• Әдебиет
  • 05 Қараша, 2020

ТУҒАН ЖЕР ТАҒЫЛЫМЫ

Шәмші Қалдаяқов отбасында болғанда. 1964 жыл

Қолымызға ойда-жоқта «Ақ ниет» атты кітап түсті. Авторы Дәуірхан Айдаров. Таныс есім, көпке танымал ардақты азамат. Бар ғұмырын идеология, ағарту саласына арнаған мемлекет және қоғам қайраткері.
«Ақ ниетте» басымырақ, ерекше байқалатын жайт – туған жер туралы толғаныс. Адамның кіндік қаны тамған топырақтың құдіреті мен қасиеті. Автордың: «Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің топырағынан алады деген ескі сөз бар. Туған жердің топырағы торқа, ауасы жұпар, суы бал, жусанының да иісі бөлек. Мен сексен жасқа таяндым. Осы жасқа келгенше талай жердің топырағын бас­тым, дәмін таттым, бас-аяғы отызға жуық елге жол түскен екен. Сонда байқағаным туған мекенім бәрінен де ыстық, жақын көрінеді. «Тарықсаң еліңе тарт», «Туған жердің топырағы да сүйкімді» демей ме. Кім болса да туған топырағына қарыздар» деген сөздерінен балдәурен балалық шағы өткен асыл мекен – туған жерін жан-тәнімен қадірлеп, ардақтайтынын аңғару қиын емес.

Өткен ғасырдың отызыншы жылы туған балалар соғыстың ауыр қасіретін көрудей-ақ көрді. Адам баласына бермес қиындықтар мен ауыртпалықтарды Дәуірхан да бастан кешірді. Өгізбен жер жыртты, қол орақпен егін орды, астық тасыды, қырман айдады.
Ауыл баласының қызықпайтын ісі кемде-кем болар. Дәуірхан бәрінен бұрын атқа құмартты. Қонақ келсе атын жайлап, рұқсат етсе, тіпті мініп жүреді. Әкесі атпен жол жүретін болса әрдайымда артына жабысып, қалмауға тырысты.
Төрт түліктің төресіне әуестігін үлкендер байқаса керек. Мұны бірінші ­мамыр мерекесінде өткізілетін ат бәйгесіне дайындайды. Бұл мінген сәйгүлік «Үмбет қасқа» аталады. Олай аталуы да жайдан-жай емес. Үмбет деген кісі елдің белгілі, жұртшылық ішінде беделі бар азаматының бірі болыпты. Кеңес үкіметін орнатуға, жаңа өмірдің шаруаларына білек түре қатысады. Сол ардақты азамат әлдекімдердің қол шошайтуымен «халық жауы» атанып, тұтқындалып, айдалып кетеді. Жазықсыз жазаның құрбаны болады. Бір күні буаз бие торы қасқа құлын табады. Тай, құнан, дөнен кездерінде торы қасқа көпшіліктің көзіне түседі. Торының тұяғынан дәмеленген иелері, ағайын-туыстар ерекше жаратылған атты «Үмбет қасқа» атап кетеді.
Ақырында бала Дәуірхан мінген тұлпар бәйгеде бірінші келеді. Ат жарысы бұдан кейін сол жылдың жетінші қарашасында, келесі жылдың бірінші мамырында да өтеді. Бұл аламандарда да «Үмбет қасқа» топ бастап, атшабар баланы да, ат иесін де қуанышқа бөлейді.
Аттың қыр-сырына етене қанық Дәукең кітапта бәйге атын қалай баптау керектігі жөнінде сыр ақтарады. Атшабардың жағдайына да тоқталады. Ең аяғында: «Шіркін, ат тұяғының дүбірі, тұлпардың аяқ тастасы, атшабардың әдіс-айласы, бүкіл сұлу көрініс көңілді тасытатын керемет шақ қой» деп сүйсіне, тамсана жүйрік атқа деген құмарлығы мен сүйіспеншілігін байқатып өтеді.
Тек жөнінде тебіреніп, толғанған автор ауылдың қарапайым, бірақ текті, аяулы азаматтары жөнінде деректер мен мысалдарды алға тарта отырып баяндайды. Шын мәнінде ол ардақтылдар бүгінгі жас ұрпақ үлгі, өнеге алатын жайсаң жандар.
«Мен жазушы емеспін. Күнделік те жазып жүрмеймін. Өткен-кеткеннің жадымда жақсы сақталатынын байқаймын. Қолыма қалам алсам өмір жолым, кездескен қуанышты сәттер, ойландыратын жайттар көз алдыма келеді. Шағын ойлар, кейбір тұжырымдар кеудеде піседі. Осылай жүздеген мақала, бірнеше кітапша мен кітап жарық көрді» деген кітап иесі қарапайымдылық қасиет танытқанымен, соңына оқырман тұщынып оқитын тағылымды дүниелер қалдырды. Ағамыздың қолынан шыққан «Дәуір және дәстүр», «Асыл қазына», «Имандылық пен адамгершілік». «Сағынышты жылдар», «Туған жердің тағылымы», «Діл мен дәстүр» және басқа да кітаптардың үлкенге де, кішіге де айтары мол. Бұған дәлел, жұртшылықтың ағынан жарылған ой-пікірлері. Мәселен, 2006 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық еңбектің оныншы томында Д.Айдаровтың «Ақ ниет» кітабы туралы жылы лебіз айтылады: «Ақ ниет» атты шағын кітапты оқыған адам ақеділ де жансебіл Дәуірхандай жайсаң замандасының жан әлеміне, тірлік-тынысына, көңіл сандығына үңілгендей әсер алады. Бұл өмірде не қымбат? Адам өмірі несімен қызықты, миуалы? ­Замандастар, дос-жаран, ағайын арасынан кімдерді жақсы көреміз, қастерлеп, қадір тұтамыз? Не үшін? Кітаптағы естелік-эсселер мен очерк-толғаулар өмірден ойып алынған, ешбір боямасы, қоспасы жоқ ақиқат шындық, бәрі де өмір жайлы, ауылы бар, қаласы бар – бүгінгі заман қалпы мен қасиеті жайлы өзіндік сыр шертетін кішігірім шежіре іспетті».
Реті келіп тұрғанда Дәуірхан Жәлиұлы Айдаровтың өмір жолына қысқаша тоқталып өтейік. Ол кісі Қызылорда ­облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Соғыс жүріп жатқан 1944 жылы мектептің жетінші сыныбын бітіріп, Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының екі жылдық дайындық курсына түседі. Оны тамамдағасын институтқа қабылданады. Оқу орнын бітіріп, тарихшы-оқытушы мамандығын алып шығады. Еңбек жолын өзі оқыған ауылдағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметінен бастайды. Мұнан кейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Қызмет одан әрі Қазақстан КП Орталық комитетінің аппаратында жалғасты. ­Насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығынан соң Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылды.
Жауапты орындарда қызмет ете жүріп, ғылыммен де шұғылдануға уақыт тапты. Бұл еңбегі текке кетпей, философия ғылымының кандидаты атағын иемденді.
Сыр өңірінде қызмет етіп жүргенде ай­мақтың әлеуметтік-мәдени саласы­ның дамуына зор үлес қосты. Облыс­тық өлкетану мұражайының, Ғ.Мұрат­баев пен Ы.Жақаев мемориалдық мұра­­жай­ларының, ақын-жырауларға арналған Тұр­мағамбет, Нартай, Нұртуған мектеп­те­рінің негізін салды десек, артық айтқан­дық болмас.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Сыр өңірінде «Жақаевшылар маршы», «Ақ күріш туралы ән», «Қызылорда вальсі», «Сыр сұлуы» секілді жаңа әндер өмірге келді. Бұл туындылардың жарық көруіне де Дәукеңнің өзіндік үлесі бар. Әндердің ішінде «Сыр сұлуының» орны бөлек. Бұл туралы Дәуірхан ағамыз бір мақаласында былай дейді: «Талантты жас сазгер Шәмші Қалдаяқов облысқа шақырылды. 1964 жылдың наурыз айының бас кезі болатын. Шәмшіні поездан күтіп алдық. Мұхтар Шаханов екеуі бірге түсті. Шәмші мен Мұхтарды ел аралаттық, күрішшілермен кездестірдік.
Бір күні азанғы мезгіл, ұйқыдан ерте тұратын әдетімен Шәмші қора ішінде көңілді көрінді. Маған айтқаны: «Әсем саз дүниеге келді, иншалла, республиканың аузына ілінуі керек» деді. Енді әнге мәтін жазатын ақын ­керек. Аталған көп ақындардың ішінде Шәмші «қазақтың Островскийі» атанған Зейнолла Шүкіровке тоқтады. Ағасын бұрын көрмепті. Сыртынан ғашық екен. Екеуін кездестірдік. Бұл көпшілік көңілін босатқан көрініс болды.
Келесі күні отты жыр, өлең мәтіні де дайын болды.
«Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу.

Жайқалған ақ күрішің,
Жаралған шаттық үшін,
Қайран сол Сыр сұлуы, қайдасың» деп келеді».
Осыдан кейін әнді орындаушыны таң­дайды. Өнерпаздарды асықпай тыңдайды. Нәтижесінде таңдау Дәукеңнің қарындасы Зияшқа түседі. Сөйтіп, «Сыр сұлуы» Зияштың орындауында республикалық радио арқылы әнқұмар қауымға тарайды. «Сыр сұлуы» кейін ағайынды Абдуллиндердің аузына ілінгені белгілі. Бұл әнді қазір көбіне Жеңіс Ысқақова қарындасымыз орындап жүр.
Өмірінің соңғы күндерінде респуб­ликаның «Білім» қоғамына жетекшілік етті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде студенттерге сабақ берді.
Қажырлы еңбек «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен атап өтілді. Қызылорда облысының, Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанды.
Қайраткер азамат жөніндегі деректер жеке мұрағаты ретінде ҚР Президентінің мұрағатында сақтаулы.
«Дәуірхан Жәлиұлы қаршадайынан ауыр еңбекте пісіп, соғыстың тауқыме­ті­нен, қайғы-қасіретінен сабақ алған, көр­гені де, тоқығаны да көп азамат. Содан да болар, кісілігі зор. Кісілік – ұлы қасиет. Ұзақ жылдар аса жауап­ты міндеттерді қалт­қысыз атқарды. Түсінігінің молдығы, адалдығы арқасында қазақтың қадірлі ұлда­рының бірі болды» дейді өзінің есте­лігінде кезінде Орталық комитеттің екінші хатшысы болған Сағидолла Құбашев.
Туған еліне адал қызмет ете білген ізгі жан өмірден өткеннен кейін азаматтың өзін, тындырған елдік істерін ұмытпай, есте сақтау мақсатында игі шаралар қолға алынды. Алматыдағы отбасымен тұрған үй қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі жаңа көшелердің бірі Д.Айдаров есімімен аталды. Өткен жылы туған жерінде жұртшылықтың қатысуымен арнайы ас берілді. Кейбір кітаптары жаңартылып, қайта басылды. Осы шаруаларға бас-көз болып зайыбы, адал жар Рәш апамыз жүргенін айта кеткеніміз жөн.
Сый-құрметке бөленген азамат кешегі уақыттары кіндік қаны тамған топырақ жөнінде, өзі үлгі тұтып, өміріне бағыт-бағдар берген ауыл адамдары жөнінде жиі әңгімелейтін. Оларын айтылған күйінде қалдырмай, қағаз бетіне түсіріп те жүрді. Нұрлы көкжиекке жол тартқан өмір көшінен қалмай, мағыналы ғұмыр кешуіне де себепкер болған өзі айтудан жалықпайтын, айтқан сайын жан-жүрегі жадырап сала беретін сол туған жердің тағылымы шығар, бәлкім.

Нұрперзент Домбай
«Ana tili»

1359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10636

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5452

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5103

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4463

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4431

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4245

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3018

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2972

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы