- Тұлға
- 19 Қараша, 2020
ФАРАБИТАНУДЫҢ БЕЙМӘЛІМ БЕТТЕРІ
ЮНЕСКО-ның қолдауымен әлемге әл-Фараби ретінде жақсы танымал болған (ортағасырлық Еуропада оның есімі латынша Alpharabius деп айтылған) Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр ибн Мұхаммед әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтіп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің рухани мұрасына назар аударудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әсіресе қоғамдық сананы жаңғырту үдерістері жағдайында, жас ұрпақтың құндылықтық бағдарын қалыптастыруда өте маңызды. Іс-шаралардың түгелге жуығы халықаралық мәртебеге ие, өйткені әл-Фараби ілімі Шығыс пен Батысты біріктіретін адамзаттық идеялардың қазынасы.
Әл-Фарабидің ғылыми-мәдени мұрасы көп қырлы, онда музыка теориясы мен математика ерекше орын алады. Әл-Фарабидің «Kitab al-musiki al-kabir» немесе «Музыканың үлкен кітабы» атты бірегей туындысы шетелде үлкен қызығушылықпен зерттелуде. Шамамен Х ғасырдың бірінші жартысында (943 ж.) аяқталған, көлемі мыңнан аса парақ қолжазба музыкатанудағы жаңа бағытты, атап айтқанда: мұсылман өнерпаздарының (парсылар, түркілер, арабтар және т.б.) орындаушылық мәдениеті мен ерекшелігін сипаттайды.
Мәдени-тарихи панораманы мүмкіндігінше кеңірек қамту үшін әл-Фараби өзінен бұрынғылардың (эллиндер, аль-Кинди және т.б.) музыкалық туындыларын шығармашылық тұрғыдан өңдеп қана қоймай, талдау да жасады. Ол Аристотель, Платон, Птолемейдің еңбектері арқылы ежелгі грек (рим) мәдениетінің шығу тегін, сонымен бірге көшпелі халықтардың, Ұлы Далаға әсер еткен Сасанидтер, Кушан сияқты күшті империялардың, Соғды, Хорасан халықтарының бірегей мәдениетінің бастауларын терең зерттеді.
Фараби өзі де музыкалық аспаптарда шебер ойнаған. Бұл ежелгі дәуірлерде емге зәру жандарды музыкамен емдеген сияқты айқын құбылыс және Фарабидің пікірі бойынша, кез келген дәрі сияқты музыка уға да, емдік құралға да айналуы мүмкін. Мұның бәрі музыканың сипатына байланысты және мұнда әл-Фараби шығармаларының ерекшелігі математикалық әдістерді қолдануында екенін атап өту керек: ол музыкалық дыбыстарды сандық белгілерге ауыстырып берген.
Әл-Фарабидің музыка теориясы шынымен де ерекше. Дыбыстардың сипаты мен құрылымын зерттей отырып, ол «музыкалық ғылымның» канондарына ғана емес, сонымен қатар музыканың эстетикалық және теориялық қағидаларына да назар аударды.
Оған қоса әл-Фараби музыка әлемін поэзия әлемімен үйлесімдікте қабылдағанын ескеру керек.
Фараби ізгілікті қоғам идеясының аясында музыканы бақыт немесе үйлесімді болмыс моделінің құрамдас бөлігі ретінде бағалайды. Оның әлеуметтік-этикалық көзқарастары бойынша өнер (музыкалық) – құрал, ізгіліктің жетекшісі, кепілгер және сонымен бірге бақыт пен ізгіліктің белгісі. Шығыс мәдениетіне тән музыка арқылы сезімдерді білдіру әл-Фарабидің де шығармашылығына енгені сөзсіз. Қолданбалы аспектіде әл-Фараби дыбыстар әлемін жанрларға жүйелейді.
«Kitab al-musiki al-kabir» авторы «Адамға музыка жазуға жанының табиғи, туа біткен қасиеттері ықпал етеді» деп өте дұрыс жазады. Дыбыстар әлемі кез келген адамға бағына бермейді. Адамның поэзияға бейімділігі, сүйемелдеуді, ырғақты сезіну музыканы жақсы жаттауға мүмкіндік береді. Адамдар ежелден осыны біліп, музыка жанға дәру болатын кезге қол жеткізгенше музыкалық аспаптарды жетілдіре бастайды деп атап өтеді Фараби. Коронавирус пандемиясына қатысты жаһандық жағдайды ескерсек, Ұстаздың бақылаулары өте құнды; жеңіл музыка адамның ойын күйбең тіршіліктен бөліп, ағзасының емдік арналарын ашатыны туралы мысал көп. Аурулардың алдын алу және емдеу әдістері бар (музыкалық терапия).
Музыканың адам өміріндегі орны туралы ойды дамыта отырып, Фараби белгілі мағынада математикалық модельдеуге жүгінген. Ойшыл уақыт сезіну қозғалыс тудыратын шаршауды еске салады деп, ал қозғалыс өз кезегінде уақытпен, уақыт қозғалыспен өлшенеді деп санаған.
Рухани музыка шаршауды ұмыттырып, шабыттандырады және қиялды оятады. Халықтар ән айтуды, әуендерді шығаруды, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып, көбейтуді үйренді. Фараби бұл ерекшелікті қолданып, Жібек жолы бойынан тапқан әртүрлі этномәдени мазмұндағы көптеген артефактілерді, әндер мен аспаптарды жетілдірілген дыбыс қатары жүйесін жасағанға дейін өңдеді.
Фараби «ильм аль-мусиктің» – музыка білімі теориясының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол, сонымен қатар ғылыми терминдерді, мысалы, «ритмикалық мимика» деген терминді ғылыми қолданысқа енгізген. Фараби өзінің монументалды зерттеулерінде музыканың емдік қасиеттері мен оң әсерін ғана емес, оның тәрбиелік және білімдік құндылығын да дәлелдеді. Бесік жыры азаннан немесе керуенші әнінен гөрі нәзік естіледі.
Әл-Фарабидің туындылары «Музыка тыңдау тыйым салынатын харам іс пе немесе жоғарыдан берілген сый ма?» деген дау-дамайда болған теологиялық қоғамда жарық көрген. Араб-ислам қоғамында музыка ойнау әдеттегі іс және ойын-сауық түрі болса, басқа аймақтарда оны жақтырмай, менсінбейтін. Пікірталастың қызуы Ибн Хурдадбектің (Х ғ.), Әл-Хужридің, әл-Ғазалидің (ХІІ ғ.) кейінгі еңбектерінде көрінеді.
«Музыканың үлкен кітабының» көпмәдени ерекшелігі стильдер мен жанрлардың, парсы, түркі, үнді және араб музыкалық-аспаптық шығармалары синтезінің нәтижесі.
Фарабидің шығармасы шамамен XV ғасырда латын тіліне аударылды. Әлі күнге дейін еуропалық музыкалық теория мен өнерге үлкен әсер етіп келеді. Кітаптың латын, неміс, испан, голланд, француз, ағылшын, фарси, орыс, т.б. әлем тілдеріндегі аудармалары жарық көрді.
Музыкалық сарапшы Г.д’Эрланже (1930) Фарабидің осы салада кейінгі араб шығармашылдарынан артықшылығын мойындап, «Музыканың үлкен кітабын» француз тіліне аударды. Ағылшын музыка теоретигі Г.Фармер (1929) Фарабиді ортағасырлық музыканың ең ұлы авторларының бірі деп санады.
Фарабидің музыкалық дарынын зерттеуге неміс ғалымдары үлкен үлес қосты. Арнольд Шеринг (914) әл-Фараби есімін өзінің «Кестелердегі музыка тарихы» кітабына енгізген екен. Шерингтің пайымдауынша, әл-Фараби «Китаб әл-мусики әл-кабирді» қартайған шағында жазған. А.Шерингтің кітабы алғаш рет 1924 жылы орыс тіліне аударылып, раритетке айналды. Біз басылымды шетелдік мұрағаттардан таптық. Соғысаралық кезеңде кеңестік студенттер орталық музыкалық училищелер мен консерваторияларда осы оқу құралын оқыған. Кітапты ғылыми қолданысқа қайтару және қазақ тіліне аудару – фарабитанушылардың кезек күттірмейтін міндеті.
Шығыстанушы, Түркістан білгірі В.Бартольд та «Мұсылмандық мәдениеті» (1918) кітабында Фарабиді атап өтеді. Неміс философы Освальд Шпенглердің (1918) «Еуропаның құлдырауы» деген аты шулы басылымында мұсылман Ренессансының символы Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фарабидің есімі аталған. Бұл басылымдар тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ғылыми айналымға оралды.
Әл-Фарабидің «Ғылымдар жіктемесі», «Ырғақтар жіктеу кітабы» сияқты ғылыми зерттеулерінде де музыка білімінің теориясы мен бөлімдері: зерттеу нысаны, музыканы оқыту әдістемесі; музыка туралы, үндердің қарым-қатынасы туралы ілімнің негіздері; музыка теориясының (практиканың) негіздерін зерттеу әдістері, музыкалық ырғақтардың сипаты, музыкалық әуендер, оларды шығару тәсілдері (композиция) туралы идеялары бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, Фараби ноталардың орнына сандарды қолданған. Әбу Насыр әл-Фараби – 10 музыкалық дыбыстың гармониясы туралы идеяның авторы. Олардың ішінде композиция үйлесімділігі, уақыт немесе ырғақ үйлесімділігі, ноталардың, әуендердің үндестігі, үндердің үйлесімділігі және т.б. әр алуан гармония түрлерін ұсынады.
ХХ ғасырдың ортасында, Одақтың Ғылым академиясының қазақстандық секторы өзінің интеллектуалды күш-жігерін Фараби мұрасын реанимациялауға жұмылдырды. Профессор М.Бурабаевтың жетекшілігімен жарияланған әл-Фарабидің «Музыка және поэзия туралы трактаттары» және профессор А.Қасымжановтың «Әл-Фарабидің эстетикалық көзқарастары» атты монографиясы Отырардың ұлы тумасының эстетикасы мен музыкалық мұрасы бойынша алғашқы отандық зерттеулер қатарында болды. 1967 жылы Фарабидің трактатын («Музыканың үлкен кітабы») Каирде Махмуд Ахмед Хафиз жарыққа шығарды. А.Сағадеев, Б.Ғафуров, Г.Құрманғалиеваның жарияланымдары, Баркешлидің (1975), Матякубовтың (1986) монографиялық еңбектері «МҮК» зерттеуінің библиографиясын толықтырды.
«Kitab al-musiki al-kabir» тартымдылығының сыры неде?
Себебі Фарабидің музыкалық трактаттары музыканың проблемаларын ғана емес, сонымен бірге ғылымның философия, математика, тарих, психология, этнография және т.б. іргелес салаларын қамтиды. Отандық шығыстанудың үлкен жетістігі – 2008 жылы «Музыканың үлкен кітабы» алғаш рет қазақ тілінде сөйлегені. Академик А.Нысанбаевтың редакторлығымен, «Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс» Қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы, меценат С.Ысқақовтың қаржылық қолдауымен жарық көрді. Араб тілінен аударманы ғылым кандидаты Жалғас Сандыбаев жасады.
Қазақстандық зерттеуші Саида Даукеева алғаш рет орыс тілінде әл-Фарабидің музыкалық теориясының ұғымдық аппаратын жүйеге келтірді (2002). Фарабитанудың қазіргі қазақстандық шығыстанудың құрамдас және қисынды бөлігіне айналғаны қуантады.
Ондаған ғасыр өткен соң ұлы ойшыл канонизациялаған рифмалар мен ырғақтар Фараби музыкасының түркі мәдениетіндегі рөлін айқындап берген қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевты кездейсоқ қуантқан жоқ («Түркістан» өлеңі). Фарабидің 1100 жылдығында композитор Кенжебек Күмісбеков (1927-1987) «Фараби сазы» күй-поэмасын жазды (1975), сол жылы Өтеубай Тұрманжановтың да балладасы шықты. Бұған дейін, 1972 жылы Ш.Құсайынов пен О.Бодыковтың «Әбу Насыр әл-Фараби» пьесасы жазылды.
ЮНЕСКО аясында атап өтіліп жатқан Әбу Насыр Мұхаммед Ибн-Мұхаммед Ибн-Тархан ибн Ұзлағ әл-Фарабидің 1150 жылдығы және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Kitab al-musiki al-kabir» кітабын білім беру мекемелерінің (музыкалық мектептер мен колледждер, консерваториялар мен академиялар) бағдарламасына мемлекеттік тілде енгізу орынды деп санаймыз.
Ұлы ғалым әл-Фарабидің бейнесі республикамыздың егемендігінің символы – Тәуелсіздік монументінің көркем композициясын безендіреді. Әрине, ғұлама ойшыл және гуманист әл-Фарабидің тұлғасы уақыт өте Ұлы Даланың тума талантына деген құрмет ретінде ауқымды көркем полотноларда: опера мен драмалық қойылымдарда бейнеленуі мүмкін.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымының докторы, профессор, фарабитанушы
Гүлнәр МҰҚАНОВА,
тарих ғылымының кандидаты, профессор
2825 рет
көрсетілді195
пікір