• Тіл
  • 05 Қараша, 2020

САУАТТЫ ЖАЗУ, САЛМАҚТЫ ОЙ АЙТУ ЭССЕ ЖАНРЫНЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

Бүгінгі күні еліміздегі мектеп бағдарламаларында қазақ тілі мен әдебиеті ең басты пәндердің бірі ретінде өзінің лайықты орнын ала бастады. Бұл дұрыс та, әділ шешім болды. Өйткені қазақ тілі Қазақстанның бірден-бір мемлекеттік тілі. Сондықтан елімізді мекен еткен барлық, мейлі ол басқа ұлт өкілдері болсын, Ата Заңымызда атап көрсетілген мәртебелі тілді білуге, білмесе – үйренуге, оны күнделікті тірлікте пайдалануға тиісті.
Ең алдымен, мектеп ұстаздары, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері жас жеткіншектердің ­санасына, олардың жан дүниесіне осы бір қастерлі ұғымды қалай да сіңіре білуі қажет.

Уақыт өзгерді. Ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке қол жетті. Бір кездері орын алған ұлттық тілімізге қатысты солақай саясаттан арыла бастадық. Енді оны ілгері бастыру, кеткен кем-кетігін толтыру – біздің, бүгінгі ұлтжанды ұрпақтың жан-жүрегінен орын алған патриоттық парызына айналуы керек деп білемін.
Осы басты мәселенің негізгі бір тетігі мектепте жатыр. Еліміздегі жалпы орта білім беретін мектепті бітірген түлектер қазақша сөйлеп, түсіне білгенін қанағат етіп қана шықпауы керек. Оның уақыты өтті. Бүгінгі таңдағы мектеп бітірушілер мемлекеттік тілде сауатты жаза білетін, өз ойын, танымы мен парасатын жинақы түрде жеткізе алатындай дәрежеден табылуы қажет.
Қазіргі кезде күн тәртібіне өткір түрде қойылып, айтылып жүрген функцио­налдық сауаттылықтың бір ұшы осында жатқан тәрізді.
Өткен жылдың 26 қарашасында қабыл­данған Білім және ғылым ми­нистр­лігінің №509 бұйрығында атап көрсетілгендей, негізгі орта білім курсын аяқтаған 9-сынып оқушыларының тапсыратын мемлекеттік емтиханында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша эссе жазу сынағы енгізілді. Мен, өз басым, осы шешімді оң қабылдадым. Өйткені эссе жазу арқылы оқушы тілді меңгерудегі сауаттылығын көрсетіп қана қоймайды, ұстамды ой айтуға, өз пікірін дұрыс-бұрыстығына қарамай, бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік алады. Оқушының берілген тақырыпты қаншалықты түсін­гендігін кіріспе бөлімінен-ақ айқын байқауға болады. Эссенің негізгі ой желісінде оқушы келтірген дәлелдері мен аргументтері арқылы өз ойын ашық та анық көрсетуге талпынады. Кейбір оқушылардың оқшау ойлары да, оқыс пікірлері де негізгі бөлімде көрініп жата­тындықтан, эссенің шыншылдығы мен әсерлілігі арта түседі. Сыныпта кейде көзге түсе бермейтін оқушылардың арасынан эссе жазуға келгенде ерекшеленіп шыға келетіндері де бар. Осы жерде ол баланың бойынан шығармашылық қабілеттің, тіл мен әдебиетке бейімділіктің жылт еткен ұшқынын байқап та қалуға болады...
Эссенің қорытындысында кіріспе мен негізгі бөлімде айтылған ойлардың тобық­тай түйіні, шағын шығарма иесінің ұста­нымы, жеке көзқарастары, сыни пікірлері мен ұсыныстары көрініс табады.
Жалпы эссе жанры балалардың белгілі бір тақырыпқа қатысты өзіндік көзқарасы мен позициясын айқындап, өмірде тұлға ретінде қалыптасуына әсер етері сөзсіз. Осы себептен де, өз басым эссені оқушының жазу өнерінің қыр-сырын мектеп қабырғасында жүріп үйренуіне септігін тигізетін бірден-бір ұтымды да ұшқыр, жинақы түрдегі ыңғайлы жанр екендігіне көзім жете бастады.
Жасыратыны жоқ, эссе жазу қажет­тілігі туындаған алғашқы жылдарда қиын­шы­лық­тардың болғаны рас. Бұрын әдеттенбегендіктен қабілетті деген оқу­шылардың өзі үйреніп қалған дәстүрлі шығарма жазу стилінен айыға алмай жүрді. Эссе жазудың өзіне тән ерек­шеліктерін толық түсіне алмағандықтан көп­теген кемшіліктерге жол берілді. Мен ұстаз есебінде оқушылардың осы кем тұс­тарын түсіне отырып, ең алдымен, эссе жанры­ның табиғатын, шығарма жазудан айырма­шы­лығын, әрі-беріден соң білген адамға оның өте оңтайлы екендігін жүйелі түрде түсін­діруге күш салдым. Көп ұзамай-ақ нәти­жесі айқын көрінді. Жанр сырын тез түсініп, жап-жақсы дәрежеде эссе жазуға қол жеткіз­ген шә­кірт­терімнің шағын туындыларын сынып болып талдап, талқылай бастадық. Мұның өзі оқушылардың пікір алуанды­ғын қалып­тас­тыруға, әріптестерінің көзқарастары мен ұсы­ныстарын сыйлай білуге, бір сөзбен айт­қанда, дискуссия мәдениетін игеруге септігін тигізді.
Қазақстанның солтүстік өңірлері болып табылатын облыс орталықтарының ортақ проблемасы – оқушыларымыздың мемлекеттік тілді игеруі әлі де болса өз дәрежесінде еместігі. Жылдар бойы қалыптасып қалған орыс тілінің үстем­дігі бұл өңірде бүгінге дейін басым болғандықтан, қазақ мектебінде оқыса да, оқушыларымыздың өз ана тілінде көсіліп сөйлей алмауы – мені пән мұғалімі ретінде қатты алаңдататыны рас. Еңбегің еш кеткендей күй кешесің. Сондықтан осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған эссе жанрының мүмкіндігін толық пайдалану қажеттігін түсінгендей болдым. Өзім де жинақталып, бар күш-жігерімді осы мақсатқа қарай өзгерте отырып, арнайы авторлық бағдарламамды даярлауды жөн санадым. Біздің солтүстік өңір оқушыларының түсінік-танымына сай жеңілдетілген, берілген тақырыпты игеруге ыңғайлы эссе жазу өнерінің әдіс-тәсілдері қамтылған «Эссе – сауатты жазу мен салмақты ой бастауы» деп аталатын авторлық бағдарлама жасап, қалалық, облыстық байқауларға қатыстым. Еңбегім нәтижесіз болған жоқ. Ол сынақтардан сүрінбей өтсем де, айтылған кейбір сын-ескертпелерге сергек қарап, жұмысымды жетілдіріп отырдым. Ал биылғы жылы мұғалімдер арасында өткізілген республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауына осы жұмысыммен қатысып, бағымды сынап көрдім. Таяуда ғана оның қорытындысы шығарылды. Үздік әріптестерімнің қа­тарында менің де осы еңбегім аталыпты: «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясы бойынша жүлдегер болып танылып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің арнайы грамотасымен марапатталдым.
Бірақ менің айтқым келіп отырғаны – жүлдегер атанғандығым емес. Білікті ғалымдар мен танымал педагогтардан құрылған қазылар алқасының менің азғантай еңбегімді ескере білгендігі. Ал мен үшін одан да қымбаттырағы – оқушыларға өз тілімізді үйретуде, сауатты жазумен қатар, салауатты ой айтуға тәрбиелеуде осы оңтайлы әдіс-тәсілді әріптестерімнің өздерінің күнделікті ісінде пайдаланса деген ой ғана. Нәтиже беретін қандай да болмасын әдіс-тәсіл тар шеңберде, бір мұғалімнің жетістігі деңгейінде қалып қоймауы керек. Қазір ғаламтор арқылы бір-біріміздің жылт еткен жетістіктерімізді пайдалануымызға то­лық мүмкіндік туып отыр. Бұл жағын да қазіргі таңда біздің министрлігіміз ұтымды ұйым­дастырып, арнайы сайттар ашып қойғаны мәлім.
Құрметті редакция, жас жеткіншектерге ұлттық тілімізді үйретуге қатысты жанашыр жандардың бірі ретінде жылдар бойы жаздырып алып келе жатқан «Ана тілі» газеті арқылы өз әріптестеріммен, сан мыңдаған оқырман қауыммен осылайша ой бөлісуді жөн санадым.

Гүлнар Саденова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, педагог-зерттеуші
Көкшетау

5742 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы