• Cұхбаттар
  • 02 Желтоқсан, 2020

Төрегелді ШАРМАНОВ: БАЛА ӘКЕДЕН ОЗЫҚ БОЛУЫ ТИІС

Төрегелді ШАРМАНОВ,

ҚР ҰҒА академигі, медицина

ғылымының докторы, профессор:

 Біз таныған тұлғалардың өмірдерегіне көңіл бөлсек, ұлы әкелер бейнесін көреміз. Құнанбай мен Абай, Шыңғыс пен Шоқан бейнесі әдебиетте там-тұмдап қана жазылғанымен, соның өзінен әкелік ғажайып сезімнің, перзенттік ерекше махаббаттың толқынысын сеземіз. Бұл да заманалар көшінен жалғасқан ұлы сезім, әкелер мен балаларға ғана тиесілі ғажайып көңіл пернесі болар.
Иә, Төрегелді Шармановтан осы кезге дейін талай-талай БАҚ өкілдері сұхбат алып, қоғам тамырын басқан, елдің жайын қаузаған тақырыптарды қозғады. Ал бұл сұхбаттың ерекшелігі әке мен баланың арасындағы ұлы сезімдер, жылу, қарым-қатынас туралы болмақ...

– И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романында қилы тағдыр, сан түрлі мінез, әсіресе шығарманың аты айтып тұрғандай, әкелер мен балалардың қарама-қарсы бейнесі айшықталады. Ұрпақтар арақатынасы қай заманда да өзекті. «Ескінің соңы мен жаңаның басына» қатысты пікір сіздің үйде де байқала ма? Өзіңіз бен ұлыңыздың арасында осы тақырыпқа орай қандай да бір мәселе туындамай ма?

– Дұрыс айтасыз, Құнанбай мен Абайдың, Абай мен оның ұл­дарының арасындағы жақындық пен алшақтық, өзіңіз мысалға алған Тургенев кейіпкерлерінің «әкелері мен балаларының» мәселесі бәрімізге де жақын, бәрімізге де аяулы. Заман алмасып, көп дүние өзгерсе де ескі мен жаңаның қарама-қайшы көзқарасы әлі де байқалады. Оған бола кінәліні іздеп, «күнәһарды» табуға тырысудың қажеті жоқ. Өмірге келген әр буынның маңдайына өз тағдыры жазылады. Кейінгі буынның маңдайындағы жазу бұрынғы буынның жүрген жолымен сәйкеспей қалуы да заңдылық.

Иә, біз жайбарақат заманда өмір кештік. Асықпадық. Аптықпадық. Ал бүгінгі уақыттың жүрісі жедел, қозғалысы шапшаң. Қай жастағы адамның да шапшаң ойлануы, дер кезінде әрекет етуі қажет. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, бүгінгі заманы­мыз­дың шындығы осы. Міне, осы екі айырмашылық кейде бүгінгі әкелер мен балалардың арасында екі бөлек ұстанымның пайда болуына әкеле ме деймін. Әкелер «асықпайық, ойласайық» деуі мүмкін. Балалар оған көне ме? Зымыраған уақыттың жалына жармасып алып, уақыттан бұрын оза шапқысы келеді...

Өз отбасымның мысалына оралсам, әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықтың орнына, екі ұрпақтың бірін-бірі түсініп, ортақ ұғым мен пайымға тоқтап, ашық қақтығысқа ұрынбағаны дұрыс деп санаймыз. Әкенің балаға жөн сілтеуі, жол көрсетуі, анығын айтсақ, ақыл айтқысы келіп тұруы табиғи заңдылық. Бірақ, жөні солай екен деп, орынсыз қысым жасаған дұрыс емес деп ойлаймын. Перзенті әкесінің айтқан ақылы мен кеңесін тыңдасын, алайда заманына сәйкес шешім қабылдауда баланың өз ойы, өзіндік пікірі болуға тиіс. Әке баланың мысын баспай, қанатын кең жаюға мүмкіндік берсе құба-құп. Бала да әке ақылына құлақ қойсын, себебі әкесі оған өмір елегінен өткен пікірін айтады. Солай бола тұра әкесі баласының тек өзіне ұқсағанын қалап, айтқанымен ғана жүргенін міндеттеуі – бала арманына, мақсатына кедергі. Әр баланың өзіне тән мінезі болады. Бала отбасында еркін өсіп, қажетін бойына сіңірсе ғана өз заманының азаматы болып қалыптасады. Әкелер мен балалар қарым-қатынасында үлкендерден жауапкершілік пен мейірім, кішілерден еркіндік пен сыйластық сезімі көп сезілетін секілді. Бұл менің жеке көзқарасым шығар. Қандай мәселе болса да, қайшы көзқарастар мен пікірлерден аяқ алып жүре алмай қалса да әке мен бала арасы салқындамағаны маңызды. Әке мен бала арасында жылу сақталса кез келген мәселені айналып өтуге болады.

Ұлыңыз да, өзіңіз де елге белгілі тұлғасыздар. Алмаз Төрегелдіұлы ұлт саулығы мен денсаулық саласын нығайтуда белсене атсалысып жүрген азамат. Сіз де жұртқа мәшһүр ғалымсыз, сөйте тұра ұлыңыздың қызметіне, атқарып жатқан жұмысына жұрт алдында ашық баға бермейсіз, мақтауға да сараңсыз. Неге? Сыртқа айтпасаңыз да іштей мақтанып, марқаятын шығарсыз?

– Қазақ баласын көп мақтамаған. Іштей қуанып, риза болып, шүкір еткен. Мен де сол жолдан көп ауытқыған емеспін. Жұрттың мақтауына ие болса, сол жетеді. Алмаздың ісін, жүрісін жіті бақылаймын. Еңбегінің халыққа пайдасы тиіп жатқанына іштей ризамын, бірақ сыртқа ашық көрсетуді орынсыз деп ойлаймын.

Баяғыда Ақтөбеде ректор болдым. Үш жылдан кейін Үкімет Денсаулық сақтау министрі етіп тағайындады. Бірден алып-ұшып әкеме тарттым. Жаңалығымды үнсіз отырып тыңдады. Көп сөйлей қоймады, бірақ іштей қуанғанын сездім. Жанарынан ерекше бір мейірімнің шуағын байқадым. Әке баланың же­тістігіне іштей қуанса да, ерекше жылу арқылы бала оны сезеді. Әкелерге сол сезімнің өзі жеткілікті.

«Әке – балаға сыншы» дейді дана халқымыз. Әке баланы ақылымен жақсы көреді, жүрекпен тілектес болады. Әке үшін баласының өмірдің мына бұралаң жолында сүрінбей жүруі, ар-ұятын сақтап, дұрыс адам болып қалыптасуы аса маңызды. Әке ретіндегі ойым осы.

Екеуіңіз де ғалымсыз. Кейде ғылыми көзқарас сәйкеспей қалуы да мүмкін. «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан да қымбат» дегендей, келіспеген жерде Сіз қандай шешім қабылдайсыз? Бұған ұлыңыз не дейді?

– Әр ұрпақтың өз заманына сай көзқарасы қалыптасуы заңдылық. Әрине, кейбір мәселеде менің ­позициям қарама-қайшы болуы мүмкін, ұлым оған түсіністікпен қарап, көмектеседі. Әркім өз ­ойында қалатын кездер де бар. Мұның барлығын өзара жан-жақты саралаймыз, талқылаймыз.

Ұлым көп жағдайда жұмысыма келіп, көмектесіп тұрады. Ойын айтып, кей жерде түзеп кетеді. Өзім жетекішілік етіп жүрген жұ­мыс­та­рымды да жіті қадағалап қояды. Кейде пікірін көмекшілеріме айтып, тапсырып кетеді. Онысын маған айтпайды, мен де байқамағандай боламын. Ол да менің хабардар екенімді білетін шығар, бірақ бір-бірімізге оны сездірмейміз.

Ұлым өте қамқор, сұхбат жүр­гі­зерде немесе тікелей байланысқа шығарда барлық қажетті техниканы қосып, дайындап береді. Бір-бірімізге көмекшіміз. Мысалы, болатын іс-шараға қатысты сөзімізді, баяндамамызды алдын ала саралап аламыз, кем тұсын толықтырып, пікірімізді бір-бірімізге ашық айтамыз. Ғылыми жұмыстарға қатысты да ашық талқылаймыз. Жұмысқа келгенде ол менің ұлым ғана емес, білімді азамат, әрі маман, әрі ғалым екені ұдайы жадымда тұрады.

Әке-шешеңіз сізді бетіңізден қақпай, еркін өсіргенін сұхбаттарыңызда айтып жүрсіз. Ал өз ұлыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Бірбеткейлігіңіз бен қаттылығыңыз бала тәрбиесінде шешуші рөл атқарған жоқ па?

– Жоқ, сіз айтқан бірбеткейлік пен қаттылық өзіме, ғылымға қоятын талап қой. Үйде баланы мен де еркін өсірдім деп ойлаймын. Қызмет жолының бастапқы бөлігінде ғана ұлыма жол нұсқап, бағыт бергенім болмаса, ары қарай өз бағдарымен жүріп келеді. Шетел асып, ол жақта жұмыс істеп, маман болып қалыптасып, өсті, жетілді. Бүгінгі жетістіктері өз еңбегі, өз маңдай тері. Осыған шүкір етемін. Өзімде бар мүмкіндіктерді оның алдына үйіп-төгіп, қолынан ұстап жетектеген жоқпын. Қандай жетістікке жетсе де, өз еңбегі, өз талабы.

Екеуіңіз де сұхбаттар беріп, ғылыми мақалалар жазып, халық саулығы жолында ақпараттық жұмыс жүргізесіздер. Кейде араңызда бәсе­келестік орнамайды ма?

– Жасыма байланысты Алмазға ілесе алмаймын ғой. Ол жылдам әрі жаңаша ойлайды. Мен өз өмірімнің биігінде тұрып бәріне байыппен, асықпай қарап, асықпай шешім ­шы­ғаруға тырысамын. Қалай болғанда да бір-бірімізге ақыл-кеңесімізді ­айтып, демеп жүреміз.

Екеуара бәсекелестік жоқ. ­Жалпы эволюция нені талап етеді? Кейінгі ұрпақтың мықтырақ болуы табиғат заңы. Өсу бар болғанда ғана эволюциялық даму бар. Сондықтан да бала әрдайым әкесінен озық болуы тиіс.

Әке мен бала достығы бар ма?

– Әрине, бар. Достық терең түсі­ністіктен ғана туындайды. Сонда ғана өзара сыйластық пайда болады. Бала әке-шешесін сыйламай «өзім өстім, жетілдім» деп тастап кетіп жатса, бұл надандықтың, азғындықтың жиіркенішті көрінісі. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай жағдай жиі кездесіп жатыр ғой.

Маған Алмаз зор құрметпен қарайды, жаны қалмай күтім жасайды. Перзенттік жүрегімен алғаусыз жақсы көретінін білемін. Ол шынайы сезімі. Сол сезімін алға тартып міндетсіген де емес.

Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құл­дырап бара жатқаны ащы шындық. Бұл мәселені қалай түзейміз?

– Бұл өте күрделі мәселе. Әке-шешені құрметтемеу, сыйламау ең жиіркенішті мінез.

Баланың ата-анаға қамқорлығы тамақ беріп, күтім жасау ұғымының төңірегінде ғана болмауы керек. Ол өте төмен ұғым. Баланың әке-шешеге қамқорлығы ұғымын терең түсінген абзал.

Перзентіңнің елге пайдасы тиіп, абыройлы болса, ар-ұятын сақтап әулетке сөз келтірмесе – міне, перзенттің ата-баба жолына адалдығы, қамқорлығы осы. Ал әке-шешені киіндіру, тамағын беру, күтімін жасау, қаражат тауып, асырау деген қарабайыр ұғым. Ол баланың ата-анасы алдында атқарар табиғи міндеті. Соған ғана байланып қалмау керек.

Әкенің баланы асырауы – пер­зентінің бойына ізгілік дәнін егіп, ел мен жердің нағыз азаматы болып қалыптасуына еңбек сіңіруі. Ал баланың әкені асыруы – перзенттің өз ортасында түзу жүріп, адалдық туын жықпауы, адами қасиеттерді биік ұстауы, абыройлы болуы.

Осы сенімді берік ұстанса, отбасы құндылығы да жоғалмайды.

«Мен сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Ұлым, сен менен оздым деуің үшін әуелі өзің сияқты ұл тудырып ал» деген Құнанбайдың жауабын бәріміз білеміз. Турасын айтыңызшы, ұлыңыздың жетістіктері сіздің жетістіктеріңізді басып озды ма?

– Ұлым менің көлеңкемде қалып қойса, қуанбас едім, жүрегім тыныш таппайтын еді. Ұрпақ жалғастығы, эволюцияның басты қағидасы кейінгі ұрпақтың менен әлдеқайда мықты ­болуында. Ұлымның жетістіктері менің жеңістерімді ­басып озуы заңдылық. Өзінің дара жолын тапқанына, өз саласында ­танымал ­болып, айтулы жетістіктерге жеткеніне, ең бастысы, халықтың оған сенім артатынын көріп масаттанамын. Өсті деген осы.

Әкелік мейіріммен осылай жалғаса беруін шын тілеп тұрамын. Мен шықпаған биіктерге шықсыншы деп тілеймін. Мен аспаған асулардан өтеріне сенімдімін.

Ол тұлға болып қалыптасты, еліміздің денсаулық сақтау саласына еңбек сіңіріп жүр және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Халықтың жабырқаған жанына сүйеніш болғысы келеді, елдің жыртық көңілін жамау үшін барын салады. Бұл мен үшін зор абырой!

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қ.Серікқызы

2625 рет

көрсетілді

301

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы