- Тіл
- 05 Қараша, 2020
КӨНЕ СӨЗДЕРДІҢ БҮГІНГІ МАҒЫНАСЫ
Тіліміздің түп бастауы болып табылатын көне түркі, орта түркі, одан кейінгі жаңа түркі дәуірлеріндегі жазба тіл қазіргі әдеби тіліміздің дамуының, қалыптасуының қайнар көзі. Жазба дүниелердің барлығы өз кезеңіндегі жазу дәстүрінің қатаң нормасына бағынғанымен, бірте-бірте әр ұлттың жекелеген әдеби тілдерінің дамуына үлкен жол ашты, яғни жазба тілдегі норма адамзаттың рухани ізденістері мен сұраныстары нәтижесінде бірге дамып, толығып отырады. Ғалымдардың «қазақ халқын құраған ру-тайпалар өздерінің мәдени өмірінде бірсыпыра уақыт бойы жазба әдеби тіл ретінде түркітілдес халықтардың сауатты ұрпағына жақсы таныс және ортақ болған түркі әдеби тілін пайдаланды» (Б.Әбілқасымов), «қазақ әдеби тілі қазақ ру-тайпаларының халық болып өз алдына отау тіккен XV-XVI ғасырлардан бастап қалыптасты, бұл кезеңдерде ауызша әдеби тіл және жазбаша әдеби тіл қатар өмір сүрді» (Р.Сыздықова) деген тұжырымдары қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге берілген дұрыс бағыт-бағдар болды.
Тіл дамуындағы жаңа үрдістер тек ескінің негізінде дүниеге келіп отыратынын ескерсек, қазіргі тілдік қолданыстағы бірқатар сөздердің ескі мағыналары жазба мұралар мен ауыз әдебиеті жырларында кеңінен қолданылғанына көз жеткіземіз. Сонымен қатар жазба мұраларда сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы бір түбірден өрбіген лексикалық бірліктердің тұлғалары қазіргі тілімізде айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын да байқаймыз. Мәселен бостандық сөзі қыпшақ тілді ескерткіштерде бош түбірі арқылы қолданылып, бош+ақ (бостандық), бош+анмақ (бостандық), бош+ан (босан), бош+атмақ (босату), бош+оу (бостандық), бош+ат (босату), бош+аттыр (босаттыру) тұлғаларында кездеседі немесе иүр (жүр), иүр+ү (жүру), иүр+ік (жүйрік), иүр+үт (жүргізу), иаң (мөлшер, дәреже, қалып) иаң+ыл (жаңыл), иаң+ғыл (жаңыл), иаң+ылмақ (жаңылыс, қателік), иаң+самақ (жаңсақ), иаң+суқ (жаңсақ), т.б.
Қазіргі тілімізде жиі қолданылатын сөздердің ескі мағыналарын ауыз әдебиеті жырларынан молынан кездестіруге болады. Мысалы, жұрағат сөзі жырларда «бала, ұл» деген ұғымда жұмсалады: Қайран қалды балаға ғаріп қатын, Көрген соң баласының кепиетін. Бiр қапасы болып зар жылайды, Көрген соң қолындағы жұрағатын (Шаһмаран. Бабалар сөзі. 2-том). Қазіргі тілдегі мағынасы «алыс ағайын».
Ағза сөзі бұрын «адамның тәні», «адамның бүкіл денесі» және «дене мүшелері» мағынасында актив қолданыста болған: Калима айт, қайтарымның уақыты жетті, Жаныңды мен ағзаңнан алармын! – дер (М.Жүсіп, ІІ-том, 2003). Мүбәрак арқасын һәм ашып тұрды, Киімін ағызасынан халас етіп (М.Жүсіп, І-том, 2003). Ескендір сол уақытта қатты ұялды, Ағзалары тітіреп ашуланды (Ғазауат сұлтан. Бабалар сөзі. 14-том). Шөгүнкенің ішінде шаһмаранның, Ағзасының баршасы тілге келді (Шаһмаран. Бабалар сөзі. 2-том). Ал қазіргі тілде организмнің аудармасы ретінде кейінгі жылдары ғана қолданыла бастады.
Қазіргі әдеби тілімізде ауыр сөзінің «жеңіл емес» деген мағынасы ғана орнықты. Ал жырларда «қымбат», «сансыз көп» деген мағынаны білдірген: Абдулуаһапқа халифа көп халғат берді, Сейітке ауыр бағалы тондар берді (Ғазауат сұлтан. Бабалар сөзі. 13-том). Күні-түні арақ ішіп, құмар ойнап, Атаның ауыр дәулет бәрі бітті (Хикаят Сәлімжан. Бабалар сөзі. 5-том).
«Мөр басу» деген мағынада жұмсалған бармақтау етістігі жырларда «қысу, шымшу», «саусаққа тағу» деген ұғымда актив қолданылған: Қодар күліп, «ойын» деп ыржақтады, Қозыке оң қолымен бармақтады (Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Бабалар сөзі. 54-том). Саусағың сымға тартқан ақ күмістей, Қолыңда алтын жүзік бармақтаған (Ән-өлеңдер. Бабалар сөзі. 100-том).
Қазіргі тілімізде бұғаз сөзі екі өзенді қосып тұратын жіңішке жерге қатысты қолданылса, жырлардағы негізгі мағынасы «өңеш»: Ол Намруд имансыздың атқан оғы Балықтың бұғазына келiп батты (Шаһмаран. Бабалар сөзі. 2-том)
Бұл сөзі қазіргі қолданыста «мата» мағынасында жұмсалса, жырларда «зат, бұйым» ұғымын білдіреді: Таңдап алдық қазақтың біз қойларын, Қалдырмай сатып кеттік бұлдың бәрін (Қисса Таһир. Бабалар сөзі. 1-том). Бұлымды сатып бітіріп, Шығып едім қосыма (Жүсіп-Зылиха. Ғашықнаме, 1976).
Қазіргі тілімізде «сәндеу, әшекейлу» ұғымында безендіру сөзі қолданылатыны мәлім. Ал бұл сөздің жырлардағы негізгі тұлғасы безеу, безену: Алтынмен, күміспенен қойды безеп, Сиярдай болса-дағы атан жарыс (Әбуғалисина, Әбілхарис. Дастандар, 1990). Ұзатты жиһаз беріп Гүләндамды, Безеген зүбәржатпен үсті-басын (Қисса Баһрам. Бабалар сөзі. 20-том). Қызыл ат мініп, безеніп, Қызыл тон киіп, түзеліп (Қисса Зарқұм. Бабалар сөзі. 12-том).
Дәйекше сөзі қазіргі таңда лингвистикалық еңбектерде ғана кездессе, жырлардағы мағынасы «мәре, көмбедегі сызық»: Түбінен дәйекшенің тұрдым тосып, Алушы едім бәйгеңді талай қосып (Ақан сері Қорамсаұлы. Бес ғасыр жырлайды. ІІ том).
Буаз сөзінің қазіргі мағынасы тек малға қатысты қолданылса, жырларда әйелге қатысты «жүкті» деген ұғымда жұмсалған: Қатыны падишаның болды буаз Сөйлейін білгенімше мұны біраз. Қатыны уәзірдің (де) буаз екен, Оған да Тәңірім тағдыр қылады екен (Қағира мен Таймұс. Бабалар сөзі. 5-том).
Ада сөзі қазіргі таңда «түк жоқ, жұрдай» деген ұғымда жұмсалады. Ал жырларда «жоқ қылу», «аяқтау», «бітіру», «орындау» деген мағыналарда қолданылған: Басыммен жақсылықты жанымменен, Етемін бәрін даяр бүгін ада (Әбуғалисина, Әбілхарис. Дастандар, 1990). Оқуға жеті жаста берді мұны, Бар ғылым он бес жаста болды ада (Өліп тірілген Шаһызада. М.Жүсіп, І-том, 2003). Жомарт». Дастандар, 1990). Баламның сүндетін ада қылу үшін, Ат жетер жерге хабар бермек ойым (Әзірет Әлидің соғысы. Бабалар сөзі. 15-том). Исламның бес бәнасын тамам әйла. Ада қыл, парыз, уәжіп, сүннетпенен (Қисса Ләйлі-Мәжнүн. Бабалар сөзі. 19-том).
Қорыта айтқанда, ескі сөздердің қазіргі қолданыстағы мағыналарын немесе қазіргі қолданыстағы сөздердің ескі мағыналарын жазба мұралар мен ауыз әдебиеті жырлары негізінде нақты анықтай аламыз.
Гүлфар МАМЫРБЕК,
филология ғылымының кандидаты
6064 рет
көрсетілді64
пікір