• Cұхбаттар
  • 09 Желтоқсан, 2020

Бағжан ҚҰДАБАЕВ: ОТЫЗ ЖЫЛДА МЫҢНАН АСА ОТА ЖАСАДЫМ

Әлемді індет жайлағалы дәрігер­лердің жауапкершілігі арта түсті. Бұрын да ­абзал жан деп ардақталатын дәрігерлердің шалғайдағы аудан, ауылдарда жетіспейтіндігі де айтылып жүр. Әсіресе мейірбике аталатын кіші медицина мамандарының тапшылығы белгілі болды. Осы орайда Талғар медицина колледжінің директоры әрі Талғар аудандық мәслихатының ­депутатты Бағжан Әкімбайұлы Құдабаевқа жолығып сұхбаттасқан едік.

– Өзіңіз басқарып отырған кол­­ледждің тарихына қысқаша тоқ­талсаңыз.

– Біздің колледж алғаш 1937 жылы мейірбикелер мектебі ­болып ашылған. 1941 жылы соғыс басталғанда мектептің мұғалімдері мен студенттерін соғысқа дәрігер ретінде жіберіп, мектеп жабылып қалған. Соғыс бітіп, ел есін жиған соң 1956 жылы медициналық училище болып қайта ашылады. 1994 жылы сол кездегі училище ди­ректорының ұсынысымен колледж болып қайта құрылады. Биыл жоғары медициналық колледж деген мәртебе алдық. Бұл біздің материалдық, зертханалық базамыздың заман талабына сай болуына байланысты берілген баға деп білемін.

– Қазіргі таңда шалғайдағы аудан, ауыл емханалары тұрмақ, қалалардағы ауруханаларда кіші ­медицина ­мамандары жетпейді. ­Жылына қанша мамандық бойынша маман ­дайындап отырсыздар?

– Төрт мамандық оқытылады: мейірбике, фельдшер-акушер, фармацевт және лаборант. Осы мамандықтарда жыл сайын 350-400 маманды дайындап шығарамыз. Студенттер 9 және 11-сыныптан кейін келеді. Қазіргі таңда 1000 студент білім алса, соның 450-і грантта. 14 студент, асыраушысы жоқ балалар жатақханада тегін орналасып, тегін оқиды. Мұны колледждің өз қаражаты есебінен, педагогикалық кеңестің шешімімен жүзеге асырып отырмыз.

– Студенттердің білім сапасы оқытушылардың құрамына және олардың санаттарына байланыс­ты екені белгілі. Колледждің материал­дық-техникалық базасы қандай?

– Колледжде 90 оқытушы бар. Солардың 3-і ғылым кандидаты, 12-сі магистр, 40 мұғалім жоғары санатты, қалғандары бакалавр. Шалғайдағы аудан, ауыл балалары үшін 250 орындық жатақханамыз бар. Жабық, жылы спорт залымызда студенттер спорттың бірнеше түрімен айналысады. Күн жылы кезде футбол ойнайтын, газондалған алаңымыз да бар. Денсаулық сақтау саласы мамандарының денсаулығы жақсы болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында салауатты өмір салтын ұстануды, бұқаралық спортты дамытуды үнемі айтады, біз соны қолдаймыз.

Бұдан бөлек колледжімізде асханамыз, зертханамыз бар. Лаборант мамандығындағы студенттер зертханада тәжірибе жасап үйренеді. Облыстық емхананың дәрі жасайтын заманауи зертханасымен де келісімшартқа отырғанбыз, студенттер сол жерде де тәжірибе алады.

– Сөз арасында толғандырып жүрген мәселелер бар дедіңіз, соған тоқталсаңыз.

– Пандемия басталғалы студент­теріміз сабаққа келе алмай қалды. Біз де өзге оқу орындары секілді онлайн оқытып жатырмыз. Негізі санитарлық талаптарды сақтай отырып, бұрынғы дәстүрлі форматта оқытуымыз керек еді. Студенттеріміз болашақ мейірбике ғой, қазір оларды емханалардан өндірістік тәжірибеден өткізуге де рұқсат бермей отыр. Осы жағдай олардың біліктілік сапасына кері әсер ете ме деп алаңдаймын. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі­нің кезінде әр облыстағы осындай медициналық колледждер жанынан реаблитациялық орталықтар салу жоспарланған. Сонда болашақ мейірбикелер созылмалы, күрделі ауруларды бір ай, екі ай емдеп, ­ауруынан айықтыратын еді. Осы ұсы­нысымыз аяқсыз қала ма деген қауіп бар.

– Талғар ауданы бойынша екі шақырылымда аудандық мәслихат депутатысыз, жалпы аудан халқының денсаулығын қалай бағалайсыз?

– Медицинада халықтың ден­саулығы күрделі созылмалы құрт ауруы, обыр секілді дерттердің аз немесе көптігімен, бала және аналар өлімінің деңгейімен бағаланады. Бұл ретте Талғар – Алматының түбінде тиіп тұрған соң күрделі ауруларды Алматыдағы ана мен бала орталығына жолдамамен жіберіп, емдетіп жатады. Ауданда мал шаруашылығымен қосымша бау-бақшалық та жақсы дамыған. Шағын өндіріс орындары да жұмыс істейді. Талғар ауданының әлеуметтік жағдайы алыс аудандарға қарағанда тәуір. Әлеуметтік жағдайы дұрыс адамның денсаулығы да дұрыс болады. Тек бір әттеген-айы, аудан орталығында жаңадан салынған ­заманауи емхана бар еді, соны бизнестік басқаруға бергелі жатыр. Былайша айтқанда саудаға түскелі отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені ол мемлекет қаржысына салынған емхана, сондықтан халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс. Ол жекеменшік басқаруға өткен соң науқастарға тегін қызмет көрсетпейтіні белгілі.

– Сіздің қызмет жолыңызға қарап отырсақ, дәрігерлік тәжірибеңіз 30 жылға жуықтапты. Алматы облысы аумағындағы күрделі оталарға әлі шақыртады екен. Өзіңіз осы жылдар ішінде қанша ота жасадыңыз?

– 1992 жылы С.Асфендияров атындағы медициналық универси­теттің емдеу ісі факультетін бітірдім. Содан бастап Алматы облыстық емханасында қызмет еттім. Ол жерде біз алдымызға келген науқастың бәрін емдедік. Біреу күйіп келеді, күйігінің деңгейін анықтап, ем-шара белгілейміз. Келесі науқас сынықпен түседі, сынығын орнына келтіріп, гипстейміз. Сөйтіп жүріп, дәрігерлердің біліктілігін арттыратын ғылыми-зерттеу институтында қосымша оқып, 1996 жылы нейро-хирург мамандығын алып шықтым. Сол емханада 2010 жылға дейін қызмет еттім. Бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқардым. Ол жерде жүрек пен бүйректің отасына ғана қатысқаным жоқ, қалған ағзалардың бәріне ота жасадым. Кейін облыстық балалар шипажайын басқардым. Енді мына қызметте отырсам да Алматы облысы бойынша штаттан тыс нейрохирург болып, алыс аудандарға санитарлық авиациямен барып, күрделі оталарға қатысып жүрмін. Жалпы отыз жылға жуық тәжірибемде мыңнан аса ота жасадым.

– Әңгімеңізге рақмет, жұмыста­рыңызға табыс тілейміз!

 Сұхбаттасқан

Нұрболат Абайұлы

 

2185 рет

көрсетілді

240

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы