• Тарих
  • 03 Наурыз, 2011

Мұғалімге жүктелер жауапкершілік мол

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты кезекті Жолдауы еліміздің барлық салаларындағы стратегиялық басымдықтар жаңару күйінде қалатынын, мемлекет өзінің алдына қойған мақсаттардан ешқашан ауытқымайтынын, жаңа экономикалық жағдайларда да мемлекет саясатындағы әлеуметтік бағдарламалар негізгі басымдықтар болып қала беретінін тағы да анықтап көрсетті. Жолдау Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекесі қарсаңындағы еңбегімізге жаңа серпін берді. ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов айтқандай, әсіресе, «бұл Жолдау білім және ғылым саласы үшін ерекше Жолдау болды».

Жолдауда мектепке қатысты үлкен талаптар қойылуы мемлекетіміздің жас ұрпаққа білім беру ісіне айрықша көңіл бөліп отырғанын айғақтайды. Елбасымыз мектепке дейінгі балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету мәселесін 2020 жылға дейін шешуді 100 пайызға жеткізу, 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшуді 2015 жылы толықтай жүзеге асыру, осыған орай жаңадан 400 мектеп салу, кәсіптік-техникалық оқу орындарын мектеппен қатар дамыту міндеттерін орындауды ерекше мәселе етіп белгіледі. Тәуелсіздіктің тағылымға толы жиырма жылы, әсіресе, 2010 жыл, еліміз үшін нәтижелі жыл болғаны әрбір қазақстандық бойында зор мақтаныш сезімін тудырады. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға абыроймен төрағалық ат­қарғаны, Ақ Азиада ойындарының аса зор жауапкершілікпен ұйымдасты­рылып, өте жоғары деңгейдегі спорттық материалдық дайындықпен қамтамасыз етілгені, онда Қазақстанның әнұраны 32 рет шырқалып, көк байрағымыздың 32 рет әлемге еліміздің қуатын паш еткені, биылғы ИКҰ-на төрағалық мәртебесі, тағы басқа саяси, өндірістік-мәдени даму жетістіктері шын мәнінде еліміздің төл табыстары болды. Елбасының бұл жетістіктер туралы өз Жолда­уында: «Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз», – деп айтқан сөзі біздерге де, Алматы қаласының білім беру саласы қызметкерлеріне де, өткен жылғы еңбек жемістерін ой елегінен өткізуге шақырады. Елбасы Жолдауында: «Біз білім беру­ді жаңғыртуды одан әрі жал­ғастыруы­мыз керек», – деп көр­сетілгендей, білім беру саласына берілген тапсырмалар қала­мыз­дағы мектептерде осыған дейін атқа­рылып жатқан жаңашылдық пен шығармашылық істерімізге жаңа қарқын дарытатын серпін береді. Осыған орай Алматы қаласы Білім беру басқармасы жанындағы директорлар төрайымы ретінде білім сапасын арттыру, тәрбиенің отаншылдық және гумандық мазмұнын байыту, оқу ісін компьютерлендіру, әрбір шәкірттің бо­йында өмір бойы білім алу үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру сияқты Жол­дау мазмұнынан туындайтын бас­ты стратегиялық даму бағыттарындағы жаңашыл игі табыстарымыздың кейбір көрсеткіштерін атап өткім келеді. Білім беруді жаңартудың басты нәтижесі оқушылардың білімдерінің сапасын арттыру болса, қаламызда ол үшін барлық оқу-материалдық әдістемелік жағдай жасалған. Оқушыны оқу үрдісіндегі субъект деп танып, оның тұлғалық қалыптасуында білімді өз бетінше шығармашылық ізденіс жолымен алуын қамтамасыз ету мақсаты алға шығарылып, жүзеге асырылуда. Осынау жаңашыл еңбек ұмтылысының жемістері деп мынадай мысалдарды айтуға болады. Алматы қаласы мектептерінің оқушылары республикалық, халықара­лық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда, конференцияларда соң­ғы бес жылда – үнемі көш басында. Алматы қаласының әкімі А.С.Есімов тағайындаған, ғылым, му­зыка, көркемсурет саласындағы үздік табыстарға жеткен оқушыларға бері­летін «Үркер – Алматы мақтанышы» төсбелгісін тағынғандар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жаңғыртылуы жедел жүзеге асып жатқан білім берудегі жаңа талаптардың бастысы – білім мен тәрбиені біртұтас қарап, білім мазмұнының сапасын арттыру. Білім берудің гуманизациялау бағыты математикалық-техникалық, жаратылыстану пәндерін білімнің адам өміріндегі мәнін, тәрбиелік ізгіліктігін аша отырып меңгеруді көздейді. Ал гуманитарлық және өнер бойынша білім салаларында олардың табиғи рухани-адамгершілік, эстетикалық өзіндік қуатын жүзеге асыру мақсат етіледі. Жолдаудағы білім беруді жаңғыртудың басты мәні де осында. Елбасының Жолдауында: «Бүгінде мектептерде компьютерлендіру толық аяқталды» деп айтылуында үлкен мән бар. Ол – еліміздегі білім бе­рудің әлемдік білім кеңістігімен үйлесімінің басты шарты – оқуды компьютерлендіруге баса назар аудару деген сөз. Әрбір оқушының дербес компьютер арқылы білімді өз бетінше жинау құзыреттілігін қалыптастыру бас­ты міндет болып табылады. Алматы қаласы бойынша барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Қала оқушылары мен мұғалімдерінің өздеріне керекті білім көздерін іздеп табуға Интернет қорын пайдалана алуы үшін ақпарат­тық-коммуникациялық орталықтар бар­­лық мектеп кітапханасында құрыл­ған. Қаланың барлық мектептерін ақ­параттық жағынан біріктіретін «School nef» корпоративтік мектеп же­лісі жұмыс істейді. Ал Алматы қаласы Білім басқармасының Web-сайт (dep.edualmaty.kz) жүйесінен алматылықтар Білім басқармасы қызметі туралы ақпараттар алып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңа құқықтық және нормативтік құжаттарымен таныса алады және Білім басқармасына кез келген сұрақ қоя алады, баланың мектептік өмірі туралы керекті мәліметтер біле алады. Алматы қаласының білім порталы on-line сынақ тестілеу жүйесімен байытылды. Өткен жылдың өзінде қала мектептері республикалық 45 интербелсенді сабаққа қатысты, ал қаланың өзі бүкіл Қазақстанға 10 интербелсенді сабақ берді. Алматы қаласы мектептері бойынша бұл көрсеткіштер ішінде өзге мектептер сияқты өзім басшылық ететін Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия оқушылары мен ұстаздарының үлесі де аз емес. Сонымен қатар айрықша атап өтетін жағдайымыз да бар. Ол – біздің мектептің 1991 жылы шаңырақ көтеруі, яғни мектебімізді ел Тәуелсіздігімен құрдас десе де болады. Осы жылдар ішіндегі мектебіміздің өрлеуі Қазақстанның өрлеуіндей жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Өткен оқу жылында да гимназия оқушылары мен мұғалімдері сапалы білім мен өнегелі тәрбие көрсетуде едәуір елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Жолдауда «Тілдерді дамыту» деп бөлім берілуі – Елбасымыздың өзі бас болып, бүкіл еліміз бұл мәселеге тікелей бет бұрғандығын көрсетеді. Рес­публикамызда «Мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты» деп Жолдауда мәлімделген тілдерді дамыту мәселесі мектептерге де тікелей қатысты. Алматы қаласында қазақ мектептерінің саны жыл сайын ұлғайып келеді, қазақ тілін оқытуға айрықша көңіл бөлінуде. Барлық мектептерде мемлекеттік тілді оқытуда әр топтағы оқушылар саны 15-тен асса, бұл бағытта жергілікті бюджеттен бір жылда 157 млн. теңге жұмсалады. Қазақ тілі мамандары мәртебесін мұғалімдер арасында көтеру мақсатында «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» конкурсын өткізу дәстүрге айналуда. 12 жылдық жалпы орта білімге көшу бағытында қаланың 7 мектебінде 12 жылдық білім берудің сынақ тәжірибесі жүзеге асуда. Алматы қалалық Мәс­лихатының шешімімен 12 жылдық мектепке бірте-бірте көшу жоспары бекітілген. Елбасының «Болашақты бірге қа­­лаймыз» атты Жолдауы мұғалім­дердің мемлекет алдындағы, шә­кірт­тер алдындағы жас ұрпақтың сапалы білімі мен ізгілікті тәрбиесі үшін жауапкершілігін сезіндіре түсті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық ме­рейтойына тартуымыз – осы жауап­кершілігімізді абыроймен атқару бол­мақ. Ұстаздар Жолдаудағы барлық бастаманы қолдайды және Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытып, ұйымшылдықпен атсалыса бермек.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры

3614 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы