• Cұхбаттар
  • 02 Желтоқсан, 2020

Күләш ӘМІРОВА, Елбасының сыныптасы:БІЗ ӨТЕ ҰЙЫМШЫЛМЫЗ...

Алматы қаласының жоғарғы жағындағы күре жолды өрлей көтерілсеңіз жоталы, таулы өлкеге тіке тартасыз. ­Жерге түскен қары демде ери жөнелетін Жетісудың қоңырсалқын ауа райы күре жолда қар қалдырмаған. Алайда ­жоталар беті аппақ түске малынған. Қыстың көрпесін қымтай жамылған елдімекен тұрғындары ауыл тіршілігін бір ретке келтіріп, түскі мезгілде дамылдайтын уақытта біз де Үшқоңырды бетке алып, тіке тарттық. Біріне-бірі тізбектей жалғасқан ауылдар қол ұстасып тұра қалған баладай, бір ауыл аяқталмай жатып, екіншісі ­басталып үлгереді. Ара-арасында ауыл мен ауылды жалғап аппақ жоталар көз тартады. Ол жотаға шанасын сүйрей ұмтылған үлкенді-кішілі жұрт қыс қызығына әбден кірісіп-ақ кеткен екен. Мал ұстаған елдің басқаға ұсынары – құрт, қымыз бен саумал сынды ағарғанын жарнамалаған тақтайша әр ауылға кіреберісте менмұндалайды. Үйреншікті әдетпен Шамалған дегенімізбен, осы күні Үшқоңыр деп аталатын ауылдың тарихы тереңде. Батысы мен шығысынан Ұзынқарғалы мен Шамалған атты қос өзені қоршай ағып жатқан, әсем ауыл. Бұл ауылдың арғы тарихын айтпай-ақ, «иек астындағы» өткен ғасырдағы дерегіне көз жүгіртсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде солақай саясаттың құрбаны болған талай ұлтқа қорған болған қазақ ауылдарының бірі екенін бағамдаймыз. Демек, ауыл қазақы кейпін жоғалтпаған, сөйте тұра, талай ұлттың кіші отанына айналған жұрт. Осы күні көркейіп, ұлғая түскен елдімекеннің қос қанаты – сөз орайында атап өткен қос өзен, демек, тамылжыған табиғаты ­болса, ­тамыры – балаларға білім беретін мектептері. Әсіресе ауылдағы мектептердің бірі – Елбасы оқыған Абай атындағы мектептің орны да, жөні де көпшілік үшін ерекше. Осы мектепте Елбасымен бірге оқыған, сыныптасы, Үшқоңыр ауылында ұзақ жыл мұғалім болып еңбек еткен ардақты ұстаз, ауылдың мәдени-қоғамдық өмірінде талай жылғы ізі сайрап жатқан Күләш Сыбанқұлқызы Әмірова. Журналистер келеді деген соң апамыз айтар сөзін іштей жұптап отыр екен. Біз сұрақ қойып үлгерместен, өзі әңгімесін бастай жөнелді:

– Біздің Шамалғанның табиғаты керемет қой, шіркін, – деп сөз ­бастады Күләш Сыбанқұлқызы. – Бұл жерге көктемде келіп көріп пе едің?

Мен үнсіз бас изедім.

– Басқа мезгілі де көз тартады. Әсіресе көктемде ерекше құлпырып шыға келеді. Адам есейген сайын ­артына жиі қайрыла ма деймін. Осы күні бұрынғының сөзі мен естелігі есіме жиі түседі. Шамалғанның көктемін еске бекер түсіріп отырған жоқпын, балам. Біз де сол көктемдей құлпырып, асқақ арманға қол создық. Мен тым романтик едім. Шалғай жерлерге баруды армандадым. Оқу оқып жүріп ғылыми экспедицияларға шықсам деп ойладым. Бейтаныс өлкеге барсам, ел көрсем, жер көрсем дедім. Ол кезде көбіміз әсершіл, арманшыл, мақсатшыл болған секілдіміз. Тау қопарып, тас үгітуге әзір тұрдық, әйтеуір. Жаңа бір өлке қол бұлғап шақырса, сол жақтың еңбек ­майданына араласқымыз келетін. Өз атымызды еңбекпен, біліммен қалдырсақ деп құлшындық. Жастықтың аты жастық қой, шіркін... Мектепті қырықтан аса оқушы аяқтап едік, осы күні жиырманың айналасындағы сыныптас өмірдің желкеніне жармасып, өткен мен ертеңді жалғап келеді екенбіз... Е, дүние-ай, өмір осылай өтіп жатыр...

Мені Елбасының сыныптасы деп келіп отырсың ғой, балам.

Отағасы да, яғни үйдегі кісі ­Сағын­бек те Елбасының ­сыныптасы еді ғой. Елбасымен бір жыл бірге оқып, кейін басқа мектепке ауысып кеткен. Міне, екеуінің бірге түскен суреті тұр...

Отағасы екеуіміз 55 жыл түтін ­тү­тетіппіз. Екі жыл сөз ­салып жүргені бар. Сонда 57 жыл бірге қол ұстасып жүрген екенбіз, ­осыдан сегіз ай бұрын өмірден озды, жарықтық. Ауыртпалығын көрсетпей, қиналғанын білдіртпей кетті өмірден... Сонау бала күнімізден қол ұстасып бірге келе жатыр едік. Сәулелі, жарқын сәттеріміз көп еді. Қос ұстасып жүріп жетілген едік...

Шамалғанның қызы емеспін ғой. Мен мына Алматы маңындағы «Путь Ильича» деп аталған ауылда туып-өстім. Қазір «Көксай» деп жүр. Сол жерде жеті сыныптық мектепті тамамдадым. Ары қарай оқу керек. Шешем: «Оқуға барсаң тілеуіңді тілеп отырармын. Ал оқымаймын десең, күйеуге шық» деді. Жеті сыныпты бітіріп, күйеуге шыққан қыздарға қарасам, жүдеп-жадап, жасына жетпей ­салпы етек әйелге айналып үлгеріпті. «Қой, бұлар секілді етегіме сүрініп әйел болып жүргенше оқу оқиын» деп шештім. 1954-55 жылдары қазақ мектептерінің барлығын жауып ­тастады. Оқуға қазақ мектебін таппай қалдық. Іздеп жүріп Абай атындағы мектепке келіп, сегізінші сыныпты жалғастырып оқи бастадым. Осы мектепте білім алдым. Құдай маңдайыма өте жақсы ұстаздардан тәлім алуды жазыпты. Сейілхан аға 103 жасқа келіп қайтты. Асқаров ағай химиядан, ­Исаев ағай тарихтан берді. Өте білікті мамандар еді. Өте қатал болды. Сабақты өте тамаша оқытты.

Осы мектепте тағдырымды кез­дестірдім. Арманшыл болғанымды айттым ғой, жоғары оқу орнын аяқтаған соң, алыс өлкеге барып білімімді ұштап, білігімді жетілдіріп келсем деп едім. Оған ағаң көнбеді. «Үйдегі үлкен кісілер қараусыз қалады, солардың қолына барып, қарашаңырақтың отын сөндірмеуіміз керек» деді. Оған қарсы келе аламын ба? Жоқ, әрине. Шамалғанға келіп, түтін түтеттік. Осы үйге Әлжан ана деп аталатын көше арқылы келдіңдер ғой. Сол көшемен жоғары жүре берсеңдер, Нұрекеңнің ата-анасының үйі бар. Нұрекең туып-өсіп, балалық шағын өткізген қара шаңырағының да түтіні түзу ұшып тұр. «Көптеген елді араладым... бірақ бәрі өзім туып-өскен  қазағымның жеріне,  Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған Үшқоңыр төбесіне жетпеді.  Балалығымның,  сағынышымның алтын қазығы сонда екен» дейді ғой бір сөзінде Нұрекең. Міне, бізге де солай. Жас күнімізде өзге елді армандасақ та, өзге өлкені көргіміз келсе де осы күні Шамалғанға жер жетпейді. Біздің күллі арманымыз осы жерде бүр жарған еді...   

Бірді айтып, бірге кеттім бе, ­балам? Содан Сағынбек екеуіміз ауылға келіп, өмірімізді бастап кеттік. Бір күні далада самауыр қайнатып отырсам, анау жақтан аппақ жейде киген бір жігіт келеді. Ағаңа: «Дәу де болса, осы Сұлтан-ау» дедім. Шынымен Сұлтан екен. «Күләш, біздің ауылға келін болғаныңа қуанып тұрмын. Осы өлкенің оқушыларына мықты, білімді ұстаздар керек қой» деді. Ол заманда үстелге қоятын қант табылса, мәзбіз. Әрі үстелге қоятынды емес, үстел үстінде айтатын әңгімені қадірлейтін заман ғой. Бір самаурынды ортаға қойып, ақтарыла әңгімелесіп едік. Гагаринмен кездескенін айтты. Талай ғибратты сөзді айтып, арқа-жарқа болып қуанып қалдық. Мектепте жүргенде ойы да, бойы да озық ­болатын. Сол кездесуде бойы аласарып қалғандай көрінді. Онымды ашық айттым: «Бойың аласарып кеткен секілді» дедім. «Күләш, істеп жүрген жұмысым өте ауыр» деді Нұрекең сабырлы үнмен. Ол мектеп бітіре сала Магниткаға кеткен еді ғой. Иә, ол үлкен өмір жолына ауыр еңбек арқылы жетті. Білімімен ғана емес, маңдай терін тамшылата жүріп үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Оған мына біз, бала күннен бірге келе жатқан ­достары куәміз ғой.   

Мектеп бітіргеннен кейінгі бірінші кездесуіміз сол сияқты. Одан бері де талай жыл өтіп кетіпті ғой. Шүкір, қазір Едіге деген жігітті старостамыз қылып сайлап алғанбыз. Сол өзі хабарласып жүріп бір жарым, екі жылда бір басымызды қосып тұрады. Ол кездесуге арамыздағы құрметті адамымыз, сыныптасымыз Нұрекең де келіп қатысады. Біз, сыныптастар бас қосқанда көңілденіп қаламыз. Өткен-кеткенді әңгімелеп, ән айтамыз. Нұрекеңнің анасы Әлжан апа «Бүлдірген, қандай жақсы ойнап-күліп бір жүрген» деген әнді жақсы көріп айтып жүреді екен. Біз де «Бүлдіргенді», «Үшқоңырды», «Ақ бантикті» ­айтып, жастық шағымызды еске түсіреміз. Нұрекең мені көргенде «Күләш, ауылдың жағдайы қалай?» деп сұрайды. Ауылдың жағдайын айтсам мұқият тыңдайды, шешім қабылдайды. Нұрекең сыныптастарымен жиылған дастарқан басында ­отырып, «сендермен өткізген бір сағаттың өзі мен үшін үлкен демалыс» дейді риза көңілмен. Бүкіл ауылдың Нұрекеңмен мақтанатыны секілді, біз де, сыныптастары Нұрекеңнің балалық өмірінің бір естелігі болғанымызды айтып, мақтанып жүреміз. Бір-бірімізді сағына іздейміз. Көріскен сәттерімізде баяғыдағы жастық дәуренді еске алып, әнімізді айтып, мәз болып, жасарып қаламыз. Адамның жастығы жүрегінде, естеліктерінде екен ғой, балам. Әрі өмір қас пен көздің арасындай тым қысқа екен. Күні кеше ғана арманымыз асқар таудай, өзіміз кішкентай ғана бала едік. Көзді ашып-жұмғанша сексеннің сеңгіріне де келіп қалыппыз...

Шүкір, қазір Едіге деген жігітті старостамыз қылып сайлап алғанбыз. Сол өзі хабарласып жүріп бір жарым, екі жылда бір басымызды қосып тұрады. Ол кездесуге арамыздағы құрметті адамымыз, сыныптасымыз Нұрекең де келіп қатысады. Біз, сыныптастар бас қосқанда көңілденіп қаламыз. Өткен-кеткенді әңгімелеп, ән айтамыз. Нұрекеңнің анасы Әлжан апа «Бүлдірген, қандай жақсы ойнап-күліп бір жүрген» деген әнді жақсы көріп жүреді екен. Біз де «Бүлдіргенді», «Үшқоңырды», «Ақ бантикті» айтып, жастық шағымызды еске түсіреміз. Нұрекең мені көргенде «Ауылдың жағдайы қалай?» деп сұрайды. Ауылдың жағдайын айтсам мұқият тыңдайды, шешім қабылдайды. Нұрекең сыныптастарымен жиылған дастарқан басында отырып, «сендермен өткізген бір сағаттың өзі мен үшін үлкен демалыс» дейді риза көңілмен. Бүкіл ауылдың Нұрекеңмен мақтанатыны секілді, біз де, сыныптастары Нұрекеңнің балалық өмірінің бір естелігі болғанымызды айтып, мақтанып жүреміз. Бір-бірімізді сағына іздейміз. Көріскен сәттерімізде баяғыдағы жастық дәуренді еске алып, әнімізді айтып, мәз болып, жасарып қаламыз. Адамның жастығы жүрегінде, естеліктерінде екен ғой, балам. Әрі өмір қас пен көздің арасындай тым қысқа екен. Күні кеше ғана арманымыз асқар таудай, өзіміз кішкентай ғана бала едік. Көзді ашып-жұмғанша сексеннің сеңгіріне де келіп қалыппыз...

– Мектепте үздік оқыған боларсыз? 

– Иә, жақсы оқыдым. Қатты ­талаптандым. Ол кезде заман басқа еді. Жасыратын несі бар, әрқайсымыз материалдық тұрғыдан жұтаңдау едік қой. Иығымыздың бүтіндігіне шүкір етіп жүретінбіз. Интернаттың жатақханасында 30 шақты қыз жататынбыз. Интернатта асханамыз бар еді. Үш мезгіл тамақ ішеміз. Кезекшілік жасап, аспаздарға көмектесеміз, әр оқушыға тілдей қара нан үлестіреміз. Сол асханада компот жасайтын үлкен ыдыс бар. Кезекші болғанда әлгі ыдыстың қақпағын ашсаң, бетінде аппақ құрттар жүреді. Соларды ешкімге көрсетпей, білдірмей алып тастаймыз. Міне, сондай сусынды ішіп өстік. Нан мен судың қадірін біліп ержеттік. Рухани кедей болмасақ деп білімге қатты құмарттық. Жақсы оқығаным үшін тоғызыншы сыныпқа ауысқан жылы мектеп мені Мәскеуге жіберді. Ол кезде Мәскеуге бару – үлкен мәртебе болатын. Айналаңдағы жұрт қызыға, қызғана қарап, алыс сапарға тілеуіңді тілеп шығарып салатын, қол бұлғап қарсы алатын. Содан әйгілі Мәскеуге барып, қаланы аралап, барлық көрмелерді тамашалап, он күн қыдырып, елге оралдым. Бірінші қыркүйекте мектепке келсем, балалар: «Шамалғаннан біздің мектепке оқуға 7-8 бала келіпті» деп шулап жүр. Барлығы интернатқа орналасты. Арасында Нұрсұлтан да бар еді.

– Демек, бір сыныпта оқыдыңыздар.

– Олар «а» сыныбында, мен «б» ­сыныбында оқыдым. Бірақ сыныбымыз бір, бәріміз тоғыз оқимыз. Қыркүйекте оқуға бара сала, жаңа оқушылармен таныстық. Сөйлесіп, қайдан келгенін, сабақты қалай оқитынын біліп алдық. Арамыздағы ең зерегіміз Нұрекең еді. Сабақта да алғыр, озат, мектептен тыс жұмыстарда да белсенді болды. Барлығымызды ұйымдастырып, ­басымызды қосып жүретін. Сыныбымыз өте ұйымшыл еді. Нұрсұлтанның осы күнгі биіктерді бағындыруында бала кезінен бойында бар қасиеті үлкен рөл атқарған секілді. Ол бала кезінен көшбасшы, әділетшіл және білімқұмар болатын.

Ол өте білімді болды. Математиканы, тарихты ерекше жақсы ­кө­ретін. Ұйымдастырушылық ­қабі­леті де ерекше еді. Жоқтан бар ­жасап, тығырықтан шығар жол тауып ­жү­ретін. Қиындыққа мойымайтын. Мектепте абырой-беделі жоғары болды. Спортпен де шұғылданды. Би билегенді де ұнататын. Ол кездің адам­дары бір-біріне бауырмал болды ғой. Біз әркез бір-бірімізге көмек­тесуге дайын тұратынбыз. Сыныпта оқу үлгерімімізді көрсетіп тұратын тақта болатын. Сол тақтадағы мақ­таулы оқушылардың тізімінде Нұрсұл­тан­ның есімі тек бірінші болып тұратын. Иә, менің де есімім сол тақтадан түспейтін. Бір күні нашар баға алып қалдым. Сонда Нұрсұлтан қасыма келіп, «нашар оқуға болмайды» деп кеткен еді. Ой, сол кезде бетімнің ду ете қалып, қызарғанымды көрсеңіз.

«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демей ме, біздің қазақ. Өзі алғыр, өзі зерек, өзі білімді, өзі сері Нұрсұлтанға ауылдағы біраз қыз да, кейде Алматы­дан өндірістік тәжірибеден өтуге келген бойжеткендер де ғашық болып қалып жататын...

– Мектепті тамамдаған соң кімнің қайда кететіні туралы да арман­да­рыңызды айтып, ойларыңызбен бөліскен шығарсыздар?

– Магнитка ең үлкен армандары­мыздың бірі еді. Сондықтан  Маг­ниткаға барлығымыздың да барғымыз келді. «Магнитканың ­оттары», «Теміртаудың оттары» ­деген әндерді шырқап, би билейтінбіз. Барлығымыздың сол «Теміртауға барсақ» деген ниетіміз болды. Бірақ қазақтың қыздары үйден алысқа ұзап шығуға көп тәуекел етпедік. ­Аттестатты алған соң, оқуға түс­кеніміз түстік, түспегеніміз күйеу­ге шығып кеттік. Ал Нұрсұлтан Маг­ниткаға барып еңбек етті. Көп­теген қиын­дықтарға қарамай, аянбай тер төкті. Алла бағын көтерді, елге еңбегі сіңді...

Қазір байқап отырсам, Нұрсұлтан­ның бойындағы қасиеттерінің бар­лығы бала кезінен қалыптасқан екен ғой. Ол барлық мәселені жан-жақты ойлап, бірден қағып алып, үнемі ізденіп жүретін.

«Сыныптасыңыз өзгеріп кетпеді ме?» деген сұрақ тұр ғой, көкейіңде? Жоға, ол өзгерген емес. Адам ең таза шағы – балалығы бірге өткен адамына өзге мінез көрсете ме? Олай болуы мүмкін емес қой. Нұрекең Орталық Комитетте қызмет атқаруға кіріскенде қатарластарының атынан арнайы құттықтап бардым. Көмекшілері «Сізді қабылдауға уақыты жоқ, маңызды шаруалары бар, қабылдауына ертерек жазылу керек еді» десе де, «Бес минутқа кіріп, құттықтап шығамын» деп кірдім. Содан Нұрекең екеуміз қырық минуттан аса уақыт әңгімелесіппіз. Мені көре сала елдің жайын, ауылдың ахуалын, көзкөрген адамдардың халін сұрады. Арқа-жарқа әңгімелесіп қайттық.
Кейін Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда да бес-алты адам құттықтауға бардық. «Ауылды сағынып жүрмін. Мектепті 42 адам бітіріппіз. Солардың кейбіреуі арамызда жоқ» деп естелік айтқаны бар. Көбіміз мектепті қанша адам бітіргенімізді де ұмытып қалған екенбіз. Оның есінде әрқайсысымыз сақталыппыз.

– Өзіңіз қайда бет алдыңыз? Оқуды қай жерде жүріп оқыдыңыз.

– Мектепті бітіре сала екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін ҚазПИ-ге оқуға бардым. Емтиханды жақсы тапсырып, оқуға түстім. Бірден староста қылып сайлады. Биология-география факультетінде оқыдым. Бұл факультетке, шынымды айтсам, мұғалім боламын дегендіктен түспеп едім. Экспедицияларға шығамын, ғылыммен айналысамын деп ойлағанмын. Алайда тағдырдың жазуы басқа екен. Ағаң екеуміз шаңырақ құрған соң өз арманым мен ағаңның арманы бірігіп, ауылға бет түзедік.... 

Институтты бітірген кезде қазақ мектептерінің өте аз екендігіне көзіміз жетті. Кілең орыс мектебі. Амалдың жоқтығынан сол мектептерде 40 жыл орысша сабақ бердім ғой. Осы ауылдың жоғары жағында орналасқан Саңырау және мылқау балалар мектеп-интернатында 18 жыл қызмет еттім. 15 жыл директоры болдым.

Ташкентте үш айлық сурдо-аудар­ма­шылардың курсынан да өтіп келгенім бар.

– Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен бір сыныпта оқығандарыңызды мақтан ететініңізді айттыңыз ғой. Үлкен қызметтерге кіріскен сәттерде арнайы іздеп барып, сөйлестіңіздер ме? 

– «Сыныптасыңыз өзгеріп кетпеді ме?» деген сұрақ тұр ғой, көкейіңде? Жоға, ол өзгерген емес. Адам ең таза шағы – балалығы бірге өткен ­адамына өзге мінез көрсете ме? Олай болуы мүмкін емес қой. Нұрекең Орталық Комитетте қызмет атқаруға кіріскенде қатарластарының атынан арнайы құттықтап бардым. Көмекшілері: «Сізді қабылдауға уақыты жоқ, маңызды шаруалары бар, қабылдауына ертерек жазылу керек еді» десе де, «Бес минутқа кіріп, құттықтап шығамын» деп кірдім. ­Содан Нұрекең екеуміз қырық минуттан аса уақыт  әңгімелесіппіз. Мені көре сала елдің жайын, ауылдың ахуалын, көзкөрген адамдардың халін сұрады. Арқа-жарқа әңгімелесіп қайттық.

Кейін Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда да бес-алты адам құттықтауға бардық. «Ауылды сағынып жүрмін. Мектепті 42 адам бітіріппіз. Солардың кейбіреуі арамызда жоқ» деп естелік айтқаны бар. Көбіміз мектепті қанша адам бітіргенімізді де ұмытып қалған екенбіз. Оның есінде әрқайсысымыз сақталыппыз.

Ара-тұра кездесіп тұрамыз деп айттым ғой. Сонда бізге деген, ауылға деген ұлы сағынышымен, үлкен жүрегімен келеді Нұрекең. Ол сағыныш, ол махаббат жанарында жазулы тұрады. Оны сезбеу, байқамау мүмкін емес...

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

1256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы