• Cұхбаттар
  • 12 Қараша, 2020

ЕҢБЕКТІҢ КІЛТІ – ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП

Еңбегімен ер сыйлы. Көпшілікке танымал бизнесмен Бағдат Мәнізоров та осындай тынымсыз еңбек жолы арқылы халықтың жүрегіне жол, көңіліне кілт тапқан азамат. Бүгінгі танымалдық, бүгінгі халықтың ықыласы біздің кейіпкерімізге талай жылдардан бергі ­Алматы облысының Көксу, Ақсу аудандарының әкімі, сондай-ақ Алматы қаласының Алатау ауданында әкім лауазымын атқарған жылдарындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде келді. Халық айтса қалт айтпайды. Ендеше, Мәнізоровты «еңбегі ер атандырды». «Құрмет», «Парасат» ордендері және «ҚР Құрметті спорт қайраткері» марапаттарының әрқайсының тарихы-ақ айтулы азаматтың халықпен бірге жасасып келе жатқан жылдарынан хабар береді. Бағдат Мәнізоровтың ойы орамды, сөзі тағылымды. Айтары бар айтулы азаматпен әңгіме барысында осындай ойға бекідік.

– Бағдат Сайланбайұлы, адамға табыс оңай келмейтіні белгілі. Ендеше, сіздің тынымсыз еңбек қалай басталып еді? Сіздің жетістігіңіздің сыры неде, табысқа жетудің жолы қандай?

– Дұрыс айтасыз. Қазір, әсіресе жастар жағы тырбанып еңбек еткеннен, бір сәтте келетін оңай табысқа әуес. Бізді ата-анамыз «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды», «Адал еңбек алысқа апарады» деп тәрбиеледі. Жастайымыздан осы тәмсіл ойымызға орныққан соң, біз қол қусырып, «Алма піс, аузыма түс» деп отырған жоқпыз. Ұтқан да тұсымыз болды, кәсіп жасаған соң ұтылған тұсымыз да аз емес. Өйткені кәсіп тек табыстан тұрмайды. Мұндай іске тәуекел еткен соң, кіріспен қатар шығыстың жүретінін қаперде ұстадық.

 1994 жылы республикамызда ең бірінші ­болып Талдықорғанда Қазақстан – Түркия ­деген ­сауда орталығын салдық. Елбасы келіп осы сауда орталығын ашып, риза болды. Сол жылы Талдықорғаннан жүн, тері дайындап, сататын Қытай, Түркия, Ресей мемлекетаралық «Қазақстан – Ресей» деген мекеме аштық. Татарстанның Мелита деген зауытымен қарым-қатынас орнатып, мал терілерін апарып өткізіп, орнына бізге керекті «КамАЗ» секілді автокөліктер және тағы да басқа тұтыну заттарын әкелдік. Бұған дейін теріні саудалау қиын болатын. Осы мемлекетаралық келісімнің арқасында қолда барды ұқсатып, өзімізге қажетті заттармен алмастырудың сәті түсті. Қытайға да тоқтаусыз тері өткізіп, диірмендерді жаңартып отырдық. Елімізде Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттеріне бизнес жұмысымен барып келу дұрыс жолға қойылғандықтан, жұмысым жақсы нәтиже берді. Жалпы диірмендер мен жүн, тері өңдейтін өндіріс орындары Талдықорған өңірінде тек Көксу ауданында ғана болды. Сол зауыттар мен әмбебап сауда кешені сапалы салынғандықтан, бүгінгі күнге дейін тоқтаусыз істеп тұр. Мұнда қаншама адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Ал оның артында, өзіңіз айтқандай, сырт көзге байқала бермейтін темірдей тәртіп тұр. Тәртіп сақталған жерде тазалық, адалдық, жауаптылық болады. Менің берекелі бизнесімнің кілті де осы шығар.

– Мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіп­керлік екеуі екі жол. Бұл екі сүрлеудегі ізденістеріңіз жайлы не айтар едіңіз?

– Ауылдың тынысын ашып, елдің жағдайын жақсартуға үлес қосқан жандарды Елбасының жоғары бағалайтынын көріп жүрміз. Менің де кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке келуіме Тұңғыш Президентіміздің қолдауы түрткі болды. Қолға алған бастамаларды Елбасы үш рет келіп көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметін атқарып жүрген кезінде жұмысыммен танысты. «Туған жерге туыңды тік!» деген ұстанымы бар сол кездегі Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов «Іскерлігіңді мемлекеттік қызметте көрсетіп, ауылыңды көтер» деді. ­Осылайша, мемлекеттік қызметке 1999 жылы келіп екі жыл Көксу ауданы әкімінің орынбасары, сосын бір жыл осы Көксу ауданы әкімі қызметін атқардым. Сол кезде облыс әкімі ауысып, Шалбай Құлмаханов басшылыққа келген еді. Мені бірден Ақсу ауданы әкімі қызметіне ауыстырды. Талабы – тоқтап тұрған Ақсу қант зауытын іске қосу. Зауытқа күзгі жиын-теріннен 25 мың тонна қант қызылшасы түседі екен. Шаруалар қант қызылшасын өткізгенімен, ақшасын ала алмайды. Іс бір жолға қойылмаған. Дау-дамай. Әрине шаруалар өз еңбегінің өтеуін көргісі, ақысын алғысы келеді. Алайда зауытқа 50 мың тонна өнім түскенде ғана өзіндік құнын ақтап, елмен есептесе алады. Сондықтан уақытпен санаспай, еселей еңбек ете жүріп қант зауытының әлеуетін жыл сайын 112 мың тоннаға дейін өнім қабылдайтын жағдайға жеткіздік. Мемлекеттік қызметке беріліп, алаңсыз жұмыс істедім. Біраз еңбек сіңірдік, бірталай қаржы салдық. Үш жылдан кейін зауыт жұмысы дұрыс жолға қойылғанда облыс әкімі зауытты қайтарып беруді сұрады. Қайтпек керек? Зауытты көтеру үшін банк­термен жасасқан келісім-шарттарды жайып салдым. Егер осы қаражатты қайтарсаңыздар, ала беріңіздер дедім. Шындығында жұмсалған қаржы аз емес еді. Сондықтан «банктегі қарызымды белгіленген уақытында төлеп, заңға сәйкес жабайын, сосын ­зауытты ала беріңіздер» деуге тура келді. Бірақ тура сөз туғаныңа да жаққан ба? Мұның соңы мемлекеттік қызметті тастап, қайта бизнеске оралуыма түрткі болды.

– Бір кездері аймақ кәсіпкерлерінің басын біріктіріп, облыс әкіміне батыл талап қойғаныңыз да ел есінде. Сізді бұндай қадамға не итермеледі?

– Шыны керек, кез келген мәселені байыппен, салмақты шешкенді жақсы көретін адаммын. ­Бизнесте жүрген жанға қызбалыққа салынуға, асығыс әрекет жасауға болмайды. Ол кәсіпті ғана күйдірмейді, айналаңа қадіріңді азайтады. Ал қарсылық мәселе қордаланғанда, құқығың аяққа тапталғанда туады. Ақсу ауданының әкімі қызметін үш жыл атқарып кеткеннен кейін зауытқа қатысты мәселе көпшілікке жетті. Содан облыс әкімінен зәбір көріп, іштей тығылып жүрген жандар маған хабарласа бастады. Байқасам, біз көп екенбіз. Қарапайым азаматтарды былай қойғанда, елдің анасы атанған Зылиха Тамшыбаеваның өзі әкімге өкпелі екен. Бизнесі орта жолда тоқтаған ол кісі жақсы атын бұлдағандай болмайын деп тежеліпті. Қандай жағдайда да ел ерге сенеді. Мұндайда қызметте отырған әкімге қарсы шығу ағысқа қарсы жүзгенмен тең. Бірақ тәуекелдің жел қайығына мініп, зардап шеккен кәсіпкерлерді жинап, Талдықорғанда баспасөз конференциясын өткіздік. Оның дабыры Парламентке, сосын Елбасыға жетті. Алматы облыстық әкімдігінің кіші залында Зылиха апайдың өкілі, ауған соғысының ардагерлері, жалпы кәсіпкерлер жиналып кезек-кезегімен шындықтарын ашына айтты. Ақыры Шалбай Құлмаханұлы елден кешірім сұрады. Сөйтіп, әділдікке себепші болдық. «Тамшы тас жарады» деген осы.

Басқа облыстан келіп Алматыдай алып мегаполистің халқының көңілінен шығу сізге қиынға соққан жоқ па?

– Шынымды айтсам, жұмысты біреуге ұнау үшін, болмаса марапат алу үшін істемеймін. Мұның барлығы жоғарыда айтқандай сапалы жұмыс, жауапты қарым-қатынас, темірдей тәртіптің жемісі. Алматыға 2004 жылдың соңында келіп өз бизнесімді бастадым. Кәсіпкер үшін өсу, шаруасын кеңейту керек. 2007 жылы Алматы қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Бір жылдан кейін қалалық мәслихаттың келісімімен, Алматы қаласы әкімінің өкімімен Алатау ауданының әкімі болып тағайындалдым. Сол кезде Алматының ең үлкен проблемасы – Шаңырақ елді мекені болды.

2006 жылы Шаңырақта халықтың баспаналарын трактормен күреп, тегістейміз деп жер дауына байланысты көтерілген мәселе ушыққанда сол ел полицияның бір бекетін өртеп жібергені мәлім. Аумалы-төкпелі заманда ауылдардан Алматыға ағылған жұрт осы елді мекенде қамыс-құрақ секілді материалдармен ешкімнің рұқсатынсыз тұрғын үйлер салып алған. Делдалдар елді алдап, жалған құжаттармен жер телімдерін арзан бағамен сата бергені тағы бар. Көшелерінде жарық, асфальт, су ағар арық жоқ. 159 мың адамға медициналық қызмет көрсететін бір емхана ғана бар.Соның барлығын сараптай отырып, бірінші кезекте елді мемлекеттік мекемелерде тіркетіп, жеті мың тұрғын үйдің құжаттарын заңдастырдық.

 1000 балаға арналған тоғыз мектептің әрқайсысында 3000-4000 бала үш ауысыммен оқиды екен. Мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана біліп, күні-түні тынбай еңбек етіп 12 мектеп салдық. Білімді ұстаздарға жол ашып, бес жылда білім беру деңгейін көтеріп, республика бойынша Алтын белгі алған шәкірттер саны мен Ұлттық бірыңғай тест тапсыру жетістігінен Алатау ауданы бірінші орынға көтерілді. Сол деңгейден түспей жылма-жыл сақтап та отырды.

 Негізі Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов өте ықпалды, жұмыс ретін білетін адам. Тәжірибесі кемел, көреген басшы. Біздің жұмысымыздың алға басуына осы кісінің көмегі көп тиді. Функционалдық міндетімізге сай атқарған қызметімізге қолдау көрсетіп, келелі ой тастап, бағыт-бағдар беріп отырды. Алматының Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің төменгі солтүстік-батыс бөлігі жазық дала болатын. Сәулетшімен, мамандармен ақылдаса отырып, қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының келісімімен Алматыны басып тұратын түтіннен арылту үшін индустриялық аймақты сол жерге көшірдік. Универсиада қалашығын әлемдік талапқа сай жоғары деңгейде салдық. Осылайша, бес жүзге жуық көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, қаланың көрігіне көрік қосты. Осы жерде Ахметжан Смағұлұлының алматылықтарды көлік кептелісінен құтқару мақсатындағы басшылық қызметін ерекше айтып өткенім дұрыс. Ауданының халқы 159 мыңнан 256 мың адамға өсті. Сосын, Алматы қаласына ­Бауыржан Байбек әкім болғанда екі жыл сол кісінің басшылығымен қарамағында қызмет істедім. Жас болғанымен Бауыржан Қыдырғалиұлы да іскер, өз жұмысына мығым, тез шешім қабылдай білетін жан. Мұндай білікті басшымен қызметтес болу тәжірибені толықтыруға үлкен септігін тигізеді.

– Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін де атқардыңыз...

– Мемлекеттік қызметте жүрген қызметкер – қатардағы солдатпыз. Облыстан, Президент аппаратынан ұсыныстар түсіп, мемлекеттік қызметтің «А» корпусына қойылатын талаптардан өтіп, 2019 жылдың 10 шілдесінде Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сөйтіп, шетелдерден көріп, көңіліме түйген пайдасы көп әрі тиімді тәжірибелерді өңір өміріне енгізу мақсатымен жұмыс орындарын көптеп ашу ойда болды. ­Шынымды айтсам, бұл қызметке елге, жерге қалтқысыз қызмет ету үшін барғанмын. Аяқ астынан Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып Алматы облысы 800-ге жуық тұрғын үйді қалпына келтірді. Екі ай сол жұмыстың басында болдым. Талдықорғанға келіп қызметімді жалғастырған кезімде қыркүйек айында үстімнен арыз түсті. Қолымның таза екенін дәлелдей білдім. Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келген адаммын. Өзімнің материалдық, тұрмыстық мәселелерім баяғыда шешілген. Талай адамға жұмыс беріп, жағдайын жасап жүргенімді ел біледі. Маған қолымды былғап, тазалығыма кір келтірудің керегі жоқ. Бедел біртіндеп жиналғанмен, төгілуі оңай. Бірақ ақ затқа кір жұққыш келеді емес пе?! Сол секілді басшылық қызметте жүрген адам да сөзге ілінгіш келеді екен. Мұны өмір тәжірибесінен түсіндім. Осы қызметті ұсынып, қалай жұмыс атқарғанымды білетін жандар да мұны түсінген шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, Бас прокуратура, қаржы полициясы да арыздың негізсіз, қолымның таза екенін растап қаулы шығарды. Сосын сегіз ай облыс әкімінің ­орынбасары болып дауға дейін атқарған қызметімді істеп, өз еркіммен мемлекеттік қызметтен кеттім. Бірақ осы келеңсіздік көңілді кірлеткенін жасырмаймын.

Мақсатым – елге қызмет етіп, жақсы атымды қалдыру. Соған орай елін сүйетін, мемлекетшіл азаматтар шоғырын қалып­тас­тыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 Сұхбаттасқан

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ

1525 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы