• Cұхбаттар
  • 09 Желтоқсан, 2020

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, журналист-жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: АЛМАТЫҒА ДОП ПЕН ДОМБЫРА ҰСТАП КЕЛГЕНМІН...

Журналист Несіп Жүнісбайұлының аты аталғанда көз алдымызға Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем чемпионатының сайыпқыран спортшылары, спортта аты көпке мәлім кілең аңыз адамдардың салтанатты көші елестейді. Оның себебі – қазақ журналистикасында спортшылар портреті мен спорт әлемінің панорамасын дәл Несағаңдай салған адам сирек-ау, сірә! Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындары аясында Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) он және одан да көп Олимпиада ойындарына барып, төртжылдық додаларды насихаттауда сүбелі еңбек сіңірген бірқатар елдің спорт журналистерін марапаттағанда, сол қатардан Сейдахмет Бердіқұловтың төл шәкірті Н.Жүнісбайұлының көрінуі заңды да еді. Бұл Олимпиадада жеңімпаз спортшыларды қалай құрметтесе, спорт тілшілерін де солай құрметтеу ерекше сый, мәртебелі марапат болатын. Бұл – Н.Жүнісбайұлының спортшылар еңбегін, арманын, мақсатын, өсер жолын көрсеткен шығармашылығының басты бір белесі болар.
Иә, оқырманы біледі, Несағаң спорт тақырыбынан өзге өнер, әсіресе дәстүрлі өнер саласын да бүге-шігесіне дейін зерттеп, көркемдіктің құпиясына бойлап жүрген қаламгер. «Ана тілінің» бүгінгі кейіпкері – қаламгерлік аспанында өнер мен спорт тақырыбын қос қанат қылып самғаған Несіп Жүнісбайұлы.

– Журналистикаға спорт тақырыбын жазамын деп келдіңіз бе? Әлде жол нұсқа­ған, жөн сілтеген ұстаздар бар ма еді?

– Спорт журналисі боламын-ау деп ойламаған адам екенмін. Бала күнімнен өнерге қатты қызықтым. Ән-күйді ерекше ын­тызарлықпен сүйдім, сол ынтызарлық же­тегінде жүріп домбыра үйрене бастадым. Ол уақытта ауыл кеші шынымен де көңіл­ді еді. Ауыл-ауылға сонау Алматыдан да небір үздік өнерпаздар концерт қоюға келеді.

Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы Көпбірлік деген балықшы ауылда өстім. Қаратал өзенінің Балқаш көліне құятын сағасындағы елді мекен. Талдықорғаннан, одан соң Үштөбеден бұрылған жол біздің ауылға келіп тірелетін. Ары қарай жол жоқ. Жан-жағымызды өзге ауылдармен байланыстырған даңғылды да байқамайсыз. Сол бір ғана жолмен ауылға келесіз, ауылдан қайтасыз. Ол жолдың өзі алтын құмға көміліп жатады. Осы күні шағыл құм ваннасын іздейтін адам көп қой, біздің өлкеге барса, ол сусыған алтын ен – тегін шашылып ­жатыр. Міне, сол жұмсақ құмы әрі көркі, әрі кедергісі болған ауылымызға бастайтын жалғыз ғана жолмен небір өнер адамдары келіп, таңғажайып өнер кешін өткізетін. Ләззат Сүйіндікова, Дәнеш Рақышев сынды әншілердің әнін бала күннен естіп, жүрекке сіңіріп өстік. Қуандық Шаң­ғытбаев сынды ақын ағаларымыз да кездесуге келетін. Ол кезде тапжылмай өлең тыңдаймыз, дәмді әңгімеге құлақ қоямыз.

Кейін мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Домбыра, баян, гармон тарттым. Өлеңдер оқыдым. «Өнерпаз боламын» деген бір ой ұдайы бүйірімнен түрткілеп тұратын. Ауылда Рақымберлі деген аталас ағаларымыздың бірі жақсы домбырашы еді. Сол кісіге барып жүріп, домбыра үйрендім. Ағам киномеханик болатын. Концерт қоюға келген қонақтарды кейде біздің үйге әкеліп күтетін. Ол кезде әнші-күйшілердің қасынан, тіпті үйіріліп шықпаймыз. Осылайша, сегізінші сыныптың аяғына дейін «өнерпаз, домбырашы болатын шығармын, консерваторияға барамын» деп жүрдім.

Бір түйір орысы жоқ таза қазақ ­ауылымыз ғой. Иә, аздаған неміс бар еді, олардың балаларының өзі бізбен бірге мектепке барып, нағыз қазақ болып кеткен оқушылар болатын. Сегізінші сыныптың аяғына қарай мектебімізге орыс тілінен сабақ беретін Сәкен Торшин деген бір мұғалім келді. Өзі спортты қатты сүйеді екен. Отанаман Жантеміров деген ән-күйден беретін ағайымыз да спорттан құралақан емес болып шықты. Екеуі бірге ауылда спортты насихаттай бастады. Бірде ауылдағы дүкенімізге үстел теннисінің ракеткасы мен шары келе қалғаны. Бағасы – 9 рубль. Әжептәуір ақша. Мен үйдегі тоғыз баланың кенжесімін. Қыңқылдап жүріп әке-шешемнен ақша сұрап алып, әлгі теннистің керек-жарағын сатып алдым. Оны бірден Сәкен Торшин ағайға алып бардым. Ол кісі керек болмай қалған ескі тақтаны жұлып алып, астына ашамай аяқ орындық қойып, теннис ойнауға кірістік. Қарасам, өте қызық ойын... Сөздің қыс­қасы, оныншы сыныпты бітіргенге дейін үстел теннисінен чемпион болып шықтым.

Мектепті жақсы оқыдым. Онды бітір­генде үшім жоқ еді, төртім аздау, бесім көптеу болатын. Қазақтың барлық ­жоспары, ойы, мәселесі дастарқан басында айтылады ғой. Оқуды аяқтаған соң, кешкілік шай ішіп отырғанда әкем: «Ал, балам, оқуыңды бітірдің, енді не істемек ойың бар?» деп сұрады. Талдықорғанды аттап өтіп: «Алматыға оқуға барамын» дедім. «Арманыңа жет. Қандай оқуға барасың?» деп сұрады әкем. «Дене тәрбиесі институтында оқимын» дедім сенімді түрде. Әкеміз балықшы, көп сөйлемейтін адам еді. Әкем де, шешем де оқымаған адамдар, менің жақсы оқуыма іштей сүйсініп жүретін болуы керек: «Осынша жақсы оқып, доптың оқуына барайын деген екенсің ғой» деді. Мен, әрине, өз ойымда қалдым. Сонымен, колхоздың көкірегі сырылдаған алты дөңгелекті ЗИЛ-ына мініп алып, таза ауа мен шаңды қоса жұтып, Үштөбеге жеттім де поезға отырып Алматыға тарттым. Дене тәрбиесі институтына құжат тапсырдым. Ең бірінші үстел теннисін ойнадық. Одан үш алдым. Емтихан алып жүрген бір мұғалім: «Бала, аттестатыңды көріп қалдым. Үшің жоқ, төртің сирек екен. Бізге оқуға түсе алмайсың. Үш-ақ орын бар. 17 спорт шебері, спорт шеберлігіне кандидаттар оқуға құжат тапсырып, дайын отыр. Күннің жарығында құжаттарыңды алып, Алматыдағы әлі де түлектерді қабылдап үлгермеген оқу орнын тауып, оқуға түсіп ал» деді. Үлкен кісінің сөзін тыңдадым. Құжатымды алып, іздестірсем, барлық оқу орнының қабылдау мерзімі аяқталып кетіпті. Тек қана консерваторияда театр өнері факультеті бір ай емтихан алады, бір ай емтихан ала жүріп бала оқытады екен. Өнерді бала күнімнен сүйіп өскенім бар, көп ойланбастан құжат тапсырдым. Атақты Хадиша Бөкеева апамыз күнде емтихан алады, күнде тапсырма береді. Бәрінен жақсы өтіп келе жатыр едім. Ауылдың баласымыз ғой, адасып жүріп, бірде сабаққа 15 минут кешігіп қалдым. Хадиша апай өте қатал ұстаз. «Әлден сабақтан кешігетін болсаңдар, сендерден түк шықпайды. Есікті сыртынан жабыңдар» деп, бір ­досым екеумізді кіргізбей қойды. Амал жоқ, кетуге тура келді. Әке-шешем берген 300 рубльден 170 рубль қалыпты. Соған бір баян сатып алып, ауылға тарттым. Ауылға келген соң әскерге кеттім. Әскерде жүріп үйге, достарыма, қыздарға хат жаздым. Хат жазуыма қарасам, жаман емес сияқты. Екі жыл жүріп әскерден келген соң, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне бардым. Ол кезде журналистика факультетіне мақалаң болмаса емтихан да тапсыра алмайсың. Соны естіп алған соң, алдын ала спорт тақырыбында бірнеше мақала жазып, газеттерге жібергенмін. Соны ала бардым. Екі жыл әскерде жүрген адамда қандай білім қалсын? Бәрін үшке тапсырдым. Ол кезде екі жыл жұмыс істегендер мен әскерге барғандар бірінші кезекте өтетін. Сол тізімнің ең соңынан, 29-шы болып өттім. Одан әрі қарай мектептен келгендерді алыпты. Деканымыз Тауман Амандосов ағайымыз: «Емтиханды нашар тапсырыпсың, саған стипендия жоқ. Алыстан келген екенсің, жатақхана береміз» деді. «Жатақхана берсеңіз болды. Стипендияны оқуыммен жеңіп аламын» дедім мен. Кейін сессияны жақсы тапсырып, жоғары стипендия алдым. ҚазҰУ-ды қызыл дипломға бітіріп шықтым. Арасында бос жүрмедім. Университеттен жазғыш болып шықтым деп айта алмаймын. Университет өзіңді-өзің тануға, болашақ істерге қайрап салуға жол ашатын мүмкіндік қой. Бірінші курстан «Лениншіл жасқа» барып, хабар жаздым. Жарылқап Бейсенбай, Эрнест Төреханов, Орысбай Әбілдаев деген ағаларымыздың тапсырмаларын орындадым. Үлкен ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов жазғандарымды бақылап жүреді екен. Бесінші курсты аяқтайтын жылы ҚазҰУ-ға хат беріп қойыпты. Ол кезде оқуды аяқтай сала жұмысқа жолдамамен кетесің. Арнайы хат жазбаса Алматыда қала алмайсың. Сол хаттың негізінде, бесінші курс оқып жүргенде 1975 жылдың 9 қаңтарында Ерғали Сағатов екеуміз бір бұйрықпен, бір күнде жұмысқа алындық.

Сейдағаң екі-үш айдан кейін спорт бөлі­міне тілші қылып ауыстырды. Содан «Лениншіл жаста» тапжылмай 16 жыл қызмет істеппін. «Қайрат» пен «Пах­такор­дың» шайқасынан қалмай­тынбыз. Ол кезде «Буревестник» деген ерлер ­волейбол командасы бар. Еуропаның чемпионы болды, Еуропа Кубогын алды. Қыздардың АДК волейбол командасы болды. Атақты Медеуіміз бар. Жарыстарды көреміз. Сол жарыстар туралы жазамыз. Спортқа деген махаббат сегізінші сыныптың аяғында оянса, спортты жазуға деген құлшыныс «Лениншіл жастың» қабырғасында жүргенде басталды. Осы басылымда жүріп спорт журналисі болуым керек екенін түсіндім.

1980 жылы С.Бердіқұлов Мәскеу олимпиадасына алып барды. Ең алғаш спорт додасының үлкен дастарқанының бір шетіне жайғастым. Жанкүйерлер өтіп жатқан жарысты ғана көреді ғой. Жеңді, жеңілді... Ал Олимпиада деген, қазақша айтсақ, үлкен әрі сән-салтанаты жарасқан көш екен. Етегінен жел кеулеп небір мықтылар келеді. Таудай арманы әп-сәтте үгітіліп түскен спортшылардың да жан ар­палысын өз көзіңмен көресің, жүрегің­мен сезінесің. Жеңді, жеңілді деген сәтке дейінгі сансыз сезім, шүмектеп аққан тер, тозған жүйке – бәрі-бәріне куә бола­сың... Бұл спорт журналисінің қаламына құйылған сия іспетті.

1982 жылы футболдан Испания чемпионатына бардым. Осылайша, спорт журналистикасына біте-қайнасып кеттім. Ауылдан Алматыға бір қолыма доп, бір қолыма домбыра ұстап келген бала едім. Допты мықтап ұстап қалдым, домбыраны төрге ілдім. Көңілдің кейбір сәттерінде оны да қолға аламын. 1991 жылы республикадағы жалғыз спорт басылымына бас редакторлық қызметке шақырды. 2014 жылы зейнетке шыққанша сол газетте қызмет еттім...

– «Журналистер ұстаханасы» атанған «Лениншіл жас» газетінің ұжымында еңбек еткен жылдар неге үйретті? Қандай ұстаз, әріптес, дос таптыңыз?

– «Лениншіл жас» өзіңді-өзің тануға, сынауға, өзіңді-өзің байқауға жол ашқан ұстахана болды. Ол жастар газеті болғанымен, кез келген қаламгер, жазушы, журналист «Лениншіл жасқа» шығуды армандайтын. Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, кейіннен Сағат Әшімбаев, Жарылқап Бейсенбаев, Сейітқазы Досымов, Аян Нысаналин, Әшірбек Көпішев сынды нағыз мықтылар жүретін жер еді. Солардың қатарында жүрудің өзі үлкен жауапкершілік. Бірге қызмет істемесем де Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза сынды бас редакторлар тәлімінің өзі үлкен мектеп болатын. Иә, журналистикадағы ұстазым Сейдағаң деп есептеймін. Жамбыл «Менің пірім Сүйінбай» десе, мен «Менің пірім Сейдағаң» деп жүремін. Ол сол қолымен, қара сиямен жазатын. Материалыңды үнсіз оқиды. Тәуірлеу болса жымиып күледі. ­Нашарлау болса түсі суып кетеді. Жаратқан материалды «дұрыс» деп бір ауыз сөзбен тұжыратын. Тақырыбын қарайды да сол қолымен сыза салып, өзі қайта жазып береді. Кабинетінде қарай алмайсың, ұят. Шыға сала тақырыпқа үңілесің... 1979 жыл ғой деймін, Серік Қонақбаев ­Еуропа чемпионы болды. Бірінші рет барды, барды да жеңіс туын желбіретті. Сол ­туралы очерк жазып келдім. Очеркті оқып отырған Сейдағаңның жымиысы көбейді. Қуанып отырмын. Оқып болғаннан кейін тақырыпты сызып тастады да, өзі жазып қолыма ұстатты. «Нөмірге салыңдар» деді. Шыға сала тақырыпқа қарасам: «Барды. Көрді. Жеңді!» деп жазыпты. Қазақстанға Шыңғыс Айтматов келгенде редакцияда кездесу ұйымдастырдық. Сейдағаңдар, әдебиет бөліміндегі Өтеген Оралбаев бар, ұжымда үлкен басқосу өтті. Кейін газеттің айқара бетіне материал шықты. Тақырып: «Адамзаттың Айтматовы»... Қандай ғажап тақырып!

Міне, осындай ұлы ұстазға талантсыз шәкірт болу қылмыс шығар. Осы ұжымда 16 жыл қызмет еткеніме ұдайы шүкірлік айтамын.

– Он Олимпиадаға, футболдан бес әлем чемпионатына журналист ретінде барып, әлемнің әр бұрышынан елдің таңдайын қақтырған ғажап репортаж, мақала, кітап жаздыңыз. Табаныңыз тиген елдегі спорт ­додасын ғана емес, сол жұрттың салт-санасын, дәстүрін, ұстанымын елге таныстырдыңыз. Ол материалдар легін оқырман қалай қабылдады?

– Жалпы әлемдік додаларға бару ­жолын бастаған адам – Сейдағаң болатын. Ол КСРО саяхатшыларының қатарында футболдан Англиядағы, Мексикадағы әлем чемпионатына барып келді. Ал мен ол жарыстарға журналист ретінде баруды бастадым. Барған алғашқы Олимпиадам – Мәскеу жарысы еді. Жақсылық Үшкемпіров чемпион болды, Серік Қонақбаев екінші орын алды. Быков, ­Рязанцев жүлде алды. 1982 жылы ­Испанияда өткен футбол чемпионатына бардым.

Оңай ештеңе болған жоқ... Жалпы ол кезде қазіргідей екінің бірі шет тілін біле бермейді. КСРО құрамындағы журналис­терге бір-ақ аудармашы беріледі, бәріміз соның аузына қараймыз. Ал жас журналиске­ шетелде жүріп, керек дүниелерді таба алуы да қиын. Журналистердің баспасөз орталықтары болады. Жеті тілде ақпарат басылып шығады. Оның ішінде орыс тілі жоқ. Керек дүниелерді ақылыңмен өзің тауып аласың.

Мысалы, Испанияға барған сапарымда оның қандай ел екенін біліп ­келуге ­тырыстым. Испандарды тану үшін екі нәрсе керек екен. «Испанияға келіп тұрып, Андалузияны көрмесең, Испанияға келдім деуің бекер!» дейді олар. Андалузия Испанияның оңтүстік жағы екен. Мұхиттың жағалауындағы, қазақтың даласы секілді ұшы-қиыры жоқ алап. Екінші, Испанияға келіп тұрып корриданы көрмеген адам испанның жанын да, арманын да, ішкі құпияларын да түсінбейді екен. Сол корридасына да бардық. Біз секілді ауылдан келген, малдың арасында өскен адамға бір қойылымда алты бірдей асыл тұқымды бұқаның өлгенін көру – ауыр әсер етті. Матадор өлген бұқаның құ­лағын кесіп алып, бірінші қатарда отыр­ған патшайымдарға лақтырып жібереді екен. Бұл оның ақсүйектерге көрсеткен құрметі болса керек. «Әр елдің салты басқа»...

Кейінгі чемпионаттар да әсерлі болды. Мексикада 1986 жылы өткен чемпионатта Марадонаны қол созым жерден көрдім. Шүмектеп терлеп отырған кездегі отты жанарын байқадым. Әлемнің ең үздік футболшысын қол созымнан көрген қазақ мен деп мақтансам да артық емес!

Осының бәрі адамды шыңдайды. ­Жаман жазуға хақың жоғын түсінесің. «Мек­си­кадағы футбол тойы» деген кітабыма қаншама адам жылы пікір айтты. Мұның барлығы адамға бір жағынан қанат бітірсе, екінші жағынан, жауапкершілік жүгін ауырлатады. Ақыры осы салада жүрмін ғой деп кейінірек Дене тәрбиесі институтын сырттай бітіріп алдым. Ол екінші білім алуға қызығу емес. Спортты тереңірек біл­сем, оның құпиясын, ережелерін түсінсем дедім.

– Спорт тақырыбында толғап жаздыңыз, арнайы газеттің бас редакторы болдыңыз. Осы сала тұлғалары, спорт тақырыбы ­туралы жазғанда бүгінгі әріптестеріңіз нені қаперге алуы керек, сол жағын да айтып берсеңіз.

– Журналистикадағы мамандану ­деген бағытты қолдаймын. Шеберліктің нағыз шыңына шығамын деген адам маманданғаны дұрыс. Кейде жас журна­листеріміздің спорт саласындағы қара­пайым дүниені білмейтіні жаныңа батады. Өзі репортаж жүргізіп отырған спорт түрінің ережелерін де білмейтіндер кездеседі. Спорт саласындағы інілеріміздің өтінішін жерге тастамай, спорт репортаждарын жүргізетін жігіттердің сөз саптауы­на, спортты қаншама жетік білетініне байланысты талдау тобында бармын. Репортаждарды тыңдаймын, қате сөздерді теріп алып айтамын, сыни ескертпелер жазып жіберемін. Кейбір репортаждарды тыңдағанда ұялып қаласың. Өйткені бүгінгі жастар спорт тақырыбын көшедегі әңгіме секілді қылып жіберген. Иә, бүгінгі журналистика біздің кезіміздегі жүрегінің қанымен жазатын журналистикадан өзгеше. Бүгінгі таңда мөлдіретіп жазу емес, ақпаратты тез беру бағаланатын болып алды. Интернетке жүгіну, сөйлемнің мән-маңызына бойламау, әйтеуір тезірек айтып жіберуге тырысу мінезі басым. Бұл журналистиканың барлық саласына тән сипат болып отыр. Болашақ журналистика қандай болады деп қауіппен қарайтын кезеңге жеттік. Тұшынып оқитын журналистикадан айырылып қаламыз-ау деп қорқамын.

– Спорт тақырыбын ғана емес, өнер, ­руханият мәселелерін де шебер тілмен толғап, оқырманға біраз шығарма ұсындыңыз. ­Сонда да әдебиет, руханият мәселесінде көп шығарма әлі жазылмай қалғандай көрінеді. Себебі не?

– Сейдағаң секілді ұлы ұстазымның қолыма ұстатқан жолдамасына адал болып, осы тақырыпты көп қаузадым. Ал өнерді жас кезімде ұнаттым, кейін көп зерттедім. Өнерді зерттеуім спортты зерттеуімнен кем емес-ау. Жас күнімізде дос-жаранның көпшілігі өнерде жүрген жандар еді. Қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәрменовпен дос болдық, қатар жүрдік. Қайрат Байбосынов секілді қазақ әнінің биігі болған азаматпен отбасымызбен араласқан дос болдық. Өнердің майталманы болып келе жатқан Рамазан Стамғазиев, Дәуренбек Әркенов сынды азаматтардың өнерін қалам тілінде сөйлетуге тырыстық. Ақселеу ағамыздың ақберен өнерін жазған кітаптарынан ғана емес, шығарған әндері арқылы да талдауға болады. Оның «Сарыарқасы» мен «Дәурен-айы» терең зерттеуді қалап тұрған әндер деп айта аламын. Өзімнің де жазу ойымда бар. «Сарыарқа» қазақтың халық композиторлары атанған Ақан, Біржан, Әсет әндерінен бірде-бір кем емес.

Әдебиеттің үлкен айдынына шығамыз деп біраз нәрсе жазған болдық. Иә, көп мойын бұра алмадық. Спорт газетіне ­редактор болған соң, 1991 жылы «Намыс» деген ұлттық футбол клубын құрамын деп жүгірдім. Газетті шығару да оңай болмады. Нарық заманында газет-журналдар таралымы кеміп, ақшасы азая бастады. Газет жабылып қалмасын деп алаңдадық.

Тәуелсіз елдің олимпиадашыларын дәріптеймін деп орысша бес кітап жаздым. Отыз жыл шығармашылық ғұмырымды осы сөз болған он Олимпиада алды. ­Қа­лам­ның қазақша жүретін кезеңдерінің бәрі соған құрбан болды. Кітаптарымды оқыған адам жанымды түсінеді деп ойлаймын. Бүгінде бес томдық кітабымды дайындап қойдым.

1990 жылдардың аяғына қарай «Жердің жарығы» деген роман бастаған едім. Бас кейіпкері – балуан Әбілсейіт Айханов. Сол романымның бірінші кітабын аяқтағанмын. Екінші кітабын бастап едім, соның соңына жете алмай жүрмін. Құдай ғұмыр беріп аяқтай алсам, әдеби дүниемнің орны толады ғой деп үміттенемін.

– Қазақ журналистикасында аты әйгілі тұлғаларға шәкірт, әріптес болдыңыз, қаламды серік етіп талай елді шарладыңыз, өзіңіз де шәкірт тәрбиеледіңіз... Сіздің жүріп өткен жолға қызығатындар көп шығар. Сіз ше, сіз кімнің еңбегіне сүйініп, ұстанымына риза боласыз?

– Үлгі тұтатын адамым әдебиет пен журналистикада жетерлік. Елдің бәрі секілді Мұхтар Әуезовтен бастамай-ақ қояйын. Ол кісіні барлығымыз ұстаз тұтып өстік қой. Жеке өзім Сәкен Жүнісов ағамызды керемет құрметтедім. Софы Сматаевты жақсы көрдім. Сондай әдебиетшілермен таныс болғаныма, батасын алып, ыстық алақаны маңдайымнан сипағанына ризамын. Руханият дүниесінде қазақтың ақындарының бәрін оқыдық. Ақселеу Сейдімбековтей ағамыздың әдеби-танымдық дүниелерін бір қарамай отыра алмаймыз. Журналистикада алдымыздағы ағаларымыздың бәрі ұстаздарымыз. Аудиторияда сабақ бермегенімен, жазуларымен үйретті. Тікелей ұстазым – Сейдағаң. Ол кісінің төл шәкірті болдым. Алғысын да алдым, таяғын да жедім. Ол маған спорт тақырыбын жазғанда ұлттық бағыт-бағдарды ұмытып кетпеу керегін үйретті. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезімізде «Советский спорт» деген одақтық газетті күтіп жүреміз. Оған түрлі чемпионаттардың статистикасы шығады. Әлем чемпионатына қатысып, 30-40 орын алған әлдебір қазақ баласын көре қалса Сейдағаң дереу шақырып: «Кешегі «Советский спортта» жазыпты ғой, қазақ балалары одақтық чемпионатқа қатысыпты, біреуі 31-ші, біреуі 45-ші орын алыпты. Неге жазбағансың?» деп сұрайды. «30-40-шы орын алған балаларды қалай жазамын, аға?» деймін мен. «Есіңде болсын, оған біздің балалардың қатысуының өзі мәртебе. Чемпионатқа мыңның бірі барады. Сол спортта қазақ баласы жүр дегеннің өзі өзге балаларымызға қозғау салады. Ондай есімдерді көре қалсаң, міндетті түрде таныстырып отыр» дейтін.

– Жетпіс деген мерейлі жасқа аяқ бастыңыз. Өкінішіңіз бар ма? Ризашыл­ы­ғыңыз ше?

– Бір ағылшын ғалымының жазған пікірін әлеуметтік желіден оқып қалдым. «Адам баласының небір керемет шығармалар беретін, ақылының толысқан, ел басқаратын жасы 70-80-нің арасы» дейді ол. Бұл сөзді өз жора-жолдастарым айтса, көңілімді аулап тұр деп сенбес едім. Ал мен келтірген пікір ғалым адамның сөзі. Сол сөзге сенемін, сенгім келеді. Бойда шығармашылық қуат сарқылмаған секілді. Өмірге құштарлық та кемімеген. Бір адамдай өмір сүрдік. Бала сүйдік, немерелі болдық.

Шығармашылықта да өкінішім жоқ. Жиырмадан аса кітабым жарық көрді. Елге, қазаққа керек-ау деген тақырыптарды толғап жаза алдым. Жақсы әлде жаманын оқырман өзі шешеді. Талай дос таптым, талай елді араладым, талай кітап оқыдым. Ата-анамыздың оқысам деген арманын жалғадық.

Олимпиадашылардың тарихын шерткен кітабымның соңғы бөлігінде ХХІІ ғасырдағы қазақ спортшыларына хат жаздым. Сексен жылдан кейін туатын ХХII ғасырдағы қазақтың мерейін асыратын спортшылар бүгінгі күннің арманын, мақсатын, шығармашылық ой-қуатын білсін дедім.

Иә, алаңдау бар, заманды аждаһадай жалмап келе жатқан мына жаһандану деген дүние бір уыс қазақтың жазушыларының шығармашылығын, ұлттың жеткен биігін күндердің-күнінде жоқ қылмаса екен деп алаңдаймын...

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

2602 рет

көрсетілді

179

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы