• Тіл
  • 19 Қараша, 2020

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ТАТУЛЫҚ ТІЛІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы және конгресі өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Конгресс толығымен қазақ тілінде өтті, спикерлер ретінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері сөз сөйледі. Іс-шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр­ған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» респуб­ликалық форумын аша отырып, ­Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев аталмыш ­жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаевтың сөзімен ­бастады:
«Бүгінгі жиынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ­Төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жа­қындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзімен бастағым келіп отыр.
Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Президент қолдаған ақын өлеңдерін оқу челленджіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан жүзден астам ұлт өкілдері қатысып, қолдау білдірген еді. Биылғы Абай күні және ақын мерейтойы­на орай Ассамблея республикалық деңгейде ­онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде 1000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Ота­нының нағыз ­патриоттары екенін дәлелдеп шықты. «Әлемді аялаған сөз» деген атпен түрлі этнос өкілдерінің Абай шығармашылығына арналған мақалалар топтамасы жарық көрді.
Бүгінгі форум барысында негізгі екі мәселені көтеретін боламыз.
Бірінші, 30 жылда тіл үйренуге не кедергі?
Екінші, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдары қандай?
Әрбір қатысушы өзін таныстырып, осы төңіректе өз ойларын кезекпен ортаға салатын болады» деді Жансейіт Қансейітұлы.
Форум мен конгресте, сондай-ақ филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысып, шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісе келе, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Елизавета СЕДЫШЕВА,
«Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

АРДЫҢ ІСІ

Қасиетті елдің қастерлі тілі бойыма дем алған ауамен, ішкен суымен бірге ­дарыды. Тіпті осыған дейін қамқор болып, қасымнан табылған ізгі ниетті адамдар да басымнан ­сипап, жақсы тілектерін осы тілде жеткізген екен. Тағдырдың жазуымен Теміртау қаласын­дағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақтың тілімен қатар, көркем дәстүріне қанып өстім. Әркез қасымнан табылатын достарымды да қазақ ортасынан таптым. Достарым қазақ болған соң үнемі сөздік қорымды байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысамын. Осы жерде туып, осы елдің азаматы болғандықтан, тілді білмеу – мен үшін ардың ісі.
Мен жаспын, алдымда – үлкен даңғыл жол. Елімізде біз үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. «Болашақ – жастардың қолында!» деген сөзді үнемі жадымда ұстап, Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та, бар қалан!» дегеніндей, еліміздің өркендеуі жолында мен де біліміммен, білігіммен бір кірпіші болуды көксеймін.
Ол үшін, әлбетте, қазақ тілін білу – міндет. Замандастарымды қазақ тілін жетік меңгеруге, ойын қазақ тілінде ашық әрі еркін жеткізуге насихаттаймын. Себебі – болашақ қазақтың тілінде.
Қазақстандықтар әлемдік мінбелерден қазақша сөйлеп, еліміздің абыройын асқақ­тат­қанда менің жұдырықтай жүрегім ерекше қуа­нады. Себебі, мен де осы елдің бір бөлшегімін.
Қазақстан Республикасының Президенті қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін жиі айтады. Тілді дамыту әрқай­­сысымыздың тікелей міндетіміз. Тіл – ең ал­ды­мен халқымыздың тарихының, мәдение­тінің айнасы. Ал мемлекетімізге қызмет ететін аза­­маттар осы құндылығымызды қастер­лесе – еліміз ары қарай қарыштап дами түсетіні сөзсіз.
Күлтегін дәуірінен негіз алатын баба тіліміздің мәртебесі биік, ешқандай дәуір желі түбірін қозғай алмайтындай болсын деген тілегім жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Ол менің шын тілегім!
Еліміздің әр азаматы қазақ тілін білуі керек. Мемлекеттік тілді білу – борыш емес, міндет!
Мемлекеттік тілдің имиджін арттыру мақсатында жастар арасында қазақша сөйлеуге шақыратын пікір алаңдарын, осындай форумдар, түрлі акциялар жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар. Сондай-ақ кинотеатрлардың және барлық телеарналардағы балалар мульт­фильмдердің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жетті. Қазір ата-аналардың жұмысбас­ты­лығына байланысты балаларды мультфильм­дер тәрбиелейтін болды. Ешкім үйрет­песе де балабақша бүлдіршіндері орыс, ағыл­шын тілдерін меңгеріп алады. Керісінше, өз ана тіліне келгенде сөйлей алмайды, себебі олар­дың қазақша таным-түсінігін қалып­тас­ты­ра­тын орта жоқ, адам жоқ, ата-ана, ата-әже жоқ.
Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Сондықтан, ең алдымен, теледидар тілін мемлекеттік тілге 100 пайыз көшіруіміз керек деп есептеймін.

Жамалаил ЭЛИМХАНОВ,
«Емир-Ойл» ЖШС директоры:

БІР ХАЛЫҚПЫЗ

Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкіліне қазақ тілін үйренуге түрткі болады.
Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл олардың тіл үйренуге зор ынтасын тудырады деп сенемін.
Жалпы мен мемлекеттік тіл туралы неғұрлым көп ойланған сайын, қазақ тілін енді ұлтаралық қатынас үшін ғана емес, Отан алдындағы парызыңды ұғыну үшін білу керек деген ойдамын. Бұл бізді өсіріп-өндірген туған жерге деген құрмет!
Әрине, әр адамның өмірінде түрлі жағдайлар болады, біреу орыс мектебінде оқыса, енді біреу қазақ тілін білмейтін ортада өскен болуы мүмкін. Дегенмен, бүгінгі күні қазақ тілін үйренгісі келетін адам үшін барлық жағдай жасалған.
Сол себептен, Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында енгізу қажет. Жұмысқа тұру барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейі ескерілуі тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтін қыз­мет­кер қанша жерден мықты маман болса да, мем­лекеттік қызмет атқаруға қақысы жоқ деп есептеймін.
Мен өзім қазақ тілін 25 жасымда ғана үйрене бастадым. Егер мен қазақ тілін үйреніп алсам, онда кез келген адам да меңгере алады деген сөз.
Біз бір қарапайым нәрсені түсінуіміз керек, залда әртүрлі ұлт өкілдері отыр: қазақтар, қырғыздар, орыс­тар, украиндар, шешендер, ингуштар және т.б. Біз көппіз, біз әртүрліміз, бірақ бәріміз – бір халықпыз. Менің ойымша, біздің бір-бірімізбен сөйлесетін тіліміз қазақ тілі болуы керек. Осы жер үшін болған шайқастарда қанын төккен, жанын берген батырлар қазақ тілінде сөйледі. Біздің жеріміздің мәдениетін дәріптеген және шығармалары Қазақстаннан тыс жерлерде де танылған ұлы Абай қазақша сөйледі. Біз де бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесуіміз керек.

Юлия ЛАГУТКИНА,
«Оберег» украиндар қоғамы жастар қанатының мүшесі:

БІРЛЕСЕ КҮРЕСЕЙІК

Тіл мәдениеті бірден қалыптаспайды. Ол терең білімді, талғампаздықты, сөйлеу шеберлігіне талмай үйреніп, жаттығуды қажет етеді. Көңілге қуаныш ұялататын жақсы нышан, ол көптеген қазақстандықтардың балаларын қазақ мектептерінде оқытып, олардың мемлекеттік тілде білім алуы үшін жағдай жасауға ұмтылуы болып отыр.
Қазақ халқының мақтанышы жазушы, Ұлы Отан соғысының батыры Б.Момышұлының өнегелі сөздері қанатты сөзге айналып, ел ішіне таралған. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтеушілік – шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян. Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге басқа, әсіресе көрші ұлт тілдерінің де асыл қазынасынан сусындауы, оны кәдеге жарата білуі абзал. Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес» деген еді.
Тіл тазалығы үшін бірге күресуге шақырамын.

Зульфия ТАИПОВА,
«КУЯБ» этномәдени бірлестігінің мүшесі:

КӨП БОЛЫП АТСАЛЫССАҚ

Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Теле­визия­лық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан болатын. Менің ойымша, ақпарат өнімдеріне әлеуметтік желілерді де қосуға болады.
Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке, мемлекеттік тілге пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді насихаттайтын ортаға айналдыру орынды болмақ.
Менің ойымша, соңғы уақытта қазақтілді интернет-аудитория ­аз-аздан өсе бастады. Бұған бір жағынан мемлекеттік саясат, екінші жағынан патриотизмнің өсуі және қазақ тілінің еліміздегі жағдайын түсіну әсер еткен сияқты. БАҚ-тың қажеттілігін айтпағанда, интернет-өнімдерді мұғалімдер де, жоғары оқу орындарының оқытушылары да, қазақ тілінде сабақ беретін және оқитын студенттер мен оқушылар да талап етеді. Оларға қазақ тілінде білім алу үшін жақсы басылымдар жетіспейді, сапалы оқулықтардың, интернет-оқулықтардың саны шектеулі. Қазақ тілінде мағлұмат аз, кейде жоқ болғандықтан орыс тілінде аударады, бірақ ол аударманың дұрыс, не бұрыс екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Қазақ тілі бұл Абайдың тілі, Мағжанның тілі, әр қазақ сөзінің мағынасы терең, мүмкіндігі кең. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан, қазір ақпарат уақыттан да, алтыннан да қымбат. Барлық ақпарат жас ұрпаққа қазақ тілінде сапалы жетуге тиіс, ол үшін баршамыз ­атсалысуымыз қажет деп ойлаймын.

Владимир ЧЕПЕЛЬ,
Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының Бас маманы :

«ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛДЕ БАҚ ТҰРАДЫ»

Меніңше, бәрінің жүрегінде қазақ тілі бар. Тек оны ояту ­керек. Ауыл-аймақтарда қазақ тілін бәрі біледі. Ал қалаға келсең, жастар қазақша сөйлеспейді. Бірде екі ақсақал жұмысыма келді. Түріме қарап, сөзін орысша бастады. Мемлекеттік қызметте қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруің керек. Сондықтан орыс тілінде жауап бердім де, «құрметті ақсақалдар, қазақ тілінде сөйлессек қалай болады?» деп сұрадым. Олар қуанып кетті. «Балам қазақ екен ғой» деп жатыр. Мұндай мақтанға масайрап, тіпті жүрегің жылып қалады. Сондықтан қазіргі жастарды екі-үш айға ауылға жіберсе, ауылда тілдің, діннің сақтаушылары болып отырған ақсақалдардың оларға үйретері көп болар еді деп ойлаймын.
Біз, ең алдымен, туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі болатынына сенімдімін!
Халқымыздың «Ынтымақты елде бақ тұрады» деген мақалы Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп» деп айтқанымен ұштасып жатыр.

Эмиль КУРБАНОВ,
Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі:

Анам маған аяғы ауыр кезінде теледидардан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деген сөзін естиді. Сол сәтте: «Балам аман-есен дүниеге келсе, тек қазақша сөйлейтін болады» деп өзіне серт береді. Анам сол сөзінде тұрды.
Қазақ тілінде білім алып, қазақ елінде ержеткенімді мақтан тұтамын. Өйткені менің атамның әкесі Курбан Курбанов кезінде Әзербайжанда туып, Иранда тұрған. Кейін контрреволюционер деген айып тағылып, Қазақстанға қоныс аударған. Алматы облысы Балпық би ауылына көшіп келіп, өмірінің соңына дейін сынықшылық өнермен айналысты. 1993 жылы ресми түрде ақталды, атамыздың қазақ жерінде тараған ұрпақтары қазір бір рулы елге айналды. Әзербайжандағы туыстарымызбен де хабар-ошар үзгеніміз жоқ. Дегенмен, атамыз жер жаннаты Жетісуға бауыр басып, қайтадан Әзербайжанға оралу туралы ойлаған емес. Өмірден өткенше «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз!» деп кетті. Сондықтан артында қалған ұрпақтары да осы елге қызмет етіп, еңбек етуді қасиетті борышымыз деп білеміз.

2642 рет

көрсетілді

180

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы