• Cұхбаттар
  • 02 Желтоқсан, 2020

Жандос Еспенбет, режиссер:ІЗДЕНІС МЕНІ КИНОҒА АЛЫП КЕЛДІ

– Жандос Бердіғұлұлы, телеарнадағы режиссерлер­дің көпшілігі киноөнерге бара бермейді. Себебі ол он шақты сатыдан тұратын күрделі дүние. Ал осы қиын салаға сіз қалай келдіңіз?

– Режисерлік бірнеше өнердің жиынтығынан құралған күрделі сала. Бұрын қызмет еткен «Хабар» арнасында өмір бойы телеарнаның режиссері болып қызмет етіп келе жатқан аға, әпкелеріміз болды. Телеарнаның режиссерлігі де мойныңды ары-бері бұрғызбайтын, әр түсірілімге дайындалып, жүйкеге салмақ түсіретін жұмыс. Осының бәрін көрген соң ойландық. Іздендік. Мен сол уақыттарда «Арнайы жоба», «Қош келдің», «Күлпаштың хикаялары» деген деректі бағдарламаларда, оқиғалы комедияларда ­режиссер болдым. Осының бәрі мені киноға жақындата берді. Басшылық мүмкіндігімді бағалап, кейін «Сырты бүтін» деректі-драмаға, «Ғашықпын» мюзиклға режиссер етіп бекітті. Олар уақытысында рейтинг жинаған көркем туындылар болды.

– Киноға қалай бетбұрыс жасадыңыз?

– 2017 жылы «Қазақфильмге» «Үшеу» деген фестивальдық фильмнің сценарийін ұсындым. Студияның дебюттік алқасы сценарийді құптағанмен, оны тоқтатып қойды да, дебюттің басшысы Анар Екейбайқызы «Жұт» деген фильмнің сценарийін беріп, «түсіре алсаң осыны түсір» деді. Сценарий орысша жазылған екен, оқып көрсем маған таныс тақырып, ұқсас эпизодтар көз алдымнан тізбектеле берді. Өйткені 2016 жылы 1916 жылғы «Қарқара көтерілісінің» 100 жылдығы қарсаңында соған арнап фильм түсіреміз деп, қоғамдық негіздегі бастамашыл топтың идеясымен бір жоба қолға алынған еді. Сол кезде архивтерді ақтарып, фото, кино мұрағаттарын қарағанмын, фильмді түсіруге психологиялық тұрғыдан дайын едім. Сценарийдегі оқиғалар «Жұт» фильмінің сценарийінде де бар еді. Сонымен, фильмді түсіруді бастадық. Қоюшы суретшісі студияда 1986 жылдан қызмет істеп келе жатқан Ринат Аденаев деген ағамыз. Дайындығына 2 ай, түсірілімге 2 ай, монтаждауға 4 ай уақыт кетті. Фестивльдық, дебюттік фильмнің хрономет­ражы 36 минут болу керек еді, біздің дүниеміз 56 минут болды. «Қазақфильм» студиясындағы Сатыбалды ­Нарымбетов, Болат Қалымбетов сынды ағаларымыздың сынынан өтті. Сөйтіп, қайта монтаждап, фестиваль талабына сай хронометражын 36 минут етіп жасап бердім. ­«Арман» кинотеатрында тұсаукесері өтіп, көрерменге ұсындық. Студия басшылығы фестивальға ұсынамыз деген, әзірше «Қазақфильм» қорында тұр.

– «Менің атым – Вальдемар» атты толықметражды фильмді жеке демеушінің қаржысына бинестік-әріптестік кепілдемесімен түсіріпсіз. Бұл көп маманның тәуекел етпейтін шаруасы секілді, сіз қалай қадам жасадыңыз?

– Белгілі сценарист Жамшит Көшербаев екеуміз «Мәдениет үйі» деген фильмнің сценарийін көптен ойластырып жүретінбіз. «Мәдениет үйі» фильмінің сценарийін жазып бастадық. Жазу барысында бір ерекше кейіпкер пайда болды. Ол – мәдениет үйінің күзетшісі болатын. Ол кейіпкерді белгілі актер Жүсіп Ақшора ойнайтын. Сценарий бойынша ол 1984-86 жылдары Германияда әскери борышын өтеген. Сол жақта баласы қалған. Баланың аты Вальдемар, кейін әкесін іздеп келеді. Осы сценарийді екі-үш аптадай жазсақ, оқиғаның көбі Вальдемарға қарай ойыса береді. Содан фильмнің атын «Менің атым – Вальдемар» деп қойып, сценарийді қайта жаздық.Сценаристер: Жәмшит Көшербай, Қайрат Мамырайымов, Рүстем Арсылановтар. Мен өзім де сценарийдің жазылуына бастан-аяқ қатыстым. Негізгі сұлбасы бар дүние, бір айда сценарийін жазып біттік. Ең төменгі есеппен сметасын жасап едім 20 мың долларды құрады. Шығармашылық топтың көбі тегін істеп, локация мен актерларға ғана төлейтін болдық. Сөйтіп, бір танысымнан 20 мың доллар қаржы алып, түсірілімді бастадым. Бірақ киноны түсіру барысында шығынымыз 50 мың долларға жетті. Негізгі кейіпкерлерді Жүсіп, Қуандық секілді танымал актерлар ойнады. Хронометражы 1 сағат 27 минут болды. Бұйырса, мына індет тоқтаса кинотеатрларда қойылады.

– Тағы бір жаңа жоба бастап, ұсынысыңызды «Қазақстан» ұлттық арнасына жолдапсыз...

– Келер жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Ақын мерейтойлары әртүрлі деңгейде аталып өтті. Ақын туралы естеліктерді оқысам да, көзін көрген адамдармен сөйлессем де көбі әңгімені ішімдікпен байланыс­тырады. Ал, олай болса, ақын бүкіл ел мойындаған өлеңдерді, поэмаларды, әңгіме, пьесаны қай кезде жазды? Аудармалары мен күнделіктерінің өзі бір төбе. Қарасазда жатып-ақ, орысшаны жетік меңгеріп, Сергейлермен сырласып, Пушкиндермен мұңдасып, Абай, Махамбет аталарымызға арманын айтып, жыр арнаған. Мұқағалидың шынайы шығармашылық бейнесі осы уақытқа дейін жасалмады. Жаңа жобамда Мұқағалиды ішімдікпен байланыстыратын таптаурын пікірді жойғым келеді. Мұқағалидың бала күннен сырлас досы Еркін Ібітанов ақынның шынайы шығармашылық бейнесі туралы айтатын. Көзі тірісінде маған сұхбат бергенде айтқан әңгімелері сақтаулы. Мұқағали мұражайының алғашқы директоры, ақын өлеңдерінің насихатшысы Жұмаш Өтулиев ағамыз да есті естеліктер айтатын. Ақынның 80 жылдығында «Біз білмейтін Мұқағали» деген деректі фильм түсіргенмін. Соңғы он жылда ақын өмірі мен шығармашылығын бір кісідей зерттеп келемін. Міне, 5-6 сериядан тұратын көркем фильмде Мұқаңның шынайы шығармашылық, азаматтық, қайраткерлік бейнесін шығарсам деймін. Жоба «Қазақстан» ұлттық арнасы көркемдік кеңесінің бірінші талқылауынан өтті. Енді Мәдениет және спорт министрлігінің талқылауына түседі. Ақынның белгілі бір кезеңін қамтыған көркем дүние жасауды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін ақынға арналған мұндай көркем дүние жасалған жоқ. Министрлік қолдайды деген ойдамын.

– Қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз.

 Сұхбаттасқан

 Нұрболат Сұлтанғазиев

794 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы