 жылдық тарихы бола тұра, мұрағатта мектеп жетістіктері, жасалған жұмыстар, бітірген түлектер жөнінде жинақталған ақпарат табылмады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2017 жылдан бастап мектеп-интернатта әр оқу жылында атқарылған шаралар туралы «Ұлағаттың ордасы, руханият жалғасы» атты жинақ пен тәрбиелік шаралар есебін шығарып, мұрағатқа бір данасын өткізіп отыруды дәстүрге айналдырдық. Сонымен бірге ақындыққа бейім, жазушылық қабілеті бар оқушылардың жеке жинақтарын, жалпылама эссе, өлеңдер жинақтарын шығаруды да жолға қойдық. Абай мектептерінде де осы іс жалғасын тапса дейміз. Себебі тарих ұмытылмауы тиіс.

– Республикалық мектеп-интернаттың аты затына сай болу үшін мықты мамандардың болуы аса маңызды. Мектепке білікті ұстаз бен қамқор тәрбиеші таңдауда, оларды ынталандыруда қандай талаптар мен шарттар қоясыз?

Ағартушы-ұстаз Ы.Алтынсарин: «Ұстаз – мектептің жүрегі» дейді. Иә, мектеп-интернат сапасының жоғары болмағы алдымен педагог кадрларға байланысты. Бұл тұрғыда Абай атындағы мектеп-интернат сапалы педагогикалық ұжымымен мақтана алады. 60 жылдан астам уақыт ішінде мектепте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева, жазушы-журналист, ардагер ұстаз, марқұм Үмбетбай Уайдин сынды Республикаға танымал ұстаздар қызмет етсе, қазіргі таңда Республикалық деңгейдегі «Үздік ұстаз» титулының 4 иегері, 27 шебер педагогтар, 4 РһD докторы, 2 профессор және бірнеше оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының авторлары жұмыс істейді. Біз педагогтардың үнемі біліктілігін арттырып отыруына, заманауи технология­лардан кенде қалмауына назар аударамыз. Қай кезеңде, қай салада болмасын еңбектің еленгені дұрыс. «Кім болмаңыз, ұмтылмаңыз жоғары, Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі» деп Үмбетбай Уайдин айтқандай, әсіресе ұлағатты ұстаздардың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан жыл сайын ҚР БҒМ тарапынан берілетін мемлекеттік наградаларға ұстаздарымызды ұсынып, марапаттап отырамыз. Айта кетерлігі, былтырғы жылы ардагер 2 ұстазымыз мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен ­марапатталса, 4 ұстазымыз 2019-2020 жылдары республикалық деңгейде «Үздік ұстаз» атағын иеленді. ­Сонымен қатар 2020 жылдың қазан айынан ­бастап ҚР БҒМ ұсынысымен мектеп-интернат ұжымынан «Айдың ең үздік қызметкері» анықталып, жалақысына 20% үстемақы қосып төлеу қолға алынды. Бұл да ­педагогтар үшін жақсы бастама, белгілі деңгейде мотивация.

Мектеп-интернатқа мұғалімдер 3 ай сынақ мерзімімен қабылданады. Біз, әсіресе ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандармен көбірек жұмыс істеп, оларға үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Мектеп-интернатта «Жас ұстаздар» мектебі жұмыс істейді. Әр жас маманға тәжірибелі тәлімгерлер бөлініп, ұстаздықтың қыр-сырын меңгертуге атсалысады. Жас ­мамандарымыз да жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Дарынды балаға – ­талантты ұстаз» республикалық сайысынан жүлдемен оралады. Сонымен қатар мектеп-интернатта «Педагог әдебі» кеңесі жұмыс істейді. Кеңес құрамында ардагер ұстаз Орынша Карабалина-Қазыбаева да бар. Бұл кеңес ұжымдағы жағымды атмосфераны қалыптастырып, педагог мәртебесіне сай болуды дәріптеуде.

– Бүгінгі күннің талабы – ­заманауи технологиялық әдіс-тәсілдерді білім ­беруде тиімді пайдалану. Осы тұрғыдан алғанда мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма? ­Мек­тепті басқару мен дамытудың жаңа менедж­мент­тік жүйесі жолға қойылған ба?

Алдымен мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы ­жайлы айта кетсем. Жасыратыны жоқ, 2006 жылға дейін мектеп-интернат қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда көлемді аумағы бар, талапқа сай жерде орналасқан еді. Кейін түрлі сыртқы факторлардың әсерімен 2006 жылы мектеп Республикалық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының ғимараты­на көшірілді. Қыздар жатақханасы Республикалық мұғалімдердің білімін жетілдіру ғимаратының қонақүйіне көшірілді. 2013, 2014, 2016 жылдары бірнеше күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оқу ғимараты, оқу кабинеттерінің сыйымдылығы, жатақханалардың ішкі құрылымы талапқа сай емес. Мен мектеп басшылығына келген кезден бюджеттік қаражатты үнемдеу есебінен мектеп-интернаттың мәжіліс залын, асхана, медпункт, бассейн, жатақхана душтарын күрделі жөндеуден өткіздік. Қыздар, ұлдар жатақханаларының жиһаздарын, төсек орындарын толық жаңаладық. Бірінші кезекте осы мәселеге көңіл бөлуімнің себебі, оқушы сапалы білім алуы үшін оның өмір сүретін жері, ұйықтайтын, демалатын орны, пайдаланатын заттары талапқа сай, ыңғайлы болуы тиіс. Мұндай заттар баланың көңіліне қаяу түсірмей, керісінше, оның білімге деген құштарлығын арттыруға себеп ­болуы шарт. Біз қолымыздан келгенін жасадық. Дегенмен, елімізде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық деңгейдегі жалғыз Абай мектебіне мемлекет тарапынан қолдау болып, жаңа оқу ғимаратын, жаңа жатақханалар ­салып берсе деген мектеп ұжымының да, шәкірттеріміздің де көкейкесті арманы бар.

Мектептегі басқару жүйесіне келер болсақ, мемлекеттік басқару жүйесімен ғана шектелмей, жаңа менеджменттік жүйені де жолға қоюдамыз. Нақтылайтын болсақ:

Біріншіден, мектеп-интернат қазақ тілі мен педагогика саласында алдыңғы қатардағы ЖОО-лармен тығыз байланыста. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетімен біріге отырып, оқушылардың Абай қара сөздерін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) дыбыс­тауымен аудиохрестоматия әзірленсе, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология институтымен келісімшартқа отырдық. Аталмыш педагогикалық университеттердің оқытушы-ғалымдары түрлі теориялық, әдістемелік материалдар негізінде мектеп-интернатта эксперимент жүргізіп, оқушыларға ең тиімді, қолайлы әдіс-тәсілдер, жаңа технологияларды енгізу ісін бастап та кетті.

Екіншіден, қазақ тілінің мәртебесін республикалық деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде көтеруді мақсат ете отырып, қыркүйек айында Абай айлығының аясында Ұлыбритания, Польша, Түркия мемлекеттерінің тілші ғалымдарымен бірлесе отырып халықаралық онлайн ­семинар өткізілді.

Үшіншіден, 2017 жылдан бастап мектеп-интернат түлектерінен құралған Қамқоршылық Кеңесі жұмыс істейді. Қамқоршылық Кеңесі мүшелері мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен өтетін түрлі республикалық іс-шараларға демеушілік жасап, қолдау көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, айтыскер ақын Серік Қалиев басқаратын ­«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауына, меценат Дулат Тастекеев басқаратын «Алтын ұя» қоғамдық қоры мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін республикалық оқушылар айтысына толық демеушілік жасап, жыл сайын қолдау көрсетуден тайынған емес.

– Сіздер дайындаған тереңдетілген бағдарламаның нақты қандай артықшы­лықтары мен ерекшеліктері бар?

Гуманитарлық бағыттағы желі­лік «Абай мектептерінің» 5-11 ­сыныптарына арналған «Қазақ тілі» бағдарламасының оқу мазмұны бойын­ша мынадай ерекшеліктері бар: Біріншіден, қолданыстағы бағдарламада 4 тілдік дағдыны оқу мақсаты ретінде басымдыққа алған болса, Абай мек­тептері үшін әзірленген бағдарламада оқу мазмұны 3 бөлімнен тұрады: ­мә­тінтану, мәтін тудыру, әдеби тіл нормалары. Сонымен қатар білім алушы меңгеруі тиіс білім жүйесі қолданыстағы бағдарлама да тілдік дағдылар аясында жүзеге асырылады да, лингвистикалық білім қажетті деңгейде оқытылмайды. Ал Абай мектептері үшін әзірленген бағдарламада мәтіннің мазмұнын, стилі мен жанрын тануға, стильдің әр түрінде мәтін тудыруға, лексика-грамматика­лық, орфографиялық, орфоэпиялық, пунк­туациялық нормаларды сақтауға басымдық берілген.

«Қазақ әдебиеті» пәні бағдарламасы бойынша айта кетсек, қолданыстағы бағдарламада көркем шығармаларды топтастыру лексикалық тақырыптар бойынша жүргізілсе, Абай мектептері үшін әзірленген бағдарламада әдебиетті дәуірлеу кезеңдері бойынша, шиыршық әдісін сақтай отырып жасалған. Сонымен қатар біз қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп болғандықтан оқылатын көркем шығармалар санында айырмашылықтар бар. Мысалы, қолданыстағы бағдарламада 5-сынып жыл көлемінде 11 шығарма оқыса, жаңа бағдарлама бойынша 36 шығарма; 11-сынып қолданыстағы бағдарлама бойынша 9 шығарма оқыса, жаңа бағдарлама бойынша 23 шығарманы оқыту көзделген. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Қазақ әдебиеті» пәніндегі оқу мақсаттары қолданыстағы бағдарламада түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстыру бөлімдерінен тұрса, жаңа бағдарламада оқу және түсіну, талдау және жинақтау, бағалау және шығармашылық өнім деп Блум таксономиясына сәйкес өзгертілген.

«Абайтану» пәніндегі басты ерек­шелік бұл пәннің инварианттық компонентте, яғни негізгі пән ретінде оқытылатындығы. 5-7 сыныптарда аптасына 1 рет, 8-11 сыныптарда аптасына 2 рет жүргізіледі. Пәннің ­басты мақсаты – оқушыларға танымдық (тілдік танымдық, дүниетанымдық, тұлғатанымдық) білім қалыптастыру. Бұрын бұл пәннің мазмұнын көбіне абайтанушы ғалымдардың зерттеулері, Абайдың ақын шәкірттері туралы деректер, Абайдың өскен ортасы, достары, т. б. туралы ақпараттар қамтыған болса, Абай мектептері үшін әзірленген бағдарлама хакімді өз туындылары арқылы танытуды көздейді. Яғни 5-сыныптан ­бастап Абай шығармалары жүйелілік, бірізділік ұстанымдарына сәйкес, жеңілден күрделіге қарай шиыршық әдісімен берілген. Ел Президенті Абайды ұлттың темірқазығына айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Ендеше, бұл пән «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы» ретінде ұстанып, адамдықтың асыл қағидаты ретінде бойға дарыту бағытында жұмыс істейтін болады.

Бұл бағдарламалардың ерекшеліктері, тереңдетілген бағдарлама негізінде оқыту­дың қыр-сыры туралы толық айтып, әдістемелік көмек беру мақсатында желілік «Абай мектептері» үшін «Білім берудегі 4К: теория мен тәжірибе» атты республикалық онлайн конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Бұл мектепке ауылдың қара домалақ балалары келеді, оларға әкелік, аналық қамқорлық ауадай қажет. Осы қажеттілікті Сіз және тәрбиешілер қай деңгейде қанағат­тандырып отыр? Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дейді. Ұлы Абайдың атындағы мектепке сай тұлға қалыптастыру жолында қандай нақты тәрбиелік іс-шаралар жүргізіледі?

Әлбетте, еліміздің әр түкпірінен жиналған оқушылар үшін бастапқы кезеңде интернат өміріне үйрену қиынға соғады. Ата-анасынан жыраққа шығып көрмеген бала үшін бұл кезең – бейімделу кезеңі. Осындай қиын сәтте оған ана орнына ана, әке орнына әке болатын – ұстаздар мен тәрбиешілер. Күнделікті баланың білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі, ­сынып тәрбиешісі мен пән мұғалімдерінің жауапкершілігінде.

Ұлттың ұлылығын ұлыстаған дана Абайдың шығармашылық мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша дамытып, болашаққа саф алтындай құнды күйінде жеткізуді мақсат-мұраты етіп ұстанған республикалық Абайтану олимпиадасы, «Абай салған ізбенен...» республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы, «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты республикалық оқушылар айтысы Абай атындағы мектеп-интернаттың ұйымдастыруымен соңғы үш жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай мектеп-интернатта «Абайтану» бөлмесі жасалып, ұлттық нақышта жабдықталды, «Абай үні» журналы шығарыла бастады. Тоқсанына 1 рет, жылына 4 рет жарық көретін бұл журналда Абай тағылымы, абайтанушы ғалымдардың зерттеу мақалалары, мектеп-интернат ұстаздарының сабақ өту тәжірибелері және оқушы шығармашылықтары қамтылған.

Тәрбиелік шараларға келетін болсақ, әр апта сайын міндетті түрде сынып сағаттары, тәрбие сағаттары, ұлдар ­жиналысы, қыздар жиналысы өткізіліп отырады. Мектепте оқушылардың өзін-өзі басқаруына бағытталған «Бірлік» ұйымы, «Елтұтқа» ұлдар ұйымы, «Инабат» қыздар ұйымы жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткендей, күнделікті таңғы жиын, танымдық сабақтар, түрлі кездесулер мен шығармашылық кештер өткізіліп отырады. Қыздардың бойында әжелерімізден қалған ұлттық өнерді дарыту мақсатында «Сәндік қолтаңбалы өнер» үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда қыз балалар гобилен тоқу, кілем, алаша тоқу, кесте тігу сынды қолөнер түрлерін жасайды. Ал ұл балалар үшін күрес, волейбол, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ спорттық үйірмелері бар. Бос уақыттарында оқушылардың интеллектуалдық дарынын шыңдау үшін шахмат үйірмесі де өткізіледі. Сонымен бірге ай сайын әр сынып тәрбиешілерімен бірге Алматы қаласының түрлі көрікті жерлеріне, мәдениет ошақтарына (театр, мұражай, т. б. ) барып, әрі сергіп, әрі таным көкжиектерін кеңейтіп отырады.

– Бұл мектепке де, оның ғимараты мен орналасқан жеріне, әсіресе атақ-даңқына «қызыға» қарайтындар көп шығар. Олардың түрлі «пиғылы» көңілдеріңізге қаяу түсірмей ме?

Дұрыс айтасыз, өздеріңіз жақсы білесіздер, 2001 жылы мектеп-интернаттың орналасқан жеріне қызығушылар табылып, жеріміз тарылды. Қазіргі таңда да Абай мектебін экспериментке ала отырып, ұлттық мектеп құрамыз деушілер бар. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» дейді. Алаш ардақтыларының осындай ­тамаша педагогикалық ұстанымдарын ұстана отырып, талай дарынды түлектерін тәрбиелеген бұл мектеп әуелден-ақ ұлттық мектеп болып қалыптасқан. Оған дәлел, бүгінде ел таныған мемлекет және қоғам қайраткерлері: Кеңес Дүйсекеев, Талғат Мамашев, Әділ Шаяхметов, Мәулен Әшімбаев, Айдос Үкібай, Нұрлан Оқаұлы, Бекен Нұрахметов, Нұрділдә Ораз, ­Дархан Қыдырәлі, Ақтолқын Құлсариева, Серік Қалиев, Қанат Құдайберген, Гүлмира Әбіқай, Айбын Шағалақов, Дулат ­Тастекеев, Мадияр Меңлібеков, ­Данияр Меңлібеков, Арын Ержан, Ришат Асқарбекұлы, Гүлмира Нәлібай, ­Айнаш Есалы, Мейрамгүл Мәдәлі, Танакөз Толқынқызы, Мұрат Есжан, Саламат Омаш, Нұрлан Албан, Тамара Асар, Тоқтар Серік, Ақбота Керімбекова, Бейбіт Қорған, Мақсат Рахмет, Асхат Мұсабай сынды түлектер шоғыры. Сонымен бірге табалдырығынан аттаған сәттен қазақылықтың иісі аңқитын, әр екінші оқушысы домбыраның құлағында ойнайтын, шәкірттері Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа білетін, «Абай жолы», «Көшпенділер» романдарын 10-сыныпта жүріп-ақ оқып тауысатын, ұлттық өнер айтысты, шешендікті дәріптейтін, үзілісте Абай әндерін тыңдайтын мектепте ұлттық негіз қалыптасқан деп толыққанды айтуға болады.

– Тәжірибелі ұстазсыз, тәуелсіздіктен бергі білім саласының реформалары мен жаңалықтарын бастан кешіп, өзіндік ой түйгеніңіз анық. Білім саласының қай кезеңдегі қай реформасы ең табысты, нәтижелі болды деп санайсыз?

– Иә, еліміз тәуелсіздік алғалы білім саласы бірнеше реформаларды бастан кешірді. Бұл реформалардың барлығы да жас ұрпақтың білім сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауға бағытталғанына күмән жоқ. Бірінен-бірі не артық, не кемшін түсті деп айтуға болмас. Себебі әр реформа өз заманының талабына сай, үдесінен шығуға тырысты. Соның ішінде мен ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан жасалған жақсы қолдаудың бірі деп жыл сайын өткізілетін республикалық «Үздік ұстаз» байқауын айтар едім. Ұлттың болашағын тәрбиелеп жатқан ұстазға еңбегіне сай материалдық қолдау көрсету – құптарлық іс. Сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған түрлі курстар (басшылық курсы, деңгейлік курстар) ұстаз білігін арттыруда өте пайдалы болды. Жаңартылған білім беруге көшу де заман талабы. Озық елдердің қатарынан көріну үшін дәстүрлі оқыту жүйесіне тың серпіліс қажет болғаны рас. Сонымен қатар қазіргі таңда білім саласындағы ең керемет жетістік деп «Педагог мәртебесі туралы» заңды айтамын, әрине. Бұл заңның ­жасалып, қабылдануына мұрындық болған Мемлекет басшысына, Білім және ғылым министрлігіне үлкен алғыс білдіреміз. Бұл – ұстазға деген ұлы құрмет.

– Жаңадан қабылданып, қолданысқа енген «Педагог мәртебесі» туралы заң шынымен де ұстаздардың құқықтық мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізді ме?

– Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қай ғасырда болмасын қашанда жоғары болуы керек. Менің бұл пікірімді алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы қосылса, төр мұғалімдікі» деген қанатты сөзі қуаттай түседі. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің бас­ты міндеті – оқушыны оқуға, ой­ла­нуға, болашақ тағдырын жете танып-білуге үйрету екендігі айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді жауап бере аламын. Сөзімнің дәлелі – биыл күшіне енген «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң.

«Мұғалім мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педа­гогті материалдық және материал­дық емес тұрғыда қамтамасыз ету, т.б. мәселелер қамтылған.

Бірінші, материалдық емес ынта­ландыруға тоқталайын. Педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан ­Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. ­Сонымен қатар Заңға сәйкес педагог білімін жетілдіріп отыруға, қайта даярлау курстарынан өтуге, біліктілігін мерзімінен бұрын көтеруіне болады.

Екіншіден, Заңда педагогті материал­дық ынталандыру көзделген. Заң аясында педагогтерге Адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалар­дың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан ­Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді. Мұның бәрі де «Педагог мәртебесі туралы» заңның ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып жатқанының айғағы. Тек енді ұстаздарымыз да сол мәртебеге лайық ­болып, төрдегі орындарынан төмен түспесе екен деп тілеймін!

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қарагөз СІМӘДІЛ

2358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы