• Cұхбаттар
  • 09 Желтоқсан, 2020

ДОМБЫРАНЫ ОНЛАЙН ҮЙРЕНІҢІЗ

Тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағы сапалы білім алып, білікті маман болуды ғана армандамайды. Қазіргі жастар өз алдына жұмыс істеп, «еліме не бере аламын?» деген сауалмен өзіне де, өзгеге де пайдалы іспен айналысқанды жөн көреді. Тәуелсіздік күні қарсаңында осындай ешкімге тәуелді емес, өз ісін жүргізіп, кәсібін дамытып отырған дарынды жас Батырбек Әділжанұлы Нокеевпен шағын сұхбат құрдық. Батырбектің жасы небәрі 23-те, бірақ шағын кәсіппен айналысып жүргеніне бес жылдың жүзі толған. Назарбаев университетінің математика мамандығын биыл тамамдаған ол QARSHYǴA ONLINE ACADEMY – Қазақстандағы тұңғыш домбыра аспабын тез және оңай үйрену әдісін ұсынатын онлайн-платформасын ашқан. Жас кәсіпкермен шағын сұхбатымызды оқырманға ұсынамыз.

– Батырбек, QARSHYǴA ONLINE ACADEMY платформасы қалай құрылды және «Қаршыға» аталу себебі неде?

– QARSHYǴA ONLINE ACADEMY платформасы Қазақстанның кез келген жерінен ыңғайлы уақытта музыкалық білімсіз домбыра аспабын меңгергісі келетін жандарға арналады. Қаршыға деген өте батыл құс бар, қазақтың домбырасы қаршығадай алысқа самғасын деген оймен қойдық. Қара домбырамыз Қазақстанда ғана емес, Еуропа, Америкада да танылғанын қалаймыз. Жалпы бұл идея – кішкентай кезімнен ішімде «пісіп» жүрді. Бала кезімде домбыра үйірмесіне қатысып, үйренгім келетін. Бірақ ауылдық жерде білікті мұғалім табу, сапалы білім алу қиын. Жоғары оқу орнын бітірген соң, сол бала кездегі арманымды жүзеге асыру үшін өз жобама қарай қадам жасай бастадым. Бүгінгі таңда салт-дәстүріміз, ұлттық аспаптарымыз ұмытылып бара жатқаны, өкінішті. Сол себептен қазақтың қара домбырасын дәріптеу мақсатында осы академияны ашып отырмыз.

– Аталған платформаның ерекше­лігі неде? Домбыра сабағын кім, қалай үйретеді?

– Біздің платформаның ерекшелігі – домбыраны онлайн үйрететінінде және бағасының қолжетімділігінде.  Мәселен, оффлайн домбыра үйренуге барсаңыз, аптасына 2-3 рет қана, кемінде 20 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін ақысын төлеп үйренесіз. Ал біздің онлайн платформада бір айлық курстың бағасы – 5000 теңге, үш айлық курс – 9000 теңге. Сонымен бірге біздегі сабақты кез келген уақытта, қалауыңызша қарап оқи аласыз. Яғни барлық сабақтар сайтта (www.qarshyga.online) сақталады.

Аталған онлайн академиямызды ашу жұмыстарына жарты жылдай уақыт жұмсадық. Барлық бейне сабақтарды алдын-ала түсіріп, монтаждап сайтқа жүктедік, дизайнын жасадық дегендей. Жалпы осы жобаның жүзеге асуына он шақты адам жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде, операторлар, видео-инженерлер, дизайнер, таргетолог, сату менеджерлер, офис менеджерлер, домбырашылар, барлығы бірігіп осы үлкен платформаны жасап отырмыз.

Домбыра үйрететін маманды да ұзақ уақыт іздедік, тіпті кастинг те жарияладық. Дегенмен, бір нәрсені түсіну керек, домбыраны ­тарта алу бар, ал түсіндіре алудың жөні бөлек. Сондықтан бізге өнердегі дом­бырашыларға қарағанда, педагог домбырашы қажет болды. Көптің ішінен таңдауымыз 20 жылдық тәжірибесі бар үздік домбырашы-­педагог Мәди Макажановқа түсті. Себебі бұл ­маман Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, Халықаралық конкурстардың ­лауреаты. Кез келген жастағы үйренушіге педагог ретінде түсіндіре алады.

Платформаның тағы бір ерекшелігі – сіз домбыраны кез келген жерде үйрене аласыз. Үйде де, сыртта да, табиғат аясында да дегендей. Ол үшін біз жүйемізге тек компьютер, ноутбук арқылы ғана емес, планшет, смартфон арқылы да үйрену жолдарын қарастырып қойдық. Ең бастысы, оңай әрі ыңғайлы.

– Үйренушілер қалай анықталады? Жас айырмашылығына немесе домбыра тарту деңгейіне мән беріле ме?

– Иә, әрине, біз үйренушілерді жас айырмашылығына емес, домбыраны білу тәжірибесіне қарай үш деңгейге бөлдік. Бастапқы деңгей – 60 бейнесабақ, ортаңғы деңгей – 90 бейнесабақ, жо­ғарғы деңгей – 120 бейнесабақтан тұрады. Қаты­сушылардың деңгейін бірнеше сұрақ қою арқылы анықтаймыз. Қатысушылардың көбі домбыра таңдау мәселесін алға тартып жатады. Бастапқы деңгейді бастағанда біз қымбат домбыра керек емес деп айтамыз. Ары қарай сапалы, жақсы домбыра таңдауына да көмектесеміз. ­Сонымен бірге Жетісу мектебі, Арқалық мектебі деген сияқты, 7-8 домбыра мектебі бар. Біздің формат барлық мектепке сай келетіндей жасалған. Болашақта біз күймен шектелмей, музыкаларды да ­саламыз. Жоспар көп. Қобыз, жетіген, саз сырнай сияқты қазақтың барлық ұлттық аспаптарын қосамыз. Сонымен бірге мобильді қосымшасын да жасаймыз.

– Онлайн домбыра үйрету тек қазақ тілінде жүзеге асырылып жатыр ма?

– Иә, негізі аудиториямыз қазақтілді орта болғандықтан алдымен қазақша жасадық. Сабақтың барлығы қазақ тілінде жүреді. Дегенмен, қазір сұраныс өте жоғары, алдағы бір айдың ішінде орыс және ағылшын тілінде сабақ жүргіземіз. Өйткені орыстілді азаматтар мен шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Біз жобаны жүзеге асырар алдында, АҚШ-тан сарапшылар шақырдық. Олар біздің кәсібіміздің барлық жайын тексеріп шықты. «Қаншама потенциалды клиент ­болуы мүмкін? деген сияқты болжамды тексерді.

– Онлайн курсқа қатысушылар 6-60 жас аралығы екен. Ең қызығы да сол, 6 жастағы бала мен 60 жастағы үлкен адам онлайн дәрісті қаншалықты игеріп жатыр?

– Расында, бала мен қарт адамға үйретудің өз қиындығы бар. Әсіресе онлайн үйретудің орны бөлек. Бұған дейін көпшілігіміз онлайн деген нәрсеге дайын болмадық, мұны жасыра алмаймыз. Қазіргі таңда әлемді шарпыған пандемияның салдарынан халықтың басым көпшілігі онлайн жұмысты, білім алуды, қызмет ету мен қызмет алуды қабылдап қалды. Ал біздің академиядағы балалар мен үлкендер онлайн сабақты игеріп жатыр деп айта аламын. Домбыра үйренудегі ең маңызды мәселе – қағысты дұрыс үйрену. Біз осылай негіздің дұрыс қаланғанын қадағалаймыз. Домбыра үйренушілермен байланыс орнатып, барынша толық игеруіне жағдай жасап отырмыз. Ең бастысы, нәтиже жаман емес, ризашылығын білдіріп, алғыс айтып жатқандар көп.

– Тәуелсіз елдің өзіңіз сияқты жастарына не айтар едіңіз?

– Менің замандастарым өте бақытты деп ойлаймын. Біз бейбіт те берекелі елде алаңсыз білім алып, қалаған кәсібімізбен айналыса аламыз. Тек ынта мен жігер болса болғаны. Қазіргі жастарға керегі жақсы тәрбие мен сапалы білім ғана. Осы екі нәрсе болса, қалған дүниені өзіміз де жасап алуға мүмкіндігіміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1810 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы